АҚЫЛ-ОЙДЫҢ АЛДАСПАНЫ

Ақан БИЖАНОВ, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кемеңгер ойшыл, ғұлама ағартушы жөнінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын «Egemen Qazaqstan»  газетінде жарияланған  көлемді де көркем мақаласы жыл басындағы жұртшылықты елең еткізген дүние болды. Оның өзектілігі мен өміршеңдігінде сөз жоқ.  Біле білсек Абай тағылымы біздің ұлттық идеологиямыздың түпқазығы, берік ұстанымы. Біз Абайды қанша танып-білдік десек те, терең ойлы ғұламаның тұжырымдары  бүгінгі заманды жаңаша көзқараспен зерделеуге  жетелейді. Айтулы мақала үстіміздегі жылы кең көлемде аталып өтілетін Абай мерейтойының  маңызы мен мәнін ой елегінен өткізіп, алдымыздағы ауқымды жұмыстардың бағыт-бағдарын көрсетіп отыр.

Адамның жан-дүниесін жаңғыртатын, сол халықтың мінез-құлқын қалыптастыратын, ұлттық бірегейлігіне қызмет ететін ақындар мен философтар, ағартушылар болады. Ұлы Абай, міне, осындай тұлға. Абайдың тағылым­дары арқылы қазақ философиясының маңыз­дылығы  өзінің шарықтау шегіне жетіп, ұлты­мыздың барынша кемелденуіне жол ашты. Кемел ақынның келелі ойлары арқылы халқы­мыз әлемді жаңа қырынан тани білді. Рухани тұрғыдан дамуымызға даңғыл жол ашты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің айтулы мақаласында барынша ашып көрсетіп, «Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады», – деп атап көрсетті.

Абайдың рухани ізденістерінің негізгі түпқазығы – әлем мен адамзаттың түбегейлі жаңаруында, жаңа құндылықтар мен ілгері дамуында, адамның ой-санасын ояту арқылы кемелдікке талпынуында.  Адамның биік парасаттылығы мен ұдайы ізденісте болуы, үйренуге, білім алуға талпынуы, өзгелердің мәдени құндылықтарын бойына сіңіруі өркениетке жетелейді. Абайдың терең ойлары, міне, осыған меңзейді. Кемел ойлы кемеңгер ақынның, ұлы ағартушының терең толғамдары сол тұстағы дәстүрлі мәдениетімізден түбе­гейлі ерекшеленеді. Ол әлемді жаңаша тануды, дүниетанымды тың ойлармен қабылдауды ұсынады. Өзге де этикалық, эстетикалық құн­дылықтарды әзірлеп, қазақтарға өмір сүрудің  жаңа принциптерін дәлелдеп, тұрмыстағы жаңа идеалдарды қалыптастыру жағына үндейді.

Мемлекет басшысы өз мақаласында ғалым­дарға  Абайдың  кемелдікке бағыттаған,  биік парасаттылыққа үндейтін, жан-жақты қабілетті «толық адам» мәселесіне назар аударуды ұсынады. Абайдың тума талант, кемел ойлы кемеңгер, халқымыздың үлгі тұтар идеалы екендігінде дау жоқ. Өз заманының озық ойлы данышпаны ретінде Батыстан да, Шығыстан да көп ілім алған, бойына мол білім жинаған ғұлама. Шын мәнінде оның барлық шығарма­лары қазақ философы ретінде терең толғау­лары арқылы  бағыт береді.  Оның басты мақсаты –  нағыз кемелдікке жету үшін адамды не істеуге үйрету керек, неден бас тарту керек деген тұжырымға жетелейді. Адамның этика­лық, эстетикалық мәні мен мақсаты оның қалай өмір сүруінің мағынасында жатқаны интеллектуалдық сезімін қалыптастыру ойшылды терең толғандырды.

Абайдың «Толық адам» ілімі, яғни кемел­дікке жету дүниенің тылсым сырын ашып, соған толық ден қойып, терең бойлап, дендей алғанда ғана, соның бәрін бүгінгі өмірмен салыстырғанда ғана өз тиімділігін береді. Ол рухани құндылықтар – білім, мәдениет, тарих, философиялық тұжырымдар арқылы ғана адамзат баласы даму жолына түсетінін көр­сетеді. Ұлы ойшылдың тұжырымы негізіндегі адам нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қай­ратпен қаруланатын болса, жер бетінде әділет­сіздік аз болар еді. Абайдың «пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетін ұмытпау керек. Тұран даласынан шыққан айтулы философ, ұлы ағартушының айтып көрсеткеніндей, дүниета­нуға гуманистік көзқараспен үңілу, рухани ізгілік бағыттағы қадамдар мен сананы серпілту идеяларын қалыптастыру керек. Абайша пайымдағанда, «Толық адам», яғни кемел ойлы кемеңгер жан билікке, байлыққа тәуелді болмай, бәрінен биік тұрып, азаттықта, еркін самғай алады. Ең бастысы, адамның ішкі жан-дүниесі таза, рухани санасы сергек болса ғана кемелдікке жетеді. Демек, осы тұрғыда біз тағы да Абайға жүгінеміз. Сонда ғана қоғам өмірін ізгілендіре аламыз, өркениетке жаңаша бет бұрамыз. Сондықтан Абай мұраларын жаңғыр­та білуіміз керек. Жаңа ғасырдағы циви­лизация бізді соған алып барады. Жаһандану үрдісі  рухани салаға мейлінше пәрмендірек ене бастайды. Ендігі жерде адамның рухани санасына, әлемдік психологияның өзгеруіне батыл өзгерістер жасалуы тиіс.

Данышпан Абай туралы оның шәкірті, ойшыл ақын Шәкәрім «Абай қазақтан бөлек, дара кісі еді… Ибрагим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда, данышпан, хакім философ кісі еді» деп еске алады.  Бүгінде ұлы  Абайды әлем аренасына уақыттың өзі алып шығып отыр. Ендігі жерде біздің, яғни кейінгі ұрпақтың міндеті – Абайдың «Толық адам» іліміне терең бойлау. Сол себепті, бәріміз ұлт болып ұйысып,  әйгілі философ, кемеңгер ақынның ойлы тұжырымдарына  барынша ден қоялық, оның ілімін  жүзеге асырайық. Сонда ғана халқымыздың ұлттық болмысын биіктетіп, өркениет есігінен еркін кіріп, төрлей аламыз.

Абай алдымен өз халқының өмірлік мүдде­лерінің жоқшысы. Елін сүйген, оның бола­шағын ойлап қам жеген, халқын әлеу­меттік бірлікке, қарекетшіл еңбекке, өнер-білімге, өркениетке үндеген ғұлама.  Ауыл арасындағы өзара айтыс-тартыстан арылып, ұлы ағартушы жұртшы­лықты ғылым-білімді меңгеру нәтижесінде дүниенің сырын білуге үндеді. Болашақ көп тілді меңгеріп, алған біліміңді халықтың игілігіне жаратып, соған қызмет ету арқылы, оны ілгері қарай дамытуда екенін ұғындырды.

Данышпан ақынның туған халқын дүниелік ғылым-білімді, өнерді, техниканы меңгеру арқылы дамудың даңғыл жолына түсуге шақырған жалыңды сөздері оның гума­нистік көзқарасы белгілі бір жүйеде қалып­тасып, жоғары азаматтық деңгейге көтеріл­генін аңғартады. Адамзат белгілі дәрежеде биік деңгейіне көтерілуі үшін оған үш нәрсе: зерделі ақыл, қажырлы қайрат және мейірбан жүрек керек деп топшылайды. Міне, Абай айт­қан, кемеліне келген «Толық адам» тұжы­рымдамасы осындай.

«Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт деге­німіз де сол. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», — деп атап көрсетеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақаласында. Ұлы ағартушы, ойшыл ақынның идеясы бойынша ұлттық бірегейлік, адамның өзін-өзі тануы арқылы ұжымдасып, бірлесе отырып топта­судың нәтижесінде өзінің ішкі жан-дүниесін жаңғыртып, бәсекеге қабілетті ұлт ретінде нығаюды меңзейді. Бұл қазіргі таңда өзекті­лікке айналған қоғамдық сананы серпілту, мақалада көрсетілгеніндей, «егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайту» сынды  ойды ұлы ақын өзінің шығар­маларында айтып, елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетуге бағыштаған.

Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Өзге жұрт Абай арқылы, ұлы ағартушы, философтың еңбектері арқылы қазақ халқын құрметтеп, ізгілікпен қарап отырса, сол  үлкен жетістік. Өйткені, ақынның ғибраты мол бағалы  мұрасы  біздің таусылмас қазынамыз,  рухани азығымыз.  Сондықтан біз осыны терең ұғынып, ғұлама ақынның есімін асқақтата беруге тиіспіз.

Ұлы ағартушы, аса зерделі ойшыл ақынның қазақ топырағынан шыққан кемеңгер екендігінде дау жоқ.  Ол барша жұртқа ақыл-ойдың  мәуелі жемісін сыйлады.   Жалпы, Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фолькло­рынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әдебиетінен, тарихи еңбектерден сар­қыл­мас нәр алғанын айтады. Оның мұндай тұжы­рымға Шығыс пен Батыс философ­тарының еңбектерін терең зерттеп біліп,  зердесіне түйіп барып жеткені анық.

Абайдың әр сөзінің терең астары мен мағыналы мәні бар, сондықтан бас ақыны­мызды толық зерттеп білдік деп айтуға бол­майды.  Біз Абайды бүгінгінің көзімен көруіміз керек. Өркениеттік тұрғыда оның шығарма­шылығына үңіліп, астарын ұғып, соны жет­кізуді мақсат етуге тиіспіз. Абайды зерттеп, жазып, айтып  қана қоймай, оларды топтас­тырып тың идея мен  нақты шешілу жолдарын  қарастыруымыз керек. Келешек туралы, руха­ни құндылықтар, ғылым, білім, жастар, өрке­ниетке ұмтылу секілді толып жатқан мәсе­лелерді әрдайым назарда ұстауымыз керек.

Абай өз халқын  қадірлегендіктен де,  кемшіліктеріне күйіне отырып ащы сынайды. Әйтпесе, оның өз жағдайы жақсы болатын, мұқтаждық көрген жан емес, бір өлеңінде «жарлы емеспін, зарлымын» деп жазғаны да бар. 1903 жылы орыс ғалымы Галкин жазба­ларында Абайға: «Он весьма состоятелен» деп керемет  мінездеме берген. Оның мың жылқы­сы, екі мыңдай қойы, басқа да малы болған­дығы айтылады.  Демек, Абай өзін ойлап алаңдаған жан емес, ол келелі толғамдарын елінің қамын ойлап жүріп жазған. Әуелі адам болып алып, яғни рухани жаңғырып барып, содан соң ғана білікті маман болғанымыз абзал. Өзі өте білімдар Абай үш әйелінен туған жиырма баласын оқытып, білім беріп, кітап, газет-жур­налдармен қамтамасыз еткен. Бұл бір есептен  оның демографиялық мәселені де оңтайлы шешкенін көрсетсе керек. Осыны бүгінде орта кәсіпкерлікті қалыптастыру ретін­де қарасты­руға болады. Мемлекеттік қызметте би, болыс­тық правитель болғаны мәлім.

Жалпы, біздің  дамуымыздағы  негізгі басым­­дықтар ретінде ең әуелі рухани құнды­лықтарды атауы осындай ойларға жетелейді. Заманында Абай  философиялық трактаттар жазғанын ұмытпайық. Абай бүкіл шығыс ғұламаларының философиясын оқыған, зерт­теген, аударған. Осы арада ҚР БҒМ ҒК Фило­софия, саясаттану және дінтану институты үстіміздегі жылы Рухани жаңғыру бастамасын ұлы Абай ойларымен сабақтас­тырып, Абай арқылы халық санасын өсіру секілді аса ауқымды шараларды жүзеге асыра­ды. Абай ұрпақ тәрбиелеуде жастарды саналы, сапалы,  салиқалы болуға үндейтін, жол сілтей­тін, бағыт-бағдар беретін кесек-кесек ойлары­мен орамды. Жаңа ғасырдағы ұрпақ үшін Абай ілімі мен білімі, әсіресе ізденімпаз жастар үшін көкейкесті.

Мақалада атап көрсеткеніндей, Абай тағылымдары барша қазаққа,  алдымен  білімге құштар  жастарға үлгі. Мектеп қабырғасында жүріп, бірінші кезекте Абайдың шығарма­ларын, өмір жолын, балалық шағын біліп өссе, кейініректе заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын тұшына оқып шығады, тәрбие алар тұстарын зердесіне тоқиды. Ақынның ойлы өлеңдері мен тағылым аларлық «Қара сөздерінде» ұлттың болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі, мінезі мен келбеті айқын байқалады. Осы ерекшеліктердің  бәрін жастарымыздан бастап, жасамысқа дейін бойына сіңіріп, өмірлік тәжірибе ретінде қалыптастырады.

Ал кәмелеттік жасқа толып, шаңырақ көтерген, отау құрған жастардың дені алдымен Абай ескерткішіне барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Кейінгі жылдары біз осындай үрдісті көріп, біліп, сүйсініп жүрміз. Әрине, зерделі ұрпақ қалыптастыру тұрғысын­да  қоғамдық сананы сілкінту, ғылым мен білім­нің, философиялық тұжырымдарды жүзеге асырудың алар орны ерекше.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық болмыстың үлгісі ретінде жаңа құндылықтарға жол ашу дегеніміз, жаңғыру деп өткеннен қол үзіп қалмай, қайта ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістер­мен үйлестіре отырып, ой елегінен өткізіп, жаңаша дамытуды көздейтін құбылыс деп атап көрсетті.  Бұл ретте  Абай бізге темірқазық.  Біле білсек, ойшыл Абай осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын-ақ ұлтымызды дамытуға, жаңғыртуға, жаңаруға, кемелденуге үндеген. Заман көшінен қалмай, ілгері қадам басуға, ілім мен білімді үйренуге шақырған.

Осы орайда Абай өзінің халқымен әрдайым бірге екенін бағамдаймыз. Елбасының «Зама­налар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі» деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.

Абайдың ойлы шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Осылайша кемеңгер тұлға  қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін, халқының озық ойлы болғанын бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжы­рымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.

Ойшыл ағартушының халқын ілгері дамытуға үндеген тұжырымдары қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі, біз ХХІ ғасырдағы ғылым­ның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ендігі жерде    біздің міндетіміз – осы ілгері ұмтылған ұлы көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан ойып тұрып орын алу. «Ол үшін ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Қазіргі әлем күн сайын емес, сәт сайын, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылым­дағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек.

Ұлы Абай өз тұсында замандастарына сыни көзбен қарап, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі  көңілі толмай отырды.  Бұл  бүгін де күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бос сөз, өсек, өтірік, мақтаншақ, даңғойлық, ысырапшылдық секілді келеңсіз жәйттерден арылатын кез жетті.

Абай  ақын, ағартушы, ғұлама ойшыл, білікті аудармашы, көреген адам   ғана емес, өмірді терең зерделеген философ. Адам жанын мұқият зерттеген үлкен пәлсапашы. Біле білгенге Абай мұраларының тағылым алар тұстары жетерлік. Біз соның бір парасына ғана тоқталдық. Абай әлемі біздерді алысқа құлаш сермеуге үндейді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *