«АҚҚУ» КЛУБЫ Пернебайсыз шықпайтын

Жастау кезімізде кітап пен газет-жур­налдарға барынша «ғашық» едік. «Жақсы кітап – жан азығы» дегендей, бір қызық кітап шықты десе іздеп жүріп, кітапханаға түссе, ерінбей тізімге жазылып, кезекпен-кезек қолдан-қолға тигізбей ынтыға оқитын бір жағымды қасиет болатын еді сол кездің адамдарының бойында. Тіпті, ауылдың сиыр, қойын кезекпен баққанда да қолымыздан «Жұлдыз», «Жалын» жур­налдары түспейтін. Оқыла-оқыла сырты ақжемге айналған кітаптар мен журнал­дарды көру тым таңсық болмайтын. Қойшы­ның етік қонышында да бүктелген әдеби журнал жүретін. Малшы демей, қойшы демей, басшы демей күнделікті жаңалықты газеттерден оқып, біліп оты­ратын. Сондықтан ба, кез-келген тақырып төңірегіндегі әңгімені іліп алып, жөнімен жалғастырып, ой-пікір бөлісу үйреншікті дүние еді. Әдебиет саласын да бір кісідей білетін, заманының жазушыларының атын жатқа айтып, кімнің не жазғанын, не туралы жазғанын қиналмай айтып бере­тін саңлақ оқушылар аз болмайтын. Әркім өз өңірінен қанаттанып, қолына қалам алған жазушылармен сырттай болса да кітаптары арқылы таныс еді. «Өзің өскен аймақтан қандай жазушыларды білесің?» дегенде, оларды тізе бастайтынбыз: Кәрібай Ахмет­беков, Әбді Шынбатыров, Әбдеш Қалмыр­заев, Бейбіт Қойшыбаев, Берік Шаханов, ақындар Тынышбай Рахымов, Ескермес Ескендіров, Әлсейіт Әлменов, сыншы Әлия Бөпежанова, жазушы-журналист Қали Сәрсенбай… Тағы кімдерді ұмыттық? Иә, айтпақшы, олардың қатарына Пернебай Дүйсенбинді батыл қосуға болады. Жазу­шылар қатарына қосылғанда ол ту сонау өткен жүзжылдықтың 60-жылдары атой салып келгенін білеміз. Оқушыларын татым­ды «жазу-сызуымен» тәнті етіп, өзіне тарта білетін, қызықтыра алатын қалам­геркеліп қосылды жазушыларға. Өзінің жүзін көрмесек те, кезекпен-кезек баспа­ларда шығып жатқан әңгімелелерін, хикаят­­тарын ерекше ынтызарлықпен оқыдық. Кейін білдік, Пернебай Алматыда емес, Жамбылда (қазіргі Таразда), Жаңа­таста емес, өзінің туып-өскен Қаратаудың теріскейіндегі Сарысудың Жайылма ауылындағы орта мектепте қатардағы мұғалім-ұстаз болып қызмет етеді екен.

Содан сыртынан атына, шығармала­рымен таныс болсам да соңғы бірер жылда әр түрлі өткізілген іс-шаралар мен кезде­сулерде жүздесіп, дидарласуға мүмкіндік туды. Міне, сол жерлес қаламгер ағамыз Пернебай 75 жасқа толып отыр екен.

Біз білетін жазушы Пернебай Дүйсен­бин 1960 жылы орта мектепті тәмамда­ғаннан соң совхозда құрылысшы болып еңбекке араласты. Пернекең мектепте жүргенде-ақ тырнақалды туындыларын: шағын өлеңдерін, қысқа әңгімелерін аудан­дық, облыстық газеттерде жариялап, көптің көзіне түсе бастады. Тіпті, 1958 жылы оның салған бірнеше суреттері ту сонау Мәскеу­ден шығатын «Пионерская правда», Алма­тыдан шығатын «Дружные ребята» газет­терінде жарияланып, көпке танылды. Мәс­кеуде жарияланған «Жайлауда» («В отаре чабана») атты суретіне байланысты сол кездегі КСРО-ның түкпір-түкпірінен және де басқа көрші елдердің балаларынан жүз­деген қолдау хаттар алды. Бұл оны қанат­тандырып, құштарлығын арттыра түсті. Талпынған жас білім қуып 1962 жылы әл-Фараби (бұрынғы Киров) атындағы ҚазМУ-дың Филология факультетіне оқуға түсті. 1964–1967 жылдары Украинада әскери борышын өтеді. 1967–1969 жылдары Алматыдағы университетке қайта оралып, журналистика факультетін бітірді. Универ­ситетте оқып жүрген жылдары оның қазақ өнері, бейнелеу өнері, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалар Леонардо да Винчи, А.Си­кейрос, С.Коненков, Н.Рылов, И.Левитан, М.Сарьян, О.Таңсықбаев еңбектері туралы, сондай-ақ қазақ өнерінің майталмандары Ш.Жиенқұлова, А.Ғалымбаева, Т.Тоғыс­баев, т.б. туралы көптеген мақалалары мен эсселері, қызықты танымдық, әсерлі пуб­лицистикалық шығармалары республика­лық басылымдарда («Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз», «Жалын» және т.б.) жарияланды. Студент­тік кезде-ақ шәкіртақысын үнемдеп, жиған қаржысына «Ташкент қайдасың?» деп Өзбекстан астанасына тартып кетіп, белгілі қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтың үйін үлкен шаһардан іздеп тауып, қылқалам шеберімен кездесіп, дидарласып, сұхбат алып, Алматыға келе салысымен көлемді, тартымды эссе жазып, республикалық жастар газеті «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне жариялатқанын замандас­тары әлі ұмыта қойған жоқ. Бұл әркімнің бойынан табыла бермейтін «көзсіз» ерлікке тең мінез еді… Кейінірек, «Мен суретші Орал Таңсықбаев туралы жазылған эссесін оқығанда, ерекше әсерде болдым. Перне­байдың суретшінің «Таң алдындағы ән» деп аталатын картинасы бойынша жасаған талдауы тым тартымды шыққан. Таң ауа­сындай мөлдір, тұнық көкке өрлей көтеріл­ген ән әуенімен биік төбеге қарай баппен көте­ріліп бара жатқан қазақ әйелдері туралы ойлары жүрекке еріксіз жылы сезім ұялатады. Сол кезде мен осыны жазған азаматтың да көкірек көзінде бір нұрлы сәуле бар екенін ұққандай болдым. Жан­сыз картинадан жанды сурет жасай білу де үлкен өнер», деп таңғалыс білдіріпті жерлесі, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов қаламгер П.Дүйсенбиннің 50 жылдық салтанатты мерейтойында.

Әрине, қайнаған орта Алматыда бір газеттің редакциясына орналасып, әрі қарай, қызық қуып жүре беруге де болар еді. Бірақ дипломы қолына тиген Пернебай өйтпеді. Сол 1969 жылы кіндік қаны тамған туған жеріне оралып, Жайылма аулындағы орта мектепке қызметке орналасып, жас­тарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бере бастады. Суреткерлігін де қалдырмай жас бүлдіршіндерге сурет өнерінен сабақ берді. Өнерлі, талаптанған жастарға әде­биеттің сыр-қырын үйретіп, біразына оңды бағыт-бағдар берді. Уақыт келе балалардың сүйік­ті ұстазына айналды. Тіпті, сол төңі­ректегі қанаттанып жүрген біраз бүлдіршін талап­керлерге, жас ақындарға ақыл-кеңес беріп, қанаттарын қатайтты. Мектеп дирек­торы­ның орынбасары, директор болып та біраз жыл еңбек етті. Бірақ оны көбіне әдебиет әлемі, қаламгерлік қызықтырды. Жас балалар әдебиетіне барынша бет бұрып, бірнеше тартымды повестер мен әңгімелері бірінен соң бірі жарық көре бастады. Оның қаламынан шыққан «Кіш­кентай генерал­дар», «Біз, Төлепбек атай, самолет коман­дирі және Пальма» атты повестері жас оқыр­мандарға үлгі боларлық, өзіндік ерек­шелігі бар туындылар. Бұл шығармаларды, ең алдымен, балаларға арналған адамгер­шілік, азаматтық сабағы деп бағалаған абзал. Пернебай Дүйсенбин шығармалары идеялық, көркемдік қасиет­терімен ғана емес, шұрайлы тілімен де дараланады. Көп­шілік әр шығармасын жылы қабылдады.

Жазушы 1997 жылы Жаңатас қаласына ауысып, ондаған жылдар жергілікті газеттерде басшылық жасады. Шабыттың сәйгүлігіне қонып, сан түрлі қиялға жол беріп, повестер мен әңгімелерді бірінен соң бірін жазып, олары кезекпен-кезек респуб­ликалық газет-журналдарда жарық көріп жатты. Қолы жұмыстан бірер күн қалт еткенде Алматыға жол тартып, белгілі қалам­герлермен ұшырасып, ой бөлісіп, өз творчествосын жетілдіре түсті, тәжірибе жинады. Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Тұманбай Молдағалиев, Сейіт­жан Омаров, Қаржаубай Омаров, белгілі сыншы ғалымдар Жүсіпбек Қорғасбек, Бекен Ыбырайымов, Мәди Айымбетов сынды жазушылыр мен журналистер Пернебайдың шығармашылық еңбектеріне көңіл аударып, талдаулар жасап, басы­лымдарда жарық көрді. Ерінбей атқарған істің арқасында 1979 жылы «Жұлдыздар неге жылайды?» деген лирикалық повесі «Жалын» журналында жарияланды. Оны оқырман қауым жылы қабылдады. Ол 1990 жылы КСРО, 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, әке», «Елгезек ертегілер елін­де», «Тектінің тұяғы еді» атты және де басқа кітаптары жарық көріп, оқырмандардың қолына тиді. Өңірдің тарихын жалықпай, тірнектеп жинап, шаң басқан көптеген архивтерді ақтарып, ауыл-ауылды аралап көне қариялармен кездесіп, тың мәліметтер мен көптеген деректер жинап, оларды зерделеп 2003 жылы Сарысу ауданының 75 жылдығы қарсаңында тарихи шешіреге толы танымдық «Шежірелі Сарысу» атты көлемді кітабы баспадан шықты.

Қажырлы қаламгер Пернебай аға Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік коми­теті, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақ­стан ЛКЖО ОК мен республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізген жабық бәйгесінің 1979, 1980, 1981, 1986 жылдар­дағы лауреаты. 1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының, 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. Оның республикалық бәйгелерде алған повестері төрт конкурстық жинаққа енгізіліп, Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрді. 2013 және 2015 жылдары Халық­аралық «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері атанды. Жамбыл облыстық «Үздік жур­налист» конкурсының І жүлдесін иеленді. Пернебай Дүйсенбин 1999–2007 жылдары Сарысу аудандық мәслихатының екі мәрте депутаты болып сайланып, ел-жұрттың тілек-ұсынысына сәйкес белсене қызмет етіп, аудан экономикасы мен мәдениетін дамытуға үлес қосты, елдің құрметіне бөлен­ді. Мақтауға тұрарлық азаматты уақтысында орынды мақтап, құрметтеу парыз. Жерлестері оның көп жылғы белсенді, тындырымды еңбегін бағалап, Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» атағын берді. Қарап отырсақ, бұл дегенің қолына қалам ұстап, жазушылықпен айна­лысып жүрген кез-келген жанның басына қона салатын бақыт емес.

Сондықтан да Пернебай Дүйсенбиннің шығармаларымен таныс жазушылар оның творчествосына әрдайым көңіл бөліп, ылғи жоғары баға беріп, қалам тербепті. «Перне­бай Дүйсенбиннің «Шуақ» әңгімесі шопандар өмірінен, соның ішінде Алғабай тір­шілігінен сыр шертеді. Жазушы Алға­байдың болымсыз іс-әрекеттерін көрсете отырып, оның шын мәнінде қандай адам екенін танытуда үлкен шеберлік көрсеткен. Алғабайдың бүкіл харакетінен, сөйлеген сөзінен, үзік-үзік ойынан, автордың тек қана демеп, сүйемелдеп отыратын самарқау баяндауы­нан шопан ата бірте-бірте қомақ­танып, нағыз еңбек ада­мының сом тұлға­сына айналады. Бір қарағанда тартыс та жоқ сияқты, бірақ бағдарлап үңілсең, талай жерде бой көтеруге ұмтылған тар­тысты Алғабайдың шынайы еңбек адамы ретіндегі рухы жеңіп, оны тұралатып тастап отырғанын аңғарасың. Пернебайдың бұл әңгімесін сәтті шыққан туындылар қатары­на жатқызуымыз керек» деген екен жазушы Сайымжан Еркебаев.

«…Бұл Қара Қарындаш пен Ақ Аль­бомның бастан кешкендері туралы әдемі ертегі. Тілі жеңіл, жатық. Ара-тұра ұшы­расатын кібіртіктер өңдей келе жөнделіп кетсе, бұл хикая қазақ балалары үшін ең қызғылықты кітаптардың біріне айналар еді», – деген пікір білдіріпті қабырғалы қаламгер Мұхтар Мағауин.

«Ал біз қазіргі қазақ ертегісі қандай болуы керек деген сұрауға жауапты жас жазушы Пернебай Дүйсен­биннің «Сары Сөмке және оның достары» туралы ертегі атты повесінен таптық. Оның кейіпкерлері ертектен-ертекке бір қалыпта аумай көшіп жүретін қу түлкі, аш бөрі, қорқақ қоян емес, аты өшіп қалған хан да, уәзір де, тазша бала да емес, кәдімгі күнде қолға ұстап мектепке апаратын Сары Сөмке, сурет салатын дәптер, бояу қарындаштар мен әуелете доп тебетін қонжық….

Повестің тілі де жатық. Кібіртіктемей еркін оқуға оңтайлы. Автор бір тарауда Сары Сөмкені, енді бір тарауда бояу қарын­дашты, келесі тарауда сурет салатын дәп­терді «сөйле­теді». Бірақ сюжет тұтас­тығының ара-жігі ажырамаған, компози­циялық құрылысы сәтті», дейді қарымды жазушы-журналист Жүсіпбек Қорғасбе­ков.

«Пернебайдың үлкен шығарма­шылық­қа барар жолдағы баспалдағы аса күрделі де қасиетті, текті де тегеурінді өнер дүниесін түсінуден, танудан бастау алады. Сөз жоқ, жазушының өнер тақырыбына терең бойлап, оның алуан қыры мен сырын түсі­нуге, құдіретін өзгенің жүрегіне жеткізуге ниеттенуі көп дүниеге көзін ашты, суреткерлік мұратын айқындай берді» деп жазады жерлес жазушы, журналист Қали Сәрсенбай інісі. Бірде «Алма­ты ақшамы» газетінен оқығаным бар. Оның Бас редак­торы Қали Сәрсенбай Перне­бай ұстазы туралы тамыл­жыта естелік айта келіп: «Менің Пернебай Дүйсенбин деген ұстазым болды. Үлкен жазушы, кезінде мықты журналист болды. Алпысыншы-жетпісінші жылдары «Лениншіл жастың» эстетикалық клубы Пернебай Дүйсенбинсіз шықпайтын. Студент кезінде Шерхан Мұртазаның тапсыр­масымен сонау Таш­кентке барып, суретші Орал Таңсықбаев туралы жазып келген азамат. Студент кезінде Арменияға барып, армянның әйгілі суретшісі Мартирос Сарьяннан сұхбат алып келген. Сарьян – тоқсанға келгенінде, көзінің тірісінде мұражай ашқан адам. Пер­небай Дүйсенбин сол Сарьянмен сұхбаттасу үшін бір жыл бойы стипендия­сын жинап жүріп барған. Үш күн бойы кіре алмаған. Ақыры кіріп, сұхбаттасып, ғажап эссе жазып келген. Бізге әдебиет пәнін осы Пернебай Дүйсенбин оқытты. Оқыт­қанда қалай оқытты деңіз! Мысалы, Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Құла­гер» поэма­ларын өтетін болса, өзінің ескі магнито­фоны бар, соны қоса ала келеді. Күй тыңдатады. Ықыластың күйлерін, қобызбен ойналатын күйлерді тыңдатады. Сосын сол күйдің сарынымен, баяу қойып қояды да, «Құлагерді» оқытады. Балаға қанша бағыт­та білім беріп отыр?! Музыка, күй сарыны өз алдына, мәнерлеп оқуға машықтанасыз. Поэзияның құдіретін сезінесіз. Оның ішінде әртістік қабілет, шешендік те бар. Қазір мектепте осындай мұғалімдер бар ма?

Ауылдағы ең бай кітапхана Пернебай ағайдың үйінде болатын. Жаныңа керек кітапты сол ағайдан таба­тынбыз. Берген сабақтары қандай қызықты еді. Ағайдың әдебиет пен жазушылар туралы айтқан әңгімелерін барлы­ғымыз селт етпей тыңдап, тіпті, 45 минуттың қалай өткенін білмей қалатынбыз. Жанымыз нұрланатын, күні бойы әдебиет сабағы бола берсе дейтінбіз. Бұның сыр­тында Пернекеңнің іс-тәжіри­бесі облысқа таратылып, кеңес өкіметінің орденімен де марапатталғаны бар. Ол режис­сер де болып, қазақтың батырлар жырын сахналап, сол кездегі аудандық халық театрын жұмыссыз қалдыра жазда­ғаны да бар еді. Сол кезде халқымызға әлі таныла қоймаған арыс­тары­мыздың кейбір есімін сол кісіден естіп едік. Ұстаздың шеберлігі, кереметтілігі, сірә, сол болу керек!».

Айтқанымыз жөн, Пернекең, ең алды­мен, еліміздегі белгілі балалар жазушысы. Қалам­гердің атын аспанда­тып,  даңқын шығарған балалар жайлы жазған дүниелері екеніне ешкім күмән келтіре алмайды. Республикалық «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жұмбақ жұлдыз» кітабын­дағы «Жұлдыздар» неге жылайды?» деген повесі қазақ прозасындағы балаларға арналған шығармалар қорына өзгеше құбылыс болып енген дүние. Қалам­гер осы алғашқы кітабымен-ақ әдеби ортаның назарын өзіне аудартты. Аталмыш повестің бас кейіпкері мылқау бала Тайжан­ның тағ­дыры, оның көзімен сұм соғыстың салған ауыр зардабы шынайы шындық тұрғыда сурет­теледі. Қаламгерлік қасиеттің көрінісін дөп басқан шығармада тілдің тамаша бояуы, повестің көркем мазмұн­дылығы айы­рықша көрініс тапқан. Басқа шығармала­рының басым көпшілігі бала­ларға арналған, қайсысын алмаңыз, тар­тымды, қызықты оқылады.

Жазушы әрдайым көпшілік ортасында. Жастардың шақыруымен мектептер мен кітапханаларда өткізілетін кездесулерге барып тұрады. Оның шығармашылық жолы, қаламынан туған туындылары оқу­шы­ларын көп қызық­тырады. Пернекең көсіліп әңгіме айта бастағанда оның білімі­нің кеңдігіне, ойының тереңдігіне таң бола­сың. Сондықтан болар, әрдайым жастар оны ұйып тың­дайды, өмірінен, шығармашылығынан сабақ алады. Пер­не­бай Дүйсенбин ағаға қызыға қарап, қанша­ма сыртта, ауыл­­да жүрсе де, жазам деген кісіге еш қамал жоқ екені­­не көзің жетеді. Халықтың «Жазушы мен ақын жер талға­майды, күй тал­ғамайды» деуі, сірә, бекер болмауы керек.

 

Алпысыншы-жетпісінші жылдары «Лениншіл жастың» эстетикалық клубы Пернебай Дүйсенбинсіз шықпайтын. Студент кезінде Шерхан Мұртазаның тапсыр­масымен сонау Таш­кентке барып, суретші Орал Таңсықбаев туралы жазып келген азамат. Студент кезінде Арменияға барып, армянның әйгілі суретшісі Мартирос Сарьяннан сұхбат алып келген. Сарьян – тоқсанға келгенінде, көзінің тірісінде мұражай ашқан адам. Пер­небай Дүйсенбин сол Сарьянмен сұхбаттасу үшін бір жыл бойы стипендия­сын жинап жүріп барған. Үш күн бойы кіре алмаған. Ақыры кіріп, сұхбаттасып, ғажап эссе жазып келген.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымының докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *