Ақ тiлектер ақтарылды

Рая ЕСКЕНДIР

Ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын тойлағалы отырған кең-байтақ Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде 25-мамыр күнi «Соңғы қоңырау» салтанаты кеңiнен аталып өттi. Бұл күнi Алатау ауданына қарасты «Әйгерiм» ықшамауда­нын­дағы №149 жалпы бiлiм беретiн мектептiң 2470 оқушысы үшiн мектеп ауласында соңғы қоңырау сылдырлап, қуанышты сәт салтанат құрды. Әсiресе, көңiл толқытар сәттi биылғы жылы мектеп бiтiргелi отырған 72 түлек ерекше қимастықпен көздерiне жас алып, сүйiктi ұстаздары мен алтын ұя мектептерiне деген ыстық ықыластарын бiлдiрiп, күнi ертең ел сенiмiн ақтар азамат болып, туған елдi түлетуге атсалысатындықтарымен сендiрдi.

Қалайша қиямыз,

Ұшырса ұямыз,

Бiздердi тосады,

Туған жер құшағы, – деп әндеткен түлектер бұл күнi өздерiне 11 жыл бойы бiлiм берген аға-апайларына деген қимас­тық сезiмдерiн балалық көңiлмен жолдап жатты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттiк «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген осынау шаңырақ астында бұл күнi 22 ұлт өкiлi тату-тәттi бiлiм алып жатыр.

Түрлi деңгейдегi байқаулардың жеңiмпаздарының да жыл санап қатары көбейiп келедi. Жақында мектеп жаны­нан «Ақжелкен» театры ашылса, ендi мұражай ашылады деп күтiлуде.

Биыл мектеп бiтiргелi отырған түлектер арасынан Жадыра Бимағанбетова «Алтын белгiден», Назым Зекен «Үлгiлi аттестаттан» үмiткер қатарында. Осынау жүректерге сезiм құйған қимастық пен сағынышқа толы сәттерде мектеп басшысы Ғалия Манкеева барлық оқушылар мен мектеп бiтiрушi түлектерге ақ жол тiлеп, өз тiлегiн жеткiздi.

Салтанатты шараға аудандық Мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң бастығы Нұрмұха Шәймерденов, ата-аналар қауымы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару комитетiнiң төрағалары қатысып, құттықтау сөз сөйледi.

Алатау ауданындағы 15 мектеп «Соңғы қоңырау»

салтанатын атап өттi

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Қоңырау үнi. Бұл үн бiлiм кемесi – мектеп қабырға­сынан шыққан әрбiр адамның құлағына таныс, жүрегiне жақын. Алғашқы қоңырау – балалық арманыңды жетелеп, бiлiм алып, мақсатыңды айқындауға шақырса, соңғы қоңырау үнi – кәмелетке толып, оң-солын танып, қанаттанған бозбала мен бойжеткендердi арман биiктерiне ұшырып, ең үлкен өмiр мектебiне шығарып салады. Соңғы қоңырау – осындай қимас қоштасу әуенi сәтiмен ыстық.

Алматы қаласының ең жас шаңырағы – Алатау ауданы өзiнiң iргесiн қалаған үш жылда үшiншi рет өз төрле­рiнде соңғы қоңырау салтанатын өткiзiп, мектеп бiтi­рушi түлектерiне сәттi сапар тiледi. «Ұлжан» ықшам­ауданындағы №152 орта мектепте өткен «Қош бол, балалық, армысың, жалынды жастық, үлкен өмiр мектебi» атты соңғы қоңырау салтанатына аудандық жұмыспен қамту бөлiмiнiң бастығы Жанболат Әлиев қатысып, жаңа оқу жылын аяқтаған  оқушыларды, биыл мектеп бiтiргелi отырған түлектердi «Соңғы қоңырау» салтанатымен құттықтап, сәттi сапар, өмiрлерiне құтты қадам тiледi.

Өз сөзiнде Жанболат Әлиев оқушыларды ауданның қазiргi экономикалық-әлеуметтiк жағдайымен таныс­тырып, осы игiлiктердiң барлығы елдiң болашағы – жас ұрпақтың келешегi жарқын болуы үшiн жасалып жатқанын баяндады. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген, сендер қайда жүрсеңдер де Алатау сынды келешегi кемел, өрiсi кең құшақтан шыққандарыңды ұмытпауға, туған жер, өскен орталарыңды мақтан етуге тиiссiңдер. Алатаудың мәрте­бесiн арттыратын сендерсiңдер, жас түлектер!», – дей келе, республикалық, халықаралық бiлiм, спорт сайыс­тарында ауданның ғана емес, Қазақстанның мәртебесiн арттырып бәйге алған, сондай-ақ, қала Әкiмiнiң «Үркер» төс белгiсiне ие болған оқушыларды құттықтады. Олар – №169 мектептiң 11 «б» сынып оқушысы Ақерке Оразбекова, №26 мектептiң 11 «б» сынып оқушысы Мархабат Рысқұлбек, №150 мектептiң 11 «а» сынып оқушысы Манзура Майдин, №156 мектептiң 10 «д» сынып оқушысы Аида Мирай.  Шәкiрттерiне сапалы бiлiм, тәлiмдi тәрбие берген мұғалiм­дерге де құрмет көрсетудi аудан әкiмшiлiгi ұмытпады.

Биыл Алатау ауданы бойынша 679 оқушы мектеп бiтiргелi отыр. Оның бiреуi үздiк атестаттан үмiттi болса, 5 түлек – Жадыра Бимағанбетова, Әйгерiм Мырзабекова, Маржан Башкеева, Әйгерiм Мұхаметәлиева, Айнұр Iзтiлеулер «Алтын белгiден» үмiткер.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *