Ақ шырақ жырлайын сенi жақсылап

Қайнар ОЛЖАЙ

Каштан ұзақ жасайды. 300 жыл өсе бередi. Биiктiгi 36 метрге барады. Етегi жайылып, төбесiне қарай үшкiлдене беретiндiктен өте сымбатты. Дiңi қарағаш сияқты айқыш-ұйқыш емес, түзу, дөңгеленiп өседi. Тамыры өте мықты. Бiрақ, емендiкi сияқты тарбайып, жер бетiне шығып кетпейдi. Жапырақтары шоғырланып, бiр сағада 5-7-ден өседi. Содан да ертегiдегi дәудiң саусақтары сияқты. Саусаққа тағы бiр ұқсастығы – ең ортаңғысы екi жақтағыдан iрi болады. Көктемгi гүлдерi тiк қадаған шырақ тәрiздi дедiк. Бiр қададағы 20-50 ұсақ гүл шоғырланып тұрғандықтан өте әдемi көрiнедi. Ақ күлтелерде бастапқыда сары секпiл болса, бiрер күннен соң қызғылт реңкке ауысады. Талай байқадық, аралар күлтеге сары секпiл кезiнде үймелейдi. Шырынын аямай-ақ сорады. Каштаннан жинаған балының қанты 75 пайызға жетедi.  

АҚБАС ТАУ АЯСЫНДА. Алматыға алғаш табанымыз тиген 1976 жылы көзiмiз түскен ағаш: ақ қайың едi. Ақын Байзақов көшесiнен ендi салынып жатқан КазГУ қалашығына дейiн ақ қайың арасымен жүргенде санамызға өз-өзiнен өлең құйылатын. Шамасы, сол жылы өмiрден өткен Мұқағали Мақатаев:

Жапырақ жүрек жас қайың,

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын.

Келiсемiсiң жас қайың?

Бұл өлеңге жай оқырман тұрмақ, поэзияның екiншi тау тұлғасы Қадыр аға қатты қызыққанын арада отыз жылдан соң «Иiрiмнен» оқыдық. Ал Мұқағалидың қайың туралы бұл бiрiншi жыры емес. Алғаш поэзия әлемiне енген кезiнде емiрене жазған «Жас қайың» деген екi шумақ өлеңi және бар. Сөз арасында айта кетсек, ақын өлеңдерiнiң iшiнде «жапырақ жүрек жас қайыңға», «аршаларым мен шыршаларымға» қарағанда бiз үшiн «Бозқараған» анағұрлым биiкте тұр. Ұлттық сурет пен кiсiлiк сезiм жағынан.

Абитуриент ретiнде келмей тұрғанда осы қаладан институт бiтiрген Клара апамыздың студенттiк қоштасу альбомын қарайтынбыз. Табақтай қос беттегi қарт профессорлар мен диплом алған жастардың бармақтай суреттерi емес, ақ бас тау мен биiк теректер әспеттеген Алматы келбетi ынтықтырған. Иә, дәулер жазу жазатын қарындаштай тым биiк теректер шаһарға кiре берiс жол бойында өседi екен. Ондай терек арман қаладан тура мың шақырым жатқан бiздiң бөлiмше – Үштөбенiң өзiнде өсiп тұрса, ақ қайыңның жөнi бөлек. Бiз жақта қызыл қайың өсетiн. Қазiр тартылмай кеткен «Қызыл қайың» дейтiн күй бар едi.

Күнде арасымен өтетiн ақ қайыңның қуаты шығар, университетке түстiк. Сол жылдары қазақ поэзиясын қуалап оқыдық. Мәуленовтiң:

Тұр ақ қайың түнде де,

Сұңғақ бойын сақтап тiк.

Құйылады гүлдерге

Айдан саулап аппақ сүт, — деген өлеңiндегi суретке тамсандық. Сырбайға iнi болған Ғафудың бiр өлеңi:

Қайың да сапты қара көк

Болаттан соққан орақ ед.

Менiң момын әкемнiң

Бар қаруы сол-ақ ед, — деп басталатын. Осыны оқығанда ауылдағы әр үйден қос-қостан табылатын қайың сапты айыр мен балтаны емес, басқаны ойлағанбыз.

Үштөбеден шыға берiс желкедегi қыратта қарауытып қазақ-қалмақ соғысы заманының зираттары тұратын. Қара тастан төрт немесе алты қырлы етiп қалаған бейiттердiң әр құлағына дәу ақ тас қойылған. Селеуi толқитын шексiз қырлар теңiзге ұқсаса, мыналар жүзiп келе жатқан ақ желкендi қара кемедей елестер едi. Қабырғасында тауша етiп қалдырылған қуысы болады. Одан найзаның сабы көрiнiп тұратын. Баяғының шалдары бiзге «осында жерленген батырдың найзасы» дейтiн. Сосын «сабы қайыңнан» деп қоятын.

Мына аллеядан қаншама найзаға сап шығар едi? Бiрақ, қайың сапты найза ұстаған, ереуiл атқа ер салған батырлар дәуiрi алыста қалған. Ендiгi отар болса да, бейбiт заман. Анау заманның елесi Мұхтар Мағауиннiң «Көк мұнарынан» ғана көрiнiс берген. Басқалар сол тұстағы жас ақынның бiрiнiң:

Есiл даласында,

Еркем нанасың ба?

Ақ қайың жылап тұрды

Қалың тал арасында, — деп келетiн өлеңiнiң деңгейiнде шығарма тудыратын.

Түптеп келгенде, алып қалада алғаш қарсы алған алып көк терек те, көшенiң өзi мен көше кезген ақындардың жырларынан қайта-қайта ұшырасатын жас қайың да емес, Алматыдағы ең жақсы көретiн ағашымыз басқа болып шықты.

Қайсы? Панфиловшылар паркiндегi саясында сансыз сыр сақталған қарт емендер ме? Ол парк бiзден бұрынғы аға ұрпақтың махаббатын да көлденең көзден

Балалығың бұл күнде бола ма аңыз,

Жан бақшасын пiсiрiп қона ма күз.

Уылжыған шағыңды көре тұрып

Мүмкiн емес қызықпау долана қыз, — деп жырлап едiк. Емдiк қасиетi мол жемiс. Қарт долана Үштөбедегi үйiмiздiң бақшасында елу жылдан берi өсiп тұр. Алматыда болса, Саин көшесiн кеңiту желеуiмен аралық жолақтағы долана тегiс оталып кеттi. Қазiр осы көшенi «Сайын» деп жазған жазуларды оқығанда, долананың тоғайы не тiлiмiз оталып жатқанына шошимыз!

Желтоқсан көшесiн өрлеп, Тимирязев көшесiне бұрылар тұстағы қатарлай өскен қалың мойыл ма? Бала кезiмiзде Тарбағатай қойнауларында мойылдың жазғы көк шоғыр жемiстерi күзде қарайып уылжып пiскенде уыстап асайтын едiк. Көп жесең тiсiңдi қармап қалатын қасиетi бар. Мынаны терiп жату – нән қонақ үй алдында ағылған елден ұят. әрi қаптаған автокөлiктiң газына тұншыққан жердiң жемiсi ендiгi улы шығар. Бiр қосарымыз, Қадыр ақын сонау алпысыншы жылдар соңында Алматыға арнаған өлеңiн:

Адаспай алмасын жеп, мойылын жеп,

Ауылдай аралайтын ойын қызы, — деп бастайтын. Демек, мойыл – осы жердiң ежелгi ағашы.

Әлде, қалың мойылды Желтоқсан көшесiнiң қарсы бетiндегi жөке ағаштары ма? Ол гүл шашқанда үймелеген қалың араны айтсаңшы. Гүлiнiң күлтесiн салып iшкен шәйдiң дәмiн айтсаңшы.

Жо-оқ, бұл қалада бiздiң ынтазарымыз ауған ағаш басқа едi. Қаншама сылаңдаған, жұпар шашқан арулар арасынан қайсысына ғашық екенiмiздi сосын айтармыз. әзiрге Сырбайды, Ғафуды, Мұқағалиды, Қадырды, Тұманбайды еске түсiрiп, сосын өз қоржынымызды бiр қағып алғанымыз қандай ғанибет!

АҚ ТҰМАН АРАСЫНДА. Ағаштың көкесiн ағылшын аралынан көргенбiз. Қазақ даласы қаншалықты далиып жатса да, қалалардағы оймақтай парктермен балалар оңай жүгiрiп өте алады. Ал жерi шағын Англия мен Бельгияның, Дания мен Австрияның және басқа елдердiң саябақтарын атпен шауып өтуге уақыт керек. Бiздiң шағын бақтарда қурап қалған, сынып жатқан, тiптi өсiп тұрғаны дауыл соғып, жай ойнаса жүргiншiге тосын қатер төндiретiн ағаш көп. Ал мына елдер әрбiр ағашты аялап, күзеп-түзеп өсiредi.

Сосын Англияда көрдiк, парктiң жерiн тегiстеп тастамайды. Ойлы-қырлы, әу-бастағы табиғи бедерiн сақтайды. Және ағаштарды бiр-бiрiне иiн тiрестiре екпейдi. Бiздiң Алматыдағы ежелгi панфиловшылар паркiнен бастап осылай ғой. Ал ағылшын саябағында ағаштар бiр-бiрiн қалқаламайды. Ашық алаңқай көп. Сондықтан жан-жағына жайылып, еркiн өседi. Жапырағы қай тұсынан болсын күн шуағына малынады. Жаңғағы қай жағына болсын шашылып түседi. Үйге кiрген қонақтың алдына нан емес, еменнiң, тағы басқа ағаштардың жаңғағын тосатын дәстүрдi де ағылшын аралынан байқағанбыз.

Аумақты саябақтың әр тұсындағы қадау-қадау биiк емен саясында ойымызға Шаханов оралған:

Кәрi емендей қасарыса бергенше,

Қайран әке, түсiнсеңшi мән-жайды.

Әкесi «әлi жассыңдар» деп құдалыққа бармай қоятын ғашық жiгiт туралы балладаны сахнадан гөрi емен аясында оқысаң, әсерлi естiледi екен. Шаханов – елдегi жүздеген жазарманның бiрi, ал ағылшынның ең сезiмтал ақыны Хаусман емендi емес, каштанды жырлапты. «Шропширден шыққан бозбала» атты жыр кiтабымен жер-жүзiне танылған ақынның «Алау жаққан каштанның…» атты өлеңiн талай ағылшын бiздiң Қадырдың «Боздала» өлеңi сияқты жатқа соғады. әлгi өлеңдi орыстың төрт бiрдей ақыны аударған. 1мiрiнiң көп бөлiгiн Британ кiтапханасына арнаған Хауфман талай жыл дәрiс оқыған. Сөз сиқыры жайында. Сонда тiлiне жиi оралатыны: «поэзияның табиғатын табиғаттың поэзиясынан табу керек» деген тiркес көрiнедi. Демек, каштанды өлеңге өзек етуi тегiн емес.

Ия, ағылшындар мекендейтiн аралда еменмен қай жағынан болсын тайталасқа түсетiн, анығында екеуi арбаның екi дәртесiндей серiктесiп келе жатқан ағаш — каштан көрiнедi. Жан-жағы ашық алаңқайға егiлсе, каштанның тұлғасы да, саясы да еменнен еш кем емес. Жапырақ жайғандағы сымбаты мен гүл ашқан шақтағы жұпар исi жағынан анағұрлым асып түседi. Сондықтан, еменнен гөрi ақын жанарына алдымен iлiгер-ау. Жанарға iлiккен соң жырға түсерi және талассыз:

«Цветущие каштаны, словно храмы открытые, сияют вдоль реки…».

Владимир Набоков бұл өлеңдi 1920 жылы 20- мамырда осында жазған. «Кембридж» деп дәл жағырапиясын көрсеткен. Қазақшасын келтiруге талаптанып едiк, аудармасын еш жерден таппадық.

Кейiн атақты «Лолита» романымен және басқа шығармаларымен әлемдiк даңққа жеткен жазушы сәби кезiнен сөйлейтiн ағылшыншасын Кембридж университетiнде жетiлдiрiп жүргенде жазыпты. Өзiнiң кiндiк қаны тамған Петербургтен төңкерiстiң кесiрiнен қашып шыққан шағы. Ежелгi ақсүйектер әулетiне нәубет төнiп, «қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалардың» керi келдi. Набоковтың әкесi патша заманында министр болған. Нағашысы тiптi, мықты. Жиенi кәмелетке келген кезде жеке сарай сыйлаған, миллионмен есептелетiн мұра ұстатқан. Соның бәрi төңкерiсте тұл қалып, бұлардың отбасы әупiрiммен елден сытылып шыққан. Ендi Ресейде байларды жою, шiркеудi талқандау науқаны басталмақ.

Осыны ойлағанда жас ақынның гүлдеген каштанды есiгiн ашқан храмға теңеуi қаншалықты заңды екенiн сезiнесiң. Сосын Владимир Набоков неге емендi емес, каштанды жырлады деп ойлағанбыз, ағылшын жерiнде тұрып. Жауабын да тапқандаймыз. Емен – қара дүлей күштiң ағашы, каштан – ақсүйек ағаш. Бүкiл болмысы, сымбаты соны сипаттайды. Өзi бекзада әулетiнен шыққан Набоковқа Британияда емен емес, каштан жылыұшыраған. Алаңқайда қатар өсiп тұрған еменге бiр, каштанға бiр қарап осындай ойға тоқтадық. Мұнымызды Махамбет те мақұлдар ма едi:

Бағаналы терек жарылса,

Бақыраш жамап болар ма.

Қарағайға қарсы бұтақ бiткенше,

Еменге иiр бұтақ бiтсейшi,

Қыранға тұғыр қыларға.

«Ақын жырындағы қарағайға қарсы бұтақ – хан әулетi, еменнiң иiр бұтағы – бұқара халық» деп түсiндiрген сонау алтыншы класта Зүбәйла апай. әлеуметтiк теңеулердi дәл тапқанымен қатар, қазақ даласындағы ағаштардың қасиеттерiн қапысыз сипаттаған Махамбеттiң мықтылығы – басқа мақаланың өзегi, әрi бiз Зүбәйла апай сияқты поэзияны шемiшкеше шағуға шорқақпыз. Бұл жырға каштанның iлiкпегенi – ол тұста қазақ даласында өспейтiндiгiнен. Берiде жерсiндiрiлдi. Ақын айтып отырған қарағайдың өзiн Нарын құмына Махамбет жауығып жүрген Жәңгiр хан арнайы отырғызған.

Қазақ топырағына Исатай-Махамбет көтерiлiсiнен көп берiде жерсiндiрiлген каштанның бiр түбi соңғы бес-алты жыл бiз суын iшiп келген мекеменiң – «Қазақстан» телерадио кропорациясының» шағын ауласында өсiп тұр. Қонаев заманында республика үшiн ең басты ғимарат болған қазiргi қала әкiмi резиденциясының айналасында ондаған каштан жапырақ жаяды. Республика алаңы салынғанда оны көгалдандыру жоспарын биология ғылымының докторы Иса Байтуллин бастаған ғалымдар тексерген. Алаңды жиектей өскен көгiлдiр шыршалар, негiзiнен, Солтүстiк Американың ағашы болса да, Аляскадан емес, iргедегi Ботаникалық бақтан әкелiнген. Кейiн алаңның астын сауда орталығына айналдыру барысында сәндi, салтанатты шыршаларды құртты. Алматыда көгiлдiр шыршаларды тек Қонаев ескерткiшi тұрған алаңқайдан көре аламыз. Оны қатарлай еккiзген сол кездегi тұрғын үй және коммуналды шаруашылық министрi Атымтай Қисанов едi. «Атадан мал қалмайды, тал қалады» деген рас!

Ақ тұман арасынан жылт етiп көрiнетiн күн сәулесiне ұмтылған каштанға қарап тұрып Хауфман мен Шаханов, Набоков пен Махамбет жырлары қатар ойға түсiп жатты.

ТАУ-ТАСТЫҢ ТАСАСЫНДА. Алматыдағы оншақты түп каштанға жиi сүйсiнетiн басымыз Киевтегi мың-мыңдаған каштан арасымен жүргенде не күйге түстiк десеңiзшi! Ниеттес, тiлектес украиндар астана еткен қала жайында сонау бала кезден бiрер естелiк.

Қазақ тiлi мен әдебиетiнен Зүбәйла Сәбиханова деген апай сабақ бердi. Бiздiң қазақ сөзiн малданып күн көрiп жүргенiмiз сол кiсiнiң арқасы шығар. Бiрде орнымыздан тұрғызып, жатқа бiр өлең оқуымызды талап еттi. Сол кезде Василий Янның «Бату ханның соңғы жорығы» кiтабын тауысқанбыз. Аударма екенi түсiнiктi. Советтiк-орыстық сарыны және бар. Қазiргi Мұхтар аға Мағауиннiң «Шыңғыс ханымен» мүлде салыстыруға келмес, оған қарама-қайшы тұғырдағы туынды екенiн ендi салмақтаймыз. Ол кезде не? әлгi кiтаптың соңғы жағында шамамен екi-үш шумақ өлең жүретiн. Атып тұрдық та соны сайрай жөнелдiк:

Қалың орыс, кәрiңе мiн, көтерiл,

Киевiңде жауға қайрат ете бiл…

Ұстазымыздың бетiнде тура кинодағы Бекежанның езуiндегiдей мысқыл пайда болды. Кекеу, аяу, таңырқау, тосылу және басқа сезiмдердi бала болсақ та аңғардық. Бар аспабы бiр сәтте қосылып ойнай жөнелген оркестрдей болған жүзiн әлi ұмытпаймыз. Тек құбылған жүзiнiң жұмбағын таппағанбыз. Ендi Мағауиннiң «Шыңғыс ханын» оқығанда барып апайдың сезiмiн ұққандаймыз. «Жаттатпасты жаттатқызған заман-ай» деп өзiмiздi аяп отырмыз. әсiлi, сол кiтаптағы жалғыз өлеңдi жатта деп бiздi ешкiм қинамаған.

— Киев үшiн «бес», — дедi сосын ұстазымыз. Алдына күнделiктi ала жөнелдiк.

Тағы бiрде орыс тiлi едi. Кәрлi, қаһарлы аты ауылға танымал, соған орай шәкiрттерi қазақ тiлi мен әдебиетiн шеттерiнен шемiшкеше шағатын Зүбәйла апаға қарағанда мүлде тосын сипаттағы Фаузия мұғалiм. Бiрiншiден, жас. Екiншiден, көздерi мойылдай мөлдiреген өте сұлу. Үшiншiден, тәжiрибесi жоқ. Үштөбедегi мектепке ендi келген. Жолдамамен емес, Мәлiк деген ағамыз үйленiп, Семей қаласынан шалғай ауылдағы әкесiнiң үйiне келiн етiп әкелген. Бiздiң ауылдың ол кездегi тұрмысы тым төмен едi. Қаладан келген орыс тiлдi жас қыз үшiн мына орта қорқынышты болды. Жалғыз үмiтi етегiнен ұстап келген арыс Мәлiк емес, болашақ заманға жүрегi жанып тұрған бала бiз болған шығармыз! Хош. Төртiншiден, Зүбәйла.

Тары, сұлы, бидайды, — деген өлеңiмiз «Балдырған» журналына жариялана жаздап, ондағы Құрманбай Толыбаев деген кiсiнiң «шеберлiктi ұштау керек» деген кеңесiмен тоқтап қалған. Бұл жолы Москва туралы сиясы кеппеген өлеңiмiздi оқыдық. Ұстазға ұнау үшiн. Басқасы есте жоқ, бiр жерiнде «жасыл желек жамылған» дегендей жолы бар. «Москвада болдыңдар ма?» деп сұрады осы кезде Фаузия. «Жоқ» деп бүкiл класс шу еттiк те, ортамыздағы Мұхамедбекке қарадық. «Мына, Мұхамедбектiң әкесi Қасымхан ата болған».

Бұл – тарихи фактi, бiздiң бөлiмшеден Москваға арнайы барып қайтқан жалғыз кiсi. Шопан едi. Бiз тумай тұрғанда, 1955 жылы Бүкiлодақтық Халық шаруашылығы көрмесiне қатысыпты. Сол сапардан оралғанда туған қызының атын Мәскеу қойған. Берiде атын өзгертiп алса керек. Тарихи оқиғаның жылын жаңылыспай жазып отырған сырымыз, Мәскеу – бiздiң апамыз Гүлсарамен кластас, құрбы.

— Ешқайсың Москвада болмасаңдар айтайын, ол ешқандай жасыл желек жамылған емес, — дедi Фаузия апай. – Iшi түгел тастан тұратын қала.

Тағы шу ете түстiк. Үштөбенiң бүкiл тауы тастан тұрады. Тiптi, жалғыз көшемiз шашылған тастан көрiнбей, шалынып жатқанымыз. Ондай Москва кiмге қызық? Бiздiң шуымыз бөлiп кеткен ойын Фаузия былай аяқтаған:

— Ал жасыл желек жамылған деп Киевтi айтуға болады.

Жас мұғалиманың мұңды жанары ауылдың айналасын қоршаған тасты таулардан асып, алысқа кеттi. Мына көгенкөздердiң арманы мен қиялын өзiмен iлестiре кеткен.

Сол Киевке журналист ретiнде бiр емес, бiрнеше рет жолымыз түстi. Соңғы жолы футболдан Еуропаның 2012 жылғы чемпионатын тамашалауға барғанымызда тасты тау тасасында қалған Зүбәйла мен Фаузия жайындағы естелiк те ере келiптi, о жалған!..

ТӨБЕЛЕР ТӨСКЕЙIНДЕ. Негiзiнде Балқан тауларында табиғи түрде өсетiн каштанның Киевке алғаш егiлген кезi тарихтан белгiлi. 1842 жыл. Осы қалаға Николай Бiрiншi ат басын тiрейтiн болған кезде Ұлы Мәртебелiнiң құрметiне жаңа көше салынады. Сосын көшенiң ортасындағы аллея мен екi шетiне бұрын Киевте өсiрiлмеген ағаш: каштан егiледi. Бар жұмысты атқарған соң генерал-губернатор Бибиков бiр түнде көше ортасындағы каштанды қайта қопартып, орнына терек еккiзедi. Не болды? Бiзге Киевтi аралатқан гидтен сұрағанымызда сыры мынада екен.

Ақ патшаға қаланың дайындығын мәлiмдемей ме. Тура «пәлен түп каштан егiлдi» деген тұста ат үстiнде келе жатқан Ақ патша тыржың етiптi. Жаушыдан осыны естiгенде дайын отырған генерал-губернатор «қап, каштан ұнамаған екен» деп байырғы теректi құп көредi. Тек көшенiң шетiндегi ботаникалық баққа егiлген каштандар аман қалады. Ақыр аяғында бұл қалаға ат суытқан Николай Бiрiншiнiң каштанға еш қастығы жоқтығы анықталған, тыржың ете қалғаны – сол кезде мойнын сона шағып алған екен. Ендi қалаға жаппай каштан отырғызылған. Ол кездегi жаңа көше – қазiргi Тарас Шевченко проспектiсi. Оны бойлап сан мәрте жүрдiк. Иә, ортасындағы аллеяда қарт теректер өсiп тұр. Басқа жердiң бәрi каштан.

Днепрдiң екi жағасындағы төбелердi қуалай салынған Киев жасыл ағашқа малынып тұр. 200-ден астам ағаш түрiнiң арасындағы ең көбi де, құрметтiсi де – каштан. «Киев кезiнде Парижбен сән-салтанат жағынан жарысқа түскен» деп мақтан еттi бiзге гид әйел. Оған дауласпадық. Сол жарыстың бiр көрiнiсi – жаппай каштан егу. Париждегi каштанды да көргенбiз. Ресейдегi бұлғақ кесiрiнен басқа жаққа босып кеткен келесi қаламгер Борис Пастернак 1927 жылы «Бальзак» атты өлеңiнде:

Париж в златых тельцах, в дельцах,

В дождях, как мщенье, долгожданных.

По улицам летит пыльца.

Разгневанно цветут каштаны, — деп жазған.

Келтiрген өлеңiмiздiң бiразы орысша болып кеттi. әдебиет теориясының оқулығы — «Сөз өнерiн» жазған академик Зейнолла Қабдолов ондағы орысша өлеңдердi тегiс Қадыр Мырзалиевке аудартып алғанын айтып едi. Ебiн тауып Есенғалиға аудартуға, бiрiншiден, беделiмiз жетпес-ау, екiншiден, бiздiкi – жүздеген жылдарға қалар оқулық емес, бiр жолға жарар мақала емес пе. Хош…

Киев тұрғындары «23 мамыр – Каштан шырағының күнi» деп атап өтедi. Бұл каштан жаппай гүлдейтiн кез. Шынында, бiр қарыс биiк шоғыр болып шығатын ақ гүлдерi шырақтан аумайды. Ақ шырақ күнi каштанға арналып ондаған өлең жазылады. Сосын жинақ болып шығады. Белгiлi, белгiсiз жүздеген ақынның өлеңi бар. Арасындағы белгiлiнiң бiреуi – Семен Гудзенко. Бiздiң Қасым Аманжоловпен қатарлас ақын. әрi екеуi де майдангер. Орысша аудармасындағы:

Мы не от старости умрем,

от старых ран умрем.

Так разливай по кружкам ром,

трофейный рыжий ром! — деген айтулы жыр осы ақынның қаламынан туыпты. Қазақшада:

Қызықтап шамшырағын жаңа жанған,

Құмардан шығар емес алау-арман.

Кетпейдi кәрiлiктен олар ендi,

Кетпесе соғыс салған жаралардан, — деген Сағи Жиенбаев.

Қасым болса:

Сапырды дауыл, тебiрендi теңiз,

Тулады толқын, шайқалды шың-құз.

Қып-қызыл өрттiң iшiнде жүрмiз,

Қайда екен, қайда дариға сол қыз? — дейдi.

Осы өлеңдердi оқитын арнайы жер бар. Киевтiң түбiнде Крюков селосындағы сегiз жылдық мектептiң бағы. Онда алуан түрлi ағаш егiлген. Ең биiгi «Семен Гудзенконың каштаны». Онымен iргелесiп «Иван Чумаченконың жөкесi», «Николай Майоровтың шетенi», «Павел Коганның аршасы», «Всеволод Багрицкийдiң мәжнүн талы», «Михаил Кульчицкийдiң қайыңы» өсiп тұр. Жыр жазғысы келетiн ақындар шабыт шақыру үшiн қалада екi Ботаникалық бақ, ондаған саябақ бар. Көшелер мен аллеялардағы ағашты есепке қоспағанда. Саябақтардың бiреуi тарылмаған, бақтардың бiрiнiң ағашы шабылмаған. Жеке коттеджге, элиталық үйге деп жерiн жырымдаған жымысқы әрекет жоқ.

Бiз Шевченко көшесiн бойлап жатқан Ботаникалық бақты бiрнеше күн армансыз саяладық. Kзi Киев университетiне қарасты. Алғашқы көшет 1839 жылы егiлген. Онда университет әулие Владимир атында болыпты. әлгi Ақ патша келерде егiлген каштандар бақ қожасы өздерi екенiн жуан дiңдерiмен, жайылған бұтақтарымен, асқақ бойларымен дәлелдеп тұр. Қазiр мұнда жылыжайлардан басқа, бiрi 18, екiншiсi 30 метрлiк екi оранжерея бар. 130 ғылыми және ғылыми-көмекшi маман ұзын-саны 10 000-нан асатын ағаш, бұта, шөп-гүл түрiн зерттейдi. Ондаған мың адам табиғатты қызықтайды. Соның бiрi – бiз пақырыңыз.

Киевтегi баққа сонша тамсанатын себебiмiз: Алматыдағы Ботаникалық бақта бiз университет тәмәмдап жатқан 1981 жылы 4000 гүлдiң түрi өсiрiлетiн! Соның бәрi, әсiресе күлтесiн ашқан шағын арнайы барып көретiн лала гүлдерi баяғыда бақтан ада болған. Анда: Киевте армансыз жайқалып тұр!

Каштан туралы ғылыми орталықта ғана емес, украин бұқарасы арасында аңыз бен әңгiме жетерлiк. Черниговтағы дендропарктегi каштанның бiр жылы оң жағы, келесi жылы сол жағы гүлдейдi. Ағаш жүз жылдан берi бұл дағдысынан жаңылмаған. Бұл табиғи құбылыс болса, адам қолымен жасалған кереметтi Киев түбiндегi «Александрия» дендропаркiнен көруге болады. Ондағы бағбандар каштан тоғайын күзей-түзей «жол соққан жолаушылар» атты мүсiндерге айналдырған. Иә, алты-жетi каштан ұйықтап жатқан адамдардан аумайды екен. Соған қызығып, Гудзенко мен Аманжоловты, Пастернак пен Қабдоловты қатар еске алып Киевтен қайттық.

ОРАМДАР ОРТАСЫНДА. Киевтен басқа Лондон мен Париждегi каштанды көрдiк дедiк. Қайда болмасын қала көркiне көрiк қосып жайқалып тұрғаны. Германияда каштан түбiне отырып сусын iшкенбiз. әу баста келушiлер саялау үшiн емес, көлеңкесiне өзен-көлдiң мұзын сақтау үшiн егiлiптi. Мұз — сыраны салқындатуға керек. Одан сыра iшушiлер мiндеттi түрде каштанды саялайтын дәстүр қалыптасқан көрiнедi. Бiр ағаштың түбiне қаншама ұрпақ сыра iшкенiн санау қиын.

Әсiлi, каштан ұзақ жасайды. 300 жыл өсе бередi. Биiктiгi 36 метрге барады. Етегi жайылып, төбесiне қарай үшкiлдене беретiндiктен өте сымбатты. Дiңi қарағаш сияқты айқыш-ұйқыш емес, түзу, дөңгеленiп өседi. Тамыры өте мықты. Бiрақ, емендiкi сияқты тарбайып, жер бетiне шығып кетпейдi. Жапырақтары шоғырланып, бiр сағада 5- 7-ден өседi. Содан да ертегiдегi дәудiң саусақтары сияқты. Саусаққа тағы бiр ұқсастығы – ең ортаңғысы екi жақтағыдан iрi болады. Көктемгi гүлдерi тiк қадаған шырақ тәрiздi дедiк. Бiр қададағы 20-50 ұсақ гүл шоғырланып тұрғандықтан өте әдемi көрiнедi. Ақ күлтелерде бастапқыда сары секпiл болса, бiрер күннен соң қызғылт реңкке ауысады. Талай байқадық, аралар күлтеге сары секпiл кезiнде үймелейдi. Шырынын аямай-ақ сорады. Каштаннан жинаған балының қанты 75 пайызға жетедi.

Манағы бiр шоғырдағы көп гүлден жазда небәрi 5-6 жаңғақ шығады. Сырты кiрпi сияқты. Және түгi тым қатты. Ол кезде түсi жап-жасыл. Табиғаттың үшiншi маусымы — күз келгенде «жасыл кiрпiнiң» қарны өз-өзiнен жарылып, түрiн шаш бояйтын әйелдер жақсы бiлетiн жылтыр қоңыр дән түседi. Көп жерде жiпке тiзiп, сәндiк моншақ жасағанын көрдiк. Дәнiн мойынға таққанмен, адамға жеуге болмайды, аздап улы. Бiрақ аң мен мал жей бередi. Жылқыға жақсы азық деседi.

Айтпақшы, каштанның бiр түрiнiң тұқымын адамдар жеуге болады. Пiсiрiп, не қуырып жеу керек. Түркияда бiзге одан жасалған тағамды ұсынған. Каштанды пiсiру демекшi, халықаралық айналымда «каштанды оттан алып шығу» деген тұрақты тiркес бар. Қазақша мағынасы «бiреудiң қолымен от көсеу» дегенге келедi. Алғаш рет француз сықақшысы Жан де Лафонтен он жетiншi ғасырда мысал ретiнде жазыпты. Бiр маймыл оттың ыстық күлiне пiскен каштан дәндерiн пештен мысыққа алғызып, соны рахаттанып жейдi. Мысықтың табаны күйген әрi ұры атанған, ал маймыл болса оны мақтап қойып, қарнын тойғызған. Керемет! «Апыр-ай, Абай мен Ахаң қалай аудармай қалған?» дедiк. Сiрә, олардың заманында орысша нұсқасы жарияға шықпады ма екен? Болмаған соң мысалдың ең аяғын, яғни түйiнiн өзiмiз тәржiмалап көргенбiз:

Жарамсақ та жағымпаз

Отқа күйдi уәзiр.

Қарны тойып Патша мәз,

Қайда барса бәрi әзiр.

Әй, Құнанбайұлы мен Байтұрсынұлы шығаратын биiкке жеткiзе алмадық-ау. Ең болмаса Есенғали аудармаған соң…

Каштан жаңғағынан медицинада дәрi жасайды. Екi жаһандық соғыста крахмал жасау үшiн жинаған. Еуропаның бiрқатар елдерi бұл дәннiң ұнтағымен кенеп, кендiр, жүн тоқымасын жуып, ағартқан. Бiздiң жақта каштан өспейтiндiктен аналарымыз сабынды алаботаның күлiнен жасап, «бұзаушық» деп атайтын. Неге «бұзаушық»? Ошақтағы қоламтаның жылт-жылт шоғын неге «ешкiшек» дейтiнi сияқты, мұның да жауабын таппадық.

Иә, табиғи түрде каштан Балқан түбегi мен Гималай таулары аралығында өскен. Еуропаға адамдар апарып еккен. Қатты суықта үсiп кетедi. Қатты ыстыққа тағы төзбейдi. Солтүстiк-Шығыс Азиядан гөрi оңтүстiк-батыс Еуропаға егiлгенi содан.

Ендi Амстердамның қалың үй орамы ортасында өсiп тұрған бiр түп каштанның қаншама жылдан берi қалай экологтар мен саясатшыларға бiрдей танымал болғанын айтып, хикаяны тәмәмдайық.

Каштанның бiз сипаттаған бүкiл болмысын Анна Франк деген қыз жақсы бiлген. Голландияда. Ол да бiз сияқты ғалым, зерттеушi емес. Босқын. 1927 жылы Франкфурт қаласында дүниеге келген. Германияда фашистiк режим орнап, еврейлердi жаппай азаптау басталған соң отбасы Амстердамға көшедi. Бiрақ, қазақтың «қайда барсаң – Қорқыттың көрi» дегенi рас екен, бұл елдi фашистер басып алады. Ендi қашып шығу мүмкiн болмаған соң олар бiр үйдiң шатырына жасырынады. Шатырдың қуысынан жасөспiрiм Анна сығалап, сыртқа көз салғанда тек каштан ағашын көретiн. Сондықтан күнделiгiне үнемi каштан жайында жазу түсетiн. Жылдың төрт мезгiлiндегi ағашты Аннадай ешкiм сипаттамаған шығар.

Күндердiң күнiнде тығылған отбасы туралы бiреу фашистерге хабарлап қояды да, Аннаны тұтқындап, концлагерьге жiбередi. Берген-Белсен лагерiнде қыз 1945 жылы наурызда сүзектен өледi.

Арада екi жыл өткенде оның күнделiгi кiтап болып шығады. Фашизмдi айыптайтын еңбектердiң қатарына қосылып, 70-ке жуық тiлде миллиондаған таралыммен басылады. Тығылған үйi мұражайға айналады. Қыз суреттеген каштан Амстердамның ең құрметтi ағашы деп саналады. Арада алпыс жылдан астам уақыт өткенде Аннаның каштаны ауруға шалдығыпты. Өзегiне құрт түскен. Осы каштанды кесу-кеспеу мәселесi 2012 жылы бүкiл Голландияны дүрлiктiрген оқиға болды. «Салмағы 27 тонна, өзi 150 жыл жасаған ағаш құлаған жағдайда қасындағы үйге қатер әкеледi» деген қала билiгi кесудi ұйғарады. «Бұл ағаш соғысқа, фашизмге қарсы қозғалыс үшiн соншалық маңызды» деп қалың ел қарсы болады. Осыны естiгенде Алматыда фашизмге қарумен де, қаламмен де қарсы тұрған Қасым Аманжолов тұрған үйдi құлатқаны, соған құлазыған Жүрсiн Ерманның жыры ойға түссiн:

Қайтейiн, кембақ, астана, сенi,

Тиетiндей-ақ басқаға себi.

Қиратып жатыр Қасымның үйiн,

Қиналып тапқан баспанасы едi.

Бұл – бiздегi ахуал, ал Амстердамда соңғы сөздi сот айтыпты: ағаш кесiлмейдi. Ендi билiк пен қоғамдық қозғалыс бiрлесiп ағашты, анығында ол құлаған жағдайда жанындағы үйдi сақтау жобасын жасайды. Араға биiктiгi 8 метрлiк болат қалқан қою ұйғарылды. Сөйтiп, өткен зұлматтың табиғи ескерткiшi сақталып қалды. Бастан өткен зауалдың заттай айғағын сақтауға зауқы жоқ қазақ осыдан үйренсе еттi. Бiз әзiрге бәрiн өлеңге сыйғызып жүрмiз. Ақындардың арқасында. Өтежан Нұрғалиевше айтқанда:

Алабас таулар, ақшулан далам,

Желпидi самал бетiңдi.

Өткен күн маған, өртеңге түскен

Қайыңды тоғай секiлдi…

«Алабас тау» мен «ақшулан дала» орнына көзiңiзге сансыз каналды, оларды жағалай салынған қала орамдарын елестетсеңiз әрi «қайыңды» дегеннiң орнына «каштанды» деп оқысаңыз, Амстердамдағы оқиғаға басқа ақын iздеудiң керегi қанша! Өзi Өтежан, Жүрсiндер шетте жүрсең де құлақта күмбiрлеп тұратыны ғажап!

АЛМАТЫ-ЛОНДОН-КИЕВ-АМСТЕРДАМ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *