«АҚШАМНЫҢ» СӘУЛЕСІ

1 шілдеде «Алматы ақша­­­мы­ның» жарық көр­ге­ніне 30 жыл толды. Көзі­қарақ­ты, зер­­делі оқырман бұл басы­лым­ның күні кеше қалай, қандай жағ­дайда шыққа­нынан жақсы хабардар.

Осыған орай әріптес­тері­міз, қалалық, респуб­ли­калық құры­лымдар, бел­­гілі тұлға­лар, жал­пы оқыр­ман­дары­мыз тара­пынан келіп жатқан құттықтау, ілтипат, лебіз­дер­ді жариялап отыру­ды да мін­детіміз санап, зор риза көңі­лімізді білдіреміз.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,

жазушы, Халықаралық

Алаш әдеби сыйлығының лауреаты,

газеттің алғашқы

Бас редакторының орынбасары:

— 30 жыл бұрын «Ақшам» шыққанда, жұрттың басқа жерден таппай, редакциядан газет алып кетіп жатқаны есімде. Бұл бір жаңаша лептің кезі еді. Сол кезде кәрі де, жас та бір жаңаша тыныспен демалды. Қол-аяғын өзіне алып, «Сенде бар нәрсе менде де бар» дегендей, басқаға жалтақтамай өзіне-өзі риза боп жүрді. Қалың қазақ «Ақшам­ды» іздейтін болды. «Ақшам» жаңа қазақ­тың жаңаша мінез-құлқын тап басатын дүниелер жариялап, оның тұрмыс-тірші­лігіне жаны ашитын тетіктерді мәселе ғып ел басшыларының назарына ұсына бастады. Осының бәрі астананың газетінде қазақша тіл қатты. Қала қазағының өз басылымы болды, жұрт оны іздеп жүріп оқитын халге жетті. «Ақшам» дүңгіршекте жатпайтын болды, қойнымызда бір қап желіміз бар қаламгер қауым осыған да мәз болдық.

Мен Мәскеу Әдебиет институтының қабырғасынан келгем. «Вечерняя Москва» үшін дүңгіршек алдында шүпірлеп тұрған қарақұрым халықты көретінбіз. Енді жұрт өз «Алматы ақшамын» сатып алып жатыр. Бұған «апам да таң, мен де таң», дүңгіршек ұстаған орыс әйел де таң.

Мәскеуден кейін алдымда екі таңдау тұрды. Бірі – Жазушылар одағына кеңесші, екіншісі – «Алматы ақшамы» газеті Бас редакторының орынбасары. Баяғы «Ле­ниншіл жас» пен «Жетісудағы» журналис­тігім қайтып келіп, арқам қоза бастады әрі астананың қазақша шыққан газетінде істеу қызық көрінді. «Ақшам» деп дызақтап жүрген Шона Смаханұлы ағай да: «Ақшам­да» істеу мәртебе әрі ер жігіттің қалтасы қаламақыға толып жүруі керек қой», — деп тымпың-тымпың етіп тұрып алды. Оған да 30 жыл өтіпті. Ең бастысы – газет сол кезде­гі қазақтың көкірек көзін ашуға ықпал етті. Желтоқсан көтерілісінен кейін отша лапыл­даған қазақ жастарының өз билігі өзінде екенін көрсетуге атсалысты. Сол кездегі отызды бағындырғандар, қазір Пайғамбар жасында. Олар да естелік айтуға құмар-ақ.

30 жыл дегенің жабықтан сығалаған отыз түрлі сәуле. Соның бірі – «Ақшам­ның» сәулесі. Ол бөлек сәуле. Күңгір-күңгір етіп үн қатқан көне астанада өз газетін оқыған қазақ мәз боп кетіп барады. Астана ауысқанымен, «Алматы ақшамы­ның» үні бөлек. Отыз жыл бұрын жігіт ағасының көкірегінен «Ақшам» деп қуанып шыққан дауыс қазір немере мен шөбереге ауысқан. Таяқ сүйеніп, үйіне асыққан шалдың қолтығындағы газетте бәрі бар.

«Ақшамды» бәрі оқиды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *