«АҚШАМДАҒЫ» ӘҢГІМЕ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

 Бүгін  – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Қоңырбайұлы Оразбайдың  туған күні

40Ол 1936 жылы 29-қаңтарда еліміздің шуақты өлкесі – оңтүстікте, сансыз  бап мекендеген Сайрам өңірінде дүниеге келген. Өнерсүйер қауымға театр актері ретінде мәшһүр болған сахна саңлағы  кейінгі кездері қаламгерлік қырынан да көрініп жүр.

«Өмірдің өзі – театр» деп аталатын қос томдығын да шығарып үлгерді. Тұрақты авторымыз, сахна абызы – Сәбит Оразбайды «Алматы ақшамы» газетінің қалың оқырманы атынан туған күнімен құттықтай отырып, бірер сауалға жауап беруін өтінген едік.

– Сәбит аға, алдымен  жарық дүние есігін ашқан күніңіз құтты болсын.

– Рахмет, рахмет.

– Халқыңыз сізді енді қаламгерлік қырыңыздан танып жатыр. «Өмірдің өзі – театр», «Тазарғың келсе, театрға бар»  деп аталатын қос томдығыңыз мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Бұл қуанышыңызға өзіңіздің сүйікті басылымыңыз – «Алматы ақшамы» газетінің ұжымын ортақ деп біліңіз.

– Тағы да рахмет, айналайындар, бұрын да айтқанмын, тағы да айтамын, мені  жазушы еткен – «Алматы ақшамы». Кітапқа арқау болған қазақ театры мен кино өнері тарландарының сахна сыртындағы әзіл-оспағы, театрдан тыс тіршілігі, қарапайым өмірдегі әртүрлі қызық оқиғалары, сондай-ақ, өнеріміз жайындағы, ұлттық салт-дәстүріміз туралы өз ой-толғамдарым, бәрі-бәрі кезінде «Алматы ақшамы» газеті бетінде жариялан­ғанынан оқырман хабардар, әлі де жалғаса береді деп ойлаймын.

 – Театр, кино, жалпы өнер саласында талантты тарландарымыз болды ғой. Қазір де бар. Солардың өмірдегі, өнердегі өнегелі істері, айтқан әңгімелері айтқан-айтқан жерінде қалып жататыны құпия емес. Осы кемшіліктің орнын толтыруды алдыңызға мақсат етіп қойып, жасыңыздың ұлғайғанына қарамастан қолға қалам алып дегендей…

– Айналайын, көп мақтай бермегін, мадақты көтеру үшін де күш-жігер керек. Оның рас, бұрындары да жазып жүргендерім бар, кейінгі ой-толғамдарым бар, барлығының басы бірігіп қалың қос томның жібек желісіне айналды ғой.

Елбасымыз Қазақстан халқына «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынып, «Нұрлы жол» бағдарламасын алға қойып отыр. Cол талаптарды орындауда бұл қос томдық көпке көмекші, игі іске мұрындық  болса, Тәуелсіз еліміздің ұлттық өнерін, оның ішінде театрымызды дамытуға аз да болса үлесін қосса, мақсатымның орындалғаны.

– Созақ жерінде XІX ғасырда өмір сүрген Тарақты Шілменбет би адам өмірінің әр кезеңі туралы айта келіп:

«…70 жас – мәрт шақ,

80 жас – серт шақ» деген екен. Сіз мәрт шақтан өтіп, серт шаққа табан тірегелі тұрсыз. Осы жолайрықта тұрып сүйікті газетіңіздің оқыр­мандарына не айтар едіңіз?

– Сұрақтың қиыны осы ғой, шырағым. Біз бір кездері қара орман­дай көп едік-ау. Дүркіреп театрдың сахнасына шыққанда еден сықырлап, теңселіп, түсіп кететіндей көрінетін. Қазір саусақпен санарлықтай, әр жерде біреу қалдық. Олардың аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын. Қаншама сахналас серіктерімнен, әріптес достарымнан айрылдым. Мүмкін Жаратқан ием солардың ерен істерін, әзіл-қалжыңын жазсын деп мені қалдырды ма деп те кейде ойлаймын. Шама-шарқым жеткенше олардың есімдерін, еңбектерін естелігімде айтуға тырысып бақтым. Айтылатындары әлі де жеткілікті. Бірақ, бұл жаста «пәлен жасаймын, түген істеймін» деудің өзі ағаттық қой. Алла Тағала ғұмыр берген болса, жоспар да көп, жазатын достар да көп… Оны өмір көрсетер. Ең бастысы,  ел аман болсын, оны басқарып отырған ер аман болсын!

«Ақшамдықтарға» алғысым шексіз. Бәріңе ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеймін! Оқырмандарың көбейе берсін!

– Тілегіңізге көп рахмет. Сексеннің сеңгірінде аман-есен қауышайық деген біздің де тілегіміз бар!

 Сұхбаттасқан –

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *