Тәй-тәй бөпем, ақ бөпем

«Ақшамдықтар» Наурыз мейрамын тойлады

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат мерекесі – әз-Наурызды «Алматы ақшамы» ұжымы қазақы сән-салтанатымен атап өтті.

Биыл 30 жылдығын атап өтетін ұйым­шыл да бауырмал «Ақшамның» Нұржамал Байсақалова бастаған қыз-келіншектері бұл тойға бір апта бұрын дайындалған бола­тын. Оюлы камзолдарын киіп, баста­рына орамалдарын байлаған әдемі әйел қауымы ынтымақ, ниет біріктіріп, әрқай­сысы үйлерінен тәтті-дәмділер пісіріп әке­ліп, дастарқанды жайнатып жіберді. Газетте 30 жыл корректор болып, зейнеткерлікке шыққан, бір жерде табан аудармай еңбек еткен редакциясына, ұжымына «жүрегін» қоса ала келген Гүлбаршын Ахметова апай­дың Наурыз-көжесінен де дәм таттық. Әріптесіміз Нұрлан Сүйін домбырасын күмбірлетіп, әннен шашу шашты. Сәрсен­бек Бекмұратұлы, Өтеш Өтеуліұлы, Өмір­зақ Мұқай, Алмас Рысбаев, Ермек Зәңгі­ров сынды жайсаң ағалар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, Наурыз-тілектерін арнады.

Мейрамның ең бір думанды тұсы — қос бүлдіршіннің тұсауы кесілген сәт болды. Журналист Айкерім Райысқызы мен фото­тілші Самат Құсайыновтың енді ғана қаз тұрған сәбилері — Шұғыла мен Айханша­ның тұсауын «Алматы ақшамы» газе­тінің директор-Бас редакторы Қали Сәр­сенбай кесіп, қос бүлдіршінге мағыналы ғұмыр тіледі. Туфлиіміздің өкшесі тық-тық етіп, тік кіріп, тік күйі шығатын ресми кабинетте бәріміз мәз-мейрам болып, еңкейіп шашу тердік. Сөйтіп, үп-үлкен болып кәмпитке таласып жүрміз. Бірақ бәрі жарасымды.

Тұсаукесер рәсімінен кейін әріптесіміз Саматтың қызы кішкентай көйлегінің етегі дөңгеленіп қабырғаны жағалап біраз жүрді. «Қолымнан ұстамаңдар» дегендей «мінез» көрсетіп қояды өзі, жүргеніне мәз. «Үйде аяғын енді-енді ғана апыл-тапыл басып жүрген», – деп әкесі де мәз. «Тез жүріп кет­сін» деген тілекпен жасалатын тұсаукесер ғұрпының әсері болар, біз де қуандық. Қос періштеге ешқашан сүрінбесін деп тіледік.

Осынау үлкен өмірге енді ғана тәй-тәй қадам жасаған бөбектер де, әріптестер де, ағайын-туыс, айнала, ел-жұрт – бәрі аман болсын! Наурыздан Наурызға жете берейік, ағайын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *