АҚШ-ТА ЖЫЛЫНА 550 ОТА ЖАСАЙТЫН ҚАНДАСЫМЫЗ

Орта  ғасырдағы араб  жазба  деректерінде «Түркілер – бақалшық  арасындағы  асыл  жаһұт  сияқты,  ол туған  жерінен  алыстаған  сайын  жарқырай  түседі  әрі бағасы  да  арта  береді», – деп жазылыпты. Бүгінде  шет елдерде туған  Отанының  айбынын арттырып жүрген қазақтың  өр ұлдары мен  батыр  қыздары аз емес.

Туған  елден  шалғайда жүрсе де, жат  жұртта  құрметке  ие болып жүрген  қандастарымызды  біз қалай  құрметтесек те, олар оған лайықты.

Еліміз  мамандарының  аса маңызды дүниежүзілік  деңгейдегі  ұйымдарда қазақ ұлтының  атынан қызмет атқарып жатқаны, әрине,  еліміздің  имиджін көтерері сөзсіз. Бұл – елімізде  нарықтық қатынастардың  жақсы дамығанын, саяси реформалардың сәтті жүргізілгендігін,  білікті мамандардың   көбін  көрсетеді. Бұл – олардың кәсіби  маман екендіктерінің де белгісін және еліміздің  саяси жүйесінің, экономикалық-қаржы жүйесінің  өскендігінің бір  саласы деп бағалауға болады.

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

«Пахтакор» футбол  командасының  дәрігері

Бүгінде сырттағы дарынды қазақтардың  электрондық базасын жасаудың қажеттілігі  туындап  отыр. Елбасының «…Өмір бойы сыртта жүрсе де, білімі мен білігі, өнері мен дарыны арқылы қазақтыңатын шығарған бауырларын тарихи Отаны  ұмытпайды. Қазақ баласы қай елде тұрса да, Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі екенін жүрегінің төрінде ұстасын!» деген  сөзін  ұмытуға бола ма?

Қазақ перзентінің  әлемге әйгілі   сауық­тыру  мекемесінде  еңбек етуі біз  үшін  әрине, мақтаныш. Сондай жандар­дың  бірі –  Жолдас Құлжанов. Ол – Аме­рика    оташыларының  алғашқы бестігіне кіретін белгілі хирург, Saіnt-Louіs универ­ситетінің профессоры, этникалық қазақ. Жолдас Мұратұлы Құлжанов –1948 жылы  Өзбекстанның Қарақалпақстан Республи­ка­сының астанасы – Нүкіс қаласында дүниеге келген.  Самарқанд  дәрігерлік  институтын  бітірген  соң еңбек  жолын Ташкент  қаласында  бастаған. Елден  жырақта  26 жыл бойы жүрсе де  Ташкент  қаласында пәтері  бар. Мамандығына  сәйкес, кезінде Ташкенттің  «Пахтакор»  футбол  командасының  дәрігері  болып   істеген. КСРО  тұсында  кеңес  дәрігер­лерінің  құрамында  5 жыл  Никарагуада  дәрігер  болып  қызмет еткен.  Америка құр­лығындағы Никарагуа  елінде дәрігер  болып  қызмет  істеп жүріп жасаған  отала­рының  негізгі  материалдары Дүниежүзілік  денсаулық  сақтау  халықаралық  ұйымына  беріліп, ол осы  мекеменің  қызығушы­лығын  тудырған.  Осыдан соң, АҚШ-тарапынан  ұсыныс  түсіп,  келісім-шарт­пен  қызметке  қалған.  Содан  бері  ол  АҚШ-та 26 жылдан бері еңбек етіп, әлемнің 8 тілін меңгерген қазақ ұлтынан шыққан бүгінгі күннің нағыз хирург-полиглоты  атанып  отыр. Осы  уақыттан  бері  Жолдас  Құлжанов  әлемнің  42  елінде  болып,  өзінің іс-тәжірибесінен  шеберлік сабақтарын  өткізген.

Біз  сонау  Америкада  жүрген  қанда­сымызбен  телефон  арқылы  сөйлесіп, аз-кем  сұрақтарымызды  қойып, әңгімелесіп  қалдық.

– Адам үшін басты байлық – ден­саулық. Сондықтан да саламатты өмір салтын қалыптастыру, пайдалы нәрселер­мен ғана шұғылдану кез-келген адам үшін аса маңызды.

– Қазір аурудың түрі көп. Бұрын құлақ естіп, көз көрмеген дерттер  қаптап кетті. Денсаулық – басты байлық. Ал жүрек – тіршілік белгісі. Адамның қай жері ауырса, жаны да сол жерде. Сондықтан да бірінші байлыққа баланған денсаулыққа дүниеде ешқандай байлық жетпейді, – деді  ортопед  дәрігер. Мен күніне  7-8 сағат  ота үстелінің  жанынан  шықпаймын. Жылына  380 адамға ота жасаймын. Кейде  ол 550  адам­­ға дейін  жетіп  жығылады.  Одан  басқа жылына  3-4 рет ТМД елдеріне барып,  ота  жасаймын. Соңғы  рет  2018  жыл­дың  тамыз айында  Ақтөбе  қаласына  барып, 72  жастағы адамға  ота  жасадым.  Қазір  мен  қызмет ететін 320  төсектік ауруха­нада,  450  дәрігер  жұмыс  істейді.

Жалпы,  мен  2002  жылдан бері  Қазақ­станның  денсаулық  сақтау мекемелерімен тығыз байланыстамын. Қазақстан Рес­публи­касының денсаулық сақтау бағыты бойынша бағдарламаларына сай қазақ­стандық дәрігерлердің тәжірибелерін ұштауға көмектесіп келемін. Соңғы сапа­рымда ақтөбелік дәрігерлерге шеберлік сабағынан дәріс  оқыдым. Ота кезінде  жаңа технологияларды қолдана отырып, отаға  кететін  материалдарды  аз шығын­даудың  жолдарын  көрсеттім. Және  отаны  жабық  жағдайда  жасауды  көрсеттім, – деді  белгілі  оташы.

Елімізде  жыл сайын мемлекет қазы­насынан адам денсаулығын сақтау, ауру түрлерін болдырмау мақсатында тиісті мол қаражат бөлінеді.  Адами капиталға үлкен мән берілуде. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында мамандарды шет елдерде оқыту үрдісі де  тиімді  жолға  қойылған  дестік…

– Қазақстанның медицина саласын америкалық стандарттарға көшіру, оның ішінде әсіресе, қабылдау бөлімдерінің жұмы­сын ұйымдастыруды тездетіп батыс­тық үлгіге сай сәйкестендіруі аса қажет. Әлемдік тәжірибеде қабылдау бөлімдерінде сырқатты келген бойда анықтап, оған жедел  түрде алғашқы медициналық  жәр­дем көрсету ісі жүргізіледі. Осыдан соң,  нау­қасты бастапқы сауықтыру  қалпына  келтіріп, емханадан шығарады. Осындай көптеген елдің медицинада қалыптаспаған қыры мен сыры мол жаңалықты, Қазақ­станның кейбір клиникаларында, қабылдау бөлімдерінің жұмысын ұйымдастырудың  халықаралық тәжірибесі мен стандарттары енгізіліп қалыптастырылуы  тиіс.  Бұл  мәсе­лені  мен  үнемі  айтып  келемін.

 

Бар арманым – бауырларыма 

кӨмектесу

 

Жолдас Құлжановтың күш салуының арқасында бұл тәжірибе  елімізде  жүзеге асырылып отыр. Бұл тәуелсіз Қазақ­станымыз үшін өте үлкен практикалық  көмек. Бұл оның қандастарыма болсын деген шын пейілінен  туындаған дүние. Қазақстанда америкалық стандарттарға сай жедел көмек көрсету жөніндегі Ұлттық орталық пен оның облыстардағы филиал­дарын құрып, мұңдай мекемелерді ірі күре жол тораптарына жақын орналастырып, заманауи техникамен, оның ішінде тік­ұшақтармен жабдықтаудың тиімді жолда­рын көрсеткенінен  де  анық байқауға  болады. Қазақстандықтарға дер кезінде аса кемелді жедел жәрдем беру арқылы, жол көлік оқиғаларына  тап болған адамдардың өмірін сақтап, көпшілігін мүгедектіктен аман алып қалуға болатындығын білікті  маман-ортопед  Ж.Құлжанов жан-жақты   түсіндіріп берді. Осындай жобаны жүзеге асыруға ол қажетті ғылыми-әдістемелік көмегін көрсетуге қашан да әзір екенін білдіріп  отыр.

Белгілі  профессор тәжірибе  алмасу  бағдарламасы  бойынша кез-келген  ұсы­ныстан  бас тартқан емес. Алдағы  жаз айын­да елімізге  Сент-Луис  қаласындағы  университет клиникасынан бір топ  дәрігерлер келіп, тәжірибе  бөліспек. Сол сияқты, бағдарлама аясында 350 қазақ­стандық дәрігерлерді өзімізде оқытуды   жоспарлап отырмыз. Біздің  Қа­зақстанда ешқандай кәсіпкерлік  мүдде­міз жоқ. Менің  бар  арманым – туған­дарыма  кө­мек­тесу, — дейді қандасымыз.

Қазіргі кезде елімізде медицинаға жаңа технологиялардың енуі операциялардың бұрынғыдай емес, аз инвазивті өтуіне, пациенттердің орнынан тез тұрып кетуіне жол ашылған. Уақыт өткен сайын осы бағыттағы жұмыстарды өрістетудегі ізденістердің жемісі де молая түсуде. Соның бірі – ТМД елдерінде алғашқы болып Azurіon  озық моделін пайдалану қолға алынып отыр. Ол Отанымызда кардио­хирургия саласында үздік жетістіктерімен көрініп жүрген Ұлттық ғылыми кардио­хирургия, орталығында алғаш рет жүзеге асқан.

Жылына елімізде жүрек-қан тамыры ауруларына 16 мың операция жасалады екен. Ол бойынша орталықтағы жаңа технология біріктірілген операция жасауға мүмкіндік тудырып отыр. Сырқат жанға отаға дейін жасалған барлық зерттеулер,  ағзадағы түрлі өзгерістер,  сырқаттың қай жерде, қандай дәрежеде екені барлығы айнадай көрініп,  технологиялық сенсор арқылы дәрігердің бақылауына  алынуға  қол жеткізілген.

Оның  бір артықшылығы, қандай да бір ауруды анықтауда, диагностикада қажет­тілік туатын радиоизотопты сұйықтықты пайдалануды да жаңа озық модель біршама ығыстыруда. Ол ағзаға радиацияның теріс әсерін де тигізбейді. Жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуде кардио­хирургияда үздік әлемдік стандарттарды қолдануы жүрек-қан тамырлары аурула­рымен күрестегі үлкен жетістік.

«Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» ТМД елдерінде алғашқы рет жаңа стандарттарды белгілейтін Azurіon сараптамалық класының ангиографиялық жүйесіндегі бірегей операциялық бөлме жұмысын бастады. Azurіon апробациядан өтіп,  бүгінгі  таңда  50-ге жуық ота жаса­лып үлгерген. Мұның ең жақсы жері нау­қастар отадан соң бір-екі күн ғана жатады. Наркоз берілмейді. Реабилитациялық кезең де өте қысқа.                Қазір контраст, яғни радио­изотоптарды қолдану азайған. Осының  бәріне  құрылғының нақты әрі тез әрекет етуінің нәтижесінде  қол жеткізіліп отыр. Еліміздің осындай  жоғары  технология­ларға қол жеткізгеніне америкалық  про­фессор бауырымыз өте  қуанышты.

Елімізде жыл сайын 35 мың адам обыр (рак) ауруымен тіркеледі екен. Олардың көбі жиған-тергенін шетелдік емханаларда емделуге жұмсайды.

Егер озық қондырғылармен жабдық­талған заманауи емхана салып, әлемдік дәрежедегі білікті дәрігерлермен қамта­масыз ете білсек, шет елге шабылмай-ақ, сол емді өз Отанымызда да алуға болады ғой.

– Мен  медицина  саласында  әлемде  қолға  алынып  отырған  барлық  жаңалық­тарды  бақылап отырамын. Қазақстан  Президентінің  рак ауруларын осы заманғы ең озық, ең үздік, аса ерекше әдістермен емдейтін Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салу туралы тапсырма беруін Семей полигоны мен Арал қасіретін бастан өткізіп отырған, экологиялық зардап шек­кен еліміз үшін аса қажетті қадам ретінде қуанышпен қабылдадым. Өйткені, бұл – халықтың көптеген жылдар бойы асыға күткен арманы. Жаһандық медицинада қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі – теле-медицина. Қазақстанда  теле­медицина бойынша күніне 20 мың қызмет көрсетіледі  екен. Жалпы, бұл көрсеткіш жылына шамамен 300 мың адамды құрай­ды  деген сөз.   Бұл – қуанышты бағыт. «Осы бағытта  жұмыс істеп келе жатқан жобалардың бірі – «Дәрігер – дәрігерге» деген атауға ие. Егер  пациентке жергілікті дәрігер диагноз қоя алмайтын болса, ол республикалық  деңгейдегі дәрігерге шығып, Skype арқылы сөйлесе алады  екен. Бұл – әрине,  ұжымдық  жұмыс. Алдағы  сапарымызда оны  да көретін  боламыз.

Алдағы уақытта дербестендірілген медицинаны енгізу  бойынша генетикалық секвенирлеу, биомедициналық информа­тика және жасанды интеллект арқылы жұмыс, ауру себебі шыққанға дейін диаг­нозды анықтау, емдеу бойынша ұсыныстар беру, мақсатты профилактикалық шаралар жоспарлауда мүмкіндіктер арта түспек. Пациент пен дәрігер арасындағы байла­нысты қамтамасыз ету үшін мобильді қосымшаларды кеңінен пайдалану жұмысы да  қолға  алынуда. Мұның  да  өз  пайда­лары  бар.

 

Еліміздің  80  дәрігерін  тәжірибеден  Өткізіп, біліктілігін  кӨтеруге  ықпал еткен

 

Бүгінде әлемнің дамыған елдерінде денсаулық сақтау саласын қаржыланды­рудың сыннан өткен үш негізгі үлгісі бар. Олар: либералды рыноктық үлгі, яғни ақылы медицина (АҚШ), әлеуметтік сақтан­дыру үлгісі – (ГФР, Франция, Аустрия, Швейцария, Белгия, Голландия, Швеция, Жапония, Канада), яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  бюджеттік қаржыландыру үлгісі – (Ұлы­британия, Ирландия, Италия, Португалия, Грекия, Дания). Осылардың ішіндегі өмір тәжірибесінен өткен ең тиімді де әділетті үлгі міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру (МӘМС) жүйесі болып табылады. Бұл жүйе дұрыс жұмыс істейтін болса, еліміздің денсаулық сақтау сала­сының уақыт талабына сай дамуына да, халқымыздың толыққанды медициналық қызмет түрлері­мен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік тумақ.

Келесі жылдан  бастап, еліміздің  тұрғындарына медициналық қызметтің екі пакеті – тегін және ақылы қызмет түрлері көрсетіле бастайды.  Яғни бірінші пакет бойынша – бұл барлық тұрғындарға бірдей, көрсетілетін кепілді тегін медициналық қызмет. Оның үстінде әлеуметтік сақтанды­румен қамтылған тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет. Бұл екі пакетпен қамтылмаған медициналық қызмет түрле­рін тұрғындар ақылы түрде, өз қалтала­рынан қаржы төлеп барып алатын болады.  Оның  өзгелерден  айырмашылығы әлемдегі кең танымал, жетекші оташылар қатары­нан орын алғандығымыз.

Бүгінде отандық медицина саласына заманауи технологиялар барынша енгізіл­ген.  Біздегі медициналық мекемелерге әрдайым моральдық-материалдық көмек көрсетіп, өз қаржысымен қазақстандық мамандарды оқытып, олардың тәжірибесін  шындап, кең көлемде қолдау жасап келе  жатқан қандасымыз  Жолдас  Құлжановты  қалай  мақтасақ  та  жарасады. Оның  бұл азаматтығын  еліміздің талай мецена­тының қолынан келе бермейтін патриот­тығы десе де болады.

2003 жылдан бастап ол Қазақстанның көптеген қалаларында (Астана, Алматы, Семей, Павлодар, Ақтөбе, Шымкент) 100-ден аса ота жасапты. Семинар мен шебер­лік сағаттарын өткізіп, еліміздің клиника­лары мен ғылыми-зерттеу орталық­тарына 50-ден астам жаңа технология енгізіп, әлем­нің ондаған білікті дәрігерлерінің Қазақ­станда жұмыс істеуіне ықпал  жасапты. Мұндай  асыл азаматты ел болып мақта­ныш етуіміз  керек. Оны  болашақ жастар­дың  үлгі етер тұлғасы етіп, еліміздің  белгілі 100 есімі қатарына  қосуымыз да керек  болар. Тәуелсіздік  мерекесі  қарса­ңында  биыл  70 жасты  еңсеріп  отырған  азаматқа құрмет көрсетіп, мемлекеттік марапатпен құрметтесек те,  артық болмас еді.

Білікті  профессор  АҚШ-тың аса ірі медициналық орталықтарында еліміздің 80 дәрігерін тәжірибеден өткізіп, біліктілігін көтеруге де ықпал еткен. Олардың арасында Серік Ақшолақов, Тоқан Сұлтанғалиев, Нұрлан Батпенов сияқты танымал дәрігер­лермен   қатар 20 медбике бар. Өткен жылы қазақтың асыл  азаматы  өз қаржысына Семей қаласындағы Медициналық акаде­мияға   құны  80 мың доллар тұратын  сынық­ты жоғары дәлдікте анықтайтын медициналық құрылғыны өз қаржысына сатып орнатып берді.

Қазақстан  – жас,  болашағына мақта­нышпен қарайтын, даму қарқыны жоғары мемлекет.  Ол – мемлекетімізді  одан әрі  гүлдендіру жолында биік белесті бағындыра отырып, елдің жаңа кезеңге аяқ  басуына сырттай тілектестігін  білдіреді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *