АҚШ ҮКІМЕТІНДЕГІ ҚАЗАҚ

немесе «Цифрлы Қазақстанның» пайдасы

Орта ғасырлардағы араб жазба деректерінде «Түркілер – бақалшық ішіндегі асыл меруерт сияқты, ол туған жерінен алыстаған сайын жар­қырай түседі» деп жазылыпты. Ер Түріктің – бүгінгі қазақтың өр ұлдары мен өжет қыздары әлемнің әр шалғайында елінің ата даңқын асырып, зор құрметке бөленіп жүр. Туған Отанынан алыс шалғайда жүрсе де, олар­дың кейбірі жат жұртта абырой-беделге ие болып, биік ман­саптарды да меңгеруде. Олардың бірқатары әлемге әйгілі компа­нияларда, іргелі ұйымдарда еңбек етіп, қазақ ұлтының атын әлемге жақсы қырынан танытуда. Мұндай жандардың қатарында кәсіпкер­лермен қатар, банкирлер, дәрігерлер, өнер қайраткерлері де бар. Бүгін біз солардың бірімен таныстыруды жөн көрдік. Оның есімі – Махмұд Сағындық. Семей қаласының тумасы. Ресейдің жетекші мемлекеттік жоғары оқу орны – Патриса Лумумба атындағы Халықтар Достығы уни­верситетін бітіріп, Қазақ ұлттық университетінде, Алматы мем­лекеттік университетінде оқытушылық қызметтер атқарған. 10 жыл туған Отанында қызмет атқарған Сағындық Махмұд АҚШ-қа білімін жетілдіруге барып, осы елдегі жауапты қызметке шақырту алған.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Мәңгілік ел болу үшін мәңгілік ғылым болу керек. Іргелі ғылым дегеніміз – жоғары білімнің тірегі. Кез-келген ел іргелі ғылымды дамыту арқылы елдің интел­лектуалдық әлеуетін тез көтере алады. Халықтың әл-ауқатының артуы іргелі ғылымның салдары ғана. Қолдан­балы ғылымның негізгі мақсаты – іргелі ғылымның ашқан жаңалықтарын танымдық, әлеуметтік-практика­лық мәселелерді шешуге қолдану. Біздің бүгінгі қос кейіпкеріміз де осы танымдық, әлеуметтік-практикалық тәжірибеден өткен ғалым практиктер болып отыр.

Сағындық Махмұд 2000 жылы Кентукки универси­тетінде докторлық диссертация қорғап, кейін осы заманғы аса маңызды мамандық – актуарий саласына бейімделеді. Жаңа өмірге енгізіліп жасалған бағдарламаның Америка қоғамында жұмыс істеп жатқанына да 10–15 жылдың бедері болды. 2009 жылы ол АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың бастамасымен құрылған: «Денсаулық саласын реформалау» жөніндегі Федераль­дық үкімет құрамына қызметке шақырылады. Сөйтіп, ол АҚШ Федеральдық үкімет құрамында қызметке алынған тұңғыш қазақ атанады.

АҚШ-тағы аса ірі математик-актуарий Махмұд Сағындық бұл істе жалғыз емес. Оған бұл жауапты істе өмірлік серігі Жанна көмектесіп келеді. Жанна да математик, ғылым кандидаты. Алматыда Халық шаруа­шы­лығы институтында, бизнес мектебінде сабақ берген. Ол – профессор Өмірсейіт Шәріповтің қызы, белгілі академик, физика-математика ғылымының докторы Құлжабай Қасымовтың шәкірті.

АҚШ-та Қазақстандық қос ғалымға бәрін басынан бастауларына тура келді. 2009 жылы Махмұд пен Жанна АҚШ-тың Денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржы саласына реформа жүргізуге қатысып, айрықша көзге түседі. Бұл жерде оларға математикалық статистика мен бухгалтерлік есеп және қаржы саласын модельдеудегі білімдері көмекке келеді.

Бүгінде әлемнің дамыған елдерінде денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың сыннан өткен үш негізгі үлгісі бар. Олар: либеральды-рыноктық үлгі, яғни ақылы медицина (АҚШ); әлеуметтік сақтандыру үлгісі; (ГФР, Аустрия, Франция, Бельгия, Швеция, Жапония, Канада), яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру; бюджеттік қаржыландыру үлгісі (Италия, Ұлыбритания, Португалия, Дания, Грекия). Осылардың ішіндегі өмір тәжірибесінен өткен ең тиімдісі осы актуарий жүйесі болып отыр. Сондықтан бұл елдерде актуарий саласы халықты әлеуметтік тұрғыда қорғаудың басты бағыттары болып отыр. Жалпы, актуарий дегеніміз – сақтандыру компанияларының қаржы қызметінің негізі саналатын, есептеу жүйесін іске асыратын маман. Ал мұндай мамандар әлемде сирек.

Махмұд негізінен 65 жастан жоғары американдық­тарды әлеуметтік тұрғыда есептік сақтандыру тобында, ал Жанна халықтың аз қамтамасыз етілген топтарының мәселелерімен айналысып, тәжірибеден өткен. Жалпы, қазақстандық қос ғалым-маман 110 миллион халықтың әлеуметтік мәселесіне тура жауапты. Олардың 70 мил­лионы аз қамтамасыз етілгендер болса, 50–60 миллионы егде жастағы жандар. Бұл – триллион доллардың қаржы айналымын құрайды. Осылардың арасында Махмұд пен Жаннаға АҚШ-тың 50 штатына есептік көрсеткіш пен талдау мәселесі жүктелген. Осы бағытта оларға АҚШ-тың Федеральдық үкіметімен бірге есірткіге тәуелді­лермен қатар, созылмалы сырқатпен ауыратындардың есебін жүргізу мәселелері міндеттелген. Соңғы мәселе АҚШ-та аса өткір бақылауда тұр. Сондықтан онымен күресуде үкімет буындары есептік көрсеткішке жүгініп оты­руға мәжбүр. Бар мәселе – қаржы бөлуге келіп тірелетіні айқын. Бұл жерде де біздің жерлестеріміздің дауысы шешімді.

Жерлестеріміздің АҚШ үкіметі алдындағы абырой-беделі зор. Махмұд – кәсіби қаржы менеджері ретінде бірнеше Халықаралық сертификаттардың жеңімпазы, АҚШ және Ұлыбритания Актуарийлер палатасының мүшесі. Ал Жанна – АҚШ-тың үздік мемлекеттік қызметкері. Еңбектегі жаңашылдығы мен табысы үшін мемлекеттік марапаттарға ие болған. Бұл қарапайым қазақ баласы үшін аз марапат па!?

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде: «…Өмір бойы сыртта жүрсе де, білімі мен білігі, өнері мен дарыны арқылы қазақтың атын шығарған бауырларын тарихи Отаны тануға тиіс. Қазақ баласы қай елде тұрса да, Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі екенін жүрегінің төрінде ұстасын!», – деген еді. Біз бұл тізімді алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

Біз сақтандыру мәселесіндегі актуарийлердің міндетіне тоқталып өткенді жөн көрдік. Себебі, бұл сала біз үшін де аса маңызды мәнге ие.

Еліміз азаматтарының өз денсаулығын күту және сауаттылық деңгейін арттыру жолындағы ұмтылысы байқалады. Қазір еліміздің облыс орталықтарында креативті сауықтыру орындары жұмыс істеуде. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен қоғамдық денсаулық сақтаудың 10 негізгі жедел қызметін жүргізіп, бақылауды қолға алып отыр. Бұлар қадағалау, нормативті реттеу, бағалау, сауықтыру сияқты шараларды қамтиды. Одан ешкім тысқары қалмақ емес. Бұл шара шетелдік аудиторияны да қамтып отыр. Бүгінгі таңда Астана қаласында 3 мың­нан астам шетелдік, яғни «Қазақстан Респуб­ликасының резиденті емес» есебінде тұрған азаматтар емханаларға тіркелген.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан аумағында тұрғылықты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар сақтандыру жүйесінде Қазақстан азаматтары сияқты міндеттер мен құқықтарға ие. Яғни бұл азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қазақстандықтармен бірдей жарна төлеуге міндетті. Бұл – әлемдік норма.

МӘМС шеңберіндегі құқықтар мен міндет­тер елімізде ратификацияланған халықаралық келісімдер негізінде уақытша тұратын шет ел азаматтары мен олардың отбасыларына да берілген. Олардың қатарында Еуразиялық эко­номикалық одақ шеңберіндегі жұмыс күшінің еркін жүріп-тұруына қатысты Ережелер де бар.

Қазақстан өзге мемлекеттермен тығыз саяси-экономикалық байланыс орнатқан мемлекет. Демек, біз халықаралық келісім талап­тарын орындауға міндеттіміз. Осыған орай, шет ел азаматтары кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аз ғана бөлігін пайдалана алады. Нақтырақ айтсақ, бұл азамат­тар айналасына қауіп төндіретін аурулардан тегін емделеді.

Ал аталған санатқа кірмейтін өзге шетел­діктер (мысалы, Қазақстан аумағына виза арқылы немесе жұмыс істеуге келгендер) МӘМС жарнасын төлемейді. Олар ел аумағына кірмес бұрын жекеменшік сақтандыру полисін сатып алуға міндетті. Осылайша Қазақстан аумағында тұрғылықты және уақытша тұратын, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім-шартқа мүше мемлекеттердің азаматтары МӘМС жүйесінде ел азаматта­рымен бірдей 2020 жылдан бастап медицина­лық көмек алуға құқылы. Шетелдіктердің сақтандыру жарнасын төлеп, ел азаматтарымен бірге медициналық қызметтерді пайдалану тәжірибесі барлық дамыған елдерде орын алған үрдіс.

2019 жылдан бастап еліміздің тұрғын­дарына медициналық қызметтің екі пакеті – тегін және ақылы қызмет түрлері көрсетіле бастайды. Мұндағы бірінші пакет – бұл барлық тұрғындарға бірдей көрсетілетін кепілді тегін медициналық қызмет. Оған қоса әлеуметтік сақтандырумен қамтылған тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет бар. Бұл екі пакетпен қамтылмаған медициналық қызмет түрлерін тұрғындар ақылы түрде, өз қалтала­рынан қаржы төлеп барып алатын болады.

Бұл ретте Махмұд Сағындықтың өз ойы бар. Әрине, ол өз байламын Қазақстан жағдайына сәйкестендіреді:

– Қазақстандағы актуарийлер қызметі бүгінгі жаһандану үрдісінде осы саланың әлемдік өлшемдеріне сай келе бермейді. Қалайда қазіргі заманауи талаптарға және халық­аралық сертификаттау талаптарына бейімделуі қажет. Ата жұртта көптеген маңыз­ды реформалар алдын-ала мұқият ойласты­рудың жоқтығынан алға баспай жатады. Қазақстан Республикасында медициналық сақтандыру мен зейнетақы салаларындағы реформалар математикалық және актуарийлік есептеулерді қажет ететіндігіне сенімдімін, дейді.

Бұл АҚШ сияқты алпауыт елдің тәжіри­бесінен туындаған ой. Алайда, тәжірибелі маман-актуарий елімізде осы саланы дамытуға байланысты өз ойын да ұсынады. Қазақстанда толыққанды актуарийлік қызметті ұйымдасты­руға өз ұсынысын білдірген Махмұд Сағындық мырза осы заманда актуарийлер сақтандыру және инвестиция тарту бизнесінде ауадай қажет­тігін айтады. Әсіресе, сақтандыру тариф­теріндегі есеп жүргізу, ұзақ мерзімдік сақтан­дыру түрлері, адам өмірін және зейнетақыны сақтандыру келісімдері жөніндегі несие көлемдерін анықтау мәселесі туралы ұсы­ныстары бағамды. Сын тәжірибеден өткен бұл ұсыныстар құндылығымен жоғары.

«Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осында қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз. Қазақ даласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат орында­лады» депті Алаш арысы Әлихан Бөкейханов. Бұл сөз Қазақ Елі әлі әлемге есік ашпаған кезде айтылса да, ол құнын жойған жоқ. Жалпы, кез-келген мемлекет үшін ең басты капитал – адами капитал. Елдің жаңғыруы, өрлеуі бірінші кезекте ұлттың, азаматтардың жаңғыруына байланысты.

Бүгінде бәрі іргелі ғылымға арқа сүйейді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолда­уында цифрлы технологиялар арқылы меди­циналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділі­гін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда стационарда жата­тын науқастардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы және емханаға бекі­тілетін халықтың тіркелімін және басқаларды әзірлеу жұмыстары дұрыс жолға қойылып келеді. Цифрландыру бағдарламасы денсаулық сақтау жүйесін, үйге жедел жәрдем мен дәрігерді шақырудан бастап бүкіл профилак­тикалық, диагностикалық және емдік медици­на­лық қызметтерді толық қамтуы тиіс. Елбасы тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын артты­рып, халық үшін қолайлы медицина жасалуы керек. Осыған байланысты қазіргі уақытта жер-жерде медицина саласын цифрландыруға қатысты жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Елімізде медицина саласына баса мән берілген. Астанада кардиохирургиялық кластер қалыптасқан. Өңірлерде орталықтар ашылуда.

Елбасы Жолдауында жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында әзірленген «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама­сы бойынша өңірлерде көптеген жұмыс атқарылуда. Мұндағы ашылған ІТ-сыныптар соңғы үлгідегі компьютерлермен және ЗD принтерлермен, жоғары жылдамдықтағы интер­нетпен, сонымен бірге қажетті веб-бағдарламалармен жабдықталған.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы денсаулық саласына өте тиімді жүйе екендігін осы қызметтерден-ақ анық аңғаруға болады. Өйткені, Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес, атқарылып жатқан шаруалар, ең алдымен, халықтың өзіне ыңғайлы. Бұрынғы­дай уақытын босқа жұмсап, кезекке тұрмайды. Үйде отырып-ақ, қажетті қызметтің бәрін ала беруге болады. Бұлар біздің үлкен жетістігіміз.

Осы жолда еңбек етіп жүрген әлемдік актуарий-ғалым, АҚШ үкіметіндегі әлеуметтік сақтандыру саласының жауапты қызметкері Махмұд Сағындық пен Жанна Сағындықтың да қалыптасқан өзіндік үлкен қолтаңбалары бар.

«…Өмір бойы сыртта жүрсе де, білімі мен білігі, өнері мен дарыны арқылы қазақтың атын шығарған бауырларын тарихи Отаны тануға тиіс. Қазақ баласы қай елде тұрса да, Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі екенін жүрегінің төрінде ұстасын!»

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *