АҚШ–ИРАН ҚАЙШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ?

Бұдан әлем жұртшылығы соғыс қаупін күтіп үрейленді

Ұшақтың атып түсірілуі «жығылған үстіне жұдырық» болды

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Жыл басталып үлгермей жатып, онсыз да күрделі болып келген АҚШ–Иран қайшылығы бұрынғыдан да ушығып кетті. Оған 3 қаңтарда Ирак астанасы Бағдаттың әуежайы маңында Америка әуе-әскери күштерінің зымырандық атқылауынан парсы генералы Касем Сулейманидің оққа ұшуы түрткі болды.

Екі жақтың текетіресінің тектен-тек тұтанбағаны белгілі. Олай дейтініміз, 27 желтоқсанда белгісіз біреулер Ирактың Киркук қаласы маңындағы әскери базаға зымыранмен щабуыл жасап, соның кесірінен бір жауынгер қайтыс болып, бірнеше американдық және ирактық солдат жарақат алған. Мұны Ақ үй әкімшілігі шейіттік «Катаиб Хезболлах» ұйымынан көріп, негізінде олардың артында тұрған Иранның ісі деп білді. Осыған жауап ретінде Пентагон олардың Ирак пен Сириядағы жасақтарына шабуыл жасап, нәти­жесінде 25 шейт жауынгері жер жастанып, 50-і жара­қаттанды. Вашингтонның бұл әрекетін Ирак билігі егемендікке қол сұғу деп айыптаса, Иран «терроризмнің көрінісі» деді.

Іле АҚШ тарапынан генерал Сулейманиге қастандық жасалды. Оның өлтірілуін Иран әдейі жасалған халықаралық террорлық акт деп бағалап, Сулейманидің қазасы үшін аяусыз кек қайта­рылып, өш алынатындығын жариялады. Соған сәйкес үкімет тарапынан шұғыл антиамерикандық насихат шаралары қолға алынып, жер-жерде АҚШ билігіне қарғыс жаудырған наразылық шерулері өткізіле бастады.

Әсіресе, Сулейманидің туған қаласы Керманда аза тұту жиыны ауқымды сипат алып, оған жиналғандардың көп болғаны соншалықты, жұрттың бір-бірін итерме­леп, таптауынан елуден астам жуық тұрғын көз жұмып, екі жүзден астам адам әр түрлі жарақаттар алды. Ел астанасы Тегеранда да жиналғандар саны миллионға жуықтады. Көріп, куә болғандар мұндай қара­құрым нөпір халық 1989 жылы аятолла Хомейни қайтыс болғанда жиналған еді десті.

Иран билігінің Сулейманидің қазасына ерекше мән беруі жәйдан-жәй емес-тін. Ол Ислам сақшылары корпусына қарасты арнайы «әл-Құдыс» жасағын басқарған білікті қолбасшы, әскери стратег һәм елдің рухани көсемі аятолла Әли Хаменейдің сеніміне ие болған аса беделді тұлға болатын. Кейінгі түскен мәліметтерге қарағанда, Касем Сулеймани сырттай формальды түрде «әл-Құдыс» жасағының командирі санал­ғанмен, негізінде ол ядролық және зымырандық бағдарламаларға, американдық эмбарго жағ­дайын­да мұнай өнімдерін сыртқа сату, Таяу Шығыстағы Иранның саясатын жүргізу сияқты аса жауапты істерге басшылық еткен.

Әуелгіде Ақ үй әкімшілігі ұшқышсыз бас­қарылатын дрондық соққы сондағы әскерилерді қорғау мақсатында жасалды деп ақталған. Арты­нан мұның президенттің тікелей бұйрығымен іске асырылғаны ашылып қалды. Сондықтан да Трамп оқиға қатысты американдықтарға арнаған үн­деуінде генерал Касем Сулейманиді «терро­ристік акцияларды ұйымдастыру­шы, бүлік жасаушы­ларды оқытып-даярлаушы қылмыскер» деп атап, ол бұдан ертерек өлтірілуі керек еді деген пікірін жасырып қалмады. Әрі ол Таяу Шығыстағы ахуалдың асқынып тұрғанына Иран билігін кінәлі санайтынын айтты.

Американдық саяси сарапшыларының пікірін­ше, Трамптың өздігінен ондай қадамға баруы екіталай, оған оны айналасындағы Иранға бітіспес жаулық пиғылдағы қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі кеңесшілері көндірген. Ақиқатында, Ақ үй басшысының Сулей­манидің көзін жою жөніндегі шешімін американ­дықтардың барлығы бірдей қолдамаған.

Мәселен, Өкілдер палатасындағы сыртқы істер комитетінің басшысы Элиот Энгел: «заң бойынша Құрама Штаттарды қажетсіз соғысқа итермелемеу үшін президент Конгресті хабардар етуі міндетті болатын» деп Трампты сынға алды. Осының айғағындай, 9 қаң­тарда Өкілдер палатасы Иранға қарсы әскери күш қолдану мәселесінде президент Д.Трамптың құқығын шектеу және парламенттің рұқсатынсыз ондай қадамға бармауы туралы қарар қабылдады. Қарарды конгресмендердің 224-і қолдап, 194-і қарсы дауыс берді. Бір қызығы, қолдаушыларға – үш рес­публика­шыл, қарсыларға – сегіз демократияшыл депутат қосылды. Әйтсе де, американ парла­ментарийлері генерал Касем Сулейманиді «террорист» деп танудан бас тартпады.

Айтқандарындай-ақ, арада апта өтпей жатып, 8 қаң­тарда түн жамыла Иран қарулы күштері Американың Ирактағы Айн-әл-Асад және Эрбил қалалары маңын­дағы әскери базаларын жиырма шақты зымырандық қарулармен атқылап, нәтижесінде 80 солдат опат болып, айтарлықтай шығын келтірілгенін жариялады. Алайда, мұны американдық тарап теріске шығарды. Айту­ларынша, оларды алдын-ала Ирактың әскери басшы­лары хабардар етіп, дер кезінде сақтық пен қорғаныс шаралары жасалынған.

Осы орайда Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хамени біз АҚШ-қа зымырандық соққылар арқылы «шапалақпен тартып жібергендей» ескерту жасадық десе, Сыртқы істер министрі Жавад Зариф өзінің Twіtter парақшасында «Әл-Құдыс» командирінің өлтірілуіне лайықты өш алынғанын жазды. Президент Хасан Раухани: «Америка Сулейманидің қолын кескен болса, біз олардың Таяу Шығысты басып тұрған аяқтарын шабамыз», – деді.

Ал Иран Әуе-ғарыштық күштерінің қолбасшысы Әмір Әли Хаджизаденің сөзінше «Шаһид Сулемани» операциясы мұнымен шектеліп қалмайды. Ол Таяу Шығыстан американдықтарды толықтай қуып шыққанша жалғаса береді.

Вашингтон мен Тегеран кезекті текетіресі бары­сында бір-біріне дөңайбат көрсетіп, қоқан-лоқы жасау­дан аянып қалмады. Әуелде Трамп Иранның 52 мәдени нысандарына соққы беріледі деп қорқытқан болса, бұған жауап ретінде Тегеран АҚШ-тың 35 нысанын талқандап, оған жақтас Израиль мен Біріккен Араб Әмірлігіне де шабуыл жасайтынын жеткізді.

Парсы парламенті Пентагонды террористік ұйым деп танып, Иран үкіметі 2015 жылы ядролық қару жөнінен алты мемлекет: АҚШ, Англия, Германия, Қытай, Ресей және Франциямен бірлесіп жасасқан келісім-шарттан түгелдей бас тартып, шығатынын мәлімдеді.

Қауіпсіздік кеңесі Сулейманидің қазасына жауап ретінде кек қайтарудың 13 түрлі жол-жобасын қарастырып, АҚШ-қа Парсы шығанағынан біржолата кету талабын қойды. Орын­далуы неғайбыл болса да Иран билігі Дональд Трамптың басын әкеліп бергендерге 80 млн. доллар сыйақы тағайындады.

Жасыратыны жоқ, әлем жұртшылығы ойламаған жерден от тұтанып, шиеленіскен Вашингтон–Тегеран текетіресінен «үшінші дүние жүзілік соғыс басталып кете ме?» деп қауіптенді. Британия премьері Борис Джонсон, Германия канцлері Ангела Меркель және Франция президенті Эмануэль Макрон бірлескен мәлімдеме қабылдап, тараптарды барынша ұстамдылық танытуға, жауапкершілікті ұмытпауға, сайып келгенде кең көлемді қарулы қақтығысқа бармауға үндеді.

Касем Сулейманидің қазасына байланысты Ресей президенті В.Путин Франция президенті Э.Макронға телефон соғып, пікір алмасты. Екі басшы да АҚШ Қарулы күштерінің генералды өлтіруіне өкініш білдірді. Ресейдің Қорғаныс министрлігі «әл-Құдыс» коман­дирінің білікті әскери маман болғанын айтып, оның басшылығымен Сирия мен Иракта террористік ұйымдарға лайықты шабуылдар ұйымдас­тырғанын атап өтті.

Әлдебіреулер әскери-қорғаныстық мақсатқа АҚШ-тың 649 $ млрд. және Иранның $ 13,2 млрд. жұмсайты­нын, Американың әскер санының 1,43 млн., Ирандыкі 900 мың екенін, танк пен бомбалаушы ұшақтарды айтпағанда, Пентагонның анағұрлым қуатты ядролық қаруларға, құрлықаралық баллистикалық зымырандарға ие екенін айтып, екі мемлекеттің әскери әлеуетін салыстырып жатты. Десек те, екі жақта қазіргі заманда соғыстың қарулы қақтығыстың ешкімге де жеңіс әперіп, пайда бермейтінін жақсы біледі. Сол үшін Дональд Трамп өзінің халыққа арнаған сөзінде Америкада Иранға соққы беретіндей заманауи қару-жарақ әлеуетінің жеткілікті екенін, бірақ та экономикалық қысымның мейлінше тиімді болатынын түсіндірді. Осының артынша АҚШ-тың Қаржы министрі Стивен Мнучин Иран басшылығындағы сегіз шенеуніктің қара тізімге ілінгенін және алюминий, темір, болат, мыс өндіріп, экспортқа шығаратын 20 ирандық кәсіпорынға санкциялар салынатынын хабарлады.

Өз кезегінде Иран билігінің Құрама Штаттармен соғысуға мүдделі емес екені аңғарылды.

Сөздің орайы келіп тұрғанда айта кеткен жөн. Жалпы, АҚШ–Иран  қайшылығының  кеше  не  бүгін  емес, сонау 1979 жылдың ақпанында шах Мохаммед Реза Пехлевидің монархиялық билігі құлатылып, оның орнына аятолла Хомейни бастаған теократиялық діни бағыттағы ислам­шылдардың келуінен бастау алып, әлі күнге жалғасып келеді. Тегеран қырық жылдан астам уақыттан бері Құрама Штаттардың саяси-экономикалық және әлеуметтік қысым шараларына мойымай, шыдап бағуда.

Бір айта кететіні, кешегі 2009–2017 ж.ж. Барак Обаманың президенттігі тұсында АҚШ–Иран қатынасында аздап жылымық көрініс берді. Алайда, оны орнына келген Трамп тұншықтырып, жағдайды онан сайын шиеленістірді. Тіпті, Ақ үй қожайыны басқалардың қарсылығына қарамастан бірінші болып, 2018 жылдың мамырында АҚШ, Англия, Германия, Қытай, Ресей және Франция бірігіп Иранмен жасасқан ядролық бағдарлама жөніндегі Бірлескен жалпы әрекеттер жоспары келісім-шартынан шықты.

Ең қиыны АҚШ-тың санкциялық және эмбарголық шектеулерінен Иран орасан зор экономикалық-қаржылық зиян-залал шекті. Американың «ықпалын­дағы» көптеген мемлекеттермен әсіресе, араб елдерімен сауда-экономикалық қарым-қатынасы төмендеп, басты экспорттық шикізат  тауары мұнайды сыртқа шығаруда бірқатар тосқауыл-кедергілерге ұшырады. Осының салдарынан экономика тұралап, халықтың әл-ауқаты да нашарлады, ел ішінде билікке деген сенімсіздік пен қарсылық күшейе түсті. Ирандықтардың 2017 жылдың желтоқсанында күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының қымбаттауына, 2019 жылдың қараша­сында жанармай бағасының үш есе өсуіне наразылық білдіріп, бас көтеруі осының айғағы-тын.

Дегенмен, Иранға жаулық ниеттегі АҚШ-тың көрер көзге генерал Сулейманиге қастандық жасап, өлтіруі халықты біріктіріп, олар ортақ жауға лағнет айтып, жұмыла аза тұтты. Бірақ бұл елдің режимге деген реніш-өкпесінің сейіліп, тарқағанын білдірмейді. Ол ашу-ыза әлі де іште, кез-келген уақытта жарылып сыртқа шығуы ықтимал.

Бір сөзбен айтқанда, Иран аспанын саяси-экономи­калық ауыртпалықтың қара бұлты тұмшалап-ақ тұр. Басқа тауқыметі аз болғандай, жуырда Тегеран әуежайынан Киевке қарай ұшып шыққан «Украина халықаралық авиажелісінің» «Боинг-737» жолаушылар ұшағы жарылып, 167 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі ажал құшты. Бұл оқиға «жығылған үстіне жұдырықтай» әсер берді. Басында ұшақ апатының себебі туралы әрқилы болжамдар мен қауесеттер айтылды. Ұшақтың техникалық ақауынан, ұшқыштардың қателігінен көрді. Дегенмен, соңғы сәтте Иран жағы жоғары әскери дайындық жағдайында ұшақты өздерінің жау зымы­ранымен шатастырып, атып түсіргенін мойындады. Мұның өзі ерлікке, имандылыққа жатады. Президент Хасан Раухани «кешірілместей күнә» санап, кінәлілердің жазаланатынына сендірді. Жоғарғы соттың өкілі Гулам Хусейн Эсмаилдің хабарлауынша, күдікке ілінгендердің алғашқы тобы тұтқындалған. Сөзсіз, ұшақ мәселесі әлі біразға созылады. Әзірге Украина үкіметі апаттың себебін жан-жақты зерттеп-тексеру, кінәлілерді жазалау, қайтыс болғандардың денелерін елдеріне жеткізу, дипломатиялық арна арқылы ресми кешірім сұрау, тиісті өтемақы төлеу талаптарын қойып отыр. Өтемақы төленіп, материалдық шығындар орнына келер-ау. Қиылған адам өмірі қалай қалпына келеді, қапияда қазаға ұшыраған бейкүнә жолаушылардың обалын кім көтереді? Демек, мұндай қайғылы оқиға келешекте әуе кеңістігін күзететін әскерилерге сабақ болып, оларды абайсыздық пен қателікті қадамнан сақтандыруы тиіс.

Соңғы бір түскен мәлімет, жергілікті ІRNA агенттігінің хабарлауынша, Тегерандағы Әмір Кабир атындағы технологиялық университет маңында студенттер ұшақ апатынан қайтыс болғандарды балауыз шамдар жағып, еске алып, кінәлілерді қатаң жазалауды сұраған. Және де жоғарғы басшы, рухани көсем Әли Хаменеидің биліктен кетуін талап еткен ұрандар көтерген. Әр қалада да Украина жолаушылар ұшағының атып түсірілуіне байланысты билікті қатты айыптап, ызалы наразылық білдіріп жатқандар баршылық.

Анық-қанығы беймәлім, американдық The Wall Street Journal басылымның хабарлауынша, 10 қаңтарда Ақ үй әкімшілігі Швейцарияның Тегерандағы елшілігі арқылы Хаменеи билігімен астыртын келіссөз жүргізген. Жасырын жолдаған хатта АҚШ Иранды жағдайды бұдан әрі ушықтырмауға шақырған.

Қазіргі таңда Иран билігі абыржулы, бұқара халық толқулы да мазасыз күйде… Осыдан қырық жыл бұрын ирандықтар шах Мохаммед Реза Пехлевидің монар­хиялық режимін төңкеріп, орнына келген аятолла Әли Хаменеи бастаған исламшылдар үкіметіне үлкен үміт артқан еді. Ол үміті ақталды деп айту қиын.

 

«Ақшамның» анықтамасы:

 Касем Сулеймани 1957 жылғы 11 наурызда Иранның оңтүстік-шығысындағы Керман про­винциясына қарасты Канате Малик таулы ауылында егіншілікпен айналысатын қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Тұрмыс жағдайына байланысты небәрі бес сыныптық білім алып, 13 жасынан еңбек ете бастаған. Еті тірі, пысықтығына қарай жергілікті су тазарту мекемесіне жұмысқа қабылданып, көп ұзамай инженердің көмекшісі болып белгіленген. 1979 жылы 22 жасында Ислам төңкерісшілерін қолдап, өз қалауымен Ислам революциясын қорғаушылар корпусына (ИРҚК) қызметке кірген. 1980 жылы осы корпус жауын­герлері құрамында елдің солтүстік-батысындағы күрдтердің сепартистік көтерілісін басуға қатынасып, алғаш рет әскери тәжірибе алған. 1980–1988 ж.ж. Иран-Ирак соғысы кезінде лей­тенант Сулеймани жау тылында табысты барлау жұмыстарын жүргізумен ерекше көзге түсіп, 1987 жылы 30 жасында «Тарал­лах» жаяу әскер дивизия­сының командир­лігіне жоғарылатылған. 1990 жылы елдің оңтүстік–шығы­сындағы Керман қаласында ИРҚК-дің жергілікті әскери бөлімін басқаруға жіберілген. Ауғанстанмен шекаралас бұл аймақ Түркия мен Еуропаға есірткі тасымалдайтын сауда жолы болатын. Сулеймани онымен аяусыз күресіп, тосқауыл қоя білді.

Ол 1999 жылы Тегерандағы студенттердің көтерілісін басуға «әскерді пайдалану керек еді» деп  президент  Мохаммед  Хатамиге  хат жазған 24 офи­цердің бірі. 2000 жылы ИРҚК құрамындағы «әл-Құдыс» арнайы тапсырмалар жасағының қолбас­шысы болып тағайындалған. Болашақта корпусты басқаруға лайықты саналған.

«Әл-Құдыс» арнаулы жасағын басқарған жиырма жыл ішінде К.Сулеймани оның Иракта, Сирияда, Ливанда және Йеменде шейттерден құралған сенімді отрядтарын құрып, қалыптас­тырды. Иранның Таяу Шығыстағы ықпалын күшейтті. Кейбір батыстық сарапшылардың айтуларынша, Касем Сулеймани 2015 жылы Мәскеуге бірнеше рет сапар шегіп, Ресей президенті В.Путинді Сирияда Башир Асад режиміне қолдау көрсетіп, азамат соғысында бетбұрыс жасайтын әскери операция жүргізуге көндірген. Ресми Кремль мұны жоққа шығарып, айтылған шараның Сириядағы заңды үкіметтің өтінішімен жүзеге асырылғанын айтады. Қызметтес болғандардың сөздеріне қарағанда Сулеймани аса қатыгез де, жұмсақ мінезді де болмаған. Рухани көсем аятолла Әли Хаменеи режиміне қалтқысыз беріліп, адал қызмет еткен. Ұлттық батыр саналып, ол жайында кинофильмдер түсіріліп, өлең арналып, әндер жазылған.

Иранның ядролық және зымырандық бағдарла­масына қатысты лауазымды тұлға ретінде 15 адам­ның қатарында БҰҰ-ның санкциялық қара тізіміне енгізілген. Сулейманидің көзін жою операциясын АҚШ-тың вице-президенті Майкл Пенс, Мемле­кеттік хатшы Майкл Пампео, президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Роберт О’Брайен және Ақ үй әкімшілігі аппаратының міндетін атқарушы Мик Малвэйни бірлесіп жасаған. Соның негізінде Дональд Трамп арнайы шешім шығарып, бұйрық берген. 2020 жылғы 3 қаңтарда Бағдад әуежайынан шығып бара жатқанда Сулеймани мен басқа да адамдар отырған автокөліктерге ұшқышсыз басқарылатын дроннан жіберілген зымырандық соққылардан Касем Сулеймани мен Ирактың дала командирі Әду Махди әл-Махандис және бес адам қаза тапқан. Иран президенті Хасан Раухани 3 қаңтарды «Ұлттық қарсыласуы күні» деп жариялады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *