АҚСЕЛЕУДІҢ ТАЙ ТОРЫСЫ

%d0%b0%d2%9b%d1%81%d0%b5%d0%bb%d0%b5%d1%83-300x190

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Пернебайдың құпиясы

Алыс түкпірдегі қарапайым қазақи ауылдағы қойшының баласы Пернебай Дүйсенбин қазір танымал қаламгер. Ол, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің сүйіп оқитын жазушысы. Оның кітаптарының барлығы балаларға арналған. «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп хакім Абай жырлағандай, Пернекең де құпиясы, жұмбағы көп жан. Мінезін, болмысын терең зерттемей, оны түсіну қиын. Аяқ астынан ешкімнің ойына келмейтін қадамдар жасайды, ешкім түсінбейтін, таңқаларлық шешімдер қабылдайды. Жалпы, бір түрлілеу адам.

Пернекең мектепте оқып жүргенде-ақ республикаға, тіпті, Одаққа белгілі болды. Оның салған суреттері Мәс­кеуден шығатын «Пионерская правдада» жарияланып жатты. Оған ризашылық білдірген, ақыл айтқан хаттар күн сайын топырлап келді. Келген хаттар тозығы жеткен қара шабаданға сыймады. Шәкірт Пернекеңнің бай кітапханасы бар еді. Өзі қолдан қиюластырып жасаған добалдау, ұсқынсыздау кітап сөресінде көп кітаптармен қатар, алыстан келген бума-бума хаттар да тұратын. Сол кездерде ауыл балаларының кітап оқуға деген құмарлығы ересен еді.

Олар совхоз, мектеп кітапханасынан таппаған кітаптарын жер үйдің бір қабырғасын тұтас алып тұрған Пернекеңнің кітапханасынан табатын. Оның кітапха­насында қайдан тапқанын өзі ғана біледі, қазақ, орыс жазушыларымен қатар, шет елдің Джек Лондон, Марк Твен, Жюль Верн, Бальзак, Мопассан, Шиллер, Вальтер сияқты жазушыларының қалыңдығы қарыс келетін кітаптары да сап түзеп тұратын.

Кітапқұмар балалар Пернекеңнің үйіне күн сайын топырлап келіп жатады. Ол барлық балаларға қалаған кітабын береді. Бірақ, кітапты жыртпа, сызба деп қатаң тапсырады. Өзіне еліктеп сурет салуға әуестеніп жүрген Серік деген бала «Сырлы арал» кітабындағы өзі ұнатқан кейіпкерінің суретін салып қойыпты. Оған қатты ашуланған Пернекең екінші қайтып кітап бермей қойды. Сөйтіп, ол балаларды кітапты құрметтеуге, сүюге үйретті. Балалар оны туғанындай жақсы көрді, үйіріліп қасынан шықпайды. Олардың ата-аналары да оны «ақылды бала, балаларымызды босқа сандалып көше кездірмей, кітап оқуға үйретіп жүр» деп мақтап отыратын.

Мектептегі қабырға газеттерін көркем суреттермен айшықтап шығаратын. Қабілеті бар оқушыларды сурет салу, шағын мақала жазуға үйретіп жүрді. Сондықтан, оны мұғалімдер де қатты сыйлайтын. Кейбір сауатсыз мұға­лімдер ғана оны ұнатпаушы еді. Зерек бала мұға­лімнің жіберген қателіктерін қаймықпай бетіне айтып отыратын. Жайшылықта тойған қозыдай момақан, мінезі жібектей жұмсақ бала мұндайда қайсарлық, өжеттік көрсетіп, мұғаліммен шаппа-шап айқаса кетеді. Өзінікін дәлелдеп шыққанша тоқтамайды. Содан болар, білімі таяздау кейбір мұғалімдер одан қаймығып жүруші еді.

%d1%82%d0%b0%d0%b9%d1%82%d0%be%d1%80%d1%8b

***

Пернекең университеттің журналистика факуль­тетіне үлкен дайындықпен келіп түсті. Іздеген адамдар оны не жатақханадан, не кітапханадан немесе театрлардың бірінен табатын. Оның үш сүрлеуі осы жерлерге апарады. Кафе, қыз екінші қатарға сырылған.

Пернекеңнің, әсіресе, соңғы курстарда оқып жүргенде эстетика, этика, өнер, көркемөнер туралы жазған мақалаларын қазақ газеттері, әсіресе, өзінің сүйікті газеті «Лениншіл жас» жиі жариялап тұрды. Жас журналистерді танымдық тереңдігімен, еңбекқорлы­ғымен, табиғи қабілеттілігімен бағалайтын қатал редактор Шерхан Мұртаза Пернебайдың «сегіз қырлы, бір сырлы» дарынын алғашқы мақалаларынан-ақ таныды. Таныды да, оны қызметке шақырды. Ол кезде Алматыда қалып қызмет істеу әрбір жастың арманы болатын. Сол арманға екінің бірінің қолы жете бермеуші еді. Курстастары «Пернебайдың жолы ашылды. Оны үлкен болашақ күтіп тұр. Өйткені, Шерағаңның өзі шақырып отыр» десті.

Бірақ, Пернекең елдің бәрін таңқалдырып Шер­ағаңның шақыруына бармады. Әдетте университет беретін жолдамасын да алмады, бір түнде көди-сөди, киім-кешегін жол қапшығына салып алып, жаңа үй­ленген жары Зағишаны қолынан жетектеп, туған ауылына қарай тартып отырды. «Қап, мына жігіттің дені дұрыс па өзі, басына келген бақты кері қайтарғаны несі?» деп сан соғып, ренжігендер де көп болды. Оны танитындардың барлығы Пернекеңнің бұл қылығына түсінбей дал болды.

Курстастары Ақселеу мен Қажытайдың, Канал Бабақтың «қаламгердің үлкен жолы Алматыдан басталады, ауылға барсаң қарайып қаласың» деген үгіт-насихатына да қарамады. Қол қусырып, жік-жаппар болып қызметке шақырған облыстық газетке де мойын бұрмай, өзі оқыған мектептің қабырғасына атбасын бір-ақ тіреді.

Талай тамаша мақалаларымен танылып үлгерген журналисті (енді журналист емес) мұғалімдер де таңдана қарсы алды. Еңбек жолын қатардағы мұғалімнен бастады. Еңбегі жемісті болып, мектеп директорлығына дейін өсті. Бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Оқу министрлігінен келген құттықтау, мақтау қағаздарда сан жоқ. Сөйтсе, Пернекеңнің түпкі мақсаты, іздегені – лауазым, мақтау, марапат емес екен. Ел-жұртты тағы айран-асыр қалдырып, мектеп директорлығынан бас тартты. Аудан әкімі де, аудандық оқу бөлімінің басшылығы да мұның директорлықтан кетем деген арызына қол қомай, осы жұмыста қал деп үгіттеп бақты. Бірақ, Пернекең алған бетінен қайтпады, шешімінен таймады. Тілазар, қиқар бала сияқты табандап отырып алды. Сөйтіп, ол лауазымнан, мектеп директорлығынан өз еркімен бас тартқан тұңғыш адам болды. Бәлкім, соңғысы да шығар. Ал енді Пернекеңді түсініп көр…

Оның құпиясы кейін ашылды. Сөйтсе, оның өз арманы, мақсаты бар екен. Ол туған жерінің табиғатын, балалық шақта әкесіне көмектесіп қой баққан кезін, атасы ат суарған Айдын көлін, жөргегін жуған Шабақтыны, ауылдың қарадомалақ балаларының жан дүниесін ашып, жырға қосу үшін ауылына оралыпты. Ол бұл арманына жетті. Өзі жанындай жақсы көретін балалар өмірінен ондаған кітаптар жазды. Оның бұл кітаптары бас бәйгені қатарынан төрт рет жеңіп алды.

Журналистік мамандықты оқыған Пернекең журналист болмады. Есесіне, елге танымал жазушы, «Бала жүрегінің инженері» атанды.

 

Палуандар белдесуіндегі бәстесу

 

Бүгін Пернебай Дүйсенбиннің елу жасқа толу тойы. Халыққа құрметті азаматын құттықтауға келгендердің қарасы көп. Алыс-жақын, ағайын-туыс, құрбы-құрдас түгел жиналыпты. Сонау алыстағы, бір кезде қашып кеткен Алматыдан бірге оқыған жолдастары Ақселеу Сейдімбеков пен Қажытай Ілиясов бастаған бір топ ақын-жазушылар, журналистер, әріптестер ат терлетіп жетіпті. Бұл ауылдың адамдары, үлкен-кішісі шетінен көзі ашық, көп оқитын сауатты адамдар. Тарихшы, шежіреші, этнограф ғалым, өнертанушы Ақселеуді, тілінің тікенегі бар сатирашы Қажытайды сыртынан жақсы біледі. Пернекеңмен бірге оларға да қошемет көрсетіп жатыр.

Екеуі той тізгінін өз қолдарына алды. Ақселеу салиқалы, байсалды сөздер айтып елді ұйытса, Қажытай шақпа тілімен, өткір әзілімен елдің шек-сілесін қатырды. Қажытай сөз арасында үкілі домбырасын алып, қазақтың ескі әндерін шырқады. Жайшылықта «мал суару керек еді» деп етті жей салысымен кетіп қалатын қарт кісілер, «сиыр сауылмай қалды-ау», «балам жылап қалды-ау» деп алаңдап отыратын әйелдер қашан той тарқағанша орындарынан қозғалмады. Үй-жайын, шаруа қамын ұмытып, кезек сөз алған екі шешеннің аузына қарап қалыпты.

Кезек палуандар белдесуіне жетті. Боз кілем үстіне ауыл баласы Ғазиз бен қонақ палуан Мақсат шықты. Екеуі де елге танымал, талай жарыстарда топ жарып, бәйге алып жүрген, «түйе палуан» атанған қабырғалы, иықты, сом білекті, намысқой жігіттер. «Сені қазір жүндей түтемін» дегендей бір-біріне сес көрсетіп, сүзеген бұқадай көздерін алартып тұр. Төреші белгі берісімен палуандар жәй оғындай атылып, ұстаса кетті. Екеуі де жеңіліп көрмеген, өркөкірек, апайтөс жігіттер. Бұлшық еттері сомданып бірде түйіліп, бірде жазылып, адам денесінің сұлулығын паш еткендей. Тура бір екі арыстан арпалысып жатқан сияқты. Екеуінің де жанкүйерлері көп екен.

– Әй, Ғазиз, белден қапсыра ұстап, шалқалап барып бастан асыра лақтыр. Міне, былай…, – деп жаныққан жанкүйер әдіс көрсетемін деп өзі шалқасынан түсті. Өзінен-өзі жығылған «палуанға» да ел қошемет көрсетіп, дуылдап күліп жатыр.

– Оң аяқтан қырқа шалып, жамбасқа ал, – десіп Мақсаттың жақтастары дүрлігіп тұр, – ойбай, жағаңнан ұстатпа, ананың қолы қатты.

Палуандар күресін қызықтап тұрған Ақселеу мен Қажытай бәстесіп қалды.

– Қимылы шалт, әдіс-айласы мол екен. Ғазиз жығады, – деді Ақселеу.

– Ана құжбан қара бура сан, бұқа мойын, атан түйені көтеретін күші бар сияқты, түбінде Мақсат жығады, мен соны танып тұрмын, – деді жастау кезінде спортпен көп айналысқан Қажытай, – бұрыңғы спортшымен бәстесуге дәтің шыдай ма? Кел бәстесейік!

– Келсең, кел! – деді Ақселеу де тайсалмай.

Екі палуан сүт пісірімдей уақыт алысты. Ақыры қарсыласының қапын тапқан Ғазиз денесі ауыр Мақсатты кілемге дүрс еткізіп жықты.

Ақселеудің мерейі үстем болып, Қажытай төменшіктеп қалды.

– Әкел! – деді Ақселеу қолын ұсынып.

– Нені әкел дейсің? – деді Қажытай ыңғайсызданып.

– Палуаныңмен қоса сен де жығылдың, бәстестің бе, ұтылғаныңды мойында. Ұтылдың ба, қарыз болмай төле, төлемеу жаман ырым.

– Қанша берейін? – деді Қажытай қалтасын сипалап.

– Қаншасы несі, соңғы шыққан кітабыңа алған қаламақыңды түгел бер.

– Бәрі қалтамда емес еді, – деді Қажытай кәдімгідей сипақтап.

– Онда қалтаңдағы барыңды қазір бер, қалғанына тілхат жаз, Алматыға барған соң берерсің. Алдаймын деп ойлама, қаламақыңның көлемін мен білемін. Спортшы болсаң да палуанды бағалай алмай қателестің, ендеше сол қатеңді түзет!

– Мен палуан емес, боксшымын. Рас қателестім, өзің білесің, ұлылар да кейде қателеседі ғой.

– Ұлы болғаныңа сенің…

Екеуі қарқ-қарқ күліп алды.

Пернебай «түйе палуан» бәйгесіне сүмбедей сұлу, ақ қолтық торы тай тіккен екен. Жеңімпаз Ғазиз палуан бәйгесіне алған тайды Ақселеудің алдына жетектеп келді.

– Аға, – деді жуан дауыспен, – аға, сіздің кітап­тарыңызды, мақалаларыңызды үзбей оқитын оқырма­ныңызбын. Анада Мұхтар Әуезов үйінен әнші Жәнібек Кәрменов екеуіңіз жүргізген өнер туралы хабарыңызды көріп, тыңдап қатты риза болдым. Талантыңызға тәнтімін. Бір көрсем деп армандап жүруші едім. Көрдім, көңілім толды. Мақсат та «оңай шағылатын жаңғақ емес», жүзден жүлде алып жүрген мықты жігіт. Сіздің күресті бақылап тұрғаныңызды сезіп, бойыма екі есе қуат бітті. Егер жеңсем, сол жеңісімді сізге арнаймын дегем. Бұл сіздің жеңісіңіз, айып болмасын, тұқымы жақсы осы тайды сізге мінгіземін, қабыл алыңыз, аға!

Ақселеу мұндай тосын сыйды күтпесе керек, ақсары жүзі әнтек қызарып кетті.

– Рахмет, бауырым, рахмет! Сен қарсылас палуанды жеңдің, мен спортшымын деп кеудесін соғып жүрген Қажытайдың жамбасын жерге тигіздім, – деді әзілдеп.

Осы көрініске риза болған жұрт дүркірете қол соғып жатыр.

– Міне, нағыз жігіт!

– Жүлдесін ел таныған Ақселеудей ағасына сыйлап тұр, қандай жарасымды.

Қажытай да қарап тұрмай:

– Сенің атқа мінбегеніңе талай ғасыр болды. Саған жаным ашиды, ұзын сирағың салақтап жүріп жығылып, мертігіп қаласың ба деп қорқамын. Ал мен ай сайын ауылға барып, көкпар тартып жүремін. Арғымақ болайын деп жұтынып тұрған тай екен. Менің атбегі екенімді өзің білесің, елдің көзінше оны маған сыйға тарт, – деді сыбырлап.

– Алдымен ұтылған қарызыңнан құтыл, – деді Ақселеу күлімсіреп, содан соң көпшілікке қарап: – осы ауылда ең жасы үлкен қария кім? – деп сұрады.

– Ең жасы үлкеніміз Мәжім ата. Ол кісі тоқсаннан асқан, өзі міне, осында отыр, – десті жұрт бірауыздан.

Ақселеу торы тайды жетектеп Мәжім ақсақалдың алдына барды.

– Баяғыда өткен бабаларымыз аты озып келсе бәйгеге алған үйір-үйір жылқысын ауылдың үлкенінен бастап, барлық елге бірін қалдырмай таратып беретін дәстүр болған екен. Сол дәстүрді аттамайын, мына тайды өзіңізге  тарту етемін, қабыл алып, батаңызды беріңіз! – деді.

Қарт сыйлықты қабыл алып, батасын берді. Той үстінде Мәжекең қазымыр қарттардың әдетімен:

– Бетіне пышақ жанығандай арық, сылыңғыр айыртілді жігіт кім, ана бипаздап сөйлейтін ұзын сарының ата-тегі кім? – деп қазбалап сұрап отырған ақсақалға Пернебай екеуі жөнінде толық мәлімет берген.

 

Байғозы батырдың басына барып құрбандық шалған Бүркіт бай

 

– Е, е, балам, – деді қарт шоқша сақалын саусағымен салалап, сөз саптасыңнан сезіп едім, текті жерден шыққандығыңды. Тарақты Байғозы әулиенің ұрпағы екенсің ғой. Ол кісі әрі би, әрі батыр болған. Тілмарлығың бабаңа тартқан екен. Тілің тасқа тимесін!

Мен Сарыарқада қырық жыл қой бақтым. Сенің ауылыңмен «ауыл аралас, қой қоралас» құда-жекжат болып жүрдік. Алыс-берісіміз де көп болатын. Байғозы атақты әулие еді. Ауыр кеселге ұшыраған науқастар, пұшпағы қанамаған әйелдер әулиенің Сарысу өзенінің жар қабағына салынған мазарына барып мінәжат қылатын. Құдайдан біреу денсаулық, біреу бала сұрап жалбарынатын.

Ол кезде бала болсам да есімде қалыпты. Арқада Жағалбайлы Бүркіт деген бай болған. Сол бай төрт қатын алды. Бірақ, біреуінен де бала сүймеді. «Мен өлсем иесі жоқ, мыңғырған малдың құлағын ұрайын. Дүниеде мал қызық емес, бала қызық екен, баласы бардың арманы бар ма? Осы малдың барлығын бір шикі өкпеге айырбастар едім» деп жылап жүретін сол байғұс бай.

Бір күні үйінде қонып отырған Арқаға аты мәшһүр Бұрқы әулие: «Бүркіт, сен көз жасыңды көлдей қылып жылай берме. Атасуда, Сарысу өзенінің бойында жатқан Байғозы әулиенің басына барып құрбандық шалып, бала сұрап Құдайға жалбарын. Құдай бәлкім шын жылаған көз жасыңды көрер» деп ақыл айтыпты.

Бүркіт бай төрт қатынымен жаяу жүріп барып сенің бабаңның басына түнеген екен. Содан не болды дейсің ғой? Көрмеген адам сенбейтін оқиға болды. Жасы қырықтан асқан бәйбішесінен бастап, бала сүйгізер ме екен деп үмітпен алған тоқалдары жыл құрғатпай баланы топырлатып туды. Бүркіттің үйінде жылына екі, кейде үш рет шілдехана тойы болып жататын. Соны менің көзім көрді, балам. Құрдастары «Бүркіт баласының санынан жаңылды. Олардың атын, қай қатынынан туғанын шатастырып отыратын. Құдай берді» деп әзілдейтін.

Әкең Сланды мен жақсы білемін. Сенің сорайған бойың, өң-түсің тура әкеңе тартқан екен, көшірмесі сияқтысың. Жайлаудағы тойларда, астарда Сланмен дәмдес-тұздас болдық. Бірге көкпар тарттық.

Мәжім қарт осы әңгімені айтқанда Ақселеудің ақсары жүзі сан құбылып, әсерленіп тұрды.

– «Әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген, ұзақ жасаңыз ата, – деді алабұртып. Жасы жүзге жақындаса да мына жарық дүниенің қызығына әлі тойып болмаған ба, қарт көңілденіп, жүзі жайнап:

– Айтқаның келсін, балам, – деді.

 

***

Қазақта бәйге аттардың атын оның алғашқы иесінің атымен қосақтап атайтын дәстүр бар. Исатайдың Ақ­табаны, Махамбеттің Кетпентұяғы, Ақанның Құлагері, Ерубайдың Айдау торысы, Мырзағараның Ақ кеңсірігі деген сияқты.

Ақселеудің Мәжім қартқа сыйға тартқан аққолтық торы тайы кейін арғымақ шығып, талай рет бәйгеден келді. Мәжім қарт та ата-баба дәстүрін ұмытпапты. Әр бәйгеге қосқан сайын:

– Ақселеудің тай торысы, тұяғың талмасын, барыңды сал жануарым, – деп сауырынан алақанымен салып қалады екен. Қашан қайтыс болғанша бұл сөзінен жаңылмаған.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *