АҚСАҚАЛ 100 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖҮЛДЕСІН «АЛМАТЫ АҚШАМЫНА» ЖАЗЫЛУШЫЛАРҒА ЖҰМСАДЫ

Жуырда Алматы облысында өткен Балпық би бабамыздың 325 жылдығына арналған тойда «Бабалардың ерлігі – Тәуелсіздіктің тірегі» танымдық-тағзым бағдарламасы аясында «Бата сөзі – ата сөзі» атты республикалық бата жарысы ұйымдастырылған болатын. Тағылымы мен кейінгі ұрпаққа қалдырар мұраты мол бұл байқауға төрт облыстың, екі қаланың он үштен астам батагөй ақсақал­дары қатысып, ой жарыстырған болатын. Осы ой жарыста Алматы қаласы, Наурызбай ауданының тұрғыны, «Қарағайлы» ықшамау­даны Ақсақалдар кеңесінің бастауыш ұйымының төрағасы Тілеш Стамбеков ақсақал жүлделі үшінші орынды иеленіп, 100 мың теңгелік жүлдені қанжығасына байлап қайтқан еді.

Н.ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Тілеш ақсақалды бүгінде қала жұрты­ның біразы жақсы таниды десек болады. Аудан, қала өмірінде өтетін той-думанның төрінде жүретін ақсақалдың ақ батасын құлағы шалмаған адам кемде-кем шығар-ау. Ақсақал сөзге ғана ұста емес, он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері. Тілеш ақсақал көңілі түскен, құрмет тұтқан адамдарына өз қолымен арнайы жасалған қамшы, домбыра, әшекей бұйымдарды сыйға тартқанды ұнатады. Сыйлығымен бірге ақ батасын қоса береді. Ақсақалдың ниеті, батасы қабыл жан. Ол кісінің сыйлықтары мен ақ батасына «Алматы ақшамының» бірқатар қыз-жігіттері ие болғанбыз. Өйткені, Т.Стамбеков ақсақал Наурызбай ауданы құрылған бес жылдан бергі уақытта біздің газеттің тұрақты оқырман­дарының бірі. Газет бір күн кешігіп қалса, елеңдеп, «Алматы ақшамы» неге кешігіп жатыр?» деп телефон соғып, қал-жағдайымызды сұрап тұратын тілеулес, газетіміздің жанашыр жандарының бірі. Ақсақалға жүлдеңіз құтты болсын демекпіз. Ортамызда жүрген осындай қарттардың жүрек сандығында жатқан асыл сөздері ел құлағына жетіп, содан тағылым алсақ игі.

Шындығын айту керек, қазір өзі жүрекке жетер, санаға қонар бата тұрмақ, жақсы сөз айтатын ақсақалдарымыз азайып бара жатқандай. Бата сұрасаң, тілек айта жөнелетін үлкендер көп қазір. Бір тойда белгілі өнер қайраткері Бекжан Тұрыс ініміз осы мәселені жанай­қайымен айтқан еді. Оның бұл сөзіне сол тойға жиналған қауым құлақ асты ма, аспады ма білмейміз, бірақ актердің бүгінгі ақсақалдарымыздың арасында абыз болудан алыстап, сақал-мұртсыз костюм-шалбарлы «жігіт-шал» болуға құмартқан, аузынан арақ-шарабы арылмаған­дардың қатары сирей қоймағанын мойындауға тура келеді. Ал соларға Тілеш көкелеріміздің осындай ұлтжанды қасиеттері, даналық дәптерлері жұғысты болсын дегіміз келеді. Тіпті, осындай жарысты аудан, қала көлемінде өткізіп тұрсақ, сөзге жұтаң жастарға үлгі болары анық.

Ал Тілеш ақсақал жүлдеге алған 100 мың теңгесін руха­ният қазынасына құйып, 10 адамды «Алматы ақшамы» газетіне жаздырыпты. «Ақшамын» ой серігіне айналдырған ақсақалға рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Зейнеткердің бұл жақсы ісі өзгелерге, әсіресе халыққа жаны жақын болуы тиіс шенеуніктерге жұғысты болсын дегіміз келеді. Осы тұста өткен жылғы баспасөзге жазылу науқаны кезінде Наурызбай аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мәдениет Кәркеновтің бастамасымен аудандағы Ақсақалдар алқасының бастауыш ұйым­дарының әрқай­сысы 30 данадан «Алматы ақшамы» газетін жаздырып алғанын айта кеткеніміз жөн болар. Биыл да наурыз­байлық ақсақалдарымыздың сол игі бастамасы жалғасын табар деген үміттеміз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *