АЛАШТЫҢ АҚ СҰҢҚАРЫ

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл

1994 жылы облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Айтаханов ауданымызға келіп, актив жиналысын өткізді. Ол кісі өңірдің идеология жағын басқаратын. Актив жиналысы кезінде тарихшы, аудандық тарихи-танымдық «Әділет» қоғамдық ұйымының төрағасы, жазушы Дулат Тұрантегі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың есімі ескерусіз қалып келе жатқаны туралы мәселе көтергені бар еді.

Кейінірек Қуаныш Айтаханұлы осы тақырыпқа орай «Азияға» (бұл басылым 1991–1993 жылдары шығып тұрды) Қазақ­стан, Өзбек­стан, Қырғызстан, Иран, Моң­ғолия, Қытай аймағына тарайтын. Оның орыс бөлімін белгілі ақын Олжас Сүлей­менов, қазақ бөлімін Нұрмахан Оразбеков ағамыз басқарды. «Ақ­сүмбенің ақ сұңқары» деген көлемді мақала жазған Дулат көкемізді Сұлтанбек Қожановтың 100 жыл­дығын атап өту жөніндегі облыстық комиссияның құрамына қосты.

Ауданға Қ.Айтахановтың өзі әкім болып келгенде ол кісінің тапсыр­масымен ау­дан­дық, облыстық, республикалық басы­лым­дарға алаш қайраткерлері туралы бір­қатар мақа­лалар жарияланды. Ауданда мерейтойға дайындық жұмыстары қызу қолға алынды.  Орталық сая­бақтың ішінде Пио­нерлер үйі болған ғимаратты аудан басшы­лығы Мұ­ражай үйіне босатып берді. Мұра­жайды та­рихи құжаттармен, жәді­герлермен, экспо­наттар­мен толықтыру үшін аудан басшы­сының тапсырмасымен Сұлтанбек Қожа­нов туралы мәліметтерді жинақтау үшін Дулат Тұран­тегі шұғыл Ташкенге ат­танды. 9 сәуір күні аудандық «Мол­шылық үшін» газетінде жер­гілікті білім бөлімі қыз­мет­керлері аудан жұртшылы­ғына қазақ хал­қы­­ның қайраткер ұлы, даңқты жер­лесі­міздің туға­нына 100 жыл тол­уына орай сен­білік өткізу жө­нінде үндеу тастап, ұйым­шылдықпен қарқынды сенбілік өткізілді.

Көп ұзамай, 1994 жылғы 12 сә­уірде Қазақстан Республикасы Үкі­метінің №370 қаулысы шықты. Қау­лыда мемлекет және қоғам қайрат­кері Сұлтанбек Қожановтың есімін есте қалдыру мақсатында 100 жыл­дығын республика көлемінде атап өту, мұражайын ашу, көшеге, мектептерге есімін беріп ұлықтау туралы да нақты көрсетілді.

Осы жылы тамыз айының 12-і күні Қа­зақстан Республикасы Министрлер Каби­нетінің №901 Қаулысымен Калинин атын­дағы шаруашылыққа Сұлтанбек Қожа­нов­тың есімі берілді. Дулат Тұрантегі Ташкент қала­сындағы орталық мұражайда болып, «Ақжол», «Қазақ» газеттерінің арабша жазыл­ған тігіндісін апта жатып ақтарып,  қолға сирек тиетін құжаттардың көшір­месін алып, жинақтап қайтты. Жолсапармен берісі Шымкент, Алматы, арысы Орынборға дейін барып, мұра­ғаттардан Түркістан Республика­сының іс-қағаздарымен танысады, керегін көшірмелеп, мұражайды жаңа экспонат­тармен толықтырды. Сұлтекең туралы қазақтың бірқатар белгілі зиялы азаматтары қалам тербеді. Жолтай Әлмашов «Жұл­дыз» журналына бірнеше деректер шығарды, Бейбіт Қойшыбаев «Арай» журналына «От кешу» атты мақала жариялады. Түркістаннан, Шым­кенттен көптеген азаматтар мақа­лалар жазып, республика басшы­лығына өтініштер айтып жатты. Туыстары, жанашыр жақын­дары сұрастырылып, іздес­тіріле бастады. Кейінгі бір деректе Сұлтанбек Қожановқа туыстығы бар алыс-жақын ағайынынан 62 жанұя опат болыпты деседі. Ол уақытта сая­саттың долы желі түңлігін шай­қамаған шаңырақтар аз болатын. Не керек, сол жылы аудан әкімі Қуаныш Айтахановтың ерен еңбегімен, мол қайрат күшімен мұражай ашылды. Дүйім ел жиналды, республика өңірлерінен өкілдер шақырылды. Алматыдан Қазақстан Рес­публикасы Президенті әкім­шілігінің сектор меңгерушісі Төлен Әбдіков бастаған арнайы делегация, облыс басшы­лары, мемлекет және қоғам қайрат­керлері, өнер адамдары және тағы басқа да зиялы қауым өкілдері, ел азаматтары келді. Қызы Зиба апай, немересі Светлана келді. Ас аясында Сұл­танбектің нағашылары да бір киіз үй тігіп, сойысқа ірі қарасын әкеліп тапсырды. Аудан әкімі Қуаныш Айтаханов бұл шараға дайындық барысында ең бірінші ауыл тазалығы, көріктендіру, көгалдандыру сияқты жұмыстарды қолға алды. Одан бе­ріде ел тұтқасын ұстап жүрген атпал аза­мат­тардың арқасында Сұлтанбек Қожановқа Астана, Алматы қала­ла­рынан үлкен көр­некті көше берілді.

Алдағы уақытта ҚР Президенттік мәде­ниет орталығындағы Сұлтанбек Қожановқа арналған мұрағат толықтырылса, ескерткіші Астанада бой көтерсе, Астана, Алматы қалаларындағы зияткерлік мектеп-интер­наттарға есімі берілсе, аудан орталығында жаңа музей салынып, ішіне Сұлтанбек Қожанов жайлы, Созақ көтерілісі туралы, ҰОС, Ауған соғысы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар туралы панорама тұтас қойыл­са, мектеп оқулық­тарына, ұлттық энцикло­педияға есімі енгізілсе, Ақсүмбедегі өз атын­дағы жаңа мектептің ғимараты бой түзесе, нұр үстіне нұр болар еді. Мұның барлығы келешек ұрпақ үшін өте қажет. Сұлтанбек Қожанов­тың ел мүддесі үшін атқарған зор еңбегі ескеріліп, оның 125 жылдығы өз дәрежесінде аталып өтеді деп ойлаймын.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

 Біздің дәйектеме:

Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов 1894 жылы 10 қыр­күйекте Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытқан. Оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқасты етушілік деп бағалады.

Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 ж. қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1919-1920 жылдары Сырдария уезі төрағасының орынбасары, Түркістан уездік-қалалық атқару комитетінің, Сырдария облыстық революциялық кенттің төрағасы болды. 1920 жылдың соңына қарай Түркістан республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. «Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды. 1922–1924 жылдары Түркістан КП комитетінің хатшысы, атқару кенті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде (1924) айрықша танылды. 1924 жылы қарашада РК(б)П Қазақ обкомының (1925 жылы ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті.

Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы (1924), «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шыққан. РК(б)П ОК ұлт қызметкерлерімен өткізген Төртінші кеңесінде (1923), РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ, И.В.Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында Қожановтың саяси көзқарастары мейлінше айқын тұжырымдалған. Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.

 

(С.Қожанов туралы мәлімет «Уикипедия» ашық энциклопедиясынан алынды).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *