«A-Parkіng» компаниясының 30 ПАЙЫЗЫ МЕМЛЕКЕТКЕ ТИЕСІЛІ

Алматы қаласының әкімдігі шаһардағы «A-Parkіng» мекемесінің шаһар басшысы Бауыржан Байбек пен оның туыстарына тиесілі деген жалған ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Әкімдік тарапынан түскен хабарламада: «Алматы әкімдігі қала тұрғындарына ыңғайлы транспорттық орта қалыптастырып, экологиялық жағдайды реттеп, көлеңкелі экономиканың төмендеуіне жағдай жасап, тұрғындардың ыңғайлы өмір сүруі үшін көлік реформасын жүргізуде» делінген. Сонымен қатар, жалған ақпаратты таратушы­ларды көлеңкелі капиталға тоқтау салып, ақ-қараны ажыратуға кедергі жасағысы келетін арнайы адамдардың қастандығы деген баға беріп отыр.

«A-Parkіng» компаниясының 70 пайызы жекеменшікте болса, 30 пайызы мемлекетке тиесілі. Қалалық қаржы басқармасы компанияның 70 пайыздық үлесін (жалпы құны 131,8 млн. теңге) сатып алушыны анықтау үшін ашық байқау ұйымдастырған болатын. 2016 жылдың мамыр айында арнайы конкурс жарияланып, конкурсқа 4 компания қатысқан еді. Соның ішінде біреуі шетелдік компания болатын. Нәтижесінде 4 компанияның арасынан серіктес ретінде «RR2» ЖШС таңдалды.

Айта кету керек, Алматы қаласы Люблян қаласында өткен форумда көлік саласында  кешенді реформаны тиімді жүзеге асырғаны үшін «ақылды қала» ретінде марапатталған болатын. Байқау барысында қалада цифрлық техноло­гияларды пайдалану, табысты көлеңкелі айналымнан шығару, қоғамдық кеңістікті қайта жаңғырту арқылы экологиялық ахуалды жақсарту көрсеткіштері бағаланған еді.

Бүгінде Алматыда әлемдегі барлық қалалардағыдай көлік ағыны жоғары. Соңғы 10 жылда көлік саны 20 пайызға артқан. Қалаға күніне 500 мың автокөлік кіріп шығады. Олардың түтіні ауа бассейнінің 80 пайызын ластап отыр. Осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін әкімдік 2012 жылы Тұрақты даму стратегиясын қолға алды. Бұл жоба  БҰҰ Даму бағдарламасы мен Ғаламдық экологиялық қорының көмегімен іске асты. Қала әкімдігі Таллин, Прага, Париж, Мәскеу қалаларындағы тәжірибелерді ескере отырып, электронды ақылы тұрақтар жүйесін енгізе бастады.

Әлемдік тәжірибе ақылы тұрақтарды мемлекет есебінен қаржыландыру тиімді еместігін көрсетті. Салаға жеке­меншік инвестор тарту қала бюджетінің қаржысын үнемдеуге септігін тигізеді. Осы орайда, аралас модель таңдап алынды.

«Тәуелсіз сарапшылардың мониторингіне сәйкес, ақылы тұрақтардан түскен қаржының 90 пайызы жеке адамдардың қалтасына кетіп отырған. Тұрақта жұмыс істеген адамдар еш жерде тіркеуде болмаған, зейнетақы төлемдерін жасамаған. Көп жағдайда басқару жүйесі криминалмен байланысты болып келді. Жаңа жүйе енгізілген соң Алматының тұрақ көлемінің 10 пайызы ғана ақылы болды. Ал салық төлемдері 2016 жылдан бері 10 есеге артып, 924 млн. теңгені құраған» дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жекеменшік инвестор жобаға 1,5 млрд. теңге көлемінде жеке инвестиция салған. Бұл 2016 жылға дейін салаға құйылған қаржыдан 40 есе көп.

 

Дайындаған – А.РАЙЫСҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *