АҚПАРАТТЫҢ ЖЕДЕЛДІГІ ҒАНА ЕМЕС, ДӘЛДІГІ МЕН ШЫНАЙЫЛЫҒЫ ДА ҚАЖЕТ

Іргесі 1999 жылы қаланған «Алматы» телеарнасына биыл 20 жыл. Көгілдір экран арқылы қалың көпшілікке саясат, әлеумет, мәдениет, спорт саласындағы жаңалықтарды үздіксіз жеткізіп, халыққа түрлі танымдық-сараптамалық бағдар­ламалар ұсынып келе жатқан арнаны бүгінде белгілі журналист, тәжірибелі медиамаман, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жалауқызы МҰХАМЕДЖАНОВА басқарады. Біз мерейтой қарсаңында ақпараттық кеңістікте өзіндік орны бар телеарнаның тыныс-тіршілігімен танысып, арна басшысымен сұхбаттасып қайтқан едік.

– Нұржан Жалауқызы, өзіңіз тізгінін ұстаған «Алматы» телеарнасына биыл 20 жыл. Аз уақыт емес. Талай істі тындырар шақ… Әңгіме­міздің әлқисса­сын телеарна тарихынан бастасақ…

– «Алматы» телеарнасының осыдан жиырма жыл бұрын ашылуы, оның жұмыс істей бастауы еліміздің бас қала­сы болған Алматы қаласы үшін заң­дылық болатын. Өйткені, ірі мегапо­листердің өзіндік теле­ар­насы, өзіндік ақпараттық кеңістіктегі саясатын жүр­гізіп отыратын, халықпен байланыс орна­татын бұқаралық ақпарат құрал­дарының бар болуы, оның ішінде телеви­дениенің болуы құптарлық әрі маңызды деп ойлаймын. БАҚ сала­сында қызмет етіп жүргендіктен, бір ғана телеарнамен шектеліп қалу мүмкін емес. Сондықтан  «Алматы» телеарна­сының өзіндік аудиториясы, өзіндік ұста­нымы бар екенінен бұрыннан хабарым бар. Алматы­ның арнасында бүгінге дейін елдік һәм ұлттық мүддеге байланысты талай мәсе­лелер шешілді, айтылды. Шығарма­шыл ұжым әлі де сол жолда сапалы хабар тарату жо­лын­­да қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында телеарнаның тыныс-тір­шілігі өзгергені­мен, ұстанымы өзгерген жоқ.

Алғаш телеарна 1999 жылы 14 сәуірде «Оңтүстік астана – Южная столица» деген атпен эфирге шыққан болатын. Кейін араға бес жыл салып, «Алматы» телеар­насы болып өзгерген. Осы жылдардың ішінде телеарна өзінің сыртқы бет-бейне­сін, яғни логотипін 5 рет ауыстырыпты.

– Телеарна алматылықтарға ғана қызмет ете ме әлде барлық елді-мекен­дерді қамти ма?

– Алғашқы жылдары кабельдік жүйе арқылы Алматы қаласында ғана хабар таратып келген «Алматы» телеар­насы 2010 жылдан бастап сандық «Отау» спутниктік тележүйесі іске қосылғаннан кейін міндет­ті түрде ел аумағына тарайтын телеарна­ларының тізіміне еніп, «Отау ТВ»-ның пакетіне кірген болатын. Сөйтіп, қалалық телеар­на республиканың барлық елді-меке­ніне баламалы, сандық, спутник­тік, кабельді және интернет сегменттегі ха­бар тарата алатын телеарнаға айналған. Дәл қазіргі уақытта да біздің телеарна сапа жағынан ешқандай телеарналардан кем түсіп жатқан жоқ. Бірақ өкінішке қарай, 2019 жылы «Отау ТВ»-ның құрамынан шығып қалды.

– Неліктен?

– Ақпарат және қоғамдық даму минис­трлігінің мәліметінше, «Қазақ­стан» мен «Хабардың» құрамында мем­лекет тұрғысынан тікелей қаржылан­дырылатын қосымша телеарналар бар. Сол себепті, «Білім және Мәдениет», «МИР», «Алматы» телеарналары мін­детті түрде көрсетілетін телеарна­лар­дың тізімінен алынып, олардың орнын «TamashaTV», «Kazakh TV» және «El Arna» алмастырыпты. Біз қазір «Отау ТВ-ның» екінші – ақылы түрде таралат­ын паке­тінде бармыз. Бүгінде қалалық телеарна «Алма ТВ», «ІТ-ТВ» телефония арқылы хабар таратып жатқан жайы бар. Мен телеарнаның басшысы болғандықтан емес, жалпы, телевидение саласында жүрген кәсіби маман ретінде «Алматы» телеарнасы республикаға тарайтын міндетті телеарналардың қатарында болуы тиіс деп есептеймін. Өйткені, телеарна жұмы­сы мазмұны жағынан да, ұста­нымы жағынан да барлық талаптарға сай. Бұл – бір. Екіншіден, Алматы – әрбір қазақстан­дықтың жүрегінде орын алатын, исі қазақтың рухани алтын бесігіне айналған қала. Сон­дықтан Алматыда айтылатын әрбір сөз, Алматыда айтылатын әрбір ой міндетті түрде республика жұртшылығы­ның назарынан тыс қалмауы керек. Мәселен, біздің тікелей эфирде өтетін бағдарламаларымызға еліміздің түкпір-түкпірінен Кентаудан, Түркістаннан, Павлодардан, Өскеменнен хабарласып жатады. Демек, телеарнамызды дәл осы күндері шалғайдағы елдер де көреді деген сөз ғой. Сондықтан халқы көп, ең ірі мегаполис саналатын Алматы қала­сының тыныс-тіршілігінен еліміздің барлық аймағы хабардар болғаны дұрыс.

– «Көгілдір экран – ұлттың айнасы». Сіздің көзқарасыңызда қазақ телевиде­ниесі, оның ішінде «Алматы» телеар­насы қаншалықты өсіп-жетіле алды?

– Телеарнаның өзіндік концепциясы бар. Ол өзінің негізгі заңдылықтарын сақтай отырып, әрі қарай мазмұндық жағынан түрлендіруге, бүгінгі таңдағы халықтың көкейінде жүрген сауалдарға дер кезінде жауап беруге, соған орай жаңа бағ­дар­ламаларды жалғастыруға бағытталған. Қазіргі кезде телеарнаның қоржынында ақпараттық-сараптама­лық, деректі-таным­дық жобалар, жаңа ток-шоулар мен көңіл жадырататын ойын-сауық, музыкалық сазды бағдар­ламалар бар. Заман өзгеріп жатыр, қазір елдің барлығы қолындағы мобильдік телефоны арқылы қалаған хабарын көре береді. Біздің телеарна да көрер­мендер үшін әркез қолжетімді. Әлеу­меттік желілерде «Фейсбук», «Инста­грам­да» да белсендіміз. «Алматы ТВ» деген сайты­мыз бар. Сондықтан оқыр­мандары­мыз да, көрермендеріміз де біздің телеарнаның бағдарламалар жүйе­сінде не болып жатқанын дер кезінде көруіне мүмкіндік мол.

– Сіз басшылыққа келгелі қандай жаңалықтар, өзгерістер болып жатыр?

– Басшылыққа келгеніме төрт айдай уақыт болып қалыпты. Шыны керек, қазіргі таңда ақпараттың нақтылы­ғы­мен, оқиғаны дер кезінде еш боямасыз, қаз-қалпында жеткізуіңмен, халықтың көкейіндегі сауал­дарға нақты жауап беру арқылы ерекше­лене алуың мүмкін. Өйткені, өзіңіз де білесіз, қазір кез- келген адам бір өзі бір бұқаралық ақпа­рат құралдары секілді жұмыс жасауға қабілетті. Кетіп бара жатып өзін-өзі түсіріп, кез-келген жерден тікелей эфир жүргізе алады. Сондықтан біз кәсіби тележурналистиканың өкілдері ретінде өз телеарнамыздың көштен қалмауына үлкен мән беріп отырмыз. Ең алғашқы жаңалық­тардың бірі деп «Бірыңғай жаңалықтар күнін» белгілегенімізді айтар едім. Яғни біз бұрын қазақ және орыс тілдерінде жарты-жарты сағаттан тек кеште, екі бөлек жаңалық беріп жүр­ген болсақ, енді екі тілдегі жаңа­лық­­­тарымызды біріктіріп – бір сағатта, кешкі 19.00 бен 20.00 аралығына көрсе­тетін боламыз. Ал 20.00 мен 20.30 ара­лы­ғында аптаның төрт күнінде «Акимат-лайф» деген тікелей эфирдегі бағдарлама шығады. Онда көрермен­деріміз қала­мыз­дағы 8 әкімдіктен Алма­тының өмі­ріне байланысты кез-келген сауалына жауап ала алады. Бүгінге дейін «Акимат-лайфта» қаламыздағы аудан әкімдерінің барлығы, сондай-ақ, әкім­діктерде 23 басқарма болса, солардың жиырмасы­ның басқарма басшы­лары қонақта болды. Олардың әрқайсысы өз саласы бойынша халықтың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Көрер­мендер тарапынан 2790 сұрақ қойылды. Бұл көрермен мен телеарна арасындағы тығыз байланыстың бар екенін көрсете­ді. Күндіз де көрер­мендерімізді жаңа­лық­сыз қалдырмас үшін журналистер түскі сағат 13.00-де және 15.00-де 10 минут­тан елімізде, әлемде болып жат­қан жаңалықтармен бөлісіп отыратын болады. Қала әкімі Бақытжан Сағын­таев қызметіне тағайын­­дал­ғаннан кейін ең бірінші қаламыздағы 8 ауданның жұртшылы­ғымен кездесу өткізгенін білесіздер. 200-ден 600-ге дейін қала тұрғыны қатысқан жиын­дарда әрқай­сысы көкейіндегі сұрақтарын қоюға ұмтыл­ды. Сол сауалдарды әр әкімшілік өздерінде қарап, шешуге тырысты. Десек те, сол жұмыстардың басты назарда болуын қадағалау мақсатында біз дүйсенбі күні кешкі сағат 20.00 мен 20.30 аралығында «Басты назарда», ал сәрсенбі күні орыс тілінде «На особом контроле» деген бағдарлама аштық. Онда қала әкімнің берген тапсырма­ла­рын жергілікті әкім­дер, басқарма бас­шылары қалай орын­дап жатыр, әрбір қала тұрғынының «Фейсбук», «Инста­грам», «Watsapp» әлеуметтік желі­лері арқылы келіп жатқан сұрақтарына дер кезінде жауап беріліп жатыр ма, жоқ па?.. Міне, осы мәселелердің қанша­лықты орын­далып жатқаны жайында «Басты назарда» бағдарламасында айтатын боламыз. Бүгінде бұл бағдар­лама да өз көрерменін тауып үлгерді.

– Рухани жаңғыру – қазақтың рухын көтеруге бағытталған игілікті іс. Оның астарында ұлттық мүдде жатыр. Осы бағытта қандай да бір бағдарламалар қарастырылған ба?

– Кез-келген жанның мәселе туын­да­ғанда «не істеймін?» деген өмір­лік сауалы бар. Ауызекі әңгіме арасында да осы сұрақтың қойылып жататыны ақиқат. Бұл сұрақты кезінде «қайтпек керек…» деп Абай атамыз да, «не істеу керек?» деп Черны­шевский де қойған… Біз осы орайда ұлтымыздың қанындағы адами құндылық­тар жайында, халқы­мыздың әдебиеті пен өнерін, ғылымы мен мәдениеті жайында сөз қозғайтын «Не істейміз?» бағдарламасын дайында­дық. Бағдарлама ақын-жазушы­ларды, өнер, қоғам қайраткерлері мен ұстаз­дарды, танымал тұлғаларды қонаққа шақырады. Зиялы қауым еркін әңгіме алаңында ұлт тағдыры, ел қамы жайын­да әңгіме өрбітетін орамды ойларымен бөлісетін болады. Рухани жаңғырудың өзі сол, сананың дәл осы кезеңдегі жаң­ғы­руы ол әдебиет, түп-тамырымыз, ұлт­тың рухын көтеретін, жігерін жанитын қайдан келдік, қайда кетіп бара жатыр­мыз деген сауал­дарға бірле­сіп жауап іздеу. Әдебиетіміздің даму­ын, дәстүрі­мізді дәріптеп, келешегі­міздің кемел­денуін осы жобалар арқылы жұртпен ой бөлісуге тырыстық. Одан кейін Сіздің кез-келген пробле­маңызды шешуге бағыт­­талған әлеумет­тік-қоғамдық «Шеші­мі бар» атты жобаны қолға алып отырмыз. Жақында экранға шығады. Қоғамның алға басуы­на, тұрақты дамуына жағдай жасау, жастарды отан­сүйгіштікке, патриотизм­ге тәрбиелейтін «Айна» қоғамдық-әлеуметтік жобасы көрермен назарына ұсынып отырмыз. Жобаның мақсаты – еліміздегі қоғам­дық-әлеуметтік өткір мәселелерді қозғап, шешімін табуға тырысады.  Тағы бір маңызы бар жәйтты айта кетейін. Өткенде қала әкімі Қазақ­стан Жазушы­лар одағында жазушы­лармен кездескен бола­тын. Сол басқо­суда қала әкімі жазушы­лар­дың өмірінен сыр шертетін бағдарламалар арасында көрсететін шағын роликтер жасаса­ңыздар деп тап­сырма берген. Біз қазір сол ролик­тердің 15 шақтысын дайын­дап қойдық. Қазіргі уақытта эфирден беріліп те жатыр. Бүгінде көзі кетсе де, артында қазақ әде­биеті мен мәдениеті үшін құнды рухани мұра қалдырған жазушыла­рымыздың кітаптары оқыр­мандарымыз үшін тап­тыр­майтын дүние. Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқа­нов, Ғаби­ден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев, Әбіш аға Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлі, Шерағаның өмірінен сыр шертетін екі жарым минуттық роликтер әзірледік. Оның сыртында әлі де ел үшін қызмет етіп келе жатқан Әбдіжәмил Нұрпейі­сов, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаді­лов, Бексұлтан Нұржекеев, Есенға­ли Раушанов, Олжас Сүлейменов, т.б. секілді айтары бар ақын-жазушыла­рымыз­дың пікірлерін жинақтап әдемі естеліктер топтамасын жасадық. Бұл, біріншіден, біздің зиялы қауым өкілде­ріне һәм жазу­шы­ларына деген құрметі­міз десек, екінші­ден, Қазақстан Жазу­шылар одағының 85 жылдығына арнаған сыйымыз болсын деген ниетпен жасаған құнды дүниеміз.

– Әңгіме ауанын қала өміріне ауыс­тырсақ… Шаһар басшысының Алма­тыны дамытуға бағытталған «Шетсіз қала» бағдар­ламасы қолға алынғанын білесіз, аталмыш бағдарлама аясында қалалық телеарна қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Бүгінде экономикалық, қаржы­лық, мәдени және білім орталығы ретінде Алматының ел дамуында алатын орны зор. Алып шаһарда мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларды жүзеге асырудың маңызды­лығы да, Алматыдай үлкен мегаполистен хабар тарату да күрделі міндетті жүк­тейді. Халыққа ақпараттың жылдамдығы ғана емес, дәлдігін, шына­йылығын көрсе­тетін бағдарламалар қажет. Осы орайда «Алматы» телеарна­сының журналистері шаһардың кез-кел­ген нүктесінен, қалаға кейіннен қосыл­ған елді-мекендерден күн сайын тікелей эфирге шыға алады. Ол үшін бізде ауқымды шараларды дер кезінде көрсете алатын жылжымалы телевизия­лық стан­ция жұмыс істейді. Себебі, бізде қала тынысынан толықтай ақпарат пен тағылымды-танымдық бағдарла­малар ұсынуға қабілетті қыз-жігіттер қызмет етеді.

– Телеарнаның бағы – кәсіби маман­да­рында. Бүгінде тележурналистердің сөйлеу мәдениетін сынға алып жата­тын­дар жиі кездеседі. Бұл орайда телеарна журналис­тері қандай да бір тәжірибеден өте ме? Сіздерде кадр мәселесі қалай шешіледі?

– Бұл мәселе көбінесе жаңалық­тарда жұмыс істейтін, тікелей эфирде хабар жүргі­зетін журналистерге қатыс­ты айты­лады ғой. Бізде журналис­термен, тілшілер­мен жұмыс істейтін тәжірибесі мол, ісімен де, көзқарасымен де елдің ықыласына бөленген білікті мамандар – шеф-редак­торлар жұмыс істейді. Олар барлық хабар жүргізетін журналистердің жұмыс­тарын қадағалап отырады. Сондықтан біздің тілшілер дайындықсыз эфирге шықпайды. Кадр таңдауда жан-жақты іріктеуден өтеді. Журналистің хабары эфирге шыққан­нан кейін де міндетті түрде талқыланып, сарала­нады. Сол арқылы жас мамандар тәжірибе жинақтайды.

– Телеарналарда белгілі өнер жұлдыз­дарының хабар жүргізуін қаншалықты құптайсыз?

–Бұл үрдіс менің тәжірибемде бар. Кезінде «Қазақстан» телеарнасында таны­мал әншілерді бағдарлама жүргі­зуге тарттық. Өйткені, әншілерді жақсы көретін, тыңдайтын көрермен бар. Еркін тақырып­тарда, әсіресе, ән мен күйдің, шоудың төңірегіндегі бағдарла­ма болса, оны неге әншінің жүргізуіне қарсы боламыз? Егер ол өнер әлемінің қазанында қайнап, сол сала­ның қырын да, сырын да, тілін де білетін болса оның бағдарлама жүргізуін неге құпта­масқа? Бірақ кешкі жаңалықтарды жүргізуге ешқашан әншілерді отырғыз­ған кезіміз болған жоқ. Себебі, «Эфир – эксперимент жасайтын алаң емес. Біз эфирге кәсіби дайындығы бар маман­дарды ғана шығарамыз.

– Телевидениенің күнкөрісі көбінесе рей­тингке тәуелді дегенге көзқара­сыңыз…

– Шыны керек, «Алматы» телеар­насы 2017 жылдың қарашасынан бастап қана кіріс келтіретін жарнамала­ры­мызды «АМС» компаниясы сата бастап­ты. Телеар­наның кіріс әкелетін екі қаржы көзі бар. Біріншісі, қалалық әкім­дік тарапынан ақпараттық саясатты жүргізуге тапсырыс беріледі. Екіншісі, жарнама. Біз сол сапалы өнім өндіру арқылы жарнаманың үлес салмағын арттыруға тырысамыз. Алайда, жақсы өнім өндірмей жарнамаға үміт арту мүмкін емес. Екеуі бір-бірімен тығыз байла­нысты. Сондықтан біз кәсіпорын ретінде, телеарна ретінде жарнама табу­ға ұмтыламыз. Өз өнімдерімізді әлеу­меттік желі арқылы кеңінен таратуға күш саламыз. Телеарнаның кез-келген хабарын Youtube арқылы да көруге мүмкіндік бар. Бізде рейтингті өлшей­тін, арналардың қаралуын бақылап, саралап отыратын компания бар. Еліміз­де 28 телеарна болса, біз сол алғашқы ондықтан төмендеп қалмау үшін қызмет етіп жатырмыз. Әрине, біздің мүмкін­дігіміз мүйізі қарағайдай телеарналарға қарағанда шектеулі. Соған қарамастан сапалы өнім өндіру арқылы біз рейтинг мәселесіне қатты назар аударамыз.

– Алдағы уақытта теледидарды ешкім қарамайды деген пікірмен келісе­сіз бе?

– Қазіргі таңда жастар теледидар көру, радио тыңдау, газет оқудан гөрі әлеуметтік желі, интернет жетістікте­рін жиі пайдала­нады. Ол рас. Әлеумет­тік желі әзірге еркін ой-пікір білдіретін жалғыз алаң болып отыр. Десек те, мен маман ретінде телевидение саласындағы әлемдегі болып жатқан көпте­ген жаңа трендтерге әрдайым мән беріп, қарап отырамын. Мәселен, соңғы екі-үш күннің өзінде мынадай мәліметтермен таныстым. Жыл сайын Каннда дүние жүзі­нің эфирлік, кабельдік, цифрлық және жерсеріктік телевизия және радиохабар тарату саласындағы фильм­дер мен бағдар­ла­малар өндірушілерінің басын қосатын MІPCOM аудиови­зуалды нарығы бар. Биыл сол додада төрт бағытта Жапония, Қытай, Австра­лия, Франция арасында қатты фаворит болыпты. Сонда Ресей өзінің анима­циясымен, Қытай, Франция елдері де өз жетістіктерімен бөліссе, Жапонияның «Эн.Эйч.Кэй» телевидениесі 8К стандар­тын­дағы цифрлық жүйесіне презен­тация жасапты. Шет елдерде техни­калық стандарттар соңғы жылдары тез қарқынмен дамып барады. Оларға ілесіп кету мүмкін емес. Десек те, біздің телеарна 4К стан­дартымен хабар тара­туға мүмкіндігі бар. Өйткені, біздің техникалық жабдықта­луымыз соған негізделген. Біле білсеңіз, бұл біз үшін үлкен жетістік. Сондықтан Қазақстан көрермендері көгілдір экраннан алыс кетеді һәм көрмейді деген үстірт пікір­мен келіспеймін. Кем дегенде жиырма жыл көлемінде телевидениенің қызметі тоқтамайтыны анық.

– Биылғы жыл Елбасы бастама­сымен «Жастар жылы» болып жария­ланды. Осы орайда барлық жерде жастармен жұмыс істеуге көңіл бөліне бастады. Сіздер қандай үлес қостыңыз­дар?

– Жастар – кез-келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі. Сол себепті, қоғамда маңызды рөл атқарады. Елбасының биылғы жылды жастарға арнауы соның дәлелі болса керек. «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясындағы «Қазақстан­ның 100 жаңа есімі» жобасы жастарға мотивация, серпіліс беретін бірегей жоба. Себебі, ондағы әрбір кейіпкердің өмірі өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі боларлық. «Алматы» телеар­насы әр салада жетістікке жеткен талантты алматылық жастарды халыққа танысты­руда көп жұмыс атқарып келеді.

– Нұржан Жалауқызы, ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар қалалық телеар­наны мерейлі мерекесімен құттық­таймыз! Қалам мен микрофонды қару еткен арна ұжымына шығармашылық табыс тілейміз. Ел мүддесі үшін қызмет етуден шар­шамаңыздар. Әңгімеңізге көп-көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан –

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close