АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ –

әлемдік деңгейдегі сұранысты қанағаттандыратын жаңалық

318Бүгінде өркениет әлемін ақпараттық технологиясыз көз алдымызға елестету мүмкін емес.  Соңғы жылдары елімізде ақпараттық технологияны дамыту жөнінде кешенді шаралар қолға алынып отыр. Қазақстанда ақпараттық технологияны дамыту көрсеткішінің негізгі кезеңі – ақпа­рат­тық қоғам құру болып табылады. Қазір бұл мақсатқа жету жолында барлық алғы шарттар жа­салынған. Ақпараттық қоғам құру­дың ең басты көрсет­кіштері – инфра­құрылым жасау жә­не тұрғындар­дың ақпа­рат­тық сауатын ашу болып табылады. Осы орайда жеткен жетістік­тер мен алда тұрған міндеттер төңі­регінде Қазақстан Рес­публикасы Халық­ара­лық ақпараттандыру ака­демиясының бас хат­шысы, бірінші вице-прези­дент, техника ғы­лы­мы­ның докторы, про­фессор, академик Алек­сей Фи­лип­пович ЦЕХО­ВОЙ­ДЫ әңгімеге тартқан едік.

– Алексей Филиппович, білім саласына ақпарат ғасырының ғаламат жаңалықтары мен ілгерібасушылықтарын енгізу мәселелері электронды оқыту жүйесін мектепке дейінгі мекемелерден бастап, ЖОО-дан кейінгі салаларға енгізу ҚР Білім беру саласын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасында қарастырылған. Осы мәсәле елімізде қалай шешімін тапқан?

– Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011– 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өз кезегімен жүзеге асырылуда. Соның арқасында отандық білім саласы әлемдік білім жүйесімен бәсекелестікке түсіп отыр.

Электронды оқу жүйесін енгізуде әлем елдерімен салыстырғанда әлдеқайда ілгерілеушілік бар. Нәтижесіжаман емес.

Дамыған елдерде сымсыз ғаламтор сияқты қоғам саласының барлық буындарында  соны технологиялар кеңінен қолданылуда. Бүгінгі таңда бізге қолда  бар техника мен жасалынып жатқан методикалық әдістемелерді тәжірибеге енгізу міндеті тұр.

Интернет желілеріне білім беру ұйымдарының барлығы 100 пайыз  қосылған. Мұның өзі «Ақпаратқа иелік еткен жан әлемді билейді» деген ұғымға құлаған заманның ауаны, расында, озық технологиямен жарақтануға үндейді.

Ал кең жолақты интернетке қосылу, электрондық білім беру жүйесі үшін жабдықтармен қамтамасыз ету және жеткізушілердің қызмет көрсетулерін таңдау мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін болады.

Білім беру ұйымдарының барлығы дерлік қажетті оқу базалары бар интернет-ресурстарымен жабдықталған.

Біз білімді ақпараттандыру саласындағы мамандарды дайындап, түрлі методикалық әдістемелерді жасап шығарудамыз. Сонымен қатар  электронды оқулықтарды білім беру үдерісіне қосуға айтарлықтай күш салудамыз.

Осы мақсатта тренингтік курстар өткізуді жолға қойдық. Міне, осы тренинг кезінде мұғалімдерге, жалпы, осы электронды оқыту дегеніміз не, бұл жаңа инновациялық әдістемені қалай қолдану керек деген сияқты түрлі сұрақтар төңірегінде жан-жақты әңгіме өткізіп тұрамыз.

Электронды жүйені жүзеге асырудың тағы бір көкейкесті мәселесі, ол – профессорлар мен студенттер арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды игеру деңгейінің әркелкілігі.

– Біздің білім беру жүйесі сандық білім беру ресурсын қолдануға қаншалықты дайын?

– Қазіргі жањандану үрдісінде ақпараттық кеңістікке тосқауыл қою деген нәрсе мүмкін емес. Осы өзекті мәселенің түйіні – бәсекеге қабілеттілік дер едім. Біріншіден, бізге ақпараттық-коммуникациялық технология саласында бәсекеге төтеп бере алу қажет. Өзімізде де осындай әлеуметтік жүйелер мен желілерді неге құрмасқа және осы арқылы өзімізге керек ақпаратты таратпасқа? Екіншіден, осындай әлеуметтік құралдармен тіл, идеология мәселесін көтеру арқылы қоғамда балама ақпараттарды тарату өз нәтижесін берері сөзсіз.

Ақпараттың даму кезеңінде қоғамда негізгі басымдық компьютердің ескі, жаңасына емес, басты ерекшелік – оны оймен жетілдіруге беріледі. Бұл турасында кезінде АҚШ президенті Джон Кеннедидің: «Бізге бұрын ешқайда ешқашан болмаған нәрсені армандауға қабілетті адамдар керек» деген сөзін басшылыққа алған абзал. Адамдардың білімі әрбір он жылда толықтырылып отырады. Білім – қашанда болса бағалы әрі қажетті ресурс. Демек, білімін жетілдіргісі келетіндерді үнемі мемлекеттік тұрғыдан ынталандырып отыру керек. Халықаралық «Мак Кинси» компаниясының: «Алға жылжы немесе жолды босат!» деген принципін қоғам өмірінің барлық саласына енгізу қажет. Әрине, адамзатқа ортақ құндылықтарды объективті жеткізетін, адамды прогресс пен дамуға шақыратын идеялар кез келген адам үшін тартымды болуы маңызды-ақ. Сондықтан бізге ең бастысы – әлемдік деңгейдегі сұранысты қанағаттандыратын жаңалықты өмірге енгізу. Мұндайда сандық білім беру ресурстарының тиімділігі мен артықшылығы орасан. Соның арқасында білім алушылар әлемнің ең үздік білім ағарту орындары мен қалаған уақытында, еш қиындықсыз байланыса алатын болады.

Сандық білім беру ресурсы – әдістемелік құрал. Мұндай әдістемелік құралды жасау оңай шаруа емес.

Негізі, сандық білім беру контентінің құрамына компьютерлік ойындар, электронды оқулықтар, виртуалды жаттығу әдістері және ғылыми-әдістемелік зерттеулер сияқты дүниелер кіреді.

Бүгінгі күні Мемлекет басшысы жастарымыздың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасауда. Алдағы уақытта сандық білім ресурсы одан әрі  дами түседі.

Ақпараттық технологияны тиімді пайдалану – бүгінгі күннің өмір талабы. Сол себепті біздің ұстаздар қауымы студенттерге заман талабына сай білім беру үшін ақпараттық технологияларды меңгеруге барын салып жұмыс істеуде.

Халықаралық Ақпараттар академиясы мен  «Зерде» АҚ холдингі жыл сайын Бүкілодақтық ақпараттар күніне орай тақырыптық шаралар өткізу жөнінде ұсыныс беріп отыр. Осы мақсатта Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің базасында түрлі оқулар, тренингтер, көрмелер өткізіп келеміз.

– Қазақстанның электронды үкімет құру жетістіктері қандай деңгейде?

– Қазір электронды үкімет құру жолында үлкен шаруалар атқарылып жатыр. Электронды үкіметтің білім саласындағы тірегі – электронды университет. Озық технологиялар арқылы білім саласын басқаруды жетілдіру.

Енді “электронды үкімет” механизмінің қалай жұмыс істейтіндігі туралы  айта кетейін. Оның инфрақұрылымын қалыптастыру принципі “азаматгар үшін және олардың өміріне қажетті мәселелер төңірегінде” мемлекеттік органдардың жұмысын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жүйенің негізгі пайдаланушысы — “бір терезе” қағидасымен барлық дәрежедегі мемлекеттік қызмет көрсетілетін қарапайым азамат. Бұл ретте азаматтарға қызмет көрсетудің шешуші бөлігі халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) мен “электронды үкіметтің” интернет порталдарының үлесіне тиеді.

“Электронды үкімет” — бұл қарапайым ғана интернет сайт емес, керісінше, барлық мемлекеттік органдарды үйлестіруші және мемлекеттік органдардың электронды қызметіне қол жеткізетін орталық болып табылады.

Соңғы жылдары елімізде “электронды үкімет” қызметін қалыптастырып, жандандыру бағытында жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

“Электронды үкімет” дегеніміз, қазіргі дәстүрлі үкімет түріне қосылатын немесе оны айырбастайтын қосымша немесе балама емес, тек қана дәстүрлі үкіметтің енді электронды сипатқа көшірілуі болып саналады. Мұндай жағдайда азаматтардың немесе бизнес өкілдерінің өздеріне қажетті ақпараттарды алуы, сондай-ақ, берілетін есепті тапсыру үшін бұрынғыдай Үкіметтің өкілетті органдарына баруы саябырсиды. Ол енді электронды түрде көрсетілетін болды. Бұл қызметті атқаруға ақпараттық технологиялар көмектеседі.

БҰҰ-ның 2009 жылғы ғаламдық «электрондық үкіметтер» рейтингісін зерттеу амалдары Қазақстанның 81-позициядан  46-позицияға көшіп, Белорусь, Ресей, Украинаны артқа тастағанын айқындап отыр. Қазір Қазақстан бұл салада ең алдыңғы орындардан табылады.

Электронды қызмет дегеніміз, “Ақпараттандыру туралы” Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, бұл – ақпараттық техноло­гияны қолдану арқылы жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық, интерактивтік және транзакциялық қызмет түрлерін көрсетуді көздейді.

Мемлекеттік органдар порталындағы ақпараттық жүйеге сұраныс жасағанда оған тиісті реттік нөмір тіркеледі. Мемлекеттік органдар порталынан тиісті ақпаратты электронды құжат немесе анықтама түрінде алуға болады. Бұл анықтаманы пайдаланушы PDE форматына салып сақтап қоюына болады.

Электронды мемлекеттік қызмет түрлерін алған кезде “электронды үкіметтің” бірқатар компоненттері қатысады. Атап айтқанда, мемлекеттік орган порталының ақпараттық жүйесі, сервер орталығы, мемлекеттік органдардың бірыңғай транспорттық орталығы, ұлттықтіркеу жүйесі, “электронды үкіметтің” веб-порталы және шлюзі, “электронды үкіметтің” төлем шлюзі, ұлттық жекешелен­дірілген жүйе, ұлттық анықтау-бекіту орталығы.

Қазіргі күні Қазақстанда “электронды үкімет” барынша дамытылған. Қазіргі кезде  бізде  барлық облыстарда әкімдіктердің веб-сайттары құрылған. Олардан күнбе-күн неше түрлі жаңалықтарды, сондай-ақ, бизнеске пайдалы құжаттарды алып отыруға болады. Қызметті пайдаланушы мен көрсетуші арасында да байланыс орнаған.

Елімізде “электронды үкіметті” дамытудың  кешенді бағдарламасы қабылданған болатын. Бұл бағдарлама азаматтардың неғұрлым қажет ететін мемлекеттік қызмет түрлерін электронды сипатқа көшіруді, осы ресурсқа және сервиске көпшіліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздеді. Сөйтіп, елімізде “электронды үкімет» қызметі жүйелі түрде және тұрақты қарқынмен дамып отыр.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы алдағы уақытта еліміздің жалпыхалықтық дамуына үлкен серпін беретіні айқын. Инновациялық еңбек өнімділігін қарқынды дамыту жолында академияда қандай жобалар қолға алынуда?

– Экономика дамып, еліміз индустрияланып, инновациялар еніп жатқанда, ақпараттық технологиялар көш басына шыққаны жөн.

Инновациялық тұғырнаманың негізі үш құрамдас бөліктен тұрады. Біз «ЭКСПО– 2017» мен «Жасыл көпірді» бір мағынада алып қарастырмақшымыз. Себебі, екеуінің де міндет-мақсаты бір. Нақтылап айтқанда, алғашқы кезеңде Қазақстан мен Орталық Азиядағы және келешекте жер-жањандағы тұрақты экономикалық өсім мен табиғи ресурстарды сақтауға ықпал ету.  Біз бұл жерде Астананың Еуразия­дағы ғылыми, технологиялық және инновациялық орталықтың стратегиялық рөлін атқара алатын зор мүмкіндіктерін көріп отырмыз.

«Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы аймақтың «жасыл экономикаға» көшудегі мүдделес мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруі тиіс. Өйткені, Орталық Азия елдерінің экожүйесі ортақ. «Жасыл көпір» осы жүйенің аясындағы барлық ортақ мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызады. Ал, ЭКСПО көрмесі «жасыл техноло­гияларды» әлемге танытудың, үздік тәжірибелерді бөлісудің шарықтайтын шағы болмақ. Біз өз тарапымыздан ЭКСПО көрмесіне ұсынысымызбен баратын боламыз.

Елімізде «жасыл экономикаға» деген бетбұрыс энергетикалық саясатымыздың жаңа бағыты ретінде қалыптасуда. Алдағы уақытта энергия үнемдейтін технологияларды қолданып, табиғатты ластайтын көмірқышқыл газынан бас тартамыз. 2050 Стратегиясына сәйкес, Қазақстан 2050 жылға қарай электр энергетикасында көмірқышқыл газ шығарылымдарын 40 пайызға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұған, ең алдымен, энергияны қайта қалпына келетін көздерден өндіру есебінен қол жеткіземіз.

– Әңгімеңізге, рахмет!

ӘңгімелескенЕрмек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close