АҚ ҰЛПА

99ҰМЫТПАЙЫҚ ПАРЫЗДЫ

 

Киімді таза, сән киген,

Кезекті күткен әлдимен.

Отырды жап-жас келіншек,

Ораулы құндақ сәбимен.

 

Алдырып бөбек сырқатты,

Дәрігер қарап сыр тапты.

Біліп ап жағдай-жайларын,

Былайша сосын тіл қатты:

 

«Қабылдап қатты суықты,

Өкпеге салқын тиіпті».

Жолдама солай жазылды,

Шипагер, бірақ, үмітті.

 

Айға әлі толмаған,

Қырқынан шыға қоймаған.

Болашақ таңын бөбектің,

Ана жоқ әттең ойлаған.

 

Дұшпандай бейне қастасқан,

Жүрегі сірә тас қатқан.

Дәп сондай егер болмаса,

Сәбиден неге бас тартқан?

 

Іздемей дерттің дәруін,

Бетінен шашып зәр-уын.

Арызын жазып сұрап тұр,

Детдомда ұлы қалуын.

 

Дәрігер кенет шошынып,

Үмітке күдік қосылып.

«Сүрсеңіз өмір баласыз,

Қаласыз кейін өкініп.

 

Қарашы бейбіт аспанды,

Сәбиің бақыт бастайды.

Тұла бойы тұнғышты,

Анасы қалай тастады?».

 

Деген бұл сөзге тұлданып,

Өзінен-өзі сызданып.

«Тастамай қайта далаға,

Әкелдім», – дейді «риза ғып».

 

Жауқазын гүлдей бүр жарып,

Жатқанда сәби нұрланып.

Кете де барды анасы,

Безбүйрек беті сұрланып.

 

Оянып түнде жүздеген,

Анасын қанша іздеген.

Ақ сүттің дәмін аузынан,

Кезі ғой әлі үзбеген.

 

Тып-тыныш неге ұйықтайды,

Неліктен қайғы жұтпайды.

Қалай тастап кеттің, ана,

Балдан да тәтті құйттайды.

 

Аңсаған мейірін ананың,

Көз жасын көрмей баланың.

Жеңілтек желіп жүретін,

Жетесізге таң қаламын.

 

Ана ма, ұрпақ қорлаған?

Баласын құс та  қорғаған.

Бөбегін әлпештемеген,

Ол нағыз, нағыз сорлы адам.

 

Әлгіндей бала әкесі,

Жоқ болғаны ғой жетесі.

Қарыз боп кетер мойнына,

Кешірілмейтін қатесі.

 

Ақ пейіл адал ана бар,

Ұрпағын шексіз аялар.

Асқар тау сынды әке бар,

Сезініп бөбек саялар.

Екеуіндей балаға

Кім ыстық, жақын бола алар?!

 

 

АҚ ҰЛПА

 

Кешегі жауған ақ мамық,

Кеткендей жерді мақта ғып.

Ұры жел соғып гулейді,

Ақ ұлпа қарды ақтарып.

 

Үскірік аяз басталып,

Ұлып тұр бөрі аш қалып.

Қалғиды келіп тауларда,

Төмендеп келіп ақша бұлт.

 

Қаһарлы қыстың ызғары,

Ауада суып, мұздады,

Ақ көрпені жамылып,

Боз жусан жатыр қырдағы.

 

Тоқтаған ағыс жылға да,

Үні жоқ құстың жырлаған.

Жұлдыздай ағып балалар

Биіктен шана зырлаған.

 

Жасалған мұздан сырғанақ,

Жүр балалар сырғанап.

Қызықтап қысқы ойынды,

Ойланып қарттар тұр қарап.

 

 

ЖАН ЖАРЫҒЫ

 

Таңдарым көп әлі менің атпаған,

Қонып жүр ме,  қонбай жүр ме бақ маған.

Тек жарықты, шұғыланы іздеймін,

Қараңғыдан,  қараулықтан сақтанам.

 

Жүрегімде шалқып жатыр асқақ ән,

Қазынам бар, халқым, саған ақтарам.

Күркіресе көңілімнің аспаны,

Жаңбыр-жыр боп төгілуге шақ қалам.

 

Кір іздемен үлпілдеген мақтадан,

Ақ әлемді қаралаудан сақтанам.

Кезген сайын ой-қиялдың әлемін,

Ғажайып бір суреттерге тап болам.

 

Тұлпар болмас ұлы дуда шаппаған,

Сұңқар болмас биік қанат қақпаған.

Біреу үшін өзімді сәл ұмытып

Еңбек етсем, сол үшін де мақтанам!

 

Жайлаубай ҚАЗИЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close