Ақиқаттың алдаспаны

Сынаптай сырғып өтіп жатқан өмір. Күні кеше ғана арамызда алшаң басып жүрген, жел соқса орман, жау шапса қорған болған Зекен Уалханұлы Әділбеков сынды асыл ағамыздың қара жердің қойнауына қоныс аударғанына да қырық күннің жүзі болып қалыпты.

Жорғаның қадірін желгенде білесің, жақсының қадірін өлгенде білесің. Алла қалаған пендесін өз нұрына бөлейді. Қазақтың қазыналы қариясы болу зор мәртебе. Шын мәнісінде Зекен Уалханұлы өте мағыналы ұзақ өмір сүрді. Туған халқы жаумен айқасса – ақберен найзасы, бейбіт еңбекке жұмылса – қолындағы құрыш балғасы бола білді. 1943 жылы өзі сұранып майданға аттанып, он сегізінде от кешіп, омырауын оққа тосып, фашистік басқын­шылармен айқасты. Карелия, Украина майдандарының сапында Венгрияға дейін жетіп, Балатон көлі маңындағы жан алып, жан беріскен қанды шайқаста ерекше ерлік көрсетті. Барлаушы Зекен әрдайым алдың­ғы шепте жүрді,  көбіне-көп жер бауырлап жылжитын аса ауыр міндетті атқарды. Жауынгерлік ерлігі үшін Бас қолбасшыдан алты мәрте алғыс мадақтау алды.

Зекен Уалханұлы ауыр жарақатынан айығып, 1945 жылғы желтоқсан айының аяғында туған топырағына оралды.Ол алғашқы еңбекжолын күзетшіліктен бастады. Асқан іскерлігі мен біліктілігінің арқасында басшылық қызметке дейін көтеріліп, Семей өңірінде қырық жылға жуық ірі-ірі шаруашылықтарға жетекшілік етті, оларды мыңғырған мал өсірген, егіс алқаптарынан мыңдаған тонна астық өндірген озаттар қатарына қосты, ел ризығын молықтырды, халық кәдесіне жаратты.

З.Әділбеков зейнетке шыққан соң да қол қусырып қарап отырған жоқ. Алма­тыға қоныс аударып, 17 жыл бойы – 90 жасқа дейін Алмалы аудандық Ардагерлер кеңесін басқарды.

Адамды адам түсіну – бір ғанибет. Зекеңмен аралас-құралас, інілес-ағалас, мақсаттас, сапарлас, сырлас-сыйлас болып көп жыл бедерінде бір мақсат, бір бағытта қызмет атқардық. Ол кісіден мол ғибрат алдық. Зекен Әділбеков – әділдіктің ақ семсері еді, қашанда қаймықпай ақиқаты­н айтып, дұрыс жолды меңзеуші еді.

– Бізді, қарттарды көп нәрсе толған­дырады, ұлтымыздың,тіліміздің болашағын ойлаймыз. Біз жасарымызды жасап, асарымызды асаған жандармыз. Сондықтан өзімізден гөрі соңымызда қалып бара жатқан жастардың болашағына алаңдай­мыз. Өзім сүйетін қазағым жақсы  өмір сүрсе екен, ешкімнен кем болмай, алдыңғы қатарлы өркениетті елдермен терезесін теңеп, иықтасса екен деп армандаймын, – деуші еді абзал аға. Біреу өмірден дірілдеп өтеді, біреу дүбірлеп өтеді. Зекең ақ сөйлеп, нық басып, жайнаған туы жығылмай ғұмыр кешкен тұлға. Жағымпаздыққа жаны қас, дауылпаз Зекен ағамыздың асыл арман­дары мүлтіксіз орындалсын. Өмірде тындырған толайым игі ісі, өшпес ізі, сындарлы сөзі, өскелең өрендері қалған Зекен Уалханұлының рухы шат болғай, алды пейіш, арты кеніш болғай.

 

Інісі  Хамит БІРЖАНОВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *