АҚИҚАТ АЙТЫЛҒАН ЖЕРДЕ ӨЗІҢДІ АДАМ СЕЗІНЕСІҢ

Жазайын деп жазбайсың

 

87Қали СӘРСЕНБАЙ

Таяуда үш сағатқа жуық болған бір жиыннан шаршап шықтым. Үш сағатта есте қалатын үш ауыз сөз айтылмады.

Салық Зиманов есіме түсті. Бұл кісі қай жерде сөйлейді, кездесу өткізеді десе, күйіп тұрған шаруаның өзін кейінге ысырып тастап баратын едім. Өйткені, оның аузынан шыққан сөз дуалы, айтылған дерек, дәйек құнды. Ондай жиынға бармай қалуды өмірбойғы өкінішке балауға болады.

Шешеннің аты – шешен, білімдінің аты – білімді. Тіпті, бір үйлену тойында бұл кісі махаббат туралы сөйлегенде алды бұлғақтай бастаған жастардың жым-жырт тыңдағанының да куәсі болған едік.

Бірде халық әртісі Сәбит Оразбаевтың «Осы бір кісіге оңаша кездесе алмай жүрмін. Салық Зимановты айтамын. Бұл бір заңғар адам. Жүріс-тұрысы, сөйлеу мәдениеті, шешендігі, өлшеусіз біліміне өмір бойы қайран қалумен келемін. Тыңдай бергің келеді. Шоқаннан кейінгі қазақтың билерінің ұстанымын ғылыми айналымға енгізген біртуар жандардың бірі еді ғой. Желтоқсандағы сөзін айтсайшы. Түбі бір айтармын-ау, бірақ, әзірге жүрегім дауалар емес» дегені бар еді. Өзі әлдеқашан тұлғаға айналған адамның тұлғаны асыра мойындауы қандай жарасымды.

Ал енді, қазір сол Зимановтай тұлға жоқ деуге болмас. Оған жетеғабыл білім, ақыл-ой иесі бола тұра, ойындағысын айтпай, жиналыстарға ермек үшін баратындары да бар ғой. Ал сол жиналысқа қатысатын білуге құмар адамдар солардың сөйлегенін қалап отыратыны да және рас.

Тағы бір жиын еске түсіп отыр. Асығыс едім. Жіпсіз байландым. Себебі, Амангелді Айталыны тыңдағым келді. Басқаларының не айтатынын шамалап отырмын. Тыңдадым. Баратын жеріме кешіккеніме еш өкінген жоқпын.

Айтпағым не? Қоғамдағы аса толғақты мәселелерді қозғайтын жиындарға осындай тұлғалар шетқақпай етілмей жиі қатысса, көп мәселе шешімін табар еді. Шешімін таппаса да елдің көкейіндегі сұраққа жауап беріліп, көңілі тыншыр еді. Ұлт, ел мүддесіне арналған жиынға шын мәніндегі ұлт қайраткерлері, үлкен интеллектуалдар («дежуршалдар» емес – А.Айталы) қатысуы керек. Сонда ғана ақиқат айтылып қалады.

Ақиқат айтылған жерде өзіңді адам сезінесің.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *