Ақиқатқа айналған тұлға

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Әлемдік саясат тақтасында мемлекет басшылары арасында халықтың сан ғасырлық арман-мүддесін заман ағымымен байланыстыра отырып, дәстүр жалғастығын жүзеге асырған тұлғалар өте сирек. Әйтсе де, ұлт есінде жақсы қырынан қалғанұлы тарихи тұлғалар да бар. Олардың кейбірі адамзат дамуының ортақ қайраткеріне айналған. Мысалы, Ресейде – Петр І, Түркияда – Ататүрік, Қытайда – Дэн Сяопин, Францияда – Шарль де Голль, Польшада–Лех Валенса, Чехияда – Васлав Гавель, Ұлыбританияда – Уинстон Черчилль, Сингапурда – Ли Куан Ю, Үндістанда – Ганди, Америкада – Вашингтон. Ал Қазақстанда – Тұңғыш Президент, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.

Дүние жүзінің ең үздік саясаткерлері мен сарапшылары XXІ ғасырдың ең күрделі проблемаларын шешу ісіне белсене араласып келе жатқан Қазақстанның Тұңғыш Президентін көреген қайраткер деп баға беруінің өзі Қазақстанды танығаны деп білеміз.

XXІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері сыртқы саясат арқылы ұлттық мүдделерді алға тасымалдауға және аймақтық әрі жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға біздің бәріміздің де ғаламдық дүние дамуының қазіргі жағдайына барынша ойлана қарауға шақырады.

Сыртқы саясат біздің мәңгілік ел болуымыздың басты әрі маңызды тетігі болумен бірге, басты кепілі. Қазақстан Президенті өз саясатында сыртқы саясатты жаңғыртудың негізгі басымдықтары ретінде аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту, мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім және басқа да салалардағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру, азаматтарды құқықтық қорғауды, олардың шет елдердегі жеке, отбасылық, іскерлік мүдделерін қорғауды күшейту мәселелерін алға тартып отыруы еліміздің сыртқы ортамен ынтымақта болуына үндейді.

«Саясаткер – бұл, ең алдымен, келесі жұмаға дейін аман қалу амалы» деген жазылмаған заңдылық бар. Ал дипломатия – бұл келешек жүзжылдықта да аман сақталудың ғаламат өнері. Қазақстан Президенті тәуелсіздігіміздің алғашқы елең-алаңында-ақ, халықаралық қауымдастықтың ықпалды қайраткері ретінде елімізді әлемге таныта білді. Саясат циркулярдан сеніммен өтісімен-ақ, енді «Саяси егемендікке қысым көрсетілмейді!» деп нық сеніммен мәлім етті. Оның бұл сенімі ақиқатқа айналды.

«Егер біз күшті болсақ, бізбен санасатын болады. Егер біз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалтып аламыз. Бүгін біз ең дұрыс таңдау жасауға тиіспіз», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі ғасыр сұранысымен де, дәуір талабымен де үндесіп жатты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кеңестік империяның құрсауынан енді босаған сәтте еліміздің басында енді қай бағытқа жол салу керек деген сұрақ тұрды. Елбасы сонда: «Күшіміз – жауапкершілікте. Бірлігіміз – әралуандықта. Еркіндігіміз – келісімде. Абыройымыз – игілікте. Қауіпсіздігіміз – ашықтықта. Тәуелсіздігіміз – серіктестікте. Болашағымыз – бүгінде» деген жеті тағылымға бой ұрды. Сол тарихи сәтте Мемлекет басшысы халқымыздың дүниетанымының түпкі мәнін тап басып, оның ең асыл қасиеттеріне салмақ салды.

«Дауы таусылмайтын елдің жауы да таусылмайды. Ал жаудың ең үлкені ынтымақ үшін ымыраға бара алмау» екенін күнілгері түсіне білді.

«Кіммен дос болу, кіммен жақындасу, кімнен өзіңді алысырақ ұстау – ұлтты сақтаудың кепілі». Қазақстан Президентінің бұл сөзінде тәуелсіздігіміздің ширек ғасырына қадам басқалы тұрған Қазақ елі аспанының тыныштығы жатыр.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі таңданарлық феноменнің негізін құрайды: оның барлық бастамалары мен ұсыныстары заманауи халықаралық қатынастардың ықпалды факторына айналды, жаһандық сипатқа ие болды. Елбасы адамзат тарихына бүкіләлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде мұндай құрметті мәртебе осы уақытқа дейін бірде-бір мемлекеттің басшысына берілмепті. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері – бірегей форумдар, олардың тікелей авторлығы әлем картасындағы жаңа мемлекеттің негізін қалаушы Қазақстан Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ғана тиесілі. Халықаралық қоғамдастық оның ТМД-ның бастауында тұрғанын, ШЫҰ құруға ауқымды үлес қосқанын жақсы біледі.

Президенттің мемлекет алдында үш ерекше еңбегі тарихта алтын әріптермен жазылып қалды.

Біріншісі – Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет етіп қайта құрғаны, оны тарих тұғырына қондырып, халықаралық қауымдастықтың қатарына қосқаны.

Екіншісі – Тәуелсіз мемлекеттің ресми астанасын көшіріп, Сарыарқадан жаңа мәнді қала тұрғызуы.

Үшіншісі – Семей атом полигонын өз Жарлығымен жауып, халықаралық қауымдастықты Қазақстаннан үлгі алуға шақыруы.

Нұрсұлтан Назарбаев – жаңа замандағы жаңа Қазақстанның егемен ел, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы мен орнығуының көшбасшысы, оны әлем танитын және құрметтейтін елге айналдыру жолындағы дара тұлға.

Қазақстан басшысының дипломатиядағы бітімгерлік миссиясы қашан да ізгі жалғасын тауып келеді. Украинаның оңтүстік шығысындағы қарулы қақтығыстың белсенді фазасын тоқтатқан «Минск-2» атанып кеткен Беларусь астанасында қазығын қаққан «Норманд төрттігіне» енген Ресей, Германия, Франция және Украина президенттерінің тарихи кездесуінен бұрын, Минск-1 кездесуіне дейін-ақ, Украинадағы қантөгісті бейбіт жолмен реттеу қадамына бел шеше кіріскен Қазақстан лидерінің үнқатуын әлемдік қоғамдастық сол кездің өзінде-ақ назарға алған болатын.

Халықаралық ауқымдағы тәжірибелі бітімгер Нұрсұлтан Назарбаевтың «Кез- келген соғыс ерте ме, кеш пе, бейбітшілікпен аяқталады» деген прагматизмге негізделген сөзінде бейбітшілікке балама жоқ деген ұғымды меңзейтін көрегендік жатыр.

Мұның дәлелін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, 2015 жылы Қазақстанға ресми сапармен келген Ұлыбритания премьер-министрі Кэмеронмен, Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландпен, Қытай төрағасы Ци Ципинмен, Малайзия премьер-министрі Разакпен маңызды келіссөздер өткізгені дәлел бола алады.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Украина президенттері В.Путин мен В.Порошенконың жеке кездесулерін Порошенконың Украина мемлекетінің басшысы лауазымына сайлануы мен кірісуінен кейінгі олардың алғашқы екіжақты кездесулерін ұйымдастыру қажеттігіне айрықша статус берді. Қазақстан көшбасшысының бұл саясаты белгілі бір мақсаттарда жүзеге асты. Минск кездесуі тарихи оқиғаға айналды. Осыған дейін өзара тиімді шешім қабылдау мүмкін еместей көрініп келген мәселелер алғаш рет жоғары деңгейде ашық түрде талқыға түсті. Минскіде қол жеткізілген уағдаластықтар украин шындығының «шексіз проблемалар теңізіндегі құтқарушы шеңберіне» айналды.

Қазақстан Президентінің діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық үнқатысудың өрістеуіне қосқан үлесі жалпыадамзаттық құндылықтар дүниесіне жатады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің бастамаларын жүзеге асыру ниетімен Қазақстан басшысының ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы 17 желтоқсандағы Қарарымен 2010 жылды «Мәдениеттердің жақындасуының халықаралық жылы» деп жариялануының өзі бүгінде елімізді түрткіл әлемге танытып отыр.

Съездің институттану үдерісі гуманитарлық сипат алуда. Осыған орай елімізде тұңғыш рет дін көшбасшыларының кеңесі құрылды. Мұндай қоғамдық институт әлемде жоқ. Оның құрамына дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енген. Съезд жұмысын үйлестіру, мәдениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуды ілгерілетуді көздейтін басқа да форумдар және халықаралық ұйымдармен әрекеттестік ынтымақты кеңейту қолға алынған.

Қазақстан әлемдегі дін және өркениетаралық үнқатысуды өрістетуге батыл кіріскен мемлекеттердің бірі болып табылады. Қазақстан Президентінің «Саяси реттеу сүрінген кезде, Құдай сөзі бітімгершілік пен үміттің жалғыз ғана құралы болып қалады. Адамгершіліктің аса жоғары үлгілеріне негізделген діни дәстүрлердің рөлі біздің қазіргі астаң-кестең әлемімізде өте жоғары маңызға ие» деуі оның асқан гуманист екенін тағы байқатады.

Діни жетекшілердің алғашқы съезінде, сөйлеген сөзінде Елбасы ғаламдық дін және өркениетаралық үнқатысудағы Қазақстанның орнын былай деп түсіндіріп өткен болатын: «Көптеген ғасырлар бойы Ұлы Далада тәңіршілдікті, зороастримизмді, буддизмді, христиандықты, иудаизмді, исламды және басқа діндерді ұстанған талай халық тату-тәтті тіршілік еткен. Бұл жер сонау бағзы заманнан қазіргі күнге дейін сауда және мәдени байланыстар арқылы Азия мен Еуропа арасын жалғап жатқан өзіндік бір өткел тәрізді. Ол бүгінгі күні де көптеген халық пен дін өкілдері үшін атақоныс». Бұл – Қазақ елін бүкіл әлемге танытудың келесі бір үлгісі еді.

Еліміз халықаралық аренада көріне бастаған кезде еліміз Президенті Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен ықпалдастығының маңызының зор екенін атап көрсетті. Осыған орай, Қазақстанның бастамасымен 2003 жылдың тамыз айында Алматы қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының дамушы елдер мәселелеріне арналған конференциясы ұйымдастырылды. 2005 жылы халықаралық терроризммен күресті күшейту мақсатында Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің контртеррорлық комитетінің отырысын өткізді. Қазақстан БҰҰ-ның ең маңызды мекемесінің бірі экономикалық және әлеуметтік кеңесіне қабылданды. 2006 жылдың қараша айында Бас Ассамблеяның пленарлық отырысында БҰҰ-на мүше 192 елдің 187-сі Қазақстанның жоғарыдағы ұйымға мүше болып енуін жақтап дауыс берді. Бұл ұйымға Қазақстан Орта Азия мемлекеттерінің арасында алғашқы болып қабылданды. Қазақстанда БҰҰ комиссияларының Орта Азияның мәселелерін шешуге арналған кең ауқымды мәжілістері де өтті.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ мінбесінде алғаш рет 1992 жылдың қазан айында Бас ассамблеясының 47-сессиясы кезінде сөз сөйлеуі Қазақстан үшін тарихи маңызы зор оқиға болды. Елбасы халықаралық дәрежедегі баяндамасында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті құру жөнінде ұсыныс білдірді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөйлеген сөзінде: «Әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселелер: терроризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де келеңсіз құбылыстар экономикалық дағдарыстың, кедейшіліктің, сауатсыздық пен жұмыссыздықтың салдарлары болып табылады», – деп басты мәселелерді атап көрсетті.

2015 жылғы 28 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70 жылдық мерекелік шарасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның бас мінберінен әлемге тұңғыш рет қазақ тілінде үн қатты. Елбасымыздың сөзі әлемдегі ең ірі саяси ұйымның ресми тілдеріне тікелей аударылып берілді. Бұл – ерекше мақтаныш ететін оқиға. Бұл күні – қазақ тілі үш мұхитты шарлап, әлемнің төрт құрлығына жетті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *