Ақ халатты, ақ пейілді абзал жандар

Алматыдағы Отан соғысының мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальдің де өзіндік тыныс-тіршілігі бар. Онда ем қабылдайтын науқастарға жақсы жағдай жасалған. Ұжымда еңбек етіп жүрген мамандар да білікті, абыройлы. Жуырда біз госпиталь директоры, медицина ғылымының докторы, профессор Дамир Абайділдаұлы Дәулетбаевпен жүздесіп, сұхбаттасқан болатынбыз.

– Дамир Абайділдаұлы, әңгімемізді дәстүрлі сауалдан бастасақ, дәрігер мамандығына қалай келдіңіз?

– Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым деп айта алмаймын. Өзім қос кемпірдің тәрбиесін көріп өскенмін. Оның бірі – әкемнің анасының анасы, ол кісі 13 перзент көтеріп, ашаршылық кезінде балалары шетінен өліп, екі баласын балалар үйіне тапсырып, кейіннен оларды да біржолата жоғалтып, қалған жалғыз қызының қолында болды. Ол кісіні менің атам анасы ретінде  қабыл алып, ал асыл әжетайым әкемнің бауырларын, немерелерін, олардан туған шөберелерді, яғни бізді де бағып, шөпшектің қолынан су ішіп бақилық болды. Алла алдынан жарылқасын!

Өзім ерке боп өстім. Кішкентайымнан әжем: «Менің ақ балам ақ халат киіп дәрігер болады», – деп отыратын. Кейіннен Медициналық институтқа түскенде, жауапкершілікті сезініп, осы мамандықты таңдауымның өзі Алланың бұйрығы ғой деп есептедім. Дәрігер мамандығы менің мінезіме, тұрмысыма, өмірлік көзқарастарыма сай келгендей болды. Ал негізі адамның барлық нәрсеге икемі бар. Мысалы, мен қандай мамандықты таңдасам да, қолымнан келетініне сенімдімін.

– Өзіңіз тізгінін ұстап отырған госпитальдің тыныс-тіршілігін  айта отырсаңыз?

– Қазақстанда мұндай госпиталь екеу ғана. Біреуі елордамызда, ол орталық госпиталь болып саналса, Алматыдағы Отан соғысы мүгедектеріне арналған республикалық госпиталь.  Бізде 90 төсек-орын. Нұр-Сұлтандағы госпиталь 70 орынды.

Кезінде Отан соғысы мүгедектерін оңалтып, емдеп, сауықтыру үшін салынған госпиталь ғой. Тамыры сонау 1943 жылы бастау алған. Алматыға «Ивако» госпиталі келеді, сөйтіп  бір мектептің ішіне төсек-орындарды орналастырып, науқастарды қабылдай бастайды. Соғыста ота жасау арқылы адам өмірін сақтап қалуды мақсат етсе, госпитальде,  мысалы, қолын, аяғын кескен жауынгерге протез дайындап, тағы да операция жасап, еңбекке жарамды етуге тырысады. Жан-жақты көмек көрсетіп отырған. Соғыста от пен оқтың ортасында, қан кеше жүріп, ота жасаған хирургтерді мен мықты хирургтер деп атап айтар едім. Сол уақыттан бастау алған Ресейдің ота жасау мектебі әлі де жалғасып, дамып келеді. Ол елде хирургияның атасы деп Пироговты айтады. Пирогов Николай Иванович – ұлы орыс хирургі, ірі ғалым, соғыс уақытындағы орыс хирургиясының негізін қалаушы, көрнекті қоғам қайраткері және педагогы саналады.

Уақыт өте келе соғыс ардагерлерінің қатары сирей бастағанда, ота жасау да азайды. Содан терапиялық емнің түрі басымдық алды.  Осы Алматыда таудың бөктерінде  120 орынды госпиталь болған. Кезінде сол жерде хирургиялық, ал мұнда терапиялық, неврологиялық бөлімшелер болған. Таудағы госпиталіміз осыдан 19 жыл бұрын, 1999-2000 жылдары қатты жер сілкінісі  болған кезде, ғимараты ортасынан бөлініп, қызмет етуге жарамсыз деп танылып,  комиссияның шешімімен жабылады. Содан бері тек терапия мен неврология бөлімшелері ғана жұмыс істеп келеді. Терапияда 60 орын, неврологияда 30 төсек-орын. Биыл госпитальдің жобалау құжаттары қаралып, қандай ғимарат болады, ол неше қабаттан тұрады, неше бөлімшесі болады, қандай медициналық құрал-жабдықтар керек, соның бәрін жобалайды. Қазір тендер бөліп жатыр.  Осы айдың аяғына дейін аяқталуы тиіс.  Егер қол қойылса,  келесі жылдың шілдесінде  ме екен, экспертизалық тексеруден өтсе, тамыз – қыркүйекте құрылыс жұмысы басталады. Келесі жылға жеті жарым миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Ұлттық Экономика министрлігі Денсаулық министрлігінің ұсынысын қабылдап, алдағы жылға қаражатты қарастырып жатыр. Тек қана сол жобаның дер кезінде тендерін өткізсе, оны өткізетін Қаржы министрлігі.  Сонымен келісім-шартқа отырсақ, он жылдап шешімін таппаған мәселе шешілер еді. Жоба бойынша  екі жылда салынуы тиіс. 2022 жылы, әрі кетсе 2023 жылы жаңа госпитальге көшеміз. Бұл госпитальде бұрынғы хирургиялық бөлім болмайды. Онда оңалту орталықтары болады. Мысалы, кардиореабилитация, нейрореабилитация, травмореабилитация секілді басқа да бөлімшелер ашылады. Енді дәл бүгінгі күні госпитальге қарайтын халықтың санына келетін болсақ,  бізде 800 мыңға жуық науқастың емделуге құқысы бар. Осы госпитальге тіркелген бір облыстың халқы деп есептеуге болады. Олар кімдер? Олардың 1300-і соғыс ардагерлері, жасы 92-ден асқан жылына 30-35 ардагер емделіп шығады.  Сонымен қатар, бес мыңға жуық Ауған соғысының ардагерлері, одан кейін Чернобыль апатынан зардап шеккен азаматтар кіреді. Кезінде 30 мыңға жуық болып еді, қазір  бес-ақ мыңы қалды. 700-750 мыңға жуығы Семей аймағының тұрғындары, олар радиациядан зардап шеккендер. Ал олардың ең бірінші ауруы – қан тамыры аурулары. Екіншісі  – эндокриндік, үшіншісі – буын аурулары. Осының бәрін ескеріп, сол жаңа ғимаратта  16 орталық ашылады деп отырмыз. Қазіргі мына сіз бен біз отырған госпиталь де жұмыс істейтін болады.

– Облыстарда филиалдарыңыз бар ма?

– Иә, Қарағандыда, Өскеменде, Алматыда, тағы басқа да облыстық ауруханаларда филиалдарымыз бар. Ал біз республика көлемінде қызмет көрсетеміз. Алматыдағы нөмірі бірінші клиникалық ауруханасында 25 орынды оңалту бөлімі бар. Алыс аймақтан келетін ардагерлерге әр елді мекеннің облыстық мәслихаты көмектесіп, жол-пұлын көтереді, арнайы қаражат бөледі.

– Науқастар жылына неше рет ем алады?

– Жылына бір рет немесе сырқатының түріне қарай жылына екі рет ем ала алады. Жалпы, жылына үш мыңға жуық  науқасты емдейміз. Болашақта жоғарғы госпиталь ашылса, бес мыңға жуық адамға көмек көрсете аламыз.

– Бүгінгі таңда іргелі госпитальді басқарып отырсыз. Бұрынғыша «алтын скальпельмен» ота жасап, халыққа көмек көрсетуді сағынасыз ба? 

– Қазір қоғам өзгеріп, талаптар да өзгеріп жатыр. Жекеменшік орталықтар да шақыруда. Осыдан бір жыл бұрын Алматы Онкология орталығында қызмет істегенімде, сол ауруханада 18 отаның түрін енгізген едік. Соның малоинвазивтік ота түрінің  9-ын Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырғандардың бірімін. Дәл қазірдің өзінде «бізге келіңіз, ота жасап, көмектесіңіз» деушілер көп. Бірақ госпитальде де қыруар жұмыс бар. Бұл – біріншіден. Екіншіден, фармация талабы өзгерді деген мәселе бойынша, басшы – басшы, дәрігер – дәрігер болуы керек. Егер ота жасап көмектесемін десем, онда мына жұмысты тастауыма тура келеді. Біздің кезімізде бәрі басқаша еді. Қалай дегенмен де хирург бір адамның өмірін сақтап қалса, басшы мыңдаған адамның өмірін сақтайды. Себебі, сен бәріне жауаптысың. Кеңес одағы кезінде көп басшы сол аурухананы басқара жүріп, ота жасай беретін. Дәл қазір елімізде сондай басшы хирургтерден бір-екеуі ғана қалды. Біздер кеткеннен кейін  ондай басшы қалмайтын да шығар. Негізінде, ота жасайтындар ота жасау керек. Басшы басшылық қызметін атқаруы тиіс. Біз Батыс Еуропаның, батыстың үлгісін енгізіп жатырмыз. Менеджмент дейді, басқару жүйесі дейміз. Оның бәрі дұрыс та шығар. Бірақ  біздің менталитетімізге, халықтың көзқарасына батыстың үлгісі келе қоймайды. Біз солардың стандарттарын елімізге алып келеміз  де, былай айтқанда,  тәрбиемізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді ескермейміз. Анау елде солай екен дейміз де, бірақ ол елдің табиғатының, адамдарының ойлау жүйесінің бөлек екенін, тұрмысының басқаша екенін ескермейміз. Бір қарапайым ғана мысал, Қытай, Кореяның костюмін  қазақ кисе не қолы, не балағы қысқа болады. Не болмаса сыймайды. Сол себепті өзге елдің мәдениетінен бастап бәрін тықпалай беру дұрыс емес деген ойдамын.

– Емдеу ісінде жаңалықтарыңыз болса, бөлісе отырсаңыз.

– Бүгінгі күні сүлікпен емдеуді енгіздік. Бір маманымыз арамен емдеу тәсілін үйренуде. Қан тазалайтын аппаратымзды қостық. Оңалту ісінде мануалды терапияны қостық. Йога тәсілін қолданып жүрміз. Бізде бассейн бар. Әсіресе, жүйке жүйесі зақымдалған жандарға бассейннің көмегі орасан. Айта берсек, жаңалықтарымыз өте көп.

– Кадр мәселесі қалай шешімін тауып отыр?

– Кадр тапшы боп тұр. Өкінішке орай, бұл госпитальде мұндай мәселе бар. Оның себебі, біздің науқастардың  жүйкесі жұқарған,  соғыс, қан көргендер жандармен жұмыс істеуге тура келеді. Ол кісілермен жылы сөйлесіп, көңілдерінің кілтін таба білу керек.  Ондай жандармен жұмыс істеу оңай емес. Бірақ бұрыннан келе жатқан тәжірибелі дәрігерлер, мейірбикелер жылда келіп ем алатын науқастармен туысқандай боп кеткен. Ал жаңадан келгендер, әсіресе, жастар мұндай ауыр салмақты көтере алмайды. Келеді де кетіп қалады.  Бірақ соңғы келген жастарымыз жақсы, тәрбиелеп жатырмыз.  Былтыр онға жуық, биыл жеті жас маманды жұмысқа алдық. Оларды қабылдар кезде сынақ мерзімінде сынап, сөйлесіп, конкурс арқылы алып жатырмыз. Кезінде жалақы да төмен болды, қазір екі жыл болды, айлықты көтеріп, қосымша ынталандыру мақсатында ақша қостық айлықтарына. Бүгінде республикалық, қалалық  мекемелердегі айлықпен теңестірдік, олардан кем емес.

– Ем алушылар неше мезгіл тамақтанады?

– Мұнда бес мезгіл тамақтанады.  Сағат 11.00-де таңғы астың жалғасын береміз. Көпшілігінде ем-шаралардың көптігінен үлгермейтін болғандықтан, өздерінің өтініші бойынша сол асты түстен кейін беріп жүрміз, сағат 16.00-де. Ал асқазан, қант диабетімен ауыратындарға міндетті түрде сағат 11.00- де тамақ береміз.

Госпитальдің материалдық жағдайы туралы да айта кетсеңіз?

– Тозып кеткен, сол себепті Министрлікке барлық талап-тілегімізді түсіндіріп, жаздық. Бізді Министрлік қолдап жатыр. Алла бұйыртса, келесі жылы құрал-жабдықтар алып береді. Ал 2022 жылы жаңа ғимаратқа заман талабына сай, оңалтуға қажетті барлық жабдықты  аламыз деп отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан – Шұғыла ОЛЖАС.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *