«АҚ БОЗ ҮЙ»

Президент оқып, баға берген кітап

 

111«Роман-трилогия «Одинокая юрта» Смагула Елубаева есть безусловный нацио­нальный шедевр, казахский «Тихий Дон».

 Олег ОСЕТИНСКИЙ,

писатель, сценарист.

Москва.

 

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі 

«Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп Жұбан ақын күңірене, күрсіне жырлағандай, бұл қазақтың басынан небір қиямет-қайым заман өткен. Арғысы – моңғол-татар мен жоңғар, бергісі – ақ патшалардың отарлау шапқыншылығына, одан бергі қанды қылыш Қызыл империяның талап-тонауына түскен, кешегі Ұлы Отан соғысында қасқой жаумен арыстандай арпалысып, ажал сепкен тажал танкісін жалаңаш кеудесімен тіреп тоқтатқан бұл қазақ. Айта берсе, тозақ отына күймеген қазақ жоқ. Сондай зорлық-зомбылық, қайғы-қасірет, зобалаң апат әкелген заманды бастан кешірген кезде де дұшпанға бас имей, сағы сынбай елдігін, байтақ даласын сақтап қалған да осы көкбөрі қазақ!

Елбасы ұлтымыздың бастан кешірген сан ғасырлық тарихын шындықтан ауытқымай жүйелеп жазуды тарихшыларға әрдайым айтып келеді. Қазақтың шын тарихы, әсіресе, болашақ жастарға ауадай қажет. Қазіргі жас буын өкілдерінің көбісі, арғысын былай қойғанда, жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы халық «теке сақал» атап кеткен Голощекиннің жасамақ болған «Кіші революциясының» халыққа қандай алапат апат әкелгенін, қырғынға, шұбырындыға ұшыратқанын, бір бастағы екі көзді бір-біріне жау қылып, әкені баласына, баласын әкесіне қарсы айдап салған сұрқия саясаттың жантүр­шігерлік зардаптарын, оның шын тарихын анық біле бермейді. Өйткені, бұл туралы тарихшылардың қадау-қадау мақала зерттеулері, кинокадрлардағы кейбір көріністер болмаса, бір жүйеге келтіріліп, толыққанды ақпарат беретін кітаптар болмады. Смағұл Елубай осы олқылықтардың орнын толтырған бірден-бір жазушы десек, көп қателесе қоймаспыз.

С.Елубай өзінің «Ақ боз үй» роман-трилогиясында өткен ғасырдың басы мен орта тұсына дейінгі қазақ ұлты көрген құқайды бажайлап, терең зерттеп, өткір де тұщым­ды тілмен баяндап берген (бұл роман «Одинокая юрта» деген атпен орыс тілінде де жарық көрді). Жазушы оты­зыншы жылдардағы «ақтаңдақтар», «қарадақтар» мил­лион­даған жазықсыз жандардың аштан қырылып, қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңінің, Ұлы Отан соғы­сы­ның зардаптары, одан бергі тұралау, тоқырау заманы тари­хының кең ауқымды панорамасын жасай білген.

Романды оқып отырғанда халықтың «Елім-айлап» зар жылағанын, күңіренген үнін естігендей боласыз. Аштан бұралып қырылып жатқан бала-шаға, шал-кемпір, жазықсыз қиянат көрген ер азаматтың тартқан жан азабы тап кинодағыдай көз алдыңызға келіп, төбе құйқаңыз шымырлайды. Зілбатпан салмақ түскен жүрегіңіз төс сүйегіңізді тесіп шығардай тепкіленіп, бұлқынады. Халыққа қасірет әкелген қатыгез заманға екі қолыңды теріс жайып, қарғыс айтқың келеді.

Трилогияның тілі өте шұрайлы, оқиғалар өткір де соны тілмен суреттеледі. Жазушы НКВД бастығы Жекей Түнғатаровтың, аудандық прокурор Сұранышевтың, тергеуші Құлбергеннің, талай адамды жала жауып аттырған, айдатқан арамза арызқой Ждақай мен Жорға Күреңнің бетпердесін сыпырып, олардың шын жауыздық бейнесін естен кетпестей етіп аша білген. Оларға деген зығырданың қайнап, қолыңа түссе жүндей түткің келіп кетеді. Шеге, Хансұлу, Үміт, Едіге, Сырға, Пахраддин, Гринин тағдырларын оқығанда күрсіністен көкірегің қарс айрылып, жүрегің қан жылайды, көзіңе жас келеді. Роман кейіпкерлерінің тағдыры мен оқиғалар қарапайым оқушыға осылай әсер етеді.

Жазушы адамның жандүниесіндегі құбылыстар мен арпалыстарды, табиғат көріністерін бояуын қанықтыра шынайы суреттейді. Роман, сөз жоқ, шебер де, уытты тілмен жазылған. Әр сөйлемі, әр сөзі болат шегемен қаққандай, түртпектеп сын айтайын десең, орнынан қозғай алмайсың, міз бақпайды!

Мәскеуден келген төтенше өкіл НКВД бастығы Сұржекейді қыспаққа алып: «…немене, анау Рысқұлов, Құлымбетов, Сәкен Сейфуллин, мынау Гринин жалғыз емес!.. немене, сенің ауданыңда Грининнен басқа бірде-бір халық жауы жоқ па? Неге Мәскеуде бар, Ленинградта бар, Алматыда бар, ал сенің ауданыңда жоқ?» деп зікір салады. Смағұл жазған шындықтың бейнесі осы. Осы көріністен-ақ жас оқырман сталиндік сұрқия саясаттың қандай болғанын түсіне қояды. Жау жоқ болса, оны қолдан жасау керек. Адам-адамға жау, олар бірін-бірі аяусыз жеп қоюы керек. Сол кездегі саясаттың түп-төркіні осы.

Жазушы Қиқымбай қисықтың аузымен мынандай әңгі­ме айтқызды. «…жақында Гәлөшөкін Сталинге барыпты, мына ми далада аңдай өрген көшпенді халықты кәллектипке кіргізе алмай шашым ағарды деп… Сталин бір тауықты ауланың ішіне жіберіп, «ал ұста» депті Гәлә­шө­кинге. Гәләшөкин олай қуып, былай қуып, тауықты ұстай алмапты. Күн суық екен. Сталин тауықтың жүнін жұлды­рып, аула ішіне қайта жіберген екен, жүні жұлынған тауық Гәләшөкинге өзі келіп тығылыпты. «Қазақты қолға ұстаудың тәсілін енді түсіндің бе?» депті Сталин. «Түсіндім» депті Голощекин.

Бұл да мірдің оғындай нысанаға дәл атылған сөз. Сөй­тіп, жазушы жауыз, қанішер деп, немесе ата-бабасынан бері «құлатып» балағаттамай-ақ Сталин мен Голощекиннің бейнесін, сол кездегі саясаттың шындығын осындай қысқа эпизодпен қолмен қойғандай ашып береді.

Қазақта «Біреуге семсер сілтеген сол семсерден өледі» деген сөз бар. Бүкіл бір халықты қанды қасапқа, шұбырындыға ұшыратқан Голощекиннің өзі кейін «халық жауы» атанып атылды. Сол «теке сақал» ақ патшаның отбасын, тіпті, жас қыздары мен мүгедек баласын аямай атуға қатысыпты. Артында ұрпақ та қалмапты. Қазақ айтқан: «ақыры, тақыр болды» деген осы.

С.Елубайдың өзіне ғана тән ой-жүйесі, пәлсапасы, оқиғаны жеріне жеткізе баяндау тәсілі бар. Шеберлігіне ден қоясың. Роман сонысымен құнды, сонысымен күшті. Әр бетін оқыған сайын жазушының шын талантын таны­ғандай боласың, келесі бетті ашуға асығасың. Өйткені, ол өмір шындығын Абыздай тап басып айтып отыр.

Кезінде академик жазушы, ұлы ұстаз Зейнолла Қабдо­лов кітапқа және оның авторына былай деп баға берген болатын: «Талантқа ең керегі екі нәрсе: еңбек және батыл­дық. Смағұл Елубаевта осының екеуі де түгел тұтас… Смағұл аз жылдар ішінде үш роман жазды. Бұлар – күн демей, түн демей, ұзақ сарылған үлкен еңбектің жемістері. Ал батылдыққа келсек, үш роман да («Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние») қаламгердің қайсар батылдығынан, керек десеңіз, тіпті, батырлығынан туған. Алғашқы екі шығарма кеңес кезіндегі қазақ атаулыны шыбынша қырып кеткен аштыққа, қуғын-сүргінге, ату-асуға арналған. Тоталитаризм тұсында бұл тақырыпқа бару біздің жазушылардың ішінде, жас та болса, тек Смағұлдың ғана қолынан келді.

Н.Г.Чернышевский жазушыдан оның шығарма­ла­рын­да суреттелген өмір құбылыстарына «үкім шығару­ды» талап еткен, «Жалған дүниеде» сол талап бұлжымай орындалған. Бұл – кешегі өткен қатыгез жүйеге шығарыл­ған қатал үкім».

Бұдан артық не айтуға, қалай айтуға болады? Ғұла­ма­ның өзі Смағұлдың қатыгез жүйеге қатал үкім шығарғанын ашық айтып отыр, мойындап отыр. Тіпті, ол Смағұлдың осындай батылдығын іштей мақтан етіп отырғандай. Жамандыққа жаны қас, жақсылыққа жас балаша қуанатын, адал жүректі академик бір кездері: «Ғабит Мүсіреповті мақтамау керек, Ғабит Мүсіреповпен мақтану керек» деген болатын. Трилогияға берген бағасында «Смағұл Елубаймен мақтану керек» дегісі келіп тұрған сияқты көрінеді.

С.Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы хақында оқырмандар тарапынан жақсы пікірлер айтылып келеді. Бір басқосуда белгілі қаламгер, драматург Баққожа Мұқаи: «Мен Смағұлдан мұндай «қатыгездікті» күтпеген едім. Ол Қобыландының қайратындай алапат күшпен бір-ақ ұрып Сталин тіккен қан сасыған «қара үйдің» шаңы­рағын ортасына түсірді-ау» деп әзілдеп еді. Қоғам қайрат­кері, ғалым Мұрат Әуезов: «Смағұл отызыншы жылдар­дағы зобалаң заманның ащы шындығын қанын шығара жырлаған бірегей жазушы» десе, халық әртісі, һәм өзі де бірнеше кітаптың авторы Асанәлі Әшімұлы кітаптың тұсаукесер жиынында: «Смағұлдың бұл романы «Абай жолы», «Ақжайық», «Қан мен тер» романдары сияқты нағыз классика» деп баға берген болатын.

Жақында теледидарға берген сұхбатында ПЭН клуб президенті Бигелді Ғабдуллин мырза бір топ көрнекті қазақ қаламгерлері – Әбдіжәмил Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов шығармаларымен қатар Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романының ағылшын тіліне аударылып жатқанын жеткізді. Бұл да Смағұл шығармасының салмағын, маңызын, халыққа қанша­лықты қажет екендігін аңғартса керек.

Жаңа жыл қарсаңында Президент Нұрсұлтан Назар­баев еліміздің жетекші телеарналары журналистерімен кездесіп сұхбат берді. Сол кездесуде «Президент мырза, соңғы кездері қандай әдеби шығармалар оқыдыңыз?» деген сұраққа Елбасы: «Мен көбіне экономика, саясат туралы кітаптарды оқимын. Әдеби шығармаларды оқуға уақыт бола бермейді. Әйтсе де, соңғы оқығаным Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы. Халықтың отызыншы жылдардағы тартқан азабы, аштық, қайғы-қасірет туралы шебер жазылған кітап маған қатты ұнады», — деп жауап берді, бағасын да берді.

Бұл Смағұлдың «Ақ боз үйі» Президенттің кітап сөресінде тұр деген сөз. Шындығын айтар болсақ, бұл — кез келген жазушының басына қона бермейтін бақ.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» роман-трилогиясын отызыншы, қырқыншы жылдардағы бастан кешкен халық траге­диясының энциклопедиясы деуге болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *