Ағаш ексең, артыңда iзiң қалады

Жуырда Алматы облысының жастары мен «Гүлстан» журналы, «Гүлзар» қоғамдық бiрлестiгi бас қосып, онда олар барша Қазақстан жұртшылығына көктемгi дәстүрлi ағаш егу кезiнде әр ауылдық округте 20 мың ағаш егудi бастама етiп көтерiп, үндеу жариялаған едi. 

Әрине, бұл өте игi iс. Өйткенi, ауаның ластануы, түрлi аурудың пайда болуы, адам өмiрiнiң қысқаруы, ауа райының ауытқуы, экологияның бұзылуы секiлдi келеңсiздiктердi болдырмау үшiн бәрiмiз жұмыла жұмыс iстеуiмiз қажет. Сондықтан да осындай бастама көтерген «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаеваның бұл ниетi қолдауға әбден тұрады. Дегенмен, ағаш отырғызуға жауапкершiлiкпен қараған жөн.

Менiң маман ретiнде айтарым, ағашты екпей тұрып ол жердiң ауа райын, топырағын, суын зерттеп, жерсiнiп кететiн ағаш-бұталы өсiмдiктердi таңдай бiлу керек. Сосын, оның жасын, биiктiгiн, тамырын тексерiп, қазып алу, тасымалдау, отырғызу барысына маманды қатыстырған жөн. Себебi, ағаш отырғыздың болды, өзiнен-өзi өсiп-өнедi деген пiкiр қате. Бұл ретте отырғызылған ағашты 2 жыл бойы суарып, түбiн қопсытып, арам шөптен тазартып, түбi ылғалды болу үшiн ағаш үгiндiсiн, шымтезек төсеу арқылы нәрлi заттармен қоректендiрiп отырған жөн. Әйтпесе, отырғызылған ағаштың қурап қалуы әбден мүмкiн.

Сөз соңында айтарым, әркiм жұмыс iстейтiн жерiне, үйiнiң айналасына ағаш отырғыза берсе, жерiмiз көкорай шалғынға айналады. Әсiресе, артына iз қалдырамын деген қалталы азаматтарға «Ауылыңа ағаш егiп, саябақ орнат. Сонда ана «Баум тоғайы» секiлдi артында атың қалады» дегiм келедi.

Бағила Жылысбайқызы,

«Қазақ орман шаруашылығы» ҒЗИ-ның жетекшi ғылыми қызметкерi, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *