АҚАН СЕРІ ҚОРАМСАҰЛЫ

Ермек Зәңгіров

Ақан сері Ақжігіт Қорамсаұлы – (1843 ж., бұрынғы Көкшетау облысы, Үлкен Қоскөлдің маңы – 1913 ж., сонда) – ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі – Қорамса, анасының есімі – Жаңыл. Ақан сері жас кезінен өнерімен көзге түсіп, кейін ақындық, әншілік өнері кемелденген соң аты алашқа мәлім сері атанған. Әуелі ауылда, содан соң, Қызылжар қаласындағы Уәли (Ахметуәли) деген молдадан хат таныған. 16-17 жасынан өнер жолына түскен.
Тарих сахнасына Алашорда үкіметін алып келген жалпы ұлттық күрестің басында ұлт зиялылары тұрды. Олардың ортақ түсінігі бойынша отарлық езгі мен феодалдық мешеулік жағдайында аяқ асты болған ұлттық мүддені қорғап, қазақ елін өркениетті елдер қатарына алып шыға алатын жол – ұлттық мемлекеттік құрылымның болуы еді. Бұл құрылымның басында ұлт қайраткерлері мен бірге ақын-жазушылар және сал серілер мен жыршы-термешілер де болды. Алып ақындардың соңына қалдырған ізі де алып. Өресі биік,өрісі кең талант иесінің туындылары философиялық ойға, терең танымға, әуезді ырғаққа құрылып, сөз өнерінің құдіреті арқылы көркемдік кеңістіктің нұрлы қабатын тудырады. Халқына киелі өнердің биік деңгейіндегі шығармалар сыйлаған сондай ақын, сал серінің бірі – Ақан сері болды.
Ақаңның азан шақырып қойған есімі – Ақжігіт. Ол – 1843 жылы Көкшетау қаласынан 70 шақырым қашықтықта Қоскөл деген жерде дүниеге келген. Ақаңның әкесі Қорамса өз ортасына белгілі бай, саудамен мал жинаған дәулетті адам болыпты. Бұл өлкедегі алғашқы қолына мыс-мыс ақша ұстаған адам да өзі болыпты. Ақаң 13 жасқа келгенше Бұқарадан оқып келген Күнту деген ауыл молдасынан дәріс алады. Табиғатынан зерек ол молдамен бір шартқа келісі алмай, тура кетіп, оқуын тастап кетіпті. Осыдан соң, Ақаң ол тұстағы ұғымға жаттау көрінетін сал серілікке түсіпті.
Кейін оған жүріс-тұрысына сай, «сері» деген ат беріледі. Бұл атақ негізсіз берілмейді. «Сал сері деп – сегіз қырлы, яғни ақын, әнші, күйші, композитор, ойыншы, күлдіргіш, би, спортқа бейімі ерекше өнерпазды айтады. Олар – халық мәдениетінің көрнекті қайраткерлері. «Сал» және «сері» – тектес, төркіндес, кіндіктес ұғымдар. Профессор Есмағанбет Ысмайлов «сері» сөзі араб халқының «сейір» немесе «серуен», «сайран салу» дегенінен туындаған десе, «сал» ұғымын «салдарту», «салтанат» сөздерінен іздейді. Е. Тұрсыновтың пікірінше, «сері» – көне түрік тіліндегі «черік» сөзінен алынып, «әскер», «қол» деген мағынаны береді. Демек, «сері» сөзінің негізгі мағынасы «жасақ құрамындағы жауынгер», «жасақшы», «жорықтағы серік» дегенді танытады»-депті филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов. «Ақындық мұрасы – сыршылдық пен сыншылдықтан өріліп туған саф таза поэзия», «Аңыз адам» журналы. 17-бет. 2., 2014 жыл.
Ұлт игілігі үшін өмір сүретін зиялылардың рухы, ұлт ісіне келгенде қоғамның қай саласында болмасын өзіне тиесілі істерді атқаруда, ақиқат жолында ізденуге белсенділік, тіпті, ұлт тағдырының шындығына келгенде халық игілігіне қызмет етуге құлшыныс танытып тұратыны ақиқат. Олардың рухани жолда халық мүддесіне адал қызмет етуі кейінгі ұрпақ үшін аға ұрпақ буын өкілдерінің тарих алдында барлық рухани-әлеуметтік дамудың негіздеріне айналған құндылықтарды жарыққа шығарып, тарихтағы орны мен қызметін белгілеп, орнықтырып, сақтауында жатыр.
Рухани құндылықтарды игеру мақсатында ғасырлар бойы зиялы адамдардың, яғни, қабілет иелерінің даналыққа, ғылымға қызмет етуі, тарихтағы аға ұрпақ буын өкілдерінің рухани қызметі белгілі бір мұрат бағытындағы халықты тұлғаландыру ісінің басы. Зиялылық қашанда тұлғалар қызметіне тиесілі құндылықтар дүниесі.
Адамның ішкі дүниесінен шығып отыратын қасиеттердің өзгермейтін табиғаты жөнінде билеріміздің тарихта айтып кеткен мынадай тұжырымы бар: «Жақсының серігі – ақыл, қанағат, әдеп, төзім, сабыр, үміт, татулық, бірлік». Даналықтың қызметіне рухына назар аударар болсақ, идея адамның тәжірибесіне арқау болатын феномендердің бірі. Идея ұғымына адам тағдыры, ұлт мүддесі, ұрпақ игілігі тұрғысынан қарау, алдымен адам болмысының рухани қалыптасуындағы жоғарғы мәнге ие қасиеттердің рухын салмақтай түспек. Осы реттен алғанда Ақан серінің бүткіл болмысы біздің жоғарыдағы сұранысымызға жауап береді.
Ұлт пен жеке адамның тұлғалану болмысын зерттеудің ғылыми принципі бір. Ол ұлттық сана мен ойлаудың табиғатын, мүмкіндіктерін анықтауда, сол арқылы тұлғаланудың феноменін зерттеу, ерекшілігін ажырата білуден тұрады. Ұлттың тарихын, оның тұлғалық құндылықтарын зерттеуде қазақтың тарихи мұраларының құндылығы, тарихи шындықты жеткізетін адамның санасы мен танымын, рухын айқындап, көрсетіп және сақтап отыруында жатыр.
Әдебиетке келген әрбір қаламгердің оған дейінгі жасалынған әдеби мұраға зер салатыны анық. Ақаң шығармашылығы туралы алғашқы талдау жасаған адам ақын Мағжан Жұмабаев. Ақын қазақ әдебиетін арнайы зерттемесе де,оның жекелеген өкілдері туралы өз ойларын білдіріп отырған. Ақынның «Ақанның өмірі», «Ақан сері сөздері» атты екі бөлімнен тұратын «Ақан сері» атты көлемді мақаласы әдебиет зерттеушілері үшін таптырмас еңбек.
«Ұшы қиыры жоқ, сары дариядай Сарыарқаның ортасында аралдай көгерген Көкшетау, Абылайдың ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау алаштың ақындығының да ордасындай жер еді» (Мағжан Жұмабаев. Шығармалары. А., 1989, 315-бет)-деген жолдармен басталған «Ақан сері» мақаласының бастауынан-ақ, Мағжанның ақындық, азаматтық бет-бағдары айқындығын байқайсың.
Мағжан аңызға айналған Ақанның өмірбаянымен таныстыруды ғана мақсат етпеген, жұрт түсіне бермейтін «жұмбақ өмірдің» сырын ашуды негізгі бағдарға ұстаған. (Дандай Ысқақұлы. «Ақиқат»., «Мағжанның әдеби эстетикасы», 52- бет. 4. 2018.
Ақан сері туған халқының дәрменсіз халін көріп, өрт- жалынның ортасында қалған елін құтқаруға үндеген адамның жанайқайы болып басталып, бара-бара сол үшін бар ғұмырын сарп еткен үлкен мұратқа айналды. Отаршылдықтың ауыр езгісіне түскен халқының аянышты халі, өз жерінен айырылып босқынға айнала бастаған жағдай, желкелеген отбасылардың алдан үміт күтпес тіршілігі Ақан сері өнеріне айналып, содан құтылудың жолын іздеген ұлттық идеяға айналған.
Ақаң өз өмірін, шығарма арқауын, заманның бұлай бұзылуын ел тағдырымен, ұлттың болашағымен, қазақтың халық ретінде құрып кету қаупімен байланыстыра қарайды. Осы пәленің бастауында қазақтың халық ретінде құрып кетуін мақсат тұтқан үстем таптар билігі тұрғанын халыққа түсіндіруден ұлы жырау жалықпайды. Бар ғұмырын туған халқының қайталанбас болмыс-бітімін сақтауға арнап, елінің жоғын жоқтағаны үшін көзінің тірісінде үстем тапты жақтағандар оған қырсықты қабақ танытса, өлгеннен кейін де, кешегі кеңес заманында есімі қуғынға ұшырап, кітаптарын белсенділер өртеп, бірер шумақ жырын жатқа айтқан талай азамат Сібірге айдалды. Ақаң олардың азапты жолын құшпаса да, бір басына жетерлік қиыншылықты басынан өткерген кездері болды.
Өткен ғасырдағы отаршыл империя өзінің түпкі мақсатына жету үшін қарамағындағы халықтарды құлдық психологияның құрсауындағы рухсыз ұлтқа айналдыруға бағытталған идеология қалыптастыруға барын салды. Ол, адамзатты түп-тамырынан ажырататын, табиғатынан жатсындыратын, озық үлгісінен жерітетін және өзіне күдікпен қарайтын секемшіл, басқаға бас шұлғи беретін кіріптар ететін идеология болғаны белгілі. Бүгінгі қоғамдағы ескінің елесінен, біреудің көлеңкесінен қорқатын, өз ұлтының қадір-қасиетін танып білмеген, ұлттық рухтан ада, құлдық психология құрсауындағы теориялық қағидаттағы ұстанымдар сол идеологияның салдары. Адамгершілік асыл қасиеттерден ада, ұлттық рухы әлсіз, рухани кедей адамдардың жемқорлықпен тапқан материалдық байлықтары, олардың өз қолдарымен жасайтын күнәларының себепшісі болса, оның салдары өз келешегі мен ұрпағының тағдыры, яғни, жазылмышы болып жалғасады. Ақаңның елдің ендігі беталысы туралы ойлары, ұсыныстары оның өлеңдерінің, пайымының астарында жатыр. Оның мақсаты – барынша қазақы дүниетанымды сақтау болды. Қазақы дүниетанымды сақтау – қазақты халық ретінде сақтап, өзінің ерекше жолы мен келер заманға бейімделуде жатыр. Сол себептен де, Ақаңның абыздай сарнаған жырлары халықтың бойына сіңімді болды, қазақы дүниетанымы сақталған үлкендер оның ой-пайымын жақсы түсінді. Ақаңның жырлары ауыздан-ауызға тарап, қазақ баласының санасын биледі. Қазақ баласының жүрегін Ақаң жырау сөздерінің ерекше билегенін Алаштың ардақты азаматы, күндеушіліктің құрбаны болғаны анық. Қазақ халқы үшін қашан да екі нәрсе қасиетті, әрі бағалы болып есептелген. Олар ел мен жер. Қазақ ұғымында ел мен жерге қатар қызмет еткен, оны бойындағы бар мүмкіндігімен көркейтуге ұмтылған адамның, ұрпақтың бағасын уақыт берді. Ел дегеніміз халықтың, ұрпақтың өсіп, өнуі, тәрбиеленетін ортасы, яғни, мемлекеті. Ата-мекен жер бұл мемлекеттің, ұлттың, халықтың табан тірейтін дүниесі, өмірін жалғайтын негізгі мұра. Ел мен жердің рухын ұрпақ санасында біріктіретін күш – ұлттық идея, ұлттық руханият. Мұны айтып отырған себебіміз, тарихтан белгілі ұрпақтың таңдайтын екі жолы бар. Ол – біріншіден, заман өткелінде уақыты өткенімен қасиеті мен мәні жоғалмайтын дүниелерді таңдау жолы, мұны мәдениет дейміз. Екіншісі, заман ағымымен ілесе отырып, өзіне қолайлы жақсы тұрмысты жасау жолы, мұны өркениет, өркениет жолы дейміз. Мәдениет болмаса, өркениеттің адамзат, ел өмірінде тұрақтауы мүмкін емес. Ұлттық мәдениетсіз өркениетті коғам дағдарысқа айналатыны анық. Қазақ туған даласының табиғатымен бірге өсіп-өнген халық. Тамылжыған жаздың масайраған қызығына ғана емес, иен даланың көрінбес бұрқасынына да сүйсіне білген халық. Сол далаға деп сүйіспеншілігі де ерен күш, қуат берген. Онда оның бабаларының мүрдесі жатыр. Ұлы даладан қымбат қазақ үшін ештеңе жоқ. Сол сүйіспеншілік Ақаңның жырларында толып жатыр.
Ақаң тегі, тәлімі жақсыдан қыз алып, ата-бабаның ізгілікті қасиетін сақтап, өркендететін ұрпағын ойлаған адамның арманы осылай болса керек-ті. Бірақ өмірде адам ойлағанының бәрі бірдей бола берген бе?!
Ақаң өмірінде бес рет үйленген. Алайда ақын олардың бәрімен тату тұра бермеген. Ақан серінің бірінші әйелі Жұман қызы Бәтимадан туған жалғыз ұлы – Ыбан (Ыбырайым) тілсіз, мылқау болған. Оған Ақан сері өз бетінше жазу-сызу үйреткен. Бәтима өлген соң, аз күн отасқан әйелі Тінәліқызы Ұрқияға Ақан сері «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деген өлеңін арнаған. Ақан серінің тірідей айырылған сүйген қызы – Ақтоқты. Бұл – аты аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі Ақан сері шығармаларынан кең орын алған. «Ақ көйлек», «Аужар», Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың», «Ж-ға» – Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары.
Ақаң шығармалары XIX ғасырда халық арасына ең көп тараған, елдің ой- санасын билеген, рухани күшке айналған. Қызыл империя заманында қазақ баласын өзге пиғылды идеологияға жығу үшін Ақаң ақын арқылы исі қазақтың қанына сіңген қазақы идеологияны құрту қажет болды. Өзге пиғылды шапан жамылған шовинистер Ақаңның әр сөзіне тыйым салды. Оның бірер шумақ өлеңін еске алғаны үшін елді қатты жазалады.
Қазақ халқының басына кұрып кету қасіреті төніп, жер-суын тартып алып, өзенге малын суаруға келген қазақты қолында мылтығы барлар аңша қуып шықты. Олардың осы сұрқия ісіне ақын уытты өлең-жырларымен қарсы шықты. Жалғыздың аты шықпас деген. Осы бір бас біріктірер кезде жалғыз қалған Ақаң халқының өн-бойына сіңіп қалған жағымпаздық пен жетесіздікке ол талай налыды. Адамгершілік сипатының жоқтығына өкінген кездері, дүниеден бәз кешіп кеткісі келген сәттері талай болған. Ал бұл мәдени дамуымызды тездететін тура жол еді.
Мәдениеттің субектісі – ұлт, халық, ел, ұрпақ, жеке адам. Ақын өмір сүрген кезең адамдар арасындағы, адам мен қоғам және қоғаммен табиғат арасындағы қатынастарда табиғат заңдылықтарымен санаспайтын әдеп-мәдениетінен тысқары үрдістер орын алған алашапқын тарихы айқындалмаған тұс болатын. Ол кезде адамдар табиғатпен және бір-бірімен гармониялық келісімде өмір сүрген жағдайда ғана қоғамда үйлесім болып, жасампаздыққа қол жеткізетіндігі ескерілмеді. Бүкіл тіршілік иесінің жер-ана, уақыт пен кеңістіктің мінсіз үйлескен, табиғат заңдылығының шеңберіндегі жұмақ мекен орнатуға тарихи даму мұрша бермеді. Осы жұмақ мекенге адам қолымен жасалған қиянаттардан эхо жүйе тепе-теңдігі өрескел бұзылып, оның салдарынан заманақыр алғы шарттары мен өркениеттер қақтығысының жаңа сипаттары көріне бастады. Міне, мұның бәрі адамзат қоғамын рухани дағдарысқа тіреген факторларға әкеп соқтырды.
Ақаң бұл іске өз басының қамы үшін емес, ұлтының қараңғы, надан қалпын ойлап араласты. Ол ұлттың тарихи және философиялық зердесін оятып, рухын көтеру арқылы ғана бодандықтан құтылуға, болатынын білді. Сондықтан ол ұлт зиялыларын топтастыруды көздеп, ортақ мұрат – надандық бұғауынан жаншылған халқын құлдықтан құтқару, өркениетті ел қатарына қосуға үндеді. Ақаң осы мұратты жүзеге асыру жолдарын іздеп, халықтың ұлттық намысы мен ұлттық рухын көтеру қажеттігін сезініп, өршіл жырларын арнады.
XX ғасыр басындағы зиялылар – қазақ халқының рухани ояна бастаған тұсында қоғамдық аренаға шығып, оның ұлт-азаттық жолындағы күресінің алғашқы дем берушілері, өткен ғасырдың от-жалынын көріп, одан шыңдалып өсіп шыққандар еді. Оларды ХІХ ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Ресейдегі революциялық күрес идеялары, 1905 жылғы орыс революциясының алғашқы дүмпуі мен қазақ қоғамының сол кездегі тарихи жағдайлары туғызды. Олар алғашқы орыс революциясы берген әлеуметтік және саяси жеңілдіктерді пайдаланып, қазақ халқын феодалдық-патриархалдық шенеуніктен алып шығуға, патшаның отаршылдық құлдығынан құтқаруға, оларға өнер-білім, ғылым жолын, өз алдына дербес ел болу жолын көрсетуге ұмтылды.
Қазақтың басын қосып, жеке ұлттық мемлекет жасаймыз деп бел байлағанда, ұлт бойындағы қайталана бермейтін болмыс, асқақ рух, бай тарих Алашорда қайраткерлерінің қиялына қанат бітіріп, жігерлендіре түсті. Бүгінгі республиканың дербестік, егемендік алу идеялары, ұлттық тіл мен әдебиеті, дәстүрлерімізді дамыту жөніндегі ойлары сол кездегі ұлт зиялылары айтып кеткен.
Ақаңның шығармаларын бес бағытқа бөліп қарастыруға болады. Олар: ғашықтық, айтыс және мақтан, қайғы, сопылық және сықақ өлеңдер. Осылардың сықақтан басқасы Ақаң өмірінің дәуірлік кезеңіне байланған. Сықақ өлеңдер Ақаңның сүйегіне сіңісті болып кеткен көңіліне жақын жанры. Ол өзіне ұнамаған жәйттерді сықақпен мінеп тастап отырған. Оның айтыс және мақтан өлеңдері туралы мәнді зерттеу жүргізілмеген. Қайғы туралы өлеңдеріне келсек, оның жан жарасы бүтінделмеген қазақ қайғысынан бөле жарып алуға болмайды. Ол қайғы – қазақ тұрмысының болымсыз қайғысы. Қазақ даласына қарашекпенділердің жан-жақтан құжынап келіп жатқаны да оның өміріне үлкен қайғы салған. Ұлт арбасының киелі жолын кәпірлердің аяғының ізі жасырмасын деген қайғы да оның жан азабы болғаны анық. Ал сопылық дүниетанымында оның жан-дүниесінің сипаты бөлек.
Құлагердің мерт болуы (80-жылдардың ортасы) да егде тартқан Ақан серінің өмірі мен шығармашылығында естен таңдырар суық оқиға болды. Керей Сағынайдың асындағы аламан бәйгеде Құлагер кісі қолынан мерт болады. Бұл сол кезеңдегі екінің бірінің басында болатын қайғы да болатын. Бірақ Ақаңа батқаны қазақтың тірлігі тұрмақ, өлігін құрмет тұтпағаны еді.
Өмір соққысын көрген Ақан сері енді: «Жақсылықтан жамандық асып кетті, Бой бағып тұру артық келсе шамаң», — дейді. Ел аралауды сиретіп, бойын бағуды ойлайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп, өсек таратады. Бірақ Ақан сері өмірден де, өнерден де қол үзбейді. Өнері арқылы жан-жарасын жалап емдейді.
Халықтың арасында «Құлагерді өлтірткен Батыраш пен Қотыраш» деген түрлі пікірлер қалыптасып, ол ұзақ уақыттар бойы қоғамды жайлап алды. Сөйтіп ол (Батыраш пен Қотыраш) қоғамдық ортада сөз тіркесіне айналып кетті. Оны атақты ақынымыз Мағжан Жұмабаев та кезінде айтқан. Бірде Сағынайдың асы өтерде екі ауыл арасында келіспеушілік болып, асқа Ақаңның ауылынан ешкім бармайтын болып шешіледі. Оған Ақан серінің де бармауы керек деген ұйғарым жасалады. Осыдан соң белгілі батырлар Батыраш пен Қотыраш Ақан серіні арнайы шақырып, «келгің келсе, атыңды біздің рудың атынан қосасың» деп өктемдік көрсетеді. Ақаңның оған көнбесі мәлім еді. Бұл күштеу қырық рулы елге мәлім болады. Осыдан соң ел арасында Ақаңның әйгілі атын «Батыраш пен Қотыраш өлтірді»-деп қауесет таратып жібереді. Сол тұста бәйге аттарын баптап жүретін бір белгісіз адам жүреді. Үнемі бәйге атын жетектеп жүретін оған Ақаң ас кезінде:– Атыңды неге жетекке аласың, бәйге әділ өтуі керек!- ғой деп, қолындағы қамшымен сабалап жіберіпті. Оған шыдамаған ол: – «Әй, Ақан сері, сені де мен бір күні қан жылатармын»- деп ауыр кек сақтап қалыпты. Сол кекпен ол қапыда Құлагерді мерт етеді. Құлагерге қастандық жасауға орта жолдан адам жалдайды. Қосабада күтіп тұрған жауыздар ақырында Құлагердің басын айбалтамен шауып түсіреді. Жалпы, Құлагердің өлімі туралы түрлі әңгімелер бар. Сол тұста Ақан серіге халық басу айтады. Қайғыға бас ұрған Ақан сері сол күндері зарын төгіп, Құлагерінің басында бір күн, бір түн отырыпты деседі. Ақтаңгерінің басын кесіп алып, матаға орап, еліне алып барып, қу басты ағаштың бұтағына іліп, бар ғұмырын Құлагерін жоқтап өтіпті. Осылайша адамдардың бірін-бірі көре алмауы, пендешілігі, сана-сезімінің төмендігі салдарынан үш жүзге аты әйгілі Құлагер мерт болады. Осыдан соң Ақаң өмірде адалдықтың, шынайы тазалықтың, әділеттіліктің жоқтығын сезінеді. Әйгілі «Құлагердің» өлімі туралы қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы бар.
Тағдырдан қатты соққы алған Ақаң айықпас дертке душар болады. Діннен пана іздеп одан да жанына дәру болар пана таба алмайды. Жападан жалғыз уайым-қайғы жеп, басын тауға да ұрады, тасқа да ұрады. Өмірі түрлі қауесеттің ошағына айналады. Біреулер Ақан жұнырып кетіпті десе, енді бірі оны перімен үндес, табақтас екен деп күйдіреді. Оның жүріс-тұрысын аңдушылар да болады. Осыдан соң, орыстың қыздарымен көңіл қосыпты деушілер шығады. Трагедия үстіне трагедия жалғасып, Ақан жайлап отырған Сарыкөлді орыс мұжықтары тартып алады. Жер дауы үлкен қақтығыстарға дейін алып барады. Сөйтіп ол шау тартқан кезінде әйелсіз, атсыз, жерсіз қалады.
Өмірде ешнәрсе сұраусыз қалмайды. Түбі ертең әркім өзінің тіршілікте істеген әрекетіне жауап береді. Құлагерді өлтірген сол адам бертін келе ар азабымен қаза табады. Ақиқатты ақтығымен бірге алып кеткісі келмеген ол өткен ғасырда өлерінің алдында өзінің Құлагерді әдейі өлтіргенін мойындапты. «Ақан серінің атын өлтірген мен едім. Соның сазайын тарттым, өмір бойы жар құшып, бала сүйе алмадым. Қарғыс атты, мүгедек күйімде өліп барамын»-депті.
Ақан серінің көптеген әндері бізге рухани мұра болып, ол ұлттық құндылыққа айналды. Оның көптеген әндерін Александр Затаевич, Мұқан Төлебаев жазып қалдырды. Әндерінің көбісі жарыққа шыққан. Мысалы, «Құлагер», «Ақан ақын», «Ақтоқты», «Ақтоқтының зары», «Ақтоқтының аужары» әндері халық арасында көп таралған.
Ұлтымыздың маңдайына біткен дарын иесі Ақан сері – өз заманындағы өнерпаздардың ішіндегі өмірі мен өнері, мінез-бітімі бөлек ерекше тұлға. Аумалы-төкпелі заманға тап келсе де қадірі кемімеген ақын мұрасы бүгінде алмастай жарқырап, баға жетпес құндылыққа айналып отыр.
Ақан алпыстан асқан кезде қазақ даласында қарашекпендердің келіп жатқанын айқын көріп, жақсы жерінен айрылған соң, елдің кедей болғандығын, елдің алды қараңғы екендігін жырлай бастайды. Әсіресе, қарашекпенділер Ақанның ата мекені Қоскөлдің желкесіндегі Сарыкөлге қол салғанда, Ақан ылғи жүректен шығатын жырларымен қазақтың жерін жоқтай бастайды. Ақаңның соңғы өмірі жырмен жер жоқтауға, Сарыкөлді іздеуге жұмсалған деуге болады. Бірақ қанша ізденсе де, Көкшетау мен Қоскөлдің арасын жүре-жүре жол қылса да, Сарыкөлді өзіне қалдыра алмаған, Сарыкөлге мұжық ізі түскеннен соң, Ақаң 50 шақырым жердегі Сасықкөлдегі бір күйеуіне көшіп барады. Сол күйеуінің қолында алты алашқа аты шыққан Ақан сері сұлу жырларымен, зарлы әндерін шығарып, ауыр сырқаттан жетпіс жасында, 1913 жылы дүниеден қайтады. Сөйтіп, аласұрған ұшқыр жан, шарқ ұрған жүрек, жабайы жұртқа ұғымсыз, жат мінезді ірі жүрек, сұлулық іздеп, өмір бойы от болып заулап жанған жүрек мәңгі мұзға айналады.
Адам мен ғалам қашанда біртұтас. Он сегіз мың ғаламда бір мезетте түрлі тосын құбылулар орын алады. Сол сияқты бір сәтте талай адамның тағдырында толқынысты да, қорқынышты да кезеңдер болып жатады. Ал адам ойындағы сана жете бермейтін түпсіз тұңғиық, шексіз шыңырау бәрібір ғаламнан бөлініп кете алмайды. Алайда жер де, жалпы, ғалам да жалғыз. Адам да солай. Жерден басқа әлемде тіршілік жоқ, бірақ жер бетінде қаншама адам болса, соншама тіршілік бар. Ой әрқилы, сана әрқалай, таным әртүрлі. Алайда өлең жазу, әңгіме жазу, жалпы шығарма кейіптеу дегеніміздің өзі – адам жанын тыныштандыра алмайды. Мұның жолында адам ұлы азап шегеді. Ақан осы жолда көп азап шегеді, қиналыс табады.
Тарих бетінде адам танымы арқылы сақталып отыратын көне дәуір тұлғаларының рухани таңбасының бойында тұлғалықтың бейнесін бейнелейтін даналықтың белгілері мол. Адам баласының рухани қалыптасу жолындағы рухын сомдап, даналығынын, жасампаз іс-әрекетінің құбылысын зерттеу, түрлі тарихи уақыт ішіндегі түрлі әлеуметтік құбылыстардан сүрінбей өтіп, ел өмірінен қайта табылып, ұлт топырағын бойына сіңіріп, ұрпақ бойында сақталып отыратын ұлттық идеяның табиғатын көрсетеді. Мәдениет, соның ішінде ұлттық мәдениет, ұлттық идеяның өнімі болып табылады.
Ақаңның эпистолярлық мұрасы мен шығармаларының текстолологиясы – зерттелмей жатқан тың дүниесі, күрделі мәселе. Оның ақындық-әншілік мұрасы – қазақы рухтағы құйылып тұрған таза поэзия. Ақаң туындыларындағы адам мен әлемнің біртұтастық идеясы өзіндік ерекше бағдармен айрықшаланады. Оның ішінде, табиғатқа, туған жерімен біте қайнасу идеялары көне дәуірдің рухы немесе мистикалық бағдарда емес, шынайыланған және философиялық ой-таныммен келіп сабақтасатын бүгінгі күні де өзінің маңыздылығын жоймаған идеялар болып табылады.
Ақан серінің тұлғалық қасиеті белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтің атақты «Ақан сері» роман-диологиясында жазылған. Онда Ақан серінің күрескер, қоғам қайраткері, өнер иесі – әнші, ақын ретіндегі іс-қимылы, жүріп өткен жолы, адамдық, азаматтық қасиеті жан-жақты көркем суреттелген. Одан басқа «Ақан сері» деректі фильмі мен «Құлагер» көркем фильмі түсірілген. Ақан сері туралы шығармалардың ішіндегі шоқтығы биік шығарма – «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы. Жазушы-академик Ғабит Мүсірепов жазған «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасының премьерасы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында 1942 жылдың 10 наурызында қойылды. Бостандық пен әділет, махаббат пен өнер еркіндігі үшін күресті суреттейтін «Ақын сері – Ақтоқты» трагедиясы 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде көрсетілуі үшін «Ақын трагедиясы» деген атпен қайта қойылды. «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын бұдан кейін еліміздің барлық театрлары сахналады.
Ақан серінің портреттік бейнесі бізге қалай жеткен? Ақаңның суретін бізге жеткізген академик Әлкей Марғұлан. Белгілі ғалым 1970 жылы Ленинград қаласына барған сапарында мұрағаттан Ақаңның суретін тауып әкеледі. Ол суретте жалғыз Ақаң ғана емес, қазақ даласынан барған бірнеше аға сұлтандар да бар болып шығады. Олардың барлығын кезінде патша шақыртқан екен. Түсірілген сурет сол кездің ескерткіші болып шығады. Әлкей Марғұлан ол суретті «Лениншіл жас» газетіне бастырады.
Елімізде Ақан серіге орнатылған ескерткіштер баршылық. Олардың қатарында Ақаңның көзі тірісінде тұрмыс-салтына жаратқан материалдық құндылықтар да бар. Мәселең, Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының Ақан сері ауылындағы Ақан сері құдығы өте ғажайып ескі ескерткіш болып саналады. Сондай-ақ, осы ауылдағы ақынның құмай тазы жетектеген Құлагердің үстіндегі ескерткіші де сұлу ескерткіш. Саумалкөл ауылында Ақаңа арналған мүсін бар. Ал Көкшетау қаласындағы Құлагерге арналған ескерткіш сұлулық символы десе де болғандай. Құлагерге арналған мұндай ескерткіш Нұр сұлтан – Көкшетау тас жолында да сомдалған. Бұдан басқа Көкшетау қаласында Ақан серіге арналған монументальды ескерткіш те бар. Халық суретшісі Әбілхан Қастеев салған сурет ақынға арналған алғашқы суреттердің бірі.
Ақан өнерде жалғыз болмаған. Сол тұстағы оның замандастарынан Жаяу Мұса (1835 –1929), Балуан Шолақ (1864 –1919), Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858 – 1931), Иманжүсіп Құтпанұлы (1863 – 1929), үкілі Ыбырай Сандыбайұлылар ( 1860 – 1930) үнемі қолдап отырған.
Ақынның өлеңдерін бізге жеткізушілер де аз болмаған. Олардың қатарында халқымызға белгілі ірі қайраткерлер де бар. Мәселен, олардың қатарында Майра Уәлиқызын (1861 – 1927), Әміре Қашаубаев (1888 – 1934), Бейімбет Майлин ( 1894 – 1938), Қаныш Сәтбаевтарды (1899 – 1964) айтуға болады.
Ақынның әндерін Қазақстанның халық әншілері Жүсіпбек Елебеков, Қайрат Байбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әншілері Майра Мұхамедқызы, Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әншілер Қажыбек Бекбосынов, Ерлан Рысқали, өнертанушы-әнші Ерлан Төлеутайлар насихаттап, айтып жүр. Сондай-ақ, эстрадалық сахналарында «Жігіттер тобы», «Денар тобы» да орындайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Ақан сері Қорамсаұлы. Шығармалары. Алматы, «Қазақстан» 2013.
«Аңыз адам» журналы. 2 қаңтар 2014.
Кәкімбек Салықов «Ақан сері». Астана., «Фолиант», 2008.
Айгүл Байбек «Өз басына түскен сезім нәубетін аса тереңдікпен суреттей білген сезімтал лирик әнші». «Аңыз адам»., 2. 2014. 38-бет.
Ілияс Жансүгіров «Құлагер». Алматы, «Атамұра», 2003.
Сәкен Жүнісов. «Ақан сері» 1-2 том.
Мағжан Жұмабаев. Шығармалар жинағы. 3-том. Алматы, «Жазушы», 2002.
«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. 1-том. Алматы, «Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы» 1998.
Ғабит Мүсірепов. Драмалық шығармалар. Алматы, «Өнер» 1982.
Дандай Ысқақұлы. «Мағжанның әдеби эстетикасы». «Ақиқат». 4. 2018. 52-бет.
Сәкен Сейфуллин. «Таңдамалы өлеңдер».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *