АҒАЙЫН АРАСЫ

Әнуарбек Әуелбек

 

Қымбат қазына

Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ.

Ата-бабаларымыз алты айшылық жол­дың азабын кешіп өтуге тура келсе де ағайынның арасындағы барыс-келістің жібін үзбейтін. Қазір мына уақыттан озған заманда алты ай жүретін қашықтық та қалмады. Сол жолды қазір ары кетсе алты сағатта аттап өтуге болады. Оның қасында мына тұрған Сырдың бойы қырдың арғы басындай ғана жерде тұр емес пе? Белгілі ақын Иран-Ғайып ағасының Қызылордаға достарының тойына кешке ұшақпен ұшып барып, таңертең жұмысына қайта үлгеріп келіп жүретінін жұрт аңыз етіп айтушы еді. Ол әңгіменің шет жағасын Гүлфайруз да естіген.

Қызылорданың 200 жылдығына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бауыры арнайы шақырғанмен, батасын алған ұстазы Манап Көкеновтің 90 жылдық тойы аталып өтіп жатқанда, кейінгі кезде Сырда өтіп жатқан одан да өзге шараларға Алматыны алыс­сынғандары ма, әлде басқа себеп бар ма, облыс бас­шы­лығы тарапынан Берікке хабар тимегенін көңіліне алды.

– Оның несіне таң қаласың, көзден кеткен соң көңілден де кетесің! Өздері абыр-сабыр болып кімге айтып, кімге хабар жеткізбегендерінен жаңылып қалған шығар, – деді Берік Гүлфайрузға. – Мен ренжу­­дің орнына сенің өкпелегенің қызық болды ғой.

Екі иығына екі кісі мінгендей, зор денелі Берік тепсе темір үзетіндей көрінгенмен, ішкі дүниесі дүлейліктен аулақ екенін әйелі білмегенде, кім білсін. Рас, кейде мінезі сәл кедірлеу шығар, бірақ жалғандығы жоқ, кесіп айтатын бір сөзді, түлкібұлаң айлаға салмай, айтқан жерде басы қалатын іскер азамат. Алайда, істегенін ешқашан, ешкімге міндет етіп көрген емес. «Е, бопты», –  дейді де қояды. Оның жанында Гүлфай­руздың көңілінде тыным жоқ. Сыртқа білдірмесе де, ет пен сүйектен жаралған адам ғой, Берік бәрін ішінде тұншықтыр­ғандай көреді. Егер шынымен көңілде кірбің қалып қойса, күйеуінің денсаулы­ғына кесірі тие ме деп қиналады.

Әйел емес пе, кейде осының бәрін іштей ой елегінен өткізіп отырады. Міне, Берікті Қызылордаға облыстық Мәдениет басқар­масына басшылық қызметке шақырған күндер ойына оралды.

Берік Алматыда, Қазақ радиосында жұмыс істеп жүрген кезде қолындағы жиған-терген қолжазба­ларды, әнші, жыр­шы, күйшілердің шығармаларын шашау шығармай, ел игілігіне берудің жолын таппай, көп қиналып жүрді. Қызылорда облысын басқарып тұрған талай әкімге хат та жазды. Бәрі айналып келіп қаржыға тіреледі, оған қоса жеке қорында екі мың сағаттай дыбыс жазбасы жиналып қалып еді. Үйде отырғанда соларды ары-бері ақ­тарып, ретке келтіріп, Гүлфайрузға «Кезеңі келген күні мұның да бір кезегі келер» деп қойғанымен, іштей осы жұмыстарды жарыққа шығаруға қатты асығып жүрді. Алайда, мына Сыр бойына қатысты қымбат қазынаны халықпен қауыштыра­тын қолдаушы табыла қоймады.

Күйеуінің табанынан тозып, ел аралап, жұрт жағалап жүріп жинаған материал­дары ғылым үшін де, халыққа да үлкен олжа саларын және бұл тас­палар кейінгі орындаушылар үйреніп, халық алдында айтуға таптырмас ұстаздың қызметін атқаратынын Гүлфайруз жақсы түсінді. Тіпті, өзі білетін, қолдау білдіреді-ау деген кісілердің атын атап, Берікке ой салып та көрді. Көп айта бермесе де, Гүлфайруздың жатса-тұрса іштей тілейтіні осы болды. Ақыры бір күні Құдай оңдап, аруақ қолдап, Сырдан шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Қаһарман Баба­ғұловтың назары түсті. Осы жолы асыл аға көңілін бұрып қана қоймады, кәдімгідей қолдау көрсетті.

Олар Берік екеуі көлікпен елге қарай жиі жолға шығып тұратын. Жеткізіп болмайтын сондай ұзақ сапарлардың барысында Берік қолындағы үнтаспа­ларды жыршылық ортада өскен көкірегі ояу ағасына там-тұмдап тыңдатып отыратын. Ал Қаһарман болса, бала күнінде талайы­ның дауысын өз құлағымен тыңдап өскен сүлейлердің баға жетпес сырлы саз­дарына еліте түсетін. Сөйтіп жүріп ол 2008 жылы Берік­тің «Сыр сүлейін сұрасаң» деген музы­калық антологиясын, ізінше Балқы Базар мен Тұрмағамбет Ізтілеуов шығарма­ларының толық ғылыми басылы­мын жинақ етіп шығаруға демеушілік жасады. Марқұм Қаһарман Бабағұловтың сол кездегі қол көмегі ғана емес, тіл көмегі де Берікке ерекше қанат бітірді. Оның бәрін күйеуінің күнделікті көңіл-күй ауанынан аңғарып жүретін Гүлфайруз төбесі көкке жеткендей қуанды.

– Ең үлкен әрі негізгі шаруаларымның бірі бітіп, мойнымнан ауыр жүк түскендей болды, аға! – деп Берік ризашылығын айтып, шын жүректен ыстық ықыласын білдірген болатын. Сондағы Қаһарман ағасының:

– Шырағым, желбірегеннің бәрі жаға емес, үл­кен кісінің бәрі аға емес. Сен жасы үлкеннің бәрін «аға» дей береді екенсің. Олай емес, шын ағалығы бар, ағалыққа жарайтындар ғана аға, – деп, әзіл-шы­ны аралас болса да, ішкі ойын айтып, істің бағытын көрсетіп отыратыны күні кеше ғана сияқты еді. Оның ағалық қамқорлығы, мейірбан жүзі көз алдында.

Гүлфайруз Қаһарман ағасы ойына түскен сайын «Жаны жәннатта болсын!» деп ішінен дұға жасап қояды. Берік әсіредіншіл адам болмаға­нымен, ата салтын берік ұстайтын, әр күнін дұғамен бастап, дастархан басында Құран бағыш­тап отыратын иман мен ынсап иесі. Беріктің арғы бабалары сопылар әулетінен болса, Гүлфайруздың бабалары шетінен ишан болған. Олардың жатқан жерлерінің өзі осы күнге дейін ел барып түнеп, Алладан тілек тілеп қайтатын қасиетті орынға айналған. Әр бейсенбіде «иіс» шығарып, шелпек таратып, жұма күндері бала­ларын дастархан басына жиып Құран бағыштап, сонау Шыңғысұлы Жақайым атасынан бері тартып, әулеттен өткен марқұмдарға қоса күні кеше ғана қатар жүрген Қаһарман Бабағұлов, Таласбек Әсемқұлов, Ерік Көкеев, Өтеғұл Ермағамбет сияқты ағаларына, Кенжемұрат бауырына арнайы дұға жасап отырады.

Иә, несін айтасыз, бұл отбасында олардың әрқайсысының өзіндік орны бар еді…

 

Әр күн қуанышқа ұласқан кез

Жақсының шарапаты тиетіні рас.

2008 жылдың маусым айының шамасы ма екен, Болатбек Қуандықов Қызылорда облысына әкім болып барды. Оның бірінші орынбасарлығына Мадияр Алдоңғаров тағайындалды. Өздері де Сыр елінде қатар өскен азаматтар ғой, бірден Берікті Мә­дениет басқармасының бастығы қызметіне шақыр­ды. Ғылым саласындағы жұмыстарын, атқарып жатқан шаруаларын жақсы білетін кісі­лер ғой. Гүлфайруз бұған мың да бір шүкіршілік айтып, Беріктің елге барып еңбек етуіне қуана келісті. Әрине, басшылық қызметке барғаны өз алдына, Гүлфайруз Беріктің қолға алған ғылыми, шығармашылық жұмыс­тарының айы оңынан туатынына қуанды. Күйеуінің бар ойы өнер мен мәдениет саласындағы бастаған істерін нәтижелі жүзеге асыру екенін жақсы білді.

Шынында, Гүлфайруздың күткеніндей болды. Облыс басшыларының қолдауымен Берік арман­ға айналып жүрген «Қайталанбас дауыстар» анто­логиясын шығарды. Сыр өңіріндегі ақын, жазушы, суретшілердің еңбектерін кітап етіп бастырып, халыққа ұсына бастады. Сөйтіп, көптеген рухани мұра ел игілігіне берілді, Сыр мәдениетінің қазаны бұрқ-сарқ етіп қайнай бастады. Облыс басшысы мен оның орынбасары Мадияр Алдиярұлының тікелей қолдауымен Беріктің бастамалары жүзеге асып, қала орталығынан «Сыр сүлейін сұрасаң» атты үлкен ал­лея ашылды. Бұл қазір халық көп жиналатын үлкен мәдени орынға айналып отыр. Аллея тақта­сына жазылған әдеби мәтіндердің бәрін Берік өз қолымен дайындап берді, Сержан Нәметшаның авторлығын­дағы бір ұшы найза, келесі басы қаламсап бейне­сіндегі ескерткішті ғылыми негіздеп шықты. Жер­гілікті биліктің қол­дауымен бес жыл бойы тынымсыз жүріп осындай үлкен жұмыстар бітіргенін, оның әрқайсысында Беріктің қолтаңбасы бар екенін Гүл­файруз айрық­ша мақтаныш көрді. Осы кезең Берікке ғана емес, Гүлфайруздың өзіне де қанат біткендей еді.

«Жылқы мен жылқы кісінескенше, адам мен адам түсініскенше» деген сөз бар емес пе. Жерлес аға­сы Мадияр Алдоңғаров Берік інісінің ішкі дүниесін, ой-жоспарларын бір адамдай-ақ білетін. Әуелде қызметке шақырған да осы кісі еді. Елге барған соң қызмет бабымен ғана емес, ағалы-інілі азаматтар өте жақын араласып тұрды. Оның әке-шешесі Жалағаш ауданының Аққұм ауылында тұратын. Бұрындары Мадиярды Берік жақсы танығанымен, жақын араласа бермеуші еді. Беріктің орындауында ерекше естілетін Лена Әбдіхалықова құрдасының «Сыр елі» әніне бейнебаян жасағанда оған осы Мадияр ағасының әке-шешесі мен өзінің кіші ұлы, алты жастағы Нұрсаятты түсірді. Туынды өте сәтті шықты. Содан бастап Мадияр ағасымен жақын араласып кетті. Көмек көрсетуден қашпай­тын ол кейде: «Берік, менің батамды ал да, алға қарай қарыштап жүре бер» деп әзілдеп қоятын.

Мадияр Алдиярұлының шешесі Бәтеш апай, ескі әңгіме желісін көп білетін, қолы ашық, дастарханды кісі. Адамның іші-бауырын біліп, жақын тартып тұратын. Берік те Мадиярдың әкесі Алдияр ағаны өз әкесіндей қадірлеп, ауылдарына бара қалса, әңгі­месін тыңдап бір серпіліп қайтушы еді. Тіпті, әке­сінің қолында тұрып жатқан Дәулет інісі тәй-тәй басқан бөбегінің тұсауын Берікке кестіргенінің өзі бұл шаңырақтағы тәлім-тәрбиенің бөлек екенін көрсетсе керек. Мадиярдың кәсіпкер ретінде жақсы жетістіктерге жетіп келе жатқан марқұм Данияр бауыры да өте елгезек жігіт болатын, өмірден ерте кетті. Гүлфайруз елде өткізген күндерін ой елегінен жиі өткізіп отырады. Қызылордалық кәсіпкер Жалғас Құлекенов пен зайыбы Шара да танысып-біліскен күннен бастап осы уақытқа дейін аға-жеңге болып жақын араласып, бауырына тартып келеді. Бірге туған адамдай күні кеше келін түсіру тойына да келіп кетті. Бұлар шаңырақ құрғаннан бастап тілекші болып, аражігі ажырамаған Нұрман мен Бақыт, Аманбай мен Сұлушаш, Бағым мен Гүл­мәриям сияқты аға-жеңгелерінің орны өз алдына бөлек. Осындай жақсы жандар аз болмады. Адам бір-бірінен жақсылығын аямай, бірін-бірі ішке тартып, жақын көріп тұрса, атқаратын шаруалардың да сәті түсе береді екен ғой.

 

Ақшатауға бет алғандағы апат

Атам қазақ «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ұстанымды берік тұтынған. Сол үшін де аруақ сыйлап, Құран бағыштап, Құдайдан рахым, пай­ғамбардан (с.ғ.с.) шапағат тілейді.

Қазақ шежіресі халықтың өткен тарихының бір ізі. Мұны айтпаса да екінің біріне белгілі. Тарихи құндылықтарды ұмыттыруға бет алған кешегі бір заманда кейбір қоғамдастарымыз шежіреге нем­құрайлы қарай бастады. Кеңес дәуірінде өзінің шыққан тегін білмейтін тексіз жұрт пен кексіз ел болса, оларды басқару орта­лық­қа тиімдірек еді. Азаттыққа қол жеткізгеннен кейін аңыз бен тарихқа, шежіре мен ата-бабаның өткен өміріне жұрт қайта мойын бұрды. Осындай уақыттардың бірінде Беріктің басынан өткен сол бір жағдай Гүлфай­руздың есінен сірә кете қоймас.

2012 жылы 8 қыркүйекте Арал ауданындағы Ақшатау деген жерде Жақайым аталарына ескерт­кіш қойылып, ас берілді. Оның басы-қасында жүріп, негізгі ұйымдастырушы әрі бастамашы болған Берік еді. Арнайы қор құрылып, есепшот ашылып, ел-жұрт тарапынан тиісті қаржы жина­лып, бәрі сақадай сай болған кезде сол кездегі аудан басшылығы ананы бір, мынаны бір сылтау етіп, ақыры істің аяғы сиыр­құйымшақтанып кете жаздады.

Бұл өзі аяқ астынан қолға алынған мәселе емес. Берік Алла қолдап, қызмет бабымен туған топыраққа табаны тигенде екі үлкен міндетті мойнына алып келген болатын. Оның біріншісі – Жақайым атасына ас беру, екіншісі – қызылдың қиясында жатқан Жанқожа батырдың кесенесіне қайта жаңғырту жұмысын жүргізу. Соның ішінде Жақайымға ас беру мәселесі бір емес екі рет үлкен мәслихат өткізіп, ақылдасып шешілген тірлік болатын. Әуелгі жиынды Берік өз үйінде өткізді, екінші рет қызмет орнындағы шағын залда басқо­су жасап, тиісті шараларды ұйым­дастыра баста­ды. Гүлфайруз бәрінің басы-қасында жүрген соң, істің мәнісін жақсы білетін. Ас берудің аяғы ұзын арқан, кең тұсауға салынып созылып бара жат­қанда Жалғас Құлекеновтің кесімді сөз айтып, қатты кіріскені ғана мәселені түбегейлі шешті.

– Ас осы жолы берілмесе,енді ешқашан беріл­мейді. Бітті! – деп, ол нақты әрекетке көшті. Сол кісі­нің араласуынан кейін Беріктің ойға алған ісі жүзеге асып, ас беріліп, абырой болды. Осы дүбірлі жиын барысында таратылған кәдесыйлардың бәрін Берік өзі жүгіріп жүріп әзірлеген болатын. Тіпті, кейбір қажет заттарды Гүлфайруз ұлы Бақыткелді екеуі түгелдеп тұрды.

Ас берілетін уақыт тақалғанда Берік кәсіпкер дос-ағасы Жалғастың көлігін сұрап мінді. Қазалыға келіп қонып, таңға қарай Ақшатауға баруы тиіс. Гүлфайруз барлық бала-шағаны ала жүрді. Бабаның асына қатысып, Құранның ішінде болсын деген оймен үйдегілердің түгел шыққан беті. Көліктің артқы жағында асқа арнап шыға­рыл­ған қажетті заттар лықып тұр. Тізгінінде Бақыт­келді еді, Қам­башқа кіреберісте алдын біреу кесіп өтіп, ойламаған жерден көлік жолдан шықты да кетті. Оқтай заулап келе жатқан джип­тің қанша рет аунағанын кім білсін, сау тамтығы қалмады. Гүлфайруздың зәресі зәр түбіне кетті. «Бүкіл бала-шағамызбен қырылып қалған шығармыз!» деген ой санасында найзағайдай жалт етті.

Жоқ, Аллаға шүкір, бәрі де аман екен. Бірінен кейін бірі жапырылған көліктің ішінен біртіндеп шыға бастады. Көлік сол күйі жарамсыз болып қалды. «Мына көліктің адамы аман ба екен?» деп, көзімен көрген елдің бәрі таңқалып өтеді.

Гүлфайруз Құдайына мың тәуба айтып, қайта-қайта іштей дұға жасады. Бұлардың ізінен келе жатқан Мұрат Тілеуімбетов мінген көлікпен Ақшатауға жетіп алып, Берік түк болмағандай асты жүргізіп, барлық шаруаны ойдағыдай алып шықты. Жиын біткен соң, қамысқа тиген өрттей әңгіменің өршімесі бар ма. Өкініштісі, берілген астан Берікке жақсы ат болмады. Гүлфайруздың қатты қынжыл­ғаны да сол еді. Ағайын ара­сындағы қыңқу сөз былай тұрсын, мініп шығып, жолда апатқа ұшыраған Жал­ғастың көлігін «Бәйгеге тігуге әкеле жатқан мәшине екен, жолда апатқа ұшыратып, жоқ қылып жіберіпті» деген де өсек тарады. Өсек қана болса мейлі ғой, мүйіздері қарағайдай кейбір ауыл ақсақалдары арыз жазып, біраз әуре-сарсаңға салғаны бар.

– Азары бар да, безері жоқ ағайын деген осын­дай болады екен ғой, – деп ойлады Гүлфайруз. «Жоқ бол­са бере алмайды, бар болса көре алмайды» деген осы шығар бәлкім, деді де қойды. Одан басқа не десін?

Қызылордада қолға алған жұмыстары қанат бітірген күйеуінің іс-қимылына риза болған Гүлфайруз ойда-жоқта болған ауыс-түйістен кейін ойланып қалды. Жұмыс дәл осылай жөнімен жалғаса берер болса, елде тұрақтап қалғылары да келіп еді. Алайда, оған мүмкіндік болмады. Басшылар ауысып кеткен соң біртіндеп Беріктің аяғына тұсау салына бастағандай болды. Ой жеткен жерге қол жетпей, Мадияр ағалары сияқты қолдау білдіретін, қамқорлық танытатын адам табыла қоймады. Ендігі жерде Берік өзі үйренген, құшағы кең Алматысына қарай бет түзейтінін Гүлфайруз да жақсы түсінді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *