АҒА ҚҰШАҒЫ

Белгілі журналист-жазушы, бейімбеттанушы-ғалым, Б.Майлин атындағы қордың директоры, ҚР Журналистер одағының мүшесі Табын Жұмабек Құтжанұлы дүниеден озды

Кімнің кім екенін көпшілік біледі, кімнің кім екенін ел айтады және қалт айтпайды. Кешелі бері «Фейсбук» әлеуметтік желісінде отырған мың сан адам әрқайсы Жұмабек Құтжанұлы туралы жеке-жеке жазба қалдырып, әдемі естеліктер айтып жатыр, қимай жатыр, тіпті, қалың ел бір-біріне, қазаққа көңіл айтып жатыр. Бәрі Жұмабек Табынмен түскен соңғы суреттерін салып жатыр.

Сонда деймін-ау, бұл кісі бәрімен, үлкен-кішімен түгел дос болған екен ғой. Осыншалықты ықылас-ілтипаттан-ақ өмірден қандай адамның өткенін бағамдай беріңіз.

«Жұмабек жүрегі бар жігіт еді! Ал оның жүрегінің түгі бар болатын! Жақсылыққа жүрегі жарыла қуанатын. Жамандыққа жүрегі езіле ренжитін.

Аузын ашса, жүрегін көрсетіп, ағынан жарылатын! Жүрегі болғандықтан да, оның жүрегі ауыратын! Екі рет инфаркт алды.  Ол сонда да жүрегін аяған жоқ! (Байбота Қошым-Ноғай).

***

«ҰЛТТЫҚ мүддені бәрінен биік қоятын­дардың қатарында «Бейімбет» қорының төрағасы Жұмабек Құтжанұлы да бар еді. Осы кісінің тікелей ықпалымен өткен жылы Таран ауданы «Бейімбет» ауданы болып өзгерді. 2016 жылы Қазақ радиосының Алматы студиясы жабылып, Радио үйі сатылатын болғанда, бізді қолдап «Жас Алаш» газетіне шырылдап мақала жазып, азаматтық танытқан жалғыз адам —  осы Жұмабек аға еді!

Қайран да, қайран Жұмағам, жарық жалғаннан сіз де көштіңіз бе?! Ұлттық арнаға ұлттық өнердің мұңын мұңдап келіп, қалың жұртты мұңға малындырып кеткеніңіз қалай көке? Халықтық өнер үшін күйінген жүрегіңіз шыдамай кетті-ау. Өзіңізді де, сөзіңізді де сағынамыз, аяулы ағатай… (Бақыт Жағыпарұлы).

***

«ЖАС Алаштағы» пацан кезіміз еді. Бірде сенбі күні әлдебір тапсырмамен жұмысқа келсем, «Мақатаев, 22-нің» алдын­да таудай бір кісі тұр. «Сенбіде де оқырман келе береді екен ғой» деп бас изеп, ішке кірмек едім, таудай кісі дереу құшағына тартқаны. Жылы сөздерін төгіп жатыр. Жазған-сызғанымызды оқып, тілеулес болып жүреді екен. Үстіндегі қап-қара костюмі, артқа толқындата қайырған шашы ерекше жарасып тұр.

Жұмабек ағам біздің өмірімізге осылай тілеулес аға болып, бауыр болып бірден еніп еді. Құйтақандай сәтті қадамдарымызға қатты қуанатын.

Бейімбет атын туған жеріне қайтаруға жан аямай үлес қосып, бәрімізге сүйінші­легені де күні кеше.

Бізге аға құшағының қандай болаты­нын үнемі танытып жүретін көкем едіңіз…» (Есей Жеңісұлы).

***

«ӘТТЕҢ, шолақ дүние-ай! Қайғылы хабарды тосыннан естігенде, буын-буыным дірілдеп, аузымнан шығардай болып атқақтай жөнелген жүрегімді тоқтата алмай, көз жасыма ерік бердім.

Мінезі мен сөзі жұмсақ ағам азамат­тың төресі еді! Ұлттың ұлттық болмысын анық­тайтын, заманауи мәселелерді көтеріп, соған шешім іздейтін, өзінің құнды сөзде­рімен, пікірлерімен таңқалдыратын, ұлт болашағына бей-жай қарай алмайтын асыл азамат еді! Сізді еш ұмытпаймын. Сіз арқы­лы мен әдебиетке өз қадамымды жаса­дым. Сіз арқылы мен өмірдің шындығына, шынайы бейнесіне қарауды үйрендім! Айта берсем, көп… (Айгүл Омарова).

***

«ҚАЗАҚТЫҢ өзінен алыстап бара жатқан рухты күйдің күмбірінен, домбы­раның үнінен, сөз қадірін білетін санаулы аздың сөзінен іздеген ақжүрек ағаның өзі жоқ, сөзі қалды. Сөздің парқын білетін, есті әңгіме айта алатын қазақ журналистерін  қанаттандырып, қасына үйіріп отыратын жан жылуының өзі қандай еді! Ол сылдыр сөзі көп, кешегі айтқанын бүгін ұмытатын тайғақ уақытта өмір сүрсе де, көптің бірінде жоқ қасиет – жылт еткен жақсы­лықты көре білетін айрықша қасиеті бар еді. Сол қасиетті ізінен ерген қалам ұстаған буыннан байқап, жылы сөзін аямай жүрді… Қош бол, қадірлі  аға! (Баян Сәрсенбина).

Нұржамал ӘЛІШЕВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *