АҒА БАСЫЛЫМДАҒЫ АҒАЛАР

Қали СӘРСЕНБАЙ

Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Еге­мен Қазақстанға» қызметке келуім ойламаған жерден болды. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жауапты хатшының орынбасары едім. Бір күні «Еге­менді Қазақстанның» Бас редакторы Шерхан Мұртазаның хатшысы Әсем әпкеміз: «Сені Шерағаң шақырып жатыр» деп телефон шалды. Бұл хабар маған біртүрлі шындығы әлсіздеу, тосын болып естілді де әуелде мән берген жоқпын. Себебі, сонда қызмет істейтін талантты сықақшы, марқұм Басқар Битанов­тың өзге кісінің даусына салып телефондай­тын әзілге бейімі бар еді. Өйткені, осыдан сәл-ақ бұрын Қожа­кеев болып сөйлесіп, қатты иландырған. Бас­паханада күйелеш боп жүрген менде Шер­ағаңның не шатағы бар, соның ұйымдастырып жүргені болар деп қоя салдым. Бірер минөт өткен соң Әсем әпкеміз қайта телефондады. Даусы біртүрлі қатқыл. Содан кейін ғана аздап қобалжып, Шер­ағаның қабылдауына бардым.

Бас редактор жәй-күйімді сұрап алды да, бірден шаруаға көшті. Секретариатқа жұмыс­қа шақырды. Соның алдында ғана Оралхан Бөкейдің шақыруымен «Қазақ әдебиетіне» баратын болып, қатынас қағазын апарып келісіп қойғанбыз. Шерағаң: «Ештеңе жоқ, жазушы жетеді, Қазақстанда 600 жазушы бар, олар кадр тауып алады» деді. Орағаңа қысыла-қысыла барғанда айтқаным «Егемен Қазақ­стан» үй бергелі жатыр» дедім. Құдай аузыма салды ма, көп ұзамай пәтерлі болдық. Сон­дағы Шерағаңның ұжымға таныстырғанда айтқан уәде сөзі есімде қалыпты. «Бәйге атын көкпарға салуға болмайды. Үш ай секре­тариатта жүре тұр, тура үш айдан кейін әдебиет бөліміне ауысасың» деді. Бас редактор уәдесінде тұрды. Тура үш айдан кейін әдебиет бөлімінің қызметкері болып шыға келдім.

Міне, осылайша балапан қалпымызда кілең жақсы мен жайсаң, ығай мен сығай еңбек ететін ұжымға топ ете түстік. Бұған дейін бірнеше басылымның қара қазанында (секретариатта деп түсініңіз) қайнадым деп жүрген мені «Егемен Қазақстанның» секрета­риатында істеген күндерім он орап алды. Макетті Мыңбай аға Ілесов пен Совет аға Шиманбай кезек-кезек сызады. Одан оны Бас редактордың орынбасарлары қарайды. Содан кейін Бас редактор үшкірген соң барып, баспаханаға қарай құстай ұшасың. Бұл екі аралықта газет баспаханаға жол тартқанға дейінгі аласапыран жұмыстар, сан-сапалақ өзгерістер, тіпті тұтас нөмірдің өзгеріп кетуі сынды әрекеттер және бар. «Егемен Қазақстанның» қашаннан басқа басылым­дардан ерекшелігі ресми хабарлардың бәрін шашау шығармай жариялайтындығы. Сон­дайда ғой, Шерағаңның «мұзды мұхит жатыр ма, сіресіп» дейтіні.

Сонымен секретариаттың сынынан сүрін­бей өтіп, әдебиет бөліміне ауыстым. Аса дарынды лирик ақын Абзал Бөкен екеуміз бір бөлімде­міз. Бастығымыз қазақтың көрнекті ақыны Аян Нысаналин. Шынын айту керек, әуелдегі «Ленин­шіл жастағы», одан кейін «Өркен» – «Горизонттағы», одан соң «Жетісу­дағы» аздаған желіктің бәрі басылып, үлкен бір арнаға түсіп кеткендей болдым. Бөлімнің материалдарын тікелей Бас редактордың өзі оқиды. «Жан­сарай» атты әдебиет, өнер бетін аштық.

Әлі күнге есімнен кетпейді, бір жолы «Бұл қай ұлттың ансамблі?» деген сыни мақалам жарияланды. Мақала бір мықты басқаратын классикалық би ансамблі туралы. Бас редак­тордың атына бұл кім сонша бізді  сынайтын деген мазмұндағы мақаланың мәнісін түсінбеген шала сауатты жауап-хат келген. Сірә, ел жаққа барып қайттым-ау деймін, редакцияға келсем кәдімгідей шу болып жатыр. Шерағаң «Мә, мынаны оқы да өзімен-өзін ұр» деп әлгі жауап-хатты қолыма ұстатты. Содан «Мен не деймін, қобызым не дейді?» деген жауап мақала жаздым.

Әдетте көп мәселе Бас редакторға бай­ланысты. Кейіннен байқасам, осы мақала әжептәуір әңгіме болған. Тіпті, орыстілді біреу Шерағаңның өзіне телефон шалып, қоқаңда­ғанға ұқсайды. Ал Шерағаң болса мені әлгі­лерге қосылып, жүндей түтпей, қайта намы­сымды қайрап жіберді. Кейіннен ойлап қара­сам, Шерағаң менің бетім қайтып қалмасын деп, енді бастаған қадамымның қайырлы болғанын да тілеген екен ғой. Қысқасы, осы мақала қанша айқайға ұласқанымен менің жолымды ашты.

Қайран, Шерағам-ай! Отқа да, суға да, дауға да қайрап салатын қайрақ еді ғой. Бірақ жауға бермейтін.

Бір күні редакция ұжымы Наурыз мере­кесін тойлады. Мұндай ортада Шерағаң әдеттегі мінезінен арылып, ортаға бейімделіп,  өзін еркін ұстап, әндетіп те жіберетіні бар еді. Сондай бір ән, өнер турасындағы ашық әңгіменің бір сәтінде Аманкелді Сембин жайлы да айтылды. Әшейінде Шерағаңның алдында аса еркінси қоймаймыз ғой, осы жолы орайы келіп тұрған әңгіменің сәтіне қарай «Шераға, сол кісі туралы жазуға бола ма?» дедім. Содан Шерағаң көсілді дейсің бір, әңгімесінің соңында «Баяғыда сондай бір жұлдыз туған, сол жұлдызды бәріміз жабылып жүріп өшіргенбіз» деп аяқтады. Бірнеше күн өткен соң «Сол шіркіндер қайда екен?» деген су жаңа рубрика қойып, «Қарғаш» атты эссе жазып, жүрексініп жүріп Бас редакторға алып бардым. Жарты сағат өтпей жатып шақыртты. Материалды оқып бітіпті. Маржандай етіп қолын қойыпты. «Бірақ мына рубрикасын ойла, шіркіндердің орнына басқа сөз тап» деді. «Шіркіндерді» – «Жайсаңдар» деп өзгерттім. Кейіннен осы рубрикамен қазақтың талай жайсаңдарын түгендедік.

Осы эссе жарияланған соң таланттың тағдырына алаңдаушы­лық білдірген оқыр­ман­дардан көп хат алдық, телефондаушылар да аз болмады. Бір күні Шерағаң «Аманкелді менің атыма жағдайын айтып өтініш жазсын» деді. Ол кезде Шерағаң Жоғары Кеңестің депутаты. Арыздың шекесіне қолын қонжитты да «Мынаны Заманбекке жеткізіңдер» деді. Сөйтіп жүріп Аманкелді Сембин 4 бөлмелі пәтер алды. Кейіннен Шерағаң ұлттық арна­ның басшылығына барғанда да Алтын қордан әншінің даусын іздеттірді. Бір өкініштісі, әншінің соншама қыруар репертуарынан оншақты әнінің қалғаны еді. Осы дүниенің өзінен шағын фильм-концерт жасатты. Әнші мен эссе туралы Шерағаң соңғы жылдары «Егемен Қазақстанда» жариялана бастаған «Бір кем дүние» тәмсілінде де жақсы айтып өтті.

Әрине, Шерағаңның тұсында «Егемен Қазақ­станның» қайта бір өрлеу кезеңін басынан кешкені ақиқат. Бұл кісіден кейін басшылыққа келген Әбіш Кекілбай, Нұрлан Оразалиннің кезінде де басылым өзінің сол биігінде дамыды. Құлашты кеңге сермеп, құлшына  жұмыс істедік.

Бүгінде осы басылым қабырғасында өткен жылдарыңды өлер­дей сағынып, әр күніңнің текке кетпегеніне, қазіргі жақсы, табысты күн­дердің бәрінің бастауын сол кезден алға­нына шүкіршілік етесің.  «Лениншіл жастағы» ат жалын тартып мінген бозбала күндермен «Егеменге» келіп, ел сөзін сөйлер есті жолдан өткен күндердің жемісін бүгін де теріп жеп жүргеніміз кімге болса да сүйсініп айтар ақи­қат. Осындайда сол бір ессіз күндерде ақыл қосып, әр қуаны­шыңа бір кісідей қуанған аяулы ағаларды еске алмау – әруақ аттаған­мен бірдей болар еді. Әбірәш, Жәміш, Мың­бай Ілес, Тәжібай Битай, Нури Муфтах, Бек­болат Әдет, Әділ Дүйсенбек, Ғалым Тыныбай, Сабыржан Шүкір, Кеңесхан Зәкен, Совет Ши­манбай, Ержұман Смайыл, Ербол Шай­мерден, Болат Шубай, Әбді-Әзиз Алдаберген (қапелімде еске түспей қалған­дарының әруағы кешсін) секілді ағаларымның қай-қайсысының да өмірі өнегеге айналған бір-бір тұлға еді. Рухы шат болсын ғазиз жандардың.

Осындай ағалардың арқасында біз  де журналистиканың жалы­на жармасып, ел қатарлы еңбектенуді үйреніп, өстік-өндік. Кей-кейде осынау өнегелі өмір жолынан  өткеніңе марқайып, «Егемен Қазақстан» өміріңді арнауға болатын басылым екеніне еш шүбәң қалмайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *