80-НЕН АСТАМ ЭПИДЕМИОЛОГ КӨМЕККЕ КЕЛДІ

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ
Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді.
Аулалар мен подъездерді залалсыздандыру жұмыстары бүгін таңертеңнен басталды. Алғашқылардың бірі болып «Самал-1» ықшамауданына жасалған шара барысында, тұрғындардан бірқатар сауалдар түсті. Олар дезинфекция жасалатыны туралы неге ертерек ақпарат берілмегені және залалсыздандыру шаралары біткеннен кейін қанша уақыттан соң сыртқа шығуға болатындары жайында сұрады.
«Егер химиялық қоспаны шашыратып сеуіп жүрген кезде адам сол араға жақын жүрсе зияны тиюі мүмкін. Дезинфекция жұмыстарындағы химиялық қоспа жерге немесе еденге тигеннен кейін тыныс алу органдарына әсер етпейді», – деді А. Молдағасымова. Ол сондай-ақ, соңғы күндері Алматыда инфекция жұқтырудың бірнеше ошағы анықталғанын, бірақ, олардың жаңа келгендермен емес, ауру белгілері бар адаммен байланыста болғандардан анықталып отырғанын айтып өтті.
«Бүгінде Алматы қаласы бойынша коронавирус инфекциясы анықталған 15 індет ошағы бар. Өткен тәулікте екі ауру жұқтырған науқас қосылды. Олардың бірі бұрын ауру жұқтырған адаммен жақын байланыста болған. Екіншісі қыз бала – Цюрихтан ұшып келген. Ол барлық сақтық шараларын сақтап, үйіне көлікпен барған. Ешқандай туысымен жақын байланыста болмаған. Аурудың алғашқы белгілерін сезген соң бірден емханаға хабарласқан. Оң нәтиже көрсеткен соң, карантинге жатқызылды. Осылайша, бүгінгі күні Алматыда індет жұқтырған 31 науқас анықталып отыр» — деді қаланың бас санитары. Ол сондай-ақ, қаладағы індет ошағы табылған жерлерді залалсыздандыру шаралары күшейтілгенін, ондағы барлық жағдай жіті бақылауда екенін атап өтті.
Негізінен, инфекция жұқтырғандар, арнайы қоршалған індет ошақтарынан шығып жатыр. Сол себепті ол жерлер бүгінде жіті бақылауда. Бұл оларды жаңа ошақтардың пайда болуын болдырмауға мүмкіндік береді.
«Кеше еліміздің коронавирус инфекциясы тіркелмеген басқа қалаларынан біздің қалаға 82 эпидемиолог көмекке келді. Бүгінде олар 76 тәулік бойы жүргізіп келе жатқан қауіпті індетке қарсы күресті бізбен бірге бастап кетті. Олар да біздің мамандар секілді қорғаныш костюмдерімен, маскалармен, респираторлармен, көзілдірікпен, қолғаптармен және жұмысқа қажетті медициналық құралдармен қамтамасыз етілген», — деді А. Молдағасимова.
Сонымен қатар, барлық медициналық мекемелерде, атап айтқанда, жеке және мемлекеттік мекемелерде санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шаралары қабылданды.
Алматы қаласының бас санитар дәрігері қала тұрғындарын 1406 телефоны бойынша қаланың барлық мекемелері мен ұйымдарының жұмысында байқалған қандай да бір кемшіліктерді байқаса, бірден хабарлауға шақырды. Егер тамағыңыз ауырып, құрғақ жөтел, температураның пайда болуы сияқты симптомдар пайда болса жедел жәрдем шақырыңыз деп кеңес берді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *