7 САНЫН ҚАЗЕКЕҢ КИЕ ТҰТҚАН

Cтратегиядағы жеті басымдық әлеуметтік салаға нәр, әлеуметке әлеует береді деген сенімдемін

Сәбит ОРАЗБАЙ, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Әрбір әкімнің өз ойы, мақсат-мүддесі бар. Шаһардың жаңа иесі келе сала қаланы аралап, Алматы маңындағы қала қамтуындағы мекендердің тұрғындармен ауызба-ауыз сөйлесті. Қалалық мәслихат депутаттарымен әңгімелесіп, шаһар активінің жиынын өткізді. Сөйтіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын білді. Мың бояулы Алматыны гүлдендірудің жарқын жолы ретінде «Шетсіз қала» бағдарламасын ұсынды. Бақытжан Сағынтаев мырзаның бұл бастамасы қалалықтарға, соның ішінде маған да ұнаған болатын. Қолдау-пікірімді өзімнің сүйікті газетім «Алматы ақшамына» жаздым да.

Қаланың байырғы тұрғындарының бірімін. 1952 жылдан бері әcем  Алматыда өмір сүріп келемін. Талай қызықтарына, қуанышына куә болдым. Көше бойлары арық, онда алма, өрік, алмұрт, т.б. жемістер ағып жататын еді-ау. Бәрінен де, шіркін апортын айтсайшы. Ол алманы бір тістегенде басың айналып, тәттілігінен тілің тұтылатын. Міне, біз сондай ертегі қаланы көрдік қой… ХХ ғасырдың Байроны атанған әлем әдебиетінің жарық жұлдызы, американдық жазушы-журналист, Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Миллер Хемингуэйдің жесірі Мэри Уэлштің Алматыда болған кезінде «Мұндай көрікті, табиғаты бай әрі әсем қаланы тұңғыш көруім» деп тамсана таңдайын қаққаны әлі есімде…

Қала әкімінің бүгінгі батыл қадамы нағыз ерліктің көрінісі. Бес жылда жаңа Алматы салу оңай шаруа емес, бірақ мүмкін дүние. Бақытжан мырза өмірден көргені көп, түйгені мол азамат. Ұзақ жыл басшылық қызметте болды. Үкіметті басқарды.

Бүгінгі Алматы – ұлттық экономикаға үлес қосу, бюджетке түсім түсіру, қаржылық белсенділік және сауда операциялары көрсеткіштері бойынша көш бастап келе жатқан еліміздің көшбасшы қаласы. Экономиканың локомотиві. Бұл  жеке капитал мен кәсіпкерлік қаласы. «Шағын және орта бизнес жұмыспен қамтылғандардың 2/3-ін жұмыспен қамтып отыр және салықтың 63%-ын әкеледі. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша қала елімізде 1-ші орын алады. Дүниежүзілік Банктің Doіng Busіness жаһандық рейтингісінде Қазақстанның орны Алматы бойынша анықталады және 10 жыл ішінде біздің ел 190 мемлекеттің ішінде 63-тен 25-орынға көтерілді. Алматы өңірлік маңызы арта отырып, жылдам үлкейіп келеді. 10 жыл ішінде қала аумағы 2 есеге өсті, ал қалалықтардың саны – 1,9 млн. адамға дейін артты. Үлкен Алматы халқы, яғни Алматы облысының іргелес жатқан аудандарымен бірге есепке алғанда, қала халқы қазіргі таңда шамамен 3 млн. адамды құрайды. Жаһандық ауқымда Алматы әлемдік экономиканың 60%-ын құрайтын 600 мегаполистер қатарына енді…» деп атап көрсетті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мырза. Осындай экономикалық күш-қуат әкімнің межеден шығуына мүмкіндік берері сөзсіз.

Алматы ежелгі Жібек жолының бойында Қытай мен Еуропаны жалғап тұрған іргелі, тарихы кемі 1000–1500 жарым ғасырды құрайтын шаһар. Бұл менің жәй айта салған сөзім емес, әлем ғалымдары, оның ішінде тарихшылар бірнеше ғылыми конференциялар өткізіп дәлелденген тұжырым.

Соңғы кезде цифрлық технологияны енгізу деген жаңалық орын алуда. Бұл жаңалық та осы Алматыдан жаңа әкімнің бастауымен өрісін табуда.

Қазақ өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драматеатр екенін елдің бәрі білсе керек. Еліміздегі өзге өнер ұйымдары осы шаңырақта негізін қалап, еншісін алып шықты. Атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің кезінде әкемтеатрды бүкіл кеңестік кеңістік білді. Бірнеше мәрте ұжым шет елдерде гастролдік сапарда болды. «Қозы көрпеш – Баян сұлу» спектаклін Франция көрермендеріне алып бардық. Олар бізді жылы қабылдады. Спектакль біткеннен кейін талқылау басталды. Француздың, басқа да шет елдің театр сыншылары өз пікірлерін ортаға салды. Біздің қайдан келгенімізді сұрастыра бастады. «Қазақстаннан келдік» дедік. Бәрі аң-таң болып бір-біріне қарады. Әсілі мұндай елді естімесе керек. КСРО-ның Франциядағы елшісі «Сендер Мәдениет министірлігінің жолдамасымен келдіңдер, «Қазақстаннан» деген сөзді қойыңдар» деп өктемдік көрсетті. Бәрібір қарап тұрмай Алматының, Медеудің аттарын атадық. Мұз айдынының атын естігенде бәрі шу ете қалды. «Біз онда болғанбыз, мұз айдынында сырғанағанбыз, Медеуді ұмытпаймыз» деп жатты. Біздің қуанышымызда шек болмады.

Шет ел қалалары көшелерінің бәрін еркін аралай алмайсың. Кейбірін жаяу жүргінші жүрмейтіндей етіп белгі қойып тастаған. Тәртібін бұзсаң айып төлетеді. Сол сияқты, кез-келген жерге түкіруге де тыйым салынған. Бізде неге солай жасамасқа. Біз де сондай мәдениетке көтеріліуіміз керек қой. Әсіресе, қаланың көркіне, тұрғындардың жолда жүру мәдениетіне мән берілген жөн. Айдың-күннің аманында Алматыда жыл сайын жүздеген жүргінші мерт болып немесе жарақат алып жатады. Жарқын болашаққа құлаш ұрған және межелеген асулардан өтетініне мүмкіндігі бар Алматы сияқты әсем қаланың әрбір тірлігі әсем болуға тиіс.

Алматы айтары жоқ сұлу қала. Алматы күнкөріске өте қолайлы қала. Ауа райы жылдың төрт мезгілінде де өмір сүруге қолайлы.  Міне, қараша айы бітіп келеді. Қар жауып тұр… Аппақ қар, алматылықтардың ақжарқын көңіліндей аппақ… Кеше ғана алтынмен аптап,  күміспен күптеп тастағандай гүлге оранған мың бояулы Алматы  енді ақ қардың – ақ нұрдың құшағында тұр. Осының өзі ақбасты Алатаудың етегінде орын тепкен шағаладай ақшаңқан Алматыға жарасып тұр.

Бастама тұрғындардың қолдауына ие болса ғана баянды болады. Әлем мегаполистерінің тарихы мен тәжірибесі де бұл сөзімізге дәлел. Алматы бүкіл еліміздің мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне, білімі мен экономи­касының қалыптасуына, өсуіне мұрындық болды. Әлі де солай. Бүгінгі талап бес жылда жаңа қала  – Жаңа Алматы салуымыз керек. Алматының болашағына алаңдайтын жандар бүгінгідей мүмкіндікті, қамқорлықты сезіне отырып, оны пайдалану қажет. Бұл – көптің ісі, ортақ міндетіміз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *