7 мемлекеттен 147 биші келді

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Хореография – ой мен мазмұнды музыкалық-хорео­графиялық бейне арқылы ашатын сахналық өнердің бір түрі. Ол – сөзсіз өнер. Оның негізі – би. А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде бес күн бойына «Өрлеу» VІ Халықаралық хореографиялық оқу орындарының байқауы салтанат құрды.

 – Байқаудың мақсаты – шы­ғар­машылық тұлғаның орындау­шылық шеберлігін және рухани-өнегелік әлеуетін дамыту, жарқын да ерекше дарын иелерін анықтау, мәдени, шығармашылық және білім саласындағы байланыстарды кеңей­ту, – деді бізге берген сұхбатында А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің директоры Ая Қалиева.

Қазақстан, Қырғызстан, Ре­сей, Түркия, Өзбекстан, ОАР, Жапония мемлекеттерінің хорео­графиялық оқу орындары сту­денттері, оқытушылары, балет әртістері қатысқан халықаралық байқау «Классикалық би», «Халықтық би» және «Қазіргі заманғы хореография» атты үш номинация бойынша, үш жас ерекшелігінде өтті.

Байқауға хореографиялық өнердің танымал қайраткерлері: Ресейдің және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ресей Үлкен театрының педагог-репетиторы Юрий Васюченко, Түркияның танымал бишісі Мюридэ Аксан, Жапония және Еуропа би труп­пасы балетінің артисі Эмма Хасимото, өзіміздің елден – «Сыр сұлуы»  халықтық  ән-би  ансам­­б­лінің балетмейстері Төребек Бақтыбаев және басқалар қазы­лық етті. Іс-шараның құрметті қо­нағы болып төрде «Балет» жур­налының бас редакторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, про­фессор Валерия Уральская отырды. Аталмыш өнер жанкүйерлері училище мұражайынан орын тепкен «Өрлеу» Халықаралық хореографиялық оқу орындары байқауының» экспозициясы мен фотокөрмесін тамашалады. Бай­қау шеңберінде «Ұлттық дәс­түрлерді сақтау және балет мектебінің даму болашағы» деген тақырыпты қаузаған «дөңгелек үстел» өтті. «Ғайникамал Бейсе­нованың шығармашылығы. Қазақ биі» видео-оқу құралының тұсауы да осы кеште кесілді. «Қазақ биі» деректі фильмі де көпшілік ықыласына бөленді. Би өнерінің «жілігін шағып, майын ішкен» майталмандар шеберлік сынып­тарын өткізді.

«Өрлеу – 2018» 7 мемлекеттен 147 биші жастардың басын қосты. Бұл байқауға 7–9 жастағы бала­лар тұңғыш рет қатысып, үміт­терін үкіледі. Халықаралық бай­қауда 63 лауреат пен 22 дипло­манттың мерейі үстем болды.

Байқау құрылтайшылары – А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі мен Еуразиялық мәдениет қоры. Ал бас серіктесі – Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры. Сондай-ақ, іс-шараға Балет пен халықтық биді дамыту және қолдау қоры, «Петро Қазақстан» компаниясы, ЮНЕСКО клубтарының Қазақ­стан Ұлттық Федерациясы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театры қолдау көрсетті.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *