63 жасқа дейін 63 сәулет ғимаратының жобасын жасаған

этнодизайнның негізін салушы Аманжол Найманбаидың шығармашылық қуаты ұлттық мәдениетіміздің қайнарынан тамыр алады. Республикамыздың қала мен ауылдарын сәулеттендіруге елеулі үлес қосқан Аманжол ағамыз өзінің туған күні — үшінші сәуірде Тәуелсіз еліміздің жарқын келешегі үшін жұрт қатарлы өз таңдауын жасайтын болады. 

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Кез-келген жанның бойында табиғат берген ерекше дарын  боларын ғалымдар дәлелдеген. Мәселе сол ерекшелікті ескеріп, қабілет-дарынының өркен жаюы жолында тер төккенде ғана мақсатқа жетуге болады. Биыл Пайғамбар  жасына жетіп отырған «ЭтноДизайнқазақ» ЖШС директоры, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Бүкілодақтық жастар сыйлығы мен Қазақстан Сәулетшілер одағы «Алтын медалінің» иегері, еліміздегі этнодизайн саласының негізін салушы, музей экспозициясының шебері, профессор Аманжол Найманбаидың пікірі бойынша дизайншы болу үшін, оның ішінде этнодизайнмен айналысу үшін білім-білік, қабілет-қарым, ынта-ықылас дегендерден басқа да тағдырдың жазуы мен құдыреттің әмірі дегендей бір тылысымның шапағатына бөлену қажет екен. Нағыз дизайншы әулетінің қоғамдық-әлеуметтік өміріне тарихи мән-мазмұн дарытып, этникалық төлтумалығын орнықтырып, айнала төңіректі поэзияға айналдырып жібере алады. Дарынды этнодизайншының бір басында суретшілік, сәулетшілік, инженерлік, әлеуметтанушылық, этнографтық, ең бастысы ұлтжандылық қасиеттер тоғысып жатады. Ананың сүтінен дарыған тума таланты мен қарт Қаратаудың желеп-жебеген киесі Аманжол Найманбаидың тікелей араласуымен дүниеге келген еліміздегі мұражайлардың, сән-салтанаты келіскен киіз үйлер мен оның жасау-жабдықтарының, сәулетті ғимараттарға көрік берген безендірулердің, ұлттық нақыштағы графикалық туындыларының қай-қайсысы да ұлттық мәдениетіміздің тереңінен тамыр алады. Еліміздегі Қорқыт ата мұражайы, Мың кісі діни-рухани кешені, Отырар кітапханасы мұражайы, Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы, «Мұңлық-Зарлық» кешені, Жаңаөзен қаласындағы Неке сарайы болып жалғасып кете береді. Аманжол Найманбаидың дизаинерлік шешімімен бекітілген сәулет ғимараттарының біразының таяу уақытта құрылыс жұмыстары қолға алынбақшы. Олардан бөлек Парижде, Санкт-Петерборда, Мәскеуде, Түркия мен Пәкістанда, өзге де алыс-жақын шетелдерде өткізген көрмелері айтуға оңай болғанымен, қай-қайсысы да идеялық нобайынан бастап, соңғы үдесінен шыққанша жанкешті еңбекті қажет етер еді. Аманжолдың ұшқыр қиялынан туған ғимараттардың барлығы «Қазақ деген елдің болмыс-бітімі осындай болса керек!» дегенге ылайықты. Ұлттық құндылықтарымыздың бірі – киіз үйдің дайындалуын ұзақ жылдар зерттеген маман оны уақыт талабына сәйкес жетілдірудің де қыр-сырын ашып көрсете білді. Халқымыздың көне өнері, ғажайып классикалық құбылысы күй психологиясына арналған циклді туындылары өз алдына бір бөлек. Өскен ортасы, көкейіне құйылған Сүгірдің қоңыр күйлері мен Тәкен Әлімқұловтың көркем әңгімелерінің әсері шығармашылық қиялына қанат бітіреді. Көркемсурет училищесінің қабырғасында оқып жүрген кезінде «Сүгірдің портреті», «Жұман» күйін тыңдағанда», «Телқоңыр», «Саржайлау», «Қара қобыз», «Аққу», «Төлегеннің «Салтанаты», Ә. Хасеновтің «Қоңыры» атты күй сазынан алған әсерінің негізінде суреттер салған еді.

Өткен жылы ұлы Абайдың туғанына 165 жыл толуы құрметіне дизайншы шығармашылық қарымын ақын мұрасының негізіне арнады. Шымкенттегі Абай музейінің ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қатысты. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университетінің Абай музейі де Аманжол ағаның төл туындысы. Жақында ғана Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында қасиетті Түркістан қаласында бой көтерген Мәдени руани орталығының еңселі ғимаратын Елбасының өзі ашып бергені республикамыздың мәдени өміріндегі елеулі оқиғаның бірі болды. Орнықты, салдарлы жасқа абыроймен жеткен Аманжол Найманбаи ағамыздың ақыл-ойы да кемеліне келіп, шығармашылық күш-қуатының толысқан, санадағы сәулені сәулет өнеріне молынан шашатын шағында тұр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *