60 жылдық тарихы бар диспансер

Нұржамал ТЕГIНБАЙҚЫЗЫ

Iргетасын сонау 1951 жылы қалаған қалалық онкологиялық аурулар диспансерi биыл өз тарихының 60-парағын ашып отыр. Құрылған күнiнен бастап-ақ қарапайым ғана құрал-жабдықтарымен қатерлi iсiк ауруларына шалдыққан адамдарға көмек қолын созып, науқас жандардың өмiр сүруге деген үмiтiн оята бiлген Алматы қалалық онкологиялық аурулар диспансерi қазiргi күнi республикамыздағы таңдаулы емдеу мекемелерiнiң бiрiнен саналады.170 орынды стационары, өзiнiң емханасы және цитологиялық, эндоскопиялық орталығы, сондай-ақ патоморфологиялық, иммуно-гистохимиялық лабораториясы, сәулелi диагностика және сәулелi терапия, клиникалық бөлiмдерi бар диспансерге тәулiгiне 200-ге жуық адам келiп, өз денсаулығын тексертiп, ақыл-кеңес алады. Диспансерде 2 медицина ғылымдарының докторы, 8 ғылым кандидаты, 17 жоғары дәрежелi дәрiгерi бар 300 адам қызмет етедi. Диспансердiң қатерлi iсiк ауруларына шалдыққан жандарға көрсеткен дәрiгерлiк көмектерi еуропалық және әлемдiк стандарттарға сай келедi.

Алпыс жыл iшiнде алпыс асқаралы асудан өткен диспансер өзiнiң мерейтойын Халықаралық конференция аясында атап өттi. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi қорының ғимаратында өткен бұл халықаралық басқосуға АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Испания, Швейцария, Ресей, Венгрия, Үндiстан, Грузия мемлекеттерiнен, Қазақстанның түкпiртүкпiрi мен Орталық Азиядан 200-ден астам онколог ғалым-мамандар қатысып, осы сала бойынша ғылыми-медициналық жетiстiктермен iс-тәжiрибелерiн ортаға салып, өзара пiкiр алмасты. Шеберлiк кластары ұйымдастырылды.

Алматы қалалық онкологиялық аурулар диспансерiнiң 60 жылдығына Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентi қорының атқарушы директоры Б.Мұхаметжанов, қоғам қайраткерi А.Самақова, Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкiлi М.Вуйнович, жатыр мойны қатерлi iсiгiнiң Еуропалық ассоциациясының директоры Ф.Девис, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Е.Дүрiмбетов, Бостандық ауданының әкiмi З.Аманжоловалар қатысып, қатерлi iсiк атты қатерлi дертпен қайсарлықпен күресiп жүрген онколог-дәрiгерлерге өздерiнiң тiлектерiн жолдады.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Е.Дүрiмбетов еңбектерiмен ел аузына iлiнiп, қиын дертке ұшыраған науқас жандардың алғысына бөленген бiр топ дәрiгерлердiң өңiрiне «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi» төс белгiсiн тақса, бiрқатар дәрiгерлердi министрлiктiң, қала Әкiмi мен Денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапаттады. Олардың қатарында Г.Қасымова, З.Тасболатов, М.Мұхаметжанова, Ұ.Шапаева, О.Шатковская, Г.Бейнешқызы, А.Әубәкiрова, А.Тоқышева, Хоменко, А.Әбдiназарова секiлдi өз iсiнiң үздiктерi бар.

Жиын барысында Алматы қалалық онкологиялық диспансерiнiң бас дәрiгерi, медицина ғылымдарының докторы, жатыр мойнының қатерлi iсiгi ауруы бойынша Еуропалық ассоциацияның мүшесi Д.Қайдарова кезiнде диспансерде қызмет атқарған ардагер-дәрiгерлерге құрмет көрсеттi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *