6,2 мыңнан астам мемқызметкер түрмеде болып, «Шок терапиясын» алып қайтты

Әсел ДАҒЖАН

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Adaldyq alańy» жобасының 2020 жылғы І тоқсандағы қызметінің қорытындысын онлайн форматта шығарды.

Аталған жоба – мемлекет пен азаматтық қоғамның бір алаңда өзара бірге әрекет етуін көздейді. Осы жоба аясында іске асырылған мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен есептілігі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою үшін жағдай жасауда.
Парасаттылық инфрақұрылымын құру бойынша еліміздің 14 аймағында «Антикор» орталықтары ашылды. Бұл орталықтан кез келген адам өзін мазалаған мәселелер бойынша құқықтық көмек пен кеңестер ала алады, сондай-ақ өзінің азаматтық бастамасын білдіруге де құқылы дейді жоба мамандары.

Айта кетсек, мемлекеттік органдарды трансформациялау критерийлерінің бірі – Open space форматына көшу болатын.

Қазіргі уақытта елімізде жалпы 1107 мемлекеттік мекеме жаңа форматта қызмет етсе, оның 150-і биылғы жылдың бірінші тоқсанында ауысқан.
Өткен жылы 97 мемлекеттік мекеме жұртшылықпен жұмыстың сервистік моделіне көшсе, 296 басшы бірінші қабаттарға көшірілген.

Жыл басынан бері жобалық кеңселерге 2933 азамат жүгінсе, олардың 70% өз мәселесіне шешім тапқан.

Мәселен, «Ertis – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің көмегімен Павлодар облысында көпбалалы отбасына мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер беру және фермерлік шаруашылықты субсидиялау мәселесі шешілді.

«Qyzyljar adaldyq alańy» жобалық кеңсесі денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысы бойынша науқастарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін оң шешіп берген.

– Сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында басшы буындағыларды қосқанда, 6,2 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бас бостандығынан айыру орындарына болып, «Шок терапиясын» алып қайтты. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты баға мониторингін жүргізу қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде бірқатар өңірлерде азық-түлік бағасы 30-40%-ға төмендеді. Карантиндік блок-бекеттерде онлайн-мониторингті қамтамасыз ету үшін жобалық кеңсеге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы блок-бекеттер аумағындағы бейнебақылауларға рұқсат берілген еді. Бұл – мониторингті қашықтан жүзеге асыруға және сол арқылы осы блок-бекеттердегі сыбайлас жемқорлық жағдайларын барынша жоюға мүмкіндік беруде, – деді «Adaldyq alańy» жобасының жетекшісі Төлеген Байгулов.

Айта кетейік, жобаның І тоқсандағы қызмет қорытындысын шығаруға министрліктердің жауапты хатшылары, Агенттіктің аумақтық департаменттері басшылары, жоба жетекшілері – облыстар мен қалалар әкімдері орынбасарларының, ел өңірлеріндегі және орталық мемлекеттік органдардағы «Adaldyq alańy» басшылары қатысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *