№5 жатақханада журфактың «Наурызы» өттi

Осы жексенбiде ҚазҰУ қалашығындағы көпшiлiк журналистерге жақсы белгiлi, жүректерiне ыстық әйгiлi «№5 жатақхана» алдында киiз үй тiгiлiп, Наурыз мерекесi өттi. Оны ұйымдастыруға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетi, оның жаңа деканы, заң ғалымдарының докторы, профессор Есберген Алаухан ұйытқы болды. Бұл көктемгi мерекеге белгiлi қаламгер-журналистер, ақын-жазушылар, басылымдар басшылары арнайы шақырылды.

Мереке Сәдiқожаның «Сарыбидай» әнiмен басталды. Сосын белгiлi ақын Темiрхан Медетбек бата берiп, қоғам қайраткерi Амалбек Тшанов тiлек айтты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғалымқайыр Мұтанов сөз алып, «Бiздiң университет Наурызды өткен сенбiде атап өттi. Ал бүгiн журналистика факультетi Есберген Оразұының тiкелей бастамасымен Наурызды университетiмiзде алғаш болып жеке тойлап отыр. Әрине, мұның өз жөнi бар. Өйткенi, журналистер қашанда қоғамдағы өзгерiстердiң алдында жүретiн мамандық иелерi ғой», – деп атап өттi. Өз кезегiнде факультет деканы Есберген Алаухан Журфакты» ендi жаңаша жұмыс iстейтiнiн, кешегi дәуiрлеген кездерiндегi беделiн қайта әкелуге тырысып бағатындарын тiлге тиек еттi.

Одан әрi мереке қыза түстi. Факультет студенттерi  өз күштерiмен арнайы жайылған дастархан басында наурызкөже iшiп отырған қонақтарға концерт қойып бердi. Ара-арасында қалың оқырманға есiмдерi жақсы таныс қаламгерлерге сөз берiлiп отырды. Әрине, «№5 жатақхана» алдында тұрып өткендi еске түсiрмеу мүмкiн емес едi. Бұл ретте ақындар Ұлықбек Есдәулетов, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлiм, Темiрхан Көпбаев, жазушы Қуандық Түменбай өз сағыныштарын жасыра алмады. Тiптi, ақын Аманхан Әлiм «Мен мына бiрiншi қабаттағы №5 бөлмеде тұрдым…» деп «қайдағы-жайдағыны» ойша шарласа, басқа сөйлеушiлер, декандар – Амандосовтың «Журналистика – қыз балаға қол емес» Қожакеевтiң «Ақын болсаң «филфакқа» бар, бiзге журналист керек» деген сөздерiн естерiне алып, мерекеге жиналған студенттерге езу жиғызбады.

Дегенмен бұл Наурыз, осы кездесу ертеңгi журналистерге көп ой салып, өнеге болғандай. Әсiресе, олар «Басқа тiлдегi журналистер «сенсация» қуып жүре берсiн, ал сендер қазақтың жағдайын жазып, рухын көтерiңдер» деген ұлағатты жүректерiне құйып алды. Осылай студенттердiң ән-биiне, қыз бен жiгiт айтысына ұласқан «журфактың» Наурыз тойы сезiмге ерекше әсер бердi. Сондықтан да келген қонақтар университет ректорының «Журфакта, №5 жатақханада» Наурыз мерекесiн атап өтудi ендi дәстүрге айналдырамыз» деген сөзiне «әумин» деп тарқасты.

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *