43 елдің тілінде жазылған ән

Адамның жасы оның арманына жетуіне кедергі болмауы керек. Ардагерлер арасында гір көтеруден алты мәрте әлем чемпионы болған Жұмақан Күзбаев бала кездегі «әлем чемпионы атанып, елімнің көк туын көкке көтерсем ғой» деген бала арманына 50 жастан асқан соң қол  жеткізген. Балалық шақтағы арманыңызды ештеңге айырбастамай, соған қарай ұмтылсаңыз, түбі соған жетесіз дейді Қазақстан Рекордтар кітабының (КИнЭС) кейіпкері. 

Әсел ДАҒЖАН

Ол Ресейдің Киров қаласында өткен гір спортынан әлем чемпио­натында 55-тен 59 келіге дейінгі салмақтық дәрежеде 24 келілік гірді 60 минуттың ішінде 1300 рет көтеріп, әлемдік рекорд орнатып,  «Алтын гір» иеленді. Ал биыл қазанның 14-і күні Латвияда 31 мемлекеттен 700-ге жуық спортшы қатысқан бәйгеде тағы оза шауып, бірінші орын иеленген.

Дегенмен, кім қанша жаста болсын, өз саласының үздігі атанып, өзгелерде жоқ қасиетімен ерекше­леніп, топ жара алады. Бұған біз Қазақстан Рекордтар кітабының (КИнЭС) он бірінші басы­лымының тұсаукесерінде куә болдық.

Қазақстан Рекордтар кітабының соңғы шығарылымы екі жыл бұрын жарық көрген болатын. Осы уақыт ішінде ел тұрғындары көптеген жетістік­терге жетіп, жаңа рекордтар орнатып үлгерген.

КИнЭС-ке енетін жетістіктерді іріктеу күн сайын жүргізіледі. Алай­да, кез-келген ерекше іс-әрекет неме­се құбылыс ғажайыптар кітабы­на ене бермейді. Әрбір деректі сарап­шылар ұжымы мұқият тексереді.

– Жетістік бар жағынан қызықты болуы керек. Сонымен қатар, біз бұл оқиғаның бірінші рет болып отырғанына көз жеткізуіміз керек. Оны анықтайтын сарапшылар ұжымы бар. Бұл басылымға Гиннес рекордтар кітабына енген жетіс­тік­тер де, Қазақстан аймағында бірінші рет болып отырған деректер де тіркел­ді. Мәселен, Каспий теңізі – әлем­дегі ең үлкен көл болса, бізде де сол көрсет­кішпен тіркелді. Ал Арал теңізі ең суалып бара жатқан көл ретінде енді, – деді КИнЭС Қазақ­стан рекордтар кітабының Бас редакторы Қуаныш Тазабеков. Оның айтуынша, сарапшы­ларға таңдау жасау қиынға түседі. Кей жағдайда рекордты тіркеп қана қоймай, басқа елдің рекорд­тарымен салыстыруға тура келетін жағдайлар болады.

– Әлемде 50-ге жуық ел өзде­рінің рекордтар кітабын шығарады. Қазақстан рекордтар кітабы 1999 жылдан бастап шығып келеді. Басында жұп-жұқа кітап болып басталған еді. Ішінде суретсіз 515 дерек қана бар болатын. Қазір 1654 дерек, 2000 фотоиллюстрация тіркел­ген үлкен энциклопедиялық жинаққа айналды. Кітап екі тілде шығады, – деді редактор.

Қазақстан рекордтар кітабында гео­графия, халық саны, тарих, экономика, бизнес, саясат, құқық, туризм, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және өнер, қала құрылысы, сәулет және спорт сала­ларындағы басты жетістіктер топтас­тырылған. Қа­зақ­стан Рекордтар кіта­бына енген сәулеттік жетістіктер ара­сында ел­дегі ең үлкен экологиялық арт-нысан – «Атакент» орталығы алдына орнатылған тиіннің мүсіні де енгізілген. Ал Аста­надағы Ырыс­келді қажының мешіті елдегі ең экологиялық мешіт ретінде енді. Ғимарат жасыл техноло­гиялар арқылы жылытылады. Павлодар­дағы Мәшһүр Жүсіп мешіті сәулет құрылысы жағынан ерекше ғимарат болып шешілген.

Одан бөлек, КИнЭС энцикло­педиясында өзінің қабілетімен ерекше көзге түскен қазақстан­дықтар да бар. Мәселен, кітапты парақ­тап отырып екі тәулік тоқтамай тігіс тіккен талдықор­ған­дық жігіт, каскадерлар, күштері тасыған жігіттер, альпинистер дейсіз  бе, барлығы да құрметке лайық адамдар. Сонымен қатар, ең ұзын қазы, ең үлкен бургер, ең көп кәуап, қара жорға биін жаппай билеу сияқты деректер де кірген. Сондай-ақ, белгілі композитор Олег Беловтың Алматы универсиадасына арнап жазыл­ған «Дай мне руку» әні де 43 елдің тілінде жазылған ән ретінде тізімге алынды.

Қазақстан Рекордтар кітабы Алматы университеттері мен мектептеріне, қаладағы кітапханаларға таратылып беріледі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close