№40 БАҒЫТТЫ ҚАЙТАРЫҢЫЗДАР!

Рая ЕСКЕНДІР

Аудан әкімдерінің халық алдындағы есеп беруі игі дәстүрге айналды. Мұндай кездесулер тұрғындардың түйткілді мәселелерін көп алдында ортаға салып, тіпті, кейбір мәселелердің сол арада шешімін тауып жатуы арқа-жарқа болып тарқасып жататын билік пен халық арасындағы көпірге айналды.

Жетісу ауданының әкімі Талғат Разақов­тың ең алғашқы есеп беру кездесуі «Құрылысшы» кентінде орналасқан №109 мектепте өтті. Бас­қосуға Алматы қаласы әкімінің орын­ба­сары Болат Сауранбаев, қалалық мәслихат депутаты Ғалым Сәдібеков қатысты. Алдымен Талғат Көшенұлы ауданның өткен жылғы экономикалық-әлеуметтік қорытын­дысымен таныстыр­ды. Баяндама бары­сында аудан көлемінде атқарылған шаруалардың барлығы да слайд арқылы көрсетіліп тұрды.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң, сөз кезегін алған Жетісу аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орын­басары Ерлан Кенжеев тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі басты назар­да екендігін алдыға тартып, аудан көле­міндегі қылмыс түрлері мен оны ашу жолындағы атқарылып жатқан жұмыс­тарды баяндады. Сөз кезегі тұр­ғындардың өзіне тигенде, еркін микро­фон қолына тиген тұрғындар өз көкейлерінде жүрген сауалдарын кезегімен бастады.

«Құрылысшы кенті» кезінде Ал­малы ауданы аумағына тиесілі болған­дықтан, бүгінде жетісулық атанған тұрғындарға емхана ауадай қажет болып тұр. Әлі күнге №5 емханаға баруға мәжбүр тұрғындар «өзіміздің емха­намыз қашан салынар екен?» дейді.

Тұрғындардың дені қоғамдық көлікке деген «өкпелерін» үйіп-төкті. Мысалы, «Жол жүру билетін» көрсе, кірпідей жиырылатын жүргізушілерді қашан, кім жөнге салар екен дейді тұрғындар. Бұл ретте №23 автобус тұрғындардың жүйке­лерін әбден жұқартқан сыңайлы. Осы кездесуге арнайы қатысқан қала­лық Жолаушылар көлігі басқарма­сының өкілі №23 бағыттың «ережесінің» негізсіз еке­нін айтты. Тағы бір байқа­ғанымыз, «Құры­лысшы кенті» тұрғын­дарының №40 автобусты күтіп жүргендеріне 7 жыл болып­ты. Бір ғана көлік қатынайтын ық­шамаудан тұрғын­дары «екі аяққа қуат берсін» деп, №40 автобустан үміттерін үзгендей екен. Дегенмен, бүгінгі жиында үміт оянды, сәтін салса, №40 автобустың «қайтатын» түрі бар.

Тұрғындар Райымбек даңғылы бойында құрылысы басталған жерүсті көпірін салу барысында барлық қауіпсіз­дік ережелері сақталса екен дейді. Аудан әкімі бұл жұмыстың әлі толық аяқтал­мағанын, оны қабылдап аларда барлық талаптардың қатаң сақталатынын жет­кізді. Кездесуде тұрғындар қоқыс мәселе­сі туралы да өз ұсыныстарын жеткізді.

Қаңғыбас иттер қазір қалада қаптап жүрмесе де, кездесіп жатады. Тұрғындар иттерді тәртіпке шақыратын кез келді дейді. Жалпы, тұрғындар аудан көлемінде жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқан­дығын жеткізіп, алғыстарын білдірді. «Максима» кешені маңындағы жаңа үйлерге қоныстанған тұрғындар балалар үшін ойын алаңдары аса қажет екендігін жеткізді. Аудан басшысы бұл ұсыныс­тарды қызу қолдап, көмекке әзір екен­дігін білдірді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *