МАХАББАТТЫ МАДАҚТАҒАН МӘШҺҮР АҚЫН

  • Жыр-жүрек

99(Тұманбай Молдағалиев туралы сөз)

Мектептегі шәкірт кезімнен өлең кітаптарды көп оқитын едім. Содан ба, әдебиетке деген әуестігім ерте оянды. Тіпті, жаныма жарық сәуле түсіретін жақсы өлеңді жаттап алатынмын. Солардың қайсыбірі қазірде көмескіленбей, көкірегімнің түбінде көгендеулі жатыр. Өлеңге деген осындай сүйіспеншілік мені ақындық өнер жолына тартқанын іштей таныдым. Сөйттім де, қолыма қалам алдым. Талай жыр жолдарын қағазға түсірдім. Сол жазғандарымның қандай деңгейде екенін іштей електен өткіздім. Өзімнен өзге қайсы ақынның қалам қауқары мықты екенін салмақтап, сараладым. Сондайда маған өзге ақындардан айрықша жаныма жақын, өлеңдеріндегі нәзік сезіммен көркемдік деңгейі жоғары қалам иесі Тұманбай Молдағалиев  болып көрінетін.

Алыстағы ауылда тұрсам да қазақтілді газет-журналдарды көзден таса етпедім. Сол кезеңде Тұманбай  ағаның өлеңдері баспасөзде жиі жарияланып, суреті де көзіме таныс болып кеткен еді.

Ара-тұра Алматыға ат басын бұрғанда Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратындағы «Қазақ әдебиеті» газетіне өлеңдерімді қалдырып кетіп жүрдім. Ол дүниелерімнің бірді-екілісі аталған газетте жарық көрді. Ұмытпасам, өткен ғасырдың 70-жылдарының орта тұсында еңбек демалысын алып, Алматыға келдім. Мезгіл шілде айы болатын. Аспан айналып жерге түсердей, күн шыжып тұр. Шаңқай түс әлетінде Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратындағы «Қазақ әдебиеті» газетіне қарай қадам басып келе жатқанымда, қарсы алдымнан атақты қаламгер Бердібек Соқпақбаев шыға келмесі бар ма? Жазушы ағамен жерлес ретінде ертеден таныс едім. Ол кісі менің Нарынқолдағы аудандық газетте қызмет істейтінімді, өлең жазатынымды жақсы білетін еді. Бердібек аға амандық-саулықтан соң менің мұнда не шаруамен жүргенімді сұрап білді де, қолымнан ұстаған күйі әлгі ғимараттың бірінші қабатындағы «Жалын» журналының редакциясына бастап барды. Есікке таянғанда сәл кідіріп: «Бұл журналдың бас редакторы  атақты ақын Тұманбай Молдағалиев екенін білесің ғой», – деді. «Әрине, білемін, аға», – дедім мен. «Әкелген өлеңдерің нашар болса, меселіміз қайтып қала ма деп қауіптеніп тұрмын», – деді Бекең сөзін жалғап. Мен күмілжіп барып: «Өлеңдерім өзіме ұнайды, ұятқа қала қоймаспыз, аға», – дедім. Есікті айқара ашқанымызда бөлмеде үш-төрт адам отыр екен. Тұманбай ақыннан өзгесін тани алмадым. Отырған кісілер орындарынан тұрып, Бекеңе сәлем берді. Орындыққа жайғасқан Бекең бас редактор жаққа бұрылып:

– Тұмаш, мына жігіт менің жерлес інім еді, өзі өлең жазады. Аудандық газетте қызмет істейді. Бір топ өлең әкелген екен, оқып көрші, көркемдігі көңіліңнен шықса, журналыңа басарсың, – деп, менің қолымдағы қағаздарды алып, Тұманбай ақынның алдына қойды. Сөйтті де, Бекең сыртқа қарай бет алды. Мен қалып қойдым. Тұманбай аға менің өлеңдерімді лезде оқып шықты да:

– Әкелген дүниелерің әп-әдемі екен. Жариялаймын, – деді нық сеніммен. Ақын аға сөзінде тұрды. Әлгі өлеңдерім журналдың сол жылғы қараша айындағы нөмірінде жарық көрді. Менің Тұманбай ақынмен таныстығым осылай басталды.

1997 жылы ауылдан Алматыға қоныс аудардым. «Жібек жолы» көшесінің бойындағы 9 қабатты Баспагерлер үйінің  5-қабатындағы «Қазақ елі» газетіне қызметке орналасқанмын. Тұманбай аға осы ғимараттың 7-қабатындағы «Балдырған» журналында бас редактор болатын. Арагідік ақын ағамен ұшырасып, әңгімелесіп қалатынмын. Сөйтіп, бұрынғы ескі таныстық тамырланып, жақындығымыз жапырақ жая бастады. Ақын ағаның мені жанына жақын тартқан тағы бір себебі – мен ол кісінің бірсыпыра өлеңдерін жатқа білетін едім. Сол жатқа білетіндерімді өзіне айтсам, ақын ағаның көзі күлімдеп, жүзі нұрланып, ризалығын білдіріп алғыс айтатын. Бірде айтып отырған әңгімесін сәл үзе тұрып:

– Сен осы балаларға арнап өлең жазып көрші, бағыт-бағдарыңды бағамдайын, – деді.

Ақын ағаның сөзін екі етпей, табиғат тақырыбына арналған бір топ өлеңімді үш-төрт айдан соң алдына апарып қойдым. Асықпай оқып шыққан жыр дүлдүлі көзәйнегін столдың үстіне қойды да, бетіме күлімсірей қарап:

– Осылай іздене берсең, Бердібек ағаңдай белгілі балалар ақыны боласың. Мына әкелген¬деріңді жаратып отырмын, жариялаймын, – деді. Мен білетін Тұманбай Молдағалиев өтірік айтып көлгірсімейтін еді. Осыны ойға алған мен ақынның бөлмесінен көңілді шықтым.

Тұманбай ақынның өзге ақындардан атап айтар тағы бір айырмашылығы – мәңгі көнермейтін махаббатты мадақтап, осы жолда мәшһүр ақын атанғаны дер едім. Тұмекең  жасы егде тартқанда да махаббат тақырыбын барынша жырлады. Оның осындай өлеңдерін оқыған кез келген оқырман жалын атқан жастығын қадірлеуге, қастерлеуге бейім тұратынын талай мәрте көзім көрді. Ақынның сонау жастық шағында жазған:

Танысқанда сен он бес-ақ жаста едің,

Онда мен де, өзгеше едім, басқа едім.

Тұрдың үнсіз көз алдымда мөлдіреп,

Мөлдір көзден үзіліп түскен жас па едің?! –

дейтін өлеңі бар. Ақын үшін  құлай сүйген адамын ет жүрегі езіле жырлау осындай-ақ болар. Бұл өлеңде өтірік көлгірсу, жалған сөйлеп, жарамсақтану атымен жоқ. Таңғы шықтай тап-таза, мөлдір сезім бар. Өлең сонысымен де өміршең. Тұмекең тағы бір өлеңінде:

Адаммын, мүмкін ашық, мүмкін жұмбақ,

Өтермін дүниеден бір күн жырлап.

Мен сенің көлеңкеңді қызғанамын,

Сыңғырлап төгілетін күлкің тұрмақ, –

деп, армандай асқақ санаған аяулы адамын ағынан жарыла жырлағаны қандай жарасымды. Тұманбай ағамыз арнау өлеңнің қамшы салдырмас қас шебері еді десем, ешкім ерсі көрмейді. Ақынның арнау өлеңдерін оқысаңыз, өлеңіне өзек болған адамның мінезі, дүниетанымы көз алдыңа көлденең тұра қалады. Бұған ақынның атақты қаламгерлер Сәбит Мұқановқа, Әбділдә Тәжібаевқа, Мұқағали Мақатаевқа және басқа арқалы азаматтарға арнаған жырлары дәлел бола алады.

Тұмағаңның сөз тапқыштығы да бар еді. Үнемі әзіл-қалжыңын бірге ала жүретін бауырмал ақынға кездесе кеткен іні ақындарының бірі: «Тұмаға, осы сіз тек арнау өлеңдер ғана жазатын болып алған жоқсыз ба?» – деп қағытпақ болады. Сонда Тұмағаңның салған жерден: «Өлең дегеннің өзі арнау емес пе? Табиғатқа арналады, көңіл-күйге арналады, махаббатқа арналады, сен қалай ойлайсың?» деп жауап қатқанын білетіндер әлі күнге дейін айтып қалып жатады.

Қаршадайынан қолына қалам ұстап, ел-жұртын ерен ойымен егіле жырлаған ақынның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Шағын бір кітапхананың сөресіне қоятындай том-том кітаптары жарық көрді. Әдемі әндерге арқау болған жырлары қазір қазақ даласының көгінде қарлығаштай қалықтап жүр.

Ақын аға 75 жасқа толған тұста оған өлең арнадым. Ол өлеңім «Нарынқол нақыштары» дейтін кітабыма енді. Аталған жыр кітапты Тұмекеңе сыйлағанымда ризалығын білдіріп, ағалық алғысын айтқаны есімде.

Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алатау баурайындағы Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келді. Алғырлығымен қаршадайынан-ақ  ақын бала атанды. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, республикалық газеттерде, баспада жауапты қызмет атқарды. «Жалын» журналына ұзақ жыл басшылық жасады. Өмірінің соңғы күндеріне дейін «Балдырған»  журналында бас редактор болып, айналасындағы жастарға  қамқор аға,  қаламы жүйрік ақын бола білді.

Қазақтың жырсүйер қауымын тартымды да тамаша өлеңдерімен сусындатқан аса көрнекті ақынның асыл бейнесі көзден кетсе де, көңілімнің түкпірінде жақұттай жарқырап тұр. Ақын ағаның 80 жылдығы тұсында көзін көрген ізбасар інісі ретінде әрі өзіме жасаған азын-аулақ жақсылығын атап айтуды азаматтық парыз санадым. Даңқы дардай ақынның  келешекте де жырсүйер қауымның мақтанына айнала беретініне сенемін.

Мінуар ӘКІМХАНОВ, ақын.

 

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

Көктем шығып келе жатыр Алматыға тағы да

Көктем шығып

келе жатыр Алматыға тағы да,

Күн жылынып, күн

жайнайды

балалардың

бағына.

Алатауды

аралауға кеткім кеп

тұр менің де,

Таңнан тұрып Мұқашымды ертіп

алып жаныма.

Күндегіден

көңілім де көтеріңкі

біртүрлі,

Жел қуалап ап

кеткендей

кеудемдегі бұлтымды.

Әлде жаңа жыр

жазып бір

шабытымды

шақырып,

Қуантсам ба өлең

сүйер қасиетті жұртымды.

Бәрі еркімде,

ойлап тұрсам,

бәрі өзімнің

еркімде,

Ей, Жаратқан,

жалынамын, тілегімді

бер күнде.

Бұрынғымнан аласарып кетпейінші осы мен,

Қисаймасын

қыстай киген басымдағы бөркім де.

Ей, жаңа таң,

жарық сәуле елпілдеп бір жүгірген,

Қызық ойға

беріліп тұрмын саған қарап бүгін мен.

Саған еріп ар

жағында

анам келе

жатқандай,

Ұйқыда

еді, оянды ма менің нәзік үнімнен.

Ей, жаңа таң,

жарылқай гөр мен

секілді жарлыңды,

Әнге толтыр,

жырға толтыр,

мен өткізер әр

күнді.

Бала кездей бір

жарқылдат

тым құрмаса бір сәтке,

Қуып шығып

бойымдағы келе жатқан бар мұңды.

 

Көктем келді, дүние жыр жырлайды

Көктем келді,

дүние жыр жырлайды,

Бұлақ болып бусанып сылдырлайды.

Көктем келсе,

менің де

жапырағым

Тал бойымнан

оянып сыбдырлайды.

Бірде олай

тіршілік, бірде былай,

Айтылады ұлы әндер ырғағы бай.

Көктем келсе,

менің де

қызғалдағым

Қырға толып

кетеді жылдағыдай.

Бұлттар күнді біресе жасырады,

Біресе күн бұлттарға асылады.

Көктем келсе,

менің де көк

өзенім

Толып ағып

теңізге асығады.

Әңгімесін жер

айтып тауыса алмайды,

Көз алдында

алысқа тау самғайды.

Көктем келсе,

менің де

көкірегімнен

Жаңбырға ұқсап жаңа бір жыр саулайды.

 

Айтыла берсін асыл ән

Айтыла берсін асыл ән,

тартыла берсін күй көктем,

Сол әндер менен сол күйлер

өмір сүруді үйреткен.

Өмірдің сынбас арбасын

еліме қарай ақырын

Бара жатамын сүйреп мен,

бара жатамын сүйреп мен.

Шегінер жер жоқ, сондықтан

ілгері жүру міндетім,

Алдыма қарай қозғалу –

атқарар ісім күнбе-күн.

Талай да талай ел көрдім

еңбегім арқасында мен,

Бірде күн басқан жерлерді

басады келіп бірде түн.

Тартыла берсін күй көктем,

айтыла берсін асыл ән,

Сол күйге, құмар сол әнге

Тұманбай бала жасынан.

Шаршаса, атын береді – ағасы сараң жан емес,

Шөлдесе, сусын ішеді

қайырымды қарындасынан.

Ілгері тартқан ұлы жол

бітпесе, бітпей қойсын-ақ,

Оп-оңай қолға түсіпті

биікте тұрған қайсы бақ.

Өгейге ұқсап көргем жоқ, ата-анам болып қолдады

Мерейге, нұрға, көктемге, қызыққа, гүлге бай шуақ.

Айтылып, әнім, тұра бер,

тартылып, күйім, тұр сен де,

Қасымнан қалмай жүріңдер,

мен пақыр қайда жүрсем де.

Бақытқа баста қай уақта, жанымның құсын

сайрат та,

Алдымда тұрған

ай, батпа, төбемде тұрған күн, сөнбе!

Ақындық – өз әкемнен алған мұрам,

Әлемді мен сонымен таңғалдырам.

Қанатын жазып бірде қалықтайды

Аспанға еркін шығып алған қыран.

Бүгін де сол қыранмын

жыр көгінде,

Ұмтылам бұлтты жарып

бірде күнге.

Көзімде құбылады бар дүние,

Ақырын қанат қағып жүргенімде.

Ұшамын жерге түспей,

ұша берем,

Аспанның ақ бұлттарын құшады өлең.

Ойыма орта жолда ой қосылып,

Бойыма берілердей күш әріден.

Дос тауып, дүниеден бауыр тауып,

Біртүрлі кеткендеймін жарылқанып.

Мен, сірә, жерге түспей,

сол аспанның

Қалам-ау бір жерінен орын тауып.

 

Түн оянды, мінеки, таңға ұласып

Түн оянды, мінеки, таңға ұласып,

Жақсылық жамандықты алды басып.

Аспан жүзін әсемдеп күлімдейді,

Қайда барам десем де алдым ашық.

Мынау жайнап шығатын менің күнім,

Жақсы боп өтеріне сенімдімін.

Қауіп-қатер ойымнан тарады да,

Бірте-бірте бойымнан сөгілді мұң.

Жазып- жазып тастайтын бір өлеңдей

Жаздың таңы жарылқап жіберердей.

Ақын болып тіл қатам бұл әлемге,

Қалай ғана күн кешем бір еленбей.

Таласы жоқ жердің бұл көп ісіне,

Ортақ бола білгенмен жемісіне.

Қуанардай өзен, тау даусымды естіп,

Шүбәланбай шырқаймын жеңісіме.

Ешбір жаққа мойнымды бұра да алмай,

Мені күткен бақ бардай, мұра бардай,

Ақ қағазға төнемін, сөздеріме

Кешегі өткен ата-анам қуанардай.

Жан досымдай үйіме күле кірген,

Сағынышымен, әрқилы тілегімен

Өлең сөйлей бастайды біздің үйде,

Көргендерін айтады бұл өмірден.

Ішімде де көретін бардай көзі,

Байлығым да, бақытым балдай сөзі,

Мен жыласам анам боп жұбатады,

Ал қорықсам, әкем боп қорғайды өзі.

Қайғым да өзі кеудемді бұлт боп басқан,

Қуанышым жоқ және одан да асқан.

Көңілденем жылы сөз естимін де

Өмір деген өзімшіл қарындастан.

 

8 март

Әйелдердің күні дейді бұл күнді,

Бақтар жайнап, сайратады бұлбұлды.

Еркек түгел еркелерге берем деп,

Қолдарына ұстап апты бір гүлді.

Осынау күн – беделі бір өскен күн,

Жұрттың бәрін мен өзіме дос көрдім.

Қай қияға жұмсаса да баратын,

Әйелдерге антын бұзбас әскермін.

Ұмытылмай сонау жастық кездегі

Айтылады махаббаттың сөздері.

Гүлді ерекше ұнатады әйелдер,

Гүлдерге ұқсап тұрғаннан соң өздері.

Көктем алды Алатаудың өңірін,

Таңмен бірге әнге басты Бек інім.

Бір шоқ гүлді мен де келем көтеріп,

Күлтайымның алайын деп көңілін.

 

Аялдамай, аттың басын жібергін

Аялдамай, аттың

басын жібергін,

Жастық шаққа

барып қайтқын бірер күн.

Алып қайтқын

керегіңді, кемелім,

Арманыңа алдаса

да бір ергін.

Жыл деген не,

өтіп жатқан күн ғой құр,

Алжасасың ақбоз

атқа мінбей бір.

Жан жасасын,

жігіттік жан, еркін жан,

Арманыңа қолың

жетсе, күндей күл.

Жұлдыздай жан, қырандай үш, үш оқтай,

Қызық көргін

қызуы мол құшақтай.

Жер бетімен

ақырындап алып өт,

Өзіңді-өзің мүсәпірге ұқсатпай.

Әрқилы әркім өз

өмірін өткізбек,

Жыл дегенің күн

құрайтын көп тізбек.

Өз барыңды аяй көрме басқадан,

Әуре болма өз

бойыңда жоқты іздеп.

Басқа жанға қияр

дейсің кім айын,

Кім жұлдызын жеп ойласын тығайын.

Кеше ғана

керемет ек, ал бүгін

Сорлы болдық дегізбесін Құдайым.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close