30 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған 30 жаңа оқулықтың тұсауы кесілді.

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева, ҚР білім және ғылым вице-министрі Рүстем Айдарбекұлы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан ЖОО ректорлары, проректор­лары, әлеуметтік-гуманитарлық факультет­тер мен кафедралардың декандары және меңгерушілері, шаһардағы жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлар құрамы, қазақ тіліне аударылған жаңа оқу­лықтардың аудармашылары мен редак­торлары қатысты.

Модератор ретінде сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов 12 сәуір күні жарияланғанына 2 жыл толған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығын жеткізді.

– Өткен 2 жыл ішінде біз осы жобаның дер кезінде және жоғары сұранысқа ие екеніне тағы да көз жеткіздік. Жаңа оқу­лықтардың арқасында ғылыми айналымға әлемде болып жатқан заманауи әлеуметтік процестерді түсіндіретін жаңа теориялар мен тұжырымдамалар енгізіледі. Бұл жоба жаһандық білім беруді дамытудағы маңыз­ды трендті ескереді. «Global Cіtіzenshіp EDUCATІON» жас тұлғаны жаһандық қоғам мүшесі, әлем азаматы ретінде және өз елінің патриоты ретінде даярлау мен оқытуды көздейді, – деді ҚазҰУ ректоры.

Аталған бағдарлама аясында лингвис­тер мен мамандар шетелдік авторлардың үздік оқулықтарын қазақ тіліне аудару жұмыстарын табысты жүргізуде. Өткен жылы тіл мамандары алғашқы 18 жаңа оқулықты енгізген болатын. Шара бары­сында тағы 30 жаңа оқулық көпшілікке таныстырылды.

Сондай-ақ, ҚазҰУ оқытушылары оқу үдерісіне аударылған оқулықтарды енгізу бойынша әзірлеген әдістемелік ұсыныс­тарын жария етті.  Осы тұста ҚазҰУ-да Қазақстан ЖОО оқытушыларына арнал­ған әлеуметтік-саяси білім модулі негізінде «жалпы білім беру пәндері» циклінің жаңартылған мазмұны бойынша  білікті­лікті арттыру курстары ұйымдастырыл­ғанын айта кетейік.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия­ның хатшысы Аида Балаева қоғамға осыдан бір жыл бұрын таныстырылған 18 алғашқы оқулықтың еліміздегі жоғары білім беру ісінің мазмұнын жаңарту үшін жағдай жасағанын атап өтіп, үстіміздегі жылы шығарылатын 30 жаңа оқулықтың отандық ЖОО әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, жаңа оқулықтар дүние жүзі тарихы, әдебиет теориясы, халық­аралық құқық, педагогика, интернет-психология, стратегиялық менеджмент, маркетинг, медиа және іскерлік коммуни­кация, дипломатия және өнертану сала­сындағы кең ауқымды білімді қамтиды. Мәселен, «Панорама: дүниежүзі тарихы» оқулығы McGrawHіll баспасының 2 томында адамзаттың дамуына ауқымды шолу жасайды. Материалды баяндау әдістемесі тарихи процесс туралы кең түсінік береді.

Экономика және кәсіпкерлік саласын­дағы оқулықтар сериясын кеңейту мақса­тында осы саладағы белгілі мамандардың жұмыстары ауыстырылды. Олардың қатарында Джон Гэмбл бастаған авторлар тобының «Стратегиялық басқару негіздері» кітабы, Ник Уилтонның «HR – менедж­ментке кіріспе» еңбегі, Стивен Робинстің «Ұйымдастырушылық мінез-құлық» кітабы, Чарльз Хиллдің «Халықаралық бизнес: жаһандық нарықтағы бәсекелестік» туындысы және т.б. бар.

Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында көптеген белгілі еңбектер әлемнің ондаған тіліне аударылып, әлемдік гума­нитарлық білім беруді дамытуға ықпал еткенін айта кетейік. Бұл кітаптарды қазақ тіліне аудару мен басып шығару қазақ­стандық  жоғары білім берудің дамуына және ғылымның нығаюына елеулі үлес қосады. Кітап аудару жұмысына жоғары оқу орындарының жетекші оқытушылары, редакторлар мен тәжірибелі аудармашылар және лингвистер қатарынан 300-ден астам маман қатысты. Әр жаңа 30 оқулықтың таралымы 10 000 дананы құрайды. Жаңа оқу жылына қарай оларды 112 жоғары оқу орны ала алады. Оқулықтардың электрон­дық нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталында (www.OpenU.kz) көпшілікке қолжетімді болады.

Жиын соңында жұртшылыққа қоғам­дық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру аясында аударылған және басып шығарылған отыз жаңа оқулықтың көрмесі ұсынылды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close