2020 ЖЫЛЫ 15 МЛН. ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАТЫН БОЛАДЫ

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы  өтті.

–  Бүгін Үкіметтің кезекті кеңейтілген оты­рысына жиналып отырмыз. Күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселе бар. Алдымен өткен жылдың әлеуметтік-эко­номикалық даму нәтижелерін қарасты­рамыз. Жалпы, былтыр жақсы көрсеткіш­терге қол жеткіздік – экономикалық өсім 4,5 пайыз болды. Экономиканың негізгі салаларында өсу қарқыны байқалды, – деді Президент.

Премьер-Министр Асқар Мамин еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-эконо­микалық даму қорытындылары мен осы жылға арналған міндеттер туралы баян­дады. Баяндамада хабарланғандай, 2019 жылдың қорытындысы бойынша халықтың нақты табысы 5,5%-ға өсіп, ЖІӨ өсімі 4,5%-ды құраған.

Үкімет басшысы  келтірген дерек бойынша халықтың нақты табысы 5,5%-ға өсті. 2019 жылы 2,7 млн. азаматтың жалақысы көбейтілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ы  құрады. 423 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 279 мыңы – тұрақты.

Өткен жылы елімізге  шамамен 25 млрд. доллар тікелей шетелдік инвестиция тар­тылды. Экономикадағы ШОБ үлесі 29,5%-ға жетті. Жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындар саны 8%-ға өсті. Осы жылдың 1 қаңта­рын­дағы жағдай бойынша Жекеше­лен­дірудің кешенді жоспары 93%-ға орындалды.

«Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарлама­ларын іске асыру 13 млн.-нан астам шар­шы метр тұрғын үй салуға, 4,4 мың шақы­рым­нан астам республикалық жолды салуға және реконструкциялауға, 640 шақырымнан астам жолды пайдалануға беруге мүмкіндік берді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 53 ауылда 452 жоба іске асырылды.

– Біздің стратегиялық міндетіміз – негізгі капиталға салынатын инвестиция­лардың көлемін жыл сайын орта есеппен 15%-ға арттыру және оның деңгейін 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 30%-на дейін жеткізу, – деген  Асқар  Мамин Үкімет жұмы­сының негізгі басымдығы халықтың нақты табысы мен тұрмыс сапасын арттыру екенін атап өтті.

2020 жылы Үкімет жұмысын 7 страте­гиялық бағыт бойынша жалғастырмақ, атап айтсақ: инвестицияларды тарту, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды, экспортқа бағдарлан­ған индустрияландыруды, отын-энерге­тикалық және агроөнеркәсіптік кешен­дерін дамыту, экономиканы цифрланды­руды арттыру.

Биыл 15 млн. шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. 150 мыңнан астам отба­сы баспаналы болады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жаңа стандарттарға сәйкес 190 ауылда сапалы инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша 800-ден астам жоба жүзеге асырылады.

Жалпы, Үкіметтің 2020 жылға арналған жұмысының негізгі мақсаты – экономика өсімін 4,7-5% деңгейінде қамтамасыз ету. 2020 жылы Үкіметтің алдында 430 мың жаңа жұмыс орнын құру, негізгі капиталға инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 20% деңгейіне жеткізу; шикізаттық емес экспортты 18,6 млрд. долларға дейін жеткізу; халықтың нақты табысын 6% арттыру, экономикадағы ШОБ үлесін 30%-ға дейін жеткізу міндеттері тұрғанын қадап айтқан  Асқар Мамин: «Үкімет жұмысы­ның басымдықты бағыты – экономикалық өсімді азаматтардың өмір сүру деңгейінің нақты артуының көрсеткішіне айналдыру», – деп түйіндеді.

  • 2020 жылы 15 млн. шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. 150 мыңнан астам отбасы баспаналы болады.
  • 2020 жылы Үкіметтің алдында 430 мың жаңа жұмыс орнын құру, негізгі капиталға инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 20% деңгейіне жеткізу; халықтың нақты табысын 6%-ға арттыру, экономикадағы ШОБ үлесін 30%-ға дейін жеткізу міндеттері тұр.
  • 2020 жылдан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көбейтілді. Шағын және микробизнес үшін 3 жылға тексеруге мораторий енгізілді және олар табыс салығын төлеуден босатылады.
  • Газдандыру бойынша 44 жобаны іске асыру нәтижесінде халықтың табиғи газға қол жеткізуін қамту 1,2 млн. адамға артады.
  • Жалпы, алдағы 7 жылда 3,5 мыңнан астам ауыл инфрақұ­рылымын жаңғыртуға 900 млрд. теңге қарастырылған.
  • 2026 жылға дейін ел өңірлерінде жалпы сомасы 1,2 трлн. теңгеден астам жеке капиталды тарта отырып, 19 ірі заманауи медициналық орталық құрылатын болады. Биылдан бастап  Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 210 млрд. теңге сомаға осындай ауруханалардың құрылысы басталады.
  • Білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту шеңберінде 2020 жылы 200-ге жуық жаңа мектеп (оның 100-і жекеменшік), сондай-ақ, 44 студенттік жатақхананы (12 мың орынды)  іске қосу жоспарланған.
  • 2020 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 2,600 шақырымнан астам автожолдардың құрылысы мен қайта жаңартылуы аяқталады. Олар: Талдықорған–Өскемен (763 шақырым), Қарағанды–Балқаш–Қапшағай (645 ш.), Қалбатау–Майқапшағай (415 ш.), Ақтөбе–Атырау–Астрахань (279 ш.), Меркі–Бурылбайтал (266 ш.), Көкшетау–Петропавл (67 ш.), Үшарал–Достық (60 ш.), Қостанай–Денисовка (60 ш.), Ұзынағаш–Отар (56 ш.).
  • Жергілікті жолдарды дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Жалпы алғанда, 4 мың шақырымнан астам жергілікті жолдар жөндеу жұмыстарымен қамтылады, бұл қалалар мен ауылдардағы өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
  • Индустрияландыру картасы аясында биыл 17 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ, 1,1 трлн. теңге сомасына 160 жоба іске асырылатын болады.
  • 90 млн. тонна мұнай және 56,5 млрд. текше метр газ өндіру жоспарланған.
  • 2020 жылы агроөнеркәсіп кешені саласында 40 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
  • Жалпы, 2020 жылы 137 млрд. теңге инвестиция тарту, сондай-ақ цифрландыру есебінен 10 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
  • 2020 жылы ел халқын Интернет желісі қызметтерімен 93%-ға дейін қамту, мемлекеттік қызметтердің  электрондық форматтағы  деңгейін 90%-ға дейін жеткізу,  халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 80%-ға дейін арттыру бойынша тиісті  шаралар қабылданатын болады.

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *