ҰЛЫ ДАЛА ҚЫЗДАРЫ

Жүз жаңа есім

Нұржамал ӘЛІШЕВА

img_0063

Қазақ мемлекеттілігінің формуласы

– Алтайы Иранбекқызы, жуырда Алматы төрінде «Қазақ мемлекеттілігінің формуласы» атты кітабыңыздың тұсауы кесілді. Бұл еңбегіңізді өмірге әкелерде қандай күрделі ізденістерге бардыңыз, нені айтқыңыз келді?

– «Қазақ мемлекеттілігінің формуласы» атты монографияға мұрындық болған бірден-бір дүние Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы болатын. Сонда мемлекетіміздің егжейлі-тегжейлі айтылған жаңа саяси бағытына қатты қызықтым.

Онда қазақ мемлекеттілігінің генезисі мен эволюциясының ілімдік-әдіснамалық мәселелеріне талдау жасауға тырыстым. Нақтырақ айтсам, мемлекеттілік ұғымына қатысты «территория», «әлеуметтік кеңіс­тік», «соғыс», «билік», «символизм», «архе­тип» және тағы да басқа онтологиялық ұғымдары негізінде, қазақ ұлттық мемле­кеттігінің ішкі табиғаты мен саяси мәде­ниеттің қалыптасу себептеріне, оның гео­сая­си, саяси-құқықтық, әлеуметтік-мәдени аспектілеріне ғылыми зерттеу жүргіздім.

Әрине, мұндағы формула дегенде қандай да бір математикалық амалдарды іздеген жоқпыз, мемлекеттілігіміздің қалыптасуына негіз болған өлшемдерді, Ұлы дала деген ұғымды тарқатуға, солар­дың философиялық астарына тереңінен үңілуге тырыстық.

Қазақ мемлекеттілігі дәстүрлері мен формуласының танымы пәнаралық деңгейде ғылыми ізденістермен шұғылда­нушы заманауи, жаңа форматты зерттеуші­лер мен әлеуметтік ілімнің түрлі саласымен айналысатын мамандардың қызығушылы­ғын тудыруы мүмкін деген ойдамын.

– Осыдан жиырма жыл бұрын канди­даттық диссертацияңызға арқау еткен қазақ қоғамындағы билер институтының қазіргі орны, өзектілігі қандай?

– Иә, сонау 1998 жылы қазақ тілінде қорғаған «Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты» деген кандидаттық диссертациям сол кезеңнің көзімен қара­ғанда ғылымдағы тың да таңсық тақырып болды. Әрине, билерге қатысты, оның құқықтық, әдет-ғұрыптық аспектілеріне байланысты кезінде Т.Күлтелеевтің, С.Толы­бековтің, С.Фукстың және С.Зима­новтың еңбектері болды. Бірақ сол тұста бұл еңбегімнің қазақ билеріне қатысты тарихи аспектіде тұңғыш зерттеу жұмысы болғандығы, ғылымдағы үлкен жаңалық ретінде қабылданғаны рас. Бұл құнды тақырыпты маған бекітіп берген академик Мәмбет Қожабайұлы Қойгелдиев болатын. Ғылыми жетекшім де сол кісі болды.

Ал оның дәл бүгінгі күнмен сабақ­тастығы, оның көрінісі туралы сөз қозғал­ғанда, ең алдымен, қазақ жүрген жерде бұл тақырыптың ешқашан ескірмейтіндігін, өміршеңдігін баса айтқым келеді. Себебі, бүгінгі жаһандық заманда көкжиегіміз кеңейе бастаған тұста, өзге елдермен қарым-қатынасымыз нығайып, ынтымақ­тастық, елдің бірлігі деген мәселелер алдыңғы орындарға шыға бастаған кезеңде билер институты өкілдерінің кезінде айтқан шешім-үлгілері, соңдарында қалдырып кеткен өсиет сөздері өзекті болып қала бермек.

img_20180101_164141

Бүгінде бұл тақырып отандық тарих­намада біршама зерттелген тақырыптардың қатарына жатады. Оның түрлі аспектілерін филология, құқықтық, мәдениеттану, тарих­намалық жағынан зерттеулер бүгінгі күні баршылық. Кезінде көрнекті қоғам қайраткері, академик Салық Зиманов ағамыз көзі тірісінде, өзі қатысқан соңғы «Қазақтың билері – бірегей сот жүйесі»  деген алқалы конференцияда маған мін­берді ұсынып, пленарлық отырыста билер тақырыбында баяндама жасағанымда:

– Біздің ізімізде осындай күрделі тақырыпты зерттейтін жас ғалымдар барда  ешбір уайымдауға да негіз жоқ, – деп ата­лық батасын берген болатын. Шын мәнінде бұл тақырып бүгінгі күні де күн тәртібінен түскен емес, өзінің деңгейінен төмендеген жоқ. Соның бір дәлеліндей сот жүйесінде, құқықтық органдарда осы тақырыпта алқалы жиындар, конференциялардың жиі өтіп жататындығының куәсіміз.

Бұл тақырыптың бүгінгі күнмен сабақ­тасып жатқандығы сонда, әсіресе, билер институты өкілдері мен қазіргі осы заманғы медиация саласы сынды екі институт арасындағы тығыз байланыс, бітімгерлік мәселесінің іргетасын қалаған қазақ биле­рінің тарихтағы орны, мына қоғамды біріктірудегі, әлеуметті ынтымаққа шақы­рудағы рөлі керемет. Меніңше, бұл мәсе­лелер әрі қарай да тереңірек зерттеуді талап етеді.

Осы ретте кандидаттық диссерта­циям­ның заңды жалғасындай болған докторлық диссертациям туралы да бірер сөз қозғай кетсем, артық болмас. Бұл еңбегімді 2005 жылы өзім қатарлы зерттеушілердің ара­сында 35 жасымда қорғап едім. Ол тұста сол жаста және әйел затына докторлық диссертация қорғау таңсық дүние болатын. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы өркениет ілімі туралы бірегей тақырыпты сол жылдары абыройлы алып шыққанымды тәуелсізді­гіміздің бір жемісі деп бағалауға болатын шығар деп ойлаймын.

Шыны керек, біздің дербес ел, қазақ ретінде қабылданып, танылғанымыз бертінде ғана. Ал оған дейін еуропалық ойшылдар бізді көшпелі, жабайы халық ретінде қарастырып келді. Сондықтан осы түсінікті бұзып-жарып, «Цивилизационные особенности социокультурного традицион­ного казахского общества» деген еңбегімде көшпелі өркениеттің де өзіндік бет-бейнесі, өзінің үлгі-ерекшелігі, төл институттары бар екендігін дәлделдейтін толымды зерттеулер жүргіздім.  Біздің дәстүрлі қазақ қоғамы, ондағы төл институттар өзінің бастауын сонау ерте замандардан, сақ, ғұндардан ала­тындығын, өзімізге тән сипат, мазмұ­нымыз бар екендігін айқын көрсетіп бердік.

 

Шет елде біздің де өз төріміз бар

 

– Шет мемлекеттерде өтетін ғылыми іргелі конференцияларға жиі қатысатын көрінесіз. Шетелдіктердің біздің тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарасы қай деңгейде? Жалпы, жас Қазақстан туралы ойлары қандай?

– Иә, ауқымды және дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын айтулы ғылыми конфе­ренцияларға жиі қатысып тұрамыз. Әсіресе, Орталық Азияны зерттеудің Еуропалық одағы екі жылда бір өткізіп тұратын  үлкен форумға жиі қатысамыз. Соңғы басқосулары Кембридж, Цюрих университеттерінде, өзіміздің Назарбаев Университетінде, Бішкекте өтті. Әрине, әрбір шет мемлекеттің біздің тарихымыз бен мәдениетімізді зерттеуде өзіндік бір іштей сыры, іштей бір есебі болатынын әрдайым есте сақтауымыз керек.

Шетелдіктер біздің отандық тарихы­мыз­дағы барлық кезеңге назар аударып оты­рады. Мәселен, олардың бір кездердегі шиеленісті болып табылған Ресеймен қарым-қатынасқа, ұлт-азаттық қозғалыс­тарға, ұлттық интеллигенция мәселесіне, әлеуметтік белгілі бір шиеленістерге, Кеңес өкіметі тұсындағы тоталитарлық саясат, бертіндегі, яғни Тәуелсіздік жылдарындағы гендерлік, этносаяси, конфессияаралық, демографиялық, жалпы қарапайым халық­тың күнделікті өміріне, тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерге, миграциялық үдерістерге деген қызығушылықтың аса жоғары екендігін байқауға болады.

2015 жылы Швейрацияда өткен кон­ференцияда Цюрих университеті профес­со­рының қазақша сөйлегенін, сол жерде қазақ тілі мен мәдениеті, тарихы бойынша қазақ тілінде даярлайтын мамандар оқыту үшін кафедра, орталық ашуға белсенділік танытып жүргенін көргенім бар. Демек, бұл біздің Қазақстанның әлемдік аренада өзіндік орны бар деген сөз.

Иә, шетелдіктердің біздің тарихи тұлғаларға деген, Алаш зиялыларына, Кеңес одағы тұсындағы мәдениет, ғылым қайраткерлеріне, Елбасы саясатына, оның тұлғалық бет-бейнесіне деген қызығушы­лығы өте жоғары. Жас та Тәуелсіз Қазақ­станға, азаматтарына, тарихына деген ниеттері түзу. Дегенмен, біздің ғалымдар, ізденушілер, жас зерттеушілер сыртта, жат елде жүргенде, әлгіндей форумдар кезінде өзгелер қазақ халқының құндылықтарын біздің жүріс-тұрыс, сөйлеу мәдениетімізден де іздеп тұратыны жасырын емес. Тіпті, тарихымыздың бір шиеленісті тұстарын баяндау барысында аяқасты, тырнақасты болып табылатын кейбір мәселелерде қорытынды жасауда аздап абай, сақ болып, ел алдындағы жауапкершілігімізді сезіне білуіміз керек деп ойлаймын.

– Бүгінде өзіңіз еңбек етіп жүрген М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемле­кеттік университетінің қазақстандық филиа­лы немен айналысады, бізге ол не береді?

– Бұл филиалда еңбек етіп жүргеніме көп бола қойған жоқ, бір жылдан енді ғана асты. Жалпы, кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ТМД кеңістігінде ашылған алғашқы филиалда­ры­ның бірі. Мұндағы негізгі контингент – өз еліміздің жастары. Олар математика және қолданбалы математика, информа­тика, экономика, филология, экология  – осы бес сала бойынша білім алады. Бака­лавриат және магистратурада мамандар даярланады. Студенттер алғашқы жылда­рында осында оқиды, сосын жоғарғы курс­тарындағы дәрістерін Мәскеу төрінде тыңдап, дипломдарын да сол жақтан алып келеді. Отанға оралған соң, білікті маман ретінде еңбекке араласа бастайды.

Қазақстандағы кіші Мәскеу универ­си­теті аталып кеткен біздің филиалдың дирек­торы, экономика ғылымының докторы Сидорович Александр Владимиро­вичтің Қазақстан тарихына, қазақ тіліне деген қатынасы, құрметі айрықша. Ол қазақ балаларының, қазақстандық маман­дардың кәсіби деңгейде білім алуына әрдайым ерекше көңіл аударып отырады.

– Өзіңіз бағалайтын тарихшылар туралы бірер сөз…

– Ер-азамат тарихшыларымыз ренжи қоймас, мен бұл орайда әлемдік деңгейде орны бар қазақ әйелдері туралы баса айтқым келеді. Әбусейітова Меруерт Қуат­қызының, Хафизова Клара Шайсұлтан­қызының, Төлебаева Жұлдыз Мұсақызы­ның, Садуақасова Зақыш Төлеханқызы­ның, Таштемханова Райхан Мұхамеджан­қы­зының есімдерін жоғары бағалаймын. Сондай-ақ, өзіммен замандас Нұртазина Назира, Ерекешева Лаура сынды және тағы да басқа соңымыздан ерген бірқатар мықты әйел-ғалымдар жетіліп келеді.

Меніңше, ғалым ұғымы белгілі бір мағы­нада мәдениеттілік, инабаттылық, зиялы­лық деген түсінікті білдірсе керек. Сол себепті, әсіресе қазіргі заманда, қай-қай­сы­сы болмасын, он жерден арқалы ғалым болғанымен, ғылыми ортада дарақылық  мінез көрсетпей, «тек өзімдікі таңсық» деген ойдан бойын аулақ ұстауы қажет деп есептеймін.

 

«Бұралқы» туралы

 

– Қандай тарихи фильмдерді жақсы көресіз?

– Әлемдік кинематография туындыла­рынан «Троя», «Гладиаторды», өз тарихы­мызға тиесілі «Сұлтан Бейбарысты» әлі күнге жалықпай көремін. Этнографиялық материалдар мол пайдаланылған, костюм жағынан да бай, сөз саптауы да ерекше «Қыз Жібек» те қазіргі таңдағы отандық туындыларға жол бермей келеді. Ал бүгінгі фильмдерді тілге тиек етер болсам, «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың баланы» тарихи тақырыптардағы жақсы жұмыстар деп есептеймін.

– Соңғы рет кімнің тарихи шығармасын оқыдыңыз? Не түйдіңіз?

– Кеше ғана әскери тарихи музейде «Ұлы дала – әскери мұра» деген тақырыпты қаузаған үлкен конференцияға қатыстық. Сол алқалы жиында баяндама жасайтын болып, Жүсіп Баласағұнның Асқар Егеу­баев ағамыздың аудармасындағы «Құтты білік» шығармасымен қайта танысып отырып, елші тұлғасына қаратып айтылған мына бір сөздерге қайта-қайта көзім сүріне берді.

«Сырты-іші бірдей болсын ажарлы, Түр-тұрпаты тұрсын арбап назарды. Өзі биік, өзі ер мінез жан болса, Сегіз қырлы, қайт­пас қара нар болса. Тілі майда, шырын болса сөздері, Ерір ұлық-кішілердің өздері. Елшілікте сөздің құны бағалы, Бір ауыз сөз елдің тілін табады» деген жолдарда бейне­ленген ерен қасиеттер бүгінгі дипломатия саласында жүрген біздің қайраткерле­рі­міздің, азаматтарымыздың бойынан табылу керектігінде сөз жоқ. Көне замандардан жеткен осындай туындылардың әлі күнге өзектілігін жоғалтпауы еріксіз таңдай қақтырады.

Сізді танымал Иран-Ғайып ақынның қызы екендігіңізден хабардармыз. Бәлкім, бойыңызда ақындық дарын да бар шығар?..

– Өкінішке қарай ма, әлде бағыма орай ма, ақындық бойыма қонған жоқ. Бірақ кішкентай күнімнен әдеби жанрда әңгіме, эссе жазуға ынта-қабілетім бар. Атам қайтыс болғанда, тым бала шағымда ертеректе жазған бір шағын әңгімем бар. Одан кейін ұстазым Меруерт Қуатқызы Әбусейітоваға арнаған «Қазақ әйелі» атты әңгімем жарық көрді. «Көкем десем…» атты әкеге арнау-эссем де әсерлі шықты деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда көптен ойымда жүрген, аты бар, бірақ мазмұны әлі де толық емес «Бұралқы» деген әңгімемнің басын бастап қойғаныма біраз уақыт өтті. Соны қолға алсам деймін. Онда  ұлттық дәстүрлі тәрбие алған жас қыздың санасындағы құбылыс, оның аласапыран, мың түске боялып, алуан түрленген өзге заман мен айнала қор­шаған ортамен сіңісуі, бейімделу үдерісін­дегі өзгерістерді баяндағым келеді. Бола­шақта әдебиет пен тарихты сабақтас­тырып, жақсы бір дүниелер жазу жоспарда бар.

 

«Мұң-Мұнар» сыры

 

– Туған жеріңіз, отбасыңыз туралы бірер сөз? Анадан не үйрендіңіз? Әкеден не түйдіңіз?

– Туған жерім Сыр өңірі – Қызылорда облысына қарасты Абай кеңшары. Кемпір-шалдың баласымын. Әкем Әбітай мені, яғни алғашқы немересін 65 жасына таяған кезде көрген екен. Сол кісілердің тәлім-тәрбиесімен, үлкендердің ыстық құша­ғында, аялы алақанында, ішкенім алдымда, ішпегенім артымда, ерке болып өстім.

Кемпір-шалдың баласы болғандықтан, әкемді көке деп атап, аға ретінде, ал шешем Фатиманы, өзім ана болып бала сүйгенше, жеңге орнына қабылдап, атын атап келдім. Әрине, уақыт өте келе, ананың бөлек те ерекше жан екеніне көзім жете бастады. «Бабырнамада» жазылған екен: «Алтын, күміс, қорғасын, Недей асыл болмасын, Тартады өз тегіне…» деп.

Шешем әкем сияқты елге белгілі тұлға­ның тасасында жүріп, бетіне жел болып тимей, сол кісінің барлық жағдайын жасап отырды. Мен анамның бойынан асқақ адамгершілікті, қазақтың даласындай кең пейілді, ер-азаматқа, ұрпағына деген өзгеше сый-құрмет, ықыласты, төзімділік пен мейірбандықты көріп өстім. Мен үшін баға жетпес осы құндылықтарды өз бойыма сіңіріп алуға тырыстым.

Ал көкем (әкем) – мен үшін ерекше құбылыс, өзгеше әлем, тұнып тұрған философия, терең ой, сөз патшалығы. Ол – әділдікке, әділетке, шындыққа деген біртабан жақындық, қайда, қай жерде болмасын, қоғаммен, айнала қоршаған ортамен байланыста болу, адалдық, жан тазалығы қағидаттарын ұстану.

Мен ақын Иран-Ғайыптың қызымын деп жаһанға жар салмағаныммен, көпші­лік менің жүріс-тұрысымнан, мінезімнен сол кісінің қасиеттерін іздеп тұратындай көрінеді. Сондықтан асқар таудай әкемнің бар екендігіне ризамын. Ендігі жерде текті­нің ұрпағы деген атқа кір келтірмей, аяқас­ты қылмай, әке-шешемнен дарытқан құн­дылықтарымды өз балаларымның бойына орната алсам, ата-аналық пары­зым­ды толықтай өтедім деуге болатын шығар.

– Сіздей айтулы тарихшы қыздың күй шығарғанын да естіп едік?..

– Ол сонау 1990 жыл болатын. Одан бері бақандай 27 жыл өтіпті. Бұл біздің отба­сымыздағы қайғылы оқиғаға байла­нысты туған күй болатын.

Иран-Ғайыптың шығармашылығымен таныс ағайынның оның Мұнар деген ұлына қатысты трагедиялық жағдайы естерінде болар… Ол кезде мен студентпін. Үш қыздан кейінгі біздің жалғыз ініміз небары  он төрт жасында көз жұмды… Сол кезеңде аяқастынан, толқу үстінде жүректен төгілген күй болатын.

Оқушы кезімде домбыра мектебіне барғанмын. Құрманғазы атындағы №7 мек­теп әлі есімде. Сол жерде маған Секен Тұрыс­беков ағамыз сабақ берді. Күйден алғашқы ұстазым болды. Сонымен толқы­ныс үстінде күй шықты. Атын бір кеште «Мұң-Мұнар» деп қойдық. Өкінішке қарай, өнер саласының адамы, кәсіби күйші болмағандықтан, оған мән берілмей қалып қойды. Домбыраны қолыма өте сирек аламын. Өткенде Алмас Алматов ағамыз осы күйдің әу баста жазылған нұсқа­сын алып кетті. «Өңдеймін, жарыққа шығарамын» деп, содан үміттімін.

«ақшамның» анықтамасы

Алтайы Иранбекқызы ОРАЗБАЕВА

  • Тарих ғылымының докторы, профессор, Орталық Азияны зерттеу Халықаралық Еуропалық қоғамының мүшесі.
  • 1987 жылы Алматы қаласының №86 Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ орта мектебін «Алтын медальмен»; 1987—1992 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің Тарих факультетін «Үздік дипломмен» бітірген.
  • Еңбек жолын Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтында бастап, одан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Тарих факультетінде; Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасында; ҚР Президенті жанындағы МБА Дипломатия институтында; БҒМ Мемлекет тарихы институтында лауазымды қызметтер атқарған. Қазіргі таңда М.В.Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры.
  • 1998 жылы «Қазақ қоғамындағы билер институты» тақырыбында кандидаттық, ал 2005 жылы «Цивилизационные особенности социокультурного традиционного казахского общества» тақырыбында докторлық диссертацияларын қорғаған.
  • ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2004), ҚР БҒМ М.Әуе­зов атындағы дипломының лауреты (2005), ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төс­белгісінің иегері.
  • Іңкәр және Аңсар есімді екі баланың анасы.

 

қысқа-нҰсқа

– ӨТКЕН ЖЫЛ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?

– Әже атандым! Жарым Ерлан екеумізді ерекше сезімге, шаттыққа бөлеп, тұңғыш немереміз дүниеге келді!

– КІМГЕ КӨБІРЕК ҚОҢЫРАУ ШАЛАСЫЗ?

– Күндегі дағдым сол, жұмысқа кетіп бара жатып анама телефон соғамын. Даусын естіп, амандығын біліп, сол арқылы жүрегімді жылылыққа толтырып, кеудеме орнықтырып алып, сөйтіп көңілімді тоғайтып барып жұмысыма кірісемін.

– КӨЗІҢІЗГЕ ЖАС АЛДЫРҒАН ЕСТЕН КЕТПЕС ОҚИҒА?

– Әлгінде айтқанымдай, кемпір-шалға тән бала болдым. Әке-шешем өзімнен кейінгі балаларды ертіп аптасына бір рет – жұма не сенбіде ауылға келетін. Қаладан күніге үш рет қаты­найтын автобусты көз талғанша күтіп, қара жолға қарайлап, сағыныштан жанарымның жасқа толатын сәттері күні бүгін­гідей есімде. Менің бала күнгі қуаныштарыма, шаттанатын сәттеріме ең бірінші куә болатын сол ескі автобустар әлі де көз алдымда.

– ЕГЕР ТАРИХШЫ БОЛМАСАҢЫЗ?..

– Бәлкім, үйдің интерьерімен айналысқан болар ма едім. Үйді безендіру, жиһаздардың орындарын ауыстырып қою дегендерді, жалпы ландшафттық дизайнды жаным жақсы көреді.

– НЕ НӘРСЕГЕ УАҚЫТ ТАППАЙСЫЗ?

– Денсаулығыма көңіл бөлуге, дәрігердің алдына тым болмаса жылына бір барып қаралып қоюға уақыт таппайтыным өкінішті.

– ӘСЕРЛІ ӘҢГІМЕҢІЗ ҮШІН РАхМЕТ!