ҚАР ҚЫЗЫҒЫ

dsc_0473

Әп-сәтте ақ ұлпаға оранған шаһардың шаттығына  шаттық қосатын қардың да өз қызығы болады. Мұндай кездегі әбіржушіліктің өзі де қызыққа бергісіз болады дегенге сеніңіз. Қар қанша қалың түссе де көңіліңе тек қуаныш сыйлайтын Алматыны аралап жүргің келе беретіні де содан

Айкерім Райысқызы

Қары қалың болғанмен, қысы жылы болатын шаһар көшелерін жаяу аралап шықтым. Аспаннан ағылған ақ ұлпа кірпіктеріме қонақтап, бетімді сипап өтіп, алақаныма түсіп жатыр. Жапалақтап жауған қардың жиілігі сонша, жерді әп-сәтте басып үлгерді. Ақ көрпесін жамылған жолды аяқпен басуға қымсынасыз. Көшеде келе жатып, дәл осы қалада тұратыныма іштей қуанып, кеудемді мақтаныш сезімі кернегендей. Өйткені, мұндай қаһарлы қыстың өзінде жібектей жұмсақ мінезін өзгертпейтін мекенді табу қиынның қиыны. Расында, шаһарда қанша қар жауып, жауын шелектеп төксе де, қардың да, қаңтардың да өз қызығы, жылуы сезілмей қоймайды.

Алматы қаласы бойынша қар тазалау жұмыстарына 621 техника, 2110 адам жұмылдырылды.

11 қаңтар күні, сағат 9.00 – 9.30-да жауа бастаған қардың биіктігі 12 қаңтар күні, сағат 8.00-де 15 сантиметрді құраған. Алайда, қар тазалау түні бойы толастаған жоқ.

Оны түн мезгілінде де техниканың дамылсыз гүрілінен, адамдардың жанкешті еңбегінен сезіп жаттық.

dsc_9307

Алматыны ақшақар қызға ұқсатып, ақ ұлпасымен сәндеген табиғаттың шеберлі­гінде шек жоқ. Ағашқа бай қаланың тал-бұтағы қарды иығына қондырып, ерекше сәнге ие болып тұр. Әсемдігі сонша, қолмен қойсаң да адамға дәл мұндай әсер қал­дырмасы анық. Ауа да біршама тазарып қалыпты. Қар жауғанына қуанған жұрт­шылық көлікке отыруды қойып, көшеге жаяулатып шыққан.

Табиғи құбылыс адамның әміріне көнбейді. Қашан жауын жауып, қашан дауыл болатынын  болжағанмен, оған қарсы тұра алмаймыз. Десе де, тиісті орын­дар табиғат қандай тосын сый дайындаса да, оның салдарына төтеп беріп, көпшілікке көмек беруге әзір.

Қар жауған күні кешкісін жұмыстан шығып, аялдамаға қарай бет алдым. Қар болса әлі толастар емес. Соған қарамастан көше тазалаушылар үлкен жолдардың жиек­терін, жаяу жүргіншілер жолдарын  қардан тазартып, қызу жұмыс істеуде. Бір қараған көзге олар аспаннан түскен ақ ұлпаны жерге түсірмей қағып алып жат­қандай. Өйткені, толассыз жауған қардан жаяу жүргіншілердің киімдері суланғанымен, жолдар ашық. Үстеріне қалың тон киіп, бет-ауыздарын орамалмен орап алған көше тазалаушылардың жұмысы қызу жүруде.

Автобусқа мініп, үйге жеткенше терезеден көше жаққа қарай қарап тұрдым. Үлкен жолдарды қаз-қатар тізілген көліктер МАИ қызметкерлерінің көмегімен бірдей уақытта жүріп өтіп, тазартып жатыр. Өйткені, қала көшелерінде көлік қозға­лысы тоқтамауы тиіс. Мұнда бір көшенің қозғалысын тежеуді айтпағанда, бір көлік жолда тұрып қалғанның өзінен әжептеуір көлік кептелісі орын алады. Ал жолдың жиегі мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалаушылар күрекпен тазартуда. Шағын көліктер де кішкентай жолдарды тазалауға өз үлесін қосуда. Қысқасы, тазалық ісінде қолын қалтасына салып, қарап тұрған ешкім жоқ. Жолдарды қардан тазартуға адам да, техника да көптеп жұмылды­рылыпты.

Алматы, расында, ұйықтамайтын қала. Мұнда тіршілік күні-түні тоқтамайды. Сағат түнгі 4.00-дің кезі болатын. Терезеден көше жаққа көз тастап едім, қар тазалап жүрген көліктерге көзім түсті. Терезені ашып қарасам, көліктермен қоса адамдар да әлі қар тазалап жатыр екен.

Таңертең жұмысқа келе жатып, жолаушы­лардың әңгімесін құлағым шалып қалды. «Кеше қар қатты жауғанға таңертең жолды басып, қозғалыс қиындайтын шығар, автобустар кешігіп жүретін шығар деп ойлап едім, олай болмады. Үйден аялдамаға дейінгі жол да, есіктің алды да түгел тазаланыпты», – деді. Екінші біреу: «Иә, біз жақтағы кішкентай көшелерді де тазалап кетіпті. Әйтеуір, жүріп-тұруымызға оңай болды», – деп жатты. Ал менің ойыма бірден түнде өзім көрген көше тазалаушы­лар оралды. Бүгінгі тазалық ол – түнгі ұйқы­ларын халыққа қызмет етуге айыр­бастаған тазалықшылардың адал еңбегінің арқасы еді.

Жалпы, бұл жолы Алматы қаласы бойынша қар тазалау жұмыстарына 2110 адам жұмылдырылды. 11 қаңтар күні, сағат 9.00–9.30-да жауа бастаған қардың биіктігі 12 қаңтар күні, сағат 8.00-де 15 сан­тиметрді құраған.

Қаланың коммуналдық қызметі көк­тайғақты болдырмау, оның алдын алу мақсатында 190 көлікті пайдаланып, жолдарға 9310 тонна мұзды ерітетін  қоспа төккен.  Жалпы, қар тазалау жұмыстарына 621 арнайы техника жұмылдырылып, 138 бірлік арнайы техникадан 22 колонна ұйымдастырылған.

Осы ретте қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары көлігі бар қала тұрғындарын жол тазарту жұмыстарына түсіністік танытып, көше бойына көліктерін қалдырмауды сұрайды. Аталған басқарма мамандары, әсіресе, түнгі уақытта көше бойында тұрған көліктердің қар тазалау жұмыстарына үлкен кедергі келтіретінін және олардың қожайындарын табудың қиындық тудыратынын айтты. Сондай-ақ, олар көліктердің қожайындарын таппаған жағдайда эвакуаторлардың көмегіне жүгінетіндерін жеткізді. Осы ретте түскен қар мөлшерінің көптігіне байланысты жол апаттарының алдын алу мақсатында қала тұрғындарына өз көліктерін уақытша қоя тұрып, қоғамдық көліктерді пайдалану ұсынылды.

Қала аумағында 11 қаңтардан бастап жауған қар 16 қаңтарға дейін жалғасады деген болжам бар.

11 қаңтардан 12-сіне қараған түні қар шығару жұмыстарына құрылыс және жол жөндеу ұйымдарынан да қосымша 46 арнайы көлік араласты. Сөйтіп, қала аумағынан бас-аяғы 5464 текше метр қар шығарылды. Қалалық әкімдік пен аудан­дық әкімдіктер жанынан қар тазалау жөніндегі жұмыстарды бақылау бойынша тәуліктік кезекшілік ұйымдастырған.