«ҚАРҒЫС»

hqdefault

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Ол кезде ауылдың қақ ортасында құрылысы біте қоймаған екі қабатты интернат бар еді. Жаздың ыстығында күннен қорғанып, соның көлеңкесіне тығылғандарды көп байқайтынмын. Оның ішіне адамдар мен ит-мысықтарды айтпағанда, күйіс қайырған сиырлар да қаннен-қаперсіз кіріп-шығып жүре беретін. Мектеп оқушыларының сабақ­тан қашқанда жасырынатын жері де сол маң. Бірақ дұрыстап тығылмаса, өздеріне қараған мұғалімдер бөлмесінің терезесінен бәрі ап-анық көрініп қалуы мүмкін. Осындайда ақырын жүріп, анық басу керек-ақ.

Бұл интернатта апта сайын немесе ай сайын өтіп тұратын бір дәстүр бар. Ол – оқушылар арасындағы жекпе-жек атаулының бәрі осының ішінде өтуі тиіс. Келіссең – келіскенің, келіспесең – қарсыластан қорыққан болып сана­ласың. Ал қорыққаның – жеңілгенің! Онымен қоймай, мектептегі өзің құрал­пы балалардың бәріне мазақ болып жүргенің. Сондықтан осындай қорлық­қа душар болмас үшін басы дауға іліккен, болмаса бірінші «шеп» болуға ынтыққандар мен орнын сақтап қалғысы келген бірінші «шептердің» өзі төбелес туралы сыбыс естіле бастаған­нан-ақ іштей өздерін интернат жаққа «сүйрей» бастайтын. Дегенмен «рингтің» осы араға орналасуы балалар үшін қай-қай жағынан да қауіпсіз. Өйткені, ашық алаңқайда орналасқан интернатқа мұғалімдер, не басқа да үлкендер келе қалса, қашып, тығылып үлгеретіндей уақыт табылады. Бірақ кей кездері қанша дайын болғанмен, айқай-шудың әлегімен жүргенде ұсталып та қала­тынбыз.

Интернаттың теріскей бетінде ағашпен қоршалған, сөрелері де ағаштан жасалынған ашық базар болатын. Ал шығыс жағында – жабық базар. Таң атқалы екі базардың ортасында тірлік­тің қамымен жүретін халық біз сияқты желөкпелерге көз қиығын да салмайды. Ортекедей секеңдеп екінші қабатта жүр­сек те, олардың тарапынан «Әй, түсің­дер! Құлап өлесіңдер!» деген жанашырлық сөздерді көп ести бермейтінбіз.

Бұның бәрі бір-біріне «түкіргені бар» заманның басы екенін кейін білдік қой…

 

***

Бір күні мектепте жүрген оқушы­лардың арасында «Бүгін Пәленше мен Түгенше төбелеседі екен» деген сыбыс тарады. Мұндайды қалт жібергісі келмейтін біз екі алақанымызды ысқылап қойып, сабақтың ақырын күттік. Ұзақ қоңырауда екі қарсылас та өздерінің жандайшаптарын ертіп, аңға шыққан хандардай бөлек-бөлек ырға­лып жүріп алды. Бұл – «дұшпанына» көрсеткен қыры. Осының бәріне сырттай сүйсіне қарап, «тойдың болға­ны­нан боладысы қызық» деп біз жүрміз.

Сонымен, көптен күткен сабақ та аяқталды. Өзіміз шамалас баланың бәрі жапа-тармағай интернат жаққа жөңкіді дерсің. Оқушылардың суыт жүрісіне сүйсініп қарамаса да, ізімізге түсіп, артымыздан ерген бір ұстаз жоқ. Ал біз бір-бірімізге қарап, жымың-жымың етеміз.

Интернатқа кірер-кірместен әлгілер қолдарындағы кітаптарын жанында­ғы­ларға ұстата салып, сарт-сұрт жұды­рық­таса жөнелді. Әп дегеннен екеуі де соққы алып үлгерді. Дене тұрқы да, күштері де сай қарсыластардың оңай шағылар жаңғақ еместігін біз де байқап тұрмыз. Әрі-беріден соң шаршаған болу керек, екеуі бір-біріне жұдырықтарын түй­ген қалпы аядай жерді айналып жүріп алды. Балаларға қызық керек, «Ұр! Соқ!» деп ышқына айқайлайды. Бірақ басындағыдай емес, аяқ-қолдарын алыстан сермегені болмаса, бір-біріне батылырақ беттей қоймайды. Шұлыққа қыстырылған балақтары тізеге дейін шаң. Үйден әбден майлап шыққан бәтең­кенің түсі не қара, не қоңыр екені де белгісіз.

Бір мезгілде «Әй, тұқымы жайыл­ғырлар! Сендерге төбелестің көкесін көрсетейін!» деген дауыс бәрімізді селк еткізді. Жалт-жалт қарасақ, өзімізге қарай жүзі таныс сары кемпір дедең­деген күйі келе жатыр екен.

Сол кезде арамыздағы бір бала «Рүстемнің мамасы! Қашыңдар!» деп айқайлады. Бәріміз тым-тырақай зыта жөнелдік. Бір-біріне бата алмай жүрген қарсыластар да соны күткендей үңірей­ген терезелерден кезек-кезек атып жатыр. Аяқ-қолы жеңіл кейбіреулер екінші қабатқа шығып, тығылып үлгер­ген. Еңкейіп, жерден тас алған кемпір қара сирақтарды одан әрі қуалап жүр. Бірақ оған ұстата қоятын бала бар ма?! Жан-жаққа бытырап, әп-сәтте үйімізге қарай бет түзедік.

Тасаға түссек те, соңымыздан «Әй, тұқымы жайылғырлар! Көрсетейін сендерге…» деген дауыс талып естіліп жатты. Біз кейін қайырылған жоқпыз. Сол күйі үй-үйге тарасып кеттік.

«Рүстемге қиын болды-ау, үйіне барғасын мамасынан таяқ жейді ғой» деп, жолда уайымдап келемін. Арасында «Сары кемпір неге соншама ұрсады екен? Неге соншама қарғайды екен бізді?» деп қоямын…

Сөйтсек, сөздің парқын түсіне бер­мейтін бала болған екенбіз ғой! Сол заманда бізді қуалап жүрген сары кемпірдің аузынан тастамайтыны қарғыс емес, әппақ тілек екенін мына басымыз қалай білмей келген десеңші?! Шіркін-ай, ұрсып отырып, ақ тілекті де жаудыруға болады екен ғой! Неткен сұңғыла сана?! Неткен ақыл-ой?!

Сары кемпір кейпіндегі анамыздың сол бейнесі әлі күнге көз алдымда. Де­дең-дедең етіп ауылдың ішін кезіп жүру­ші еді. Бәрімен емен-жарқын сөй­лесіп, бір-ақ сәтте ішіндегісін ақтарып тастай салатын. Кейде қай-қайсы­мыз­дың да бала сүйіп, былдырға бөленіп отырғанымыздың өзі осындай анала­рымыздың ақ тілегінен деп ойлаймын.

Әй, тұқымы жайылғырлар-ай!