ҚАЗАҚҚА КЕРЕК ҚАРИЯ ЕДІ

%d0%bc%d0%be%d0%bb%d0%b4%d0%b8%d1%8f%d1%80

Серік Жұмабай

Қазақ даласындағы жер-су, елді-мекен, қала, кент атауларын (оның ішінде, Алматыдағы мән-мағынасы өзгеріп кеткен жер-су  атауларын дұрыс атау жөнінде сіңірген еңбегі зор еді) терең зерттеп, соларды қалпына келтіру жолында тынбай еңбек еткен ұлтжанды азамат, геолог-картограф, тұрартанушы Молдияр Серікбаев ағамыз таяу­да ғана, 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. Атынан ат үркетін атағы болмаса да, зиялы ортада аты кеңінен танымал ағамыз үнемі «не жақсылық болса да қазаққа болсын» деп жүретін еді. Әттең…

Жаңа жылдың алдында ғана «Алма­ты ақшамының» редакциясына арнайы келген геолог-ғалым ағамыз өзінің АҚШ-қа барып, алты ай тұрып кел­генін, ота жасатып, ем алғанын айтқан болатын. Өзі ауырып жүрсе де, «Арда­гер ретінде мені «Алматы ақшамы» газетіне жаздырып қойған жоқсыңдар ма? Өзім жазылуға да шамам жетеді ғой», – деп газетті ойлап, басылымға деген құрметін де көрсеткен еді.

Молдияр Серікбаев 1933 жылы 15 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Жаңаталап жетіжылдық мектебінде сауат ашып, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылында Абай атындағы онжылдық мектепті тәмамдаған. 1951 жылы С.М.Киров атындағы универси­теттің геология-география факультетінің геология бөліміне түсіп, аталған оқу орнын 1956 жылы 26 маусымда тәмамдаған. Маман­ығын куәландыратын дипломы қолына тиісімен  Екатеринбург қаласында орналасқан КСРО-ның құрылыс ми­нистрінің жанындағы Орал геолнеруд­тресстің  геологиялық экспедициясына қызметке тұрады.

1958 жылдан бастап 1972 жылға дейін жерді картаға түсіру экспедициясында геолог болып қызмет атқарды. Бұл экспе­дицияның  құрамында Ленинград­тан, Мәскеуден, Воронежден, Самар­қанттан, Киевтен, Львовтан жоғары оқу орындарын  бітірген кешенді білімі бар геологтар жұмыс істеді.

1972–1991 жылдар аралығында Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылым­дар институтында бас маман, жетекші инженер болды.

1991—1993 жылдар аралығында геоло­гия министрлігінің қазақ геология қорында жетекші маман болып істеді.

Картография-геодезия қорының шақыруы бойынша ол 1994—1995 жылдары қазақ тілінде әкімшілік-аумақтық карта жасап шықты. 1995–2003 жылдар аралы­ғында 14 облыстың аумақтық-әкімшілік кар­­тасын жасады. 2003 жылдан 2006 жылға дейін Қорғаныс министрлігінің картография саласымен айналысатын орталығында болып,  Қазақстан Республи­касының Ресей Федерациясымен, Қытай­мен және Орта Азия  елдерімен шектесетін аймақтарын қамтыған 26 парақтан тұра­тын аумақ­тық-әкімшілік картасын қағазға түсірді.

Сонымен қатар, ол қазақтың ұлы қай­раткері, тарихи тұлға, ірі мемлекет бас­шысы Тұрар Рысқұловқа қатысты құнды құжаттардың қайта тірілуіне тікелей атса­лысқан азамат. Әсіресе, еліміз егемендікке ие болып, рухани тәуелсіздік алған жыл­дары Алаш арыстарына қатысты бұрын белгісіз болып келген мұрағат материал­дарының ашылуына, зерттелуіне септігін тигізді. Бірде тарихшы, бірде әдебиетші, бірде саясаттанушы болып, өзінің шын мәніндегі таза ғылыми табиғатын, ұлтжан­ды қасиетін осылай танытты.

Қалай десек те, ұлт үшін атқарар істің үлкені мен ұсағы болмайтынын жақсы сезі­нетін қайраткер ағамыз Молдияр Серік­баев сексеннің сеңгіріне келсе де, бүкіл саналы ғұмырын халыққа адал қыз­мет етуге арнады. Енді оның ғұмыры үзіл­генмен, жарқын бейнесі халық жадында ұзақ сақталады. Өйткені, ол артында мәні мен маңызы өшпейтін өнеге қалдырды.

Қазаққа керек қария еді…