ТАҒДЫРЫ ТАРИХ ТҰЛҒАЛАР

dsc01455

Нұрсұлтан Назарбаев “Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдар­ла­малық мақаласында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүр­леріне айрықша іңкәр­лікпен атсалы­су — шынайы патрио­тизмнің маңыз­ды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәнін­­дегі ұлт ететін мәдени-гене­ти­калық кодының негізі. Біздің ба­бала­ры­мыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгір­ген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың бола­шағын, келер ұрпағын, бізді қор­ғады. Сан тарап­тан сұқ­танған жат жұртқа Атаме­кеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпа­ғына мирас етті», — деп атап көрсетті.

Тәуелсіздігінің ширек ғасырға жуық жаңа шежіресінде өркениеттік даму үрді­сімен төрткүл дүниені таңдандырған Қазақ­станның мемлекеттігі кейбіреулер айтқандай кеше ғана басталмаған. Оған Мемлекет басшысының 2014 жылғы 22 қа­занда Астана қаласы активімен кезде­судегі: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттігінің тарихы сол кезден бастау алады», — деген сөзі дәлел.

Қазақ мемлекетінің одан әрі дамып өркендеуіне, жеке ел, мемлекет болып еңсе­сін көтеруіне үлес қосқан жеке тұлғаларды еш уақытта да ұмытуға болмайды. Ел бірлігін асқақтатып, жердің тұтастығын сақтау ісінде жекелеген атақты билердің, батырлардың өз халқына сіңірген еңбегі өлшеусіз зор.  Сондай ардақты азаматтар қатарына біз ел басқарған билерді, жауға қарсы қол бастаған батырларды, ел қамын ойлаған ақындарды қосамыз.

Иә, қазақ тарихында ХІХ ғасырдың өте күрделі өрнектері есте қалды. Әсіресе, Жетісу өлкесінің тағдыры үшін ел мен жерді қорғаған ата-бабаларымыздың, билер мен батырларымыздың, дара туған ақындарымыздың ерен еңбектері соның дәлелі.

 

НАРБОТА БИ ТУРАЛЫ

НЕ БІЛЕМІЗ?

 

Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі, біртұтас, іргелі мемлекет болуы үшін қан төк­кен қас батыр бабаларымызды, ел басқарған дана билерімізді, ғұлама шешен ойшылдарымызды еске алу, олардың ерлігін дәріптеу — бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.

Сүйінбай, Жамбыл жырларында Майқы би, Төле би, Нарбота би, Сүттібай, Сұраншы, Сарыбай билердің аттары жиі айтылады. Сүйекең сүйікті шәкірті Жам­былға ел рухын көтеретін  би, батырлар жырын жырлауды  аманат  еткен. Сүйінбай жырлаған әділ билер, батырлар туралы дастандарды Жамбыл бабамыз одан әрі дамытып, толықтыра жалғастырды.

Қарасай батыр  мен оның баһадүр ұр­пақ­тары Қараш, Саурық, Сүттібай, Сұран­шы батырлар, Нарбота, Сарыбай билер туралы ең көп жырлаған Жамбыл бабамыз еді.

Нарбота би  де Қарасай батырдың тікелей ұрпағы, Жарылғап бидің немересі. Жамбылдың «Сұраншы батыр» дастанында Нарбота образы айрықша дараланады. Қоқан соғысында Нарбота би ерекше көзге түседі. Асқан ұйымдастырушылық қабілет танытады. Нарбота бидің ел басқарудағы, билік жүргізудегі шешендігі, тапқырлық қыры бүгінгі оқырманға беймәлім. Себебі, кешегі кеңестік таптық саясат, империялық идеология, тоталитарлық тәртіп кезінде ел ішінен шыққан атақты билердің, батыр­лардың тағдыры мен табиғи таланты туралы айту түгілі, атын айтудың  өзі оңай емес еді. Осыған орай, ақын-жыраулардың жырла­ған толғаулары идеология елегінен өткізіліп, игі жақсыларымыз шет қақпай көрді.

Өз заманының қоғам қайраткері, өз елі­нің, жерінің қамын ойлаған, қоқан бас­қыншыларына қарсы күресті ұйымдас­тырған Нарбота би сөзге шешен, киелі би еді. Оның әділеттілігі,  қарақылды қақ жарған шыншылдығы арқасында ел бірлігі сақталған. Заманында Сүйінбаймен дос­тық, бауырлық қатынаста жүрген. Сүйін­бай  қырғыздың Қатаған ақынымен айты­суға барғанда  жанына атқосшыларын жиып беріп, оған  ақ тілеулі бата берген де Екей мен Есқожаның төбе биі Нарбота би еді. Ол Қытай мен Ресей империясы арасындағы жер мәселесін, ішкі-сыртқы саясатты шешуге де, шекаралық дауларды реттеуге де белсене араласқан.  1840 жылы Іле жағындағы Тереңөзек маңында ше­кара­ны бұзған үш мыңдай қытай әскер­леріне Нарбота би бастаған шапыраштылар күйрете соққы берген. 1845 жылы албан, суан, дулат, шапырашты  руларының биле­рі мен сұлтандарының Қапалдағы жиы­нында Нарбота би, Сұраншы батырлар бейбіт жолмен Ресей бодандығына өтуге келісім берген. Осыдан кейін көп ұзамай Нарбота биге сұлтан атағы беріліп, тиісті әскери шен  қоса тапсырылады. Қапал келіссөзінен кейін орыстар Нарбота мен Сұраншыны шапырашты руының ең беделді азаматтары деп таныған. 1860 жылдың 28 қазанында генерал-губернатор Г. Колпаковский Нарбота мен Сұраншыға былай деп хат жазады: «Қоқандықтар бізбен соғысқалы келеді. Оның орыс әске­рі­нің күшінен жеңілетіндігі сөзсіз. Ша­пырашты елінің зорлықпен Қоқан ханды­ғының қол астында қалуы қынжыларлық жай. Оларға қарсы тұратын халдеріңіздің жоқ екендігін де біліп отырмын. Құрметті билер мен батырлар, қоқандықтардың ішінде болғандарыңыз үшін мен сіздерді айыптамаймын. Иә, жалпы жағдай солай болып тұрғаны түсінікті. Мұны кеше Шаян келіп түсіндірді. Сондықтан менің сіздер­ден сұрайтыным, Қоқанның ешқандай әрекетіне араласпай, тыныштықпен көшіп-қонып дегендей… шаруаларыңызды істей беріңіздер. Анда-санда маған келіп, жолыққандарыңыз жөн. Орыс өкіметі сіздерге ешқандай жаманшылық ойламай­ды». (Қазақстан Республикасы мемлекеттік архиві, қор 3, іс 75, парақ 34).

Осыдан кейін Нарбота, Сұраншы бастаған шапырашты  елі Қоқан иелігінен шығуға бел байлайды, соғыс күштерін біріктіреді, әскер басшыларына Сұраншы батырмен бірге Нарбота өзінің жалғыз ұлы Сүттібайды, Екейден Сарыбайды бекітеді. Бұлар әділ билікті жүзеге асырып, ел ішін бүлдіретін ұры-қарыларға, барымташыларға өз уақытында тосқауыл  қойып отырған. Билік жүргізгенде Майқы бидің, Төле би, қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің халыққа кең тараған әділ нақыл сөздерін, дәстүрлі билік жүргізудің тура ережелерін кеңінен қолданған, ұлағатты сөздерін ел-жұртқа айтып, насихаттаған, дау-дамай­ларды қарап шешкенде де осы ұлылардың өсиетін басшылыққа алған.

 

«ЕКЕЙ АҚЫНДАР ЕЛІ, ЕСҚОЖА БАТЫРЛАР ЕЛІ»

 

Халық «Екей ақындар елі, Есқожа батырлар елі» деп бекер айтпаған. Екейден шыққан Сүйінбай, Жамбыл бастаған кең құшақты, терең ойлы ақындардың тақы­рыбы негізінен осы елі үшін еңіреп туған батырлар мен билер еді. Есқожадан тараған Қарасай батырдың балалық шағынан бастап жауға атойлап шапқан, толарсақ­тан саз кешіп, ат ауыздығымен су ішкен сұра­пыл күндерін түгел жыр өзегіне айнал­дырған олар батыр ұрпақтарын,  әділ биле­рін жырлап , тарихта  өшпес   із  қалдырды. Нарбота бабамыз  Екей, Есқожа рулары арасындағы жер-су, жетім, жесір дауларын  дер кезінде, әділ шешіп, рулық қақтығыс­тарға жол бермеген. Көршілес қырғыз ағайындармен достық қатынас орнатуға үлес қосып, екі ел арасындағы дос­тықты нығайтуға да үлкен еңбек сіңірген. Ол кісі тіршілігінде тәуіпшілдік те жасаған. Бала көтермеген, бала тұрақтамай жүргендерге, есі ауысу дертіне, сондай-ақ неше түрлі басқа індетке ұшырағандарға ем жасап, сауықтырып жіберіп отырған. Нарбота шамамен 1795 жылдары дүниеге келіп, 1870 жылдары баласы Сүттібай қоқандықтар қолынан қаза болғаннан кейін, көп жылғы қайғының әсерінен Қас­текте дүние салған.  Нарбота биді жерлеуге қазақ, қырғыздың белгілі адамдары қаты­сып, 500 салт атты топырақ салған. Бейіті Қастек ішінде, Ботамойнақ асуында. Ел арасында Нарбота  бидің  бейітіне  зиярат  еткендер  өз мақсат­тарына жететіні жөнінде аңыз-әңгіме көп.

Өз заманында Сүттібай Нарботаұлы күнбатыс Қастек болысының, Сұраншы күншығыс Қастек болысының билері болған. Әділеттігімен, шешендік ойлары­мен, турашыл шыншылдықтарымен билік жүргізіп, өз елінің құрметіне бөленген, қоқан басқыншыларына қарсы ұлт-азат­тық соғысқа белсене қатысып, ерлік көрсеткен тұлғалар.

Сүттібай Нарботаұлы 1815 жылдары дүниеге келген, арабша оқып, сауатын ашқан, көзі ашық азамат болған, сонымен бірге жасынан билікке араласып, тапқыр­лығымен, әділдігімен көзге түскен. Сүттібай Сұраншының орынбасары. Сұраншы, Сүттібайлар әскери қолбасшы ретінде Ұзын­ағаш, Қастек, Мерке, Байрам соғысы­на қатысып, ерекше ерлігімен көзге түскен. Сұраншыны қоқандықтар тұтқында ұстаған 6 ай уақыт кезінде Сүттібай батыр оның орнын жоқтатпай әскер бірлігін сақтап қалған. Сүттібай батырдың ерлігін мына бір құжат дәлелдедейді. 1868 жылы ақпан айының  28-інде ел ағасы саналған беделді би Нарбота Сасықбаев пен болыс басқарушысы Андас Стамбековтің арасында жерге байланысты дау туындап­ты. Нарбота Андастың үстінен арыз жазып, Жетісу облысының әскери губернаторына шағымданады. Нарбота өзіне бекітіліп берілген егістік жерлерін билігін асыра пай­даланған Андастың туысқандарына тартып әперуге әрекет етіп жатқанын айтады. Екі жақты бітімге келтіруді көздеген  Г.А.Кол­паковскийдің мына хатында біраз шындық жатыр.

Въ Верненскую реорганизационную комиссию. Препровождая при этомъ поданную мне 29 минувшего февраля біемь Чапраштинской волости Нарбутой Сасыкпаевымъ докладную записку, о завладеніи его местами въ Кастекской щели, родственниками управителя той волости Андаса Стамбекова предлагаю комиссіи разобрать это дело, вместе съ нимъ принять меры, чтобы, не затрагивая прежней двусмысленной преданности Андаса Стамбекова, но и незабывая усер­диія Нарбуты Сасыкбаева и его семейства, изъ которого самый старший членъ Сюттубай за верность своему долгу даже принесъ въ жертву свою жизнь, жалобу просителя разрешить путем соглашенія; для чего ту и другую сторону склонить къ воз­мож­ным уступкамъ;въ случае же затруд­ненія дело передать на разбирательство Уездному Судье.

Генераль-майоръ (қолы) Колпаковский. (ҚР ОММ. 44 қор, 1-тізбе, 39633 – іс).

Мұнда Нарботаұлы Сүттібайдың өз борышын адал өтеу жолында өмірін қиғаны айтылған. Сұраншымен  бірге Сайрамда қаза тапқан асыл ердің еңбегін әділ бағалаған генерал Колпаковскийдің осы тұжырымы қандай керемет.

Сұраншы, Сүттібай, Сарыбай Сайрам соғысында жау қақпасын ерлікпен бұзып кіреді. Бірақ үшеуі бірдей қоршауда қала­ды. Сол қоршау ішінен Сұраншы мен Сүттібай екі жақтап Сарыбайды елге аман барсын деп заңғар дарбазадан сыртқа лақтырып жібереді. Сарыбай батыр содан бір аяғының сынғанына қарамастан жау­дан сытылып шығып, ел-жұртына аман-сау жетеді, көп жыл бойы тозып кеткен елін біріктіріп, дүниеден өткенше Екей руының биі атанған. Сарыбай батыр сөзге шешен, айтқаны қалт кетпейтін дуалы ауызды, әділ би болған. Өз заманында патша өкіметінен де зор қолдау тауып, полковник әскери шенін алған.

 

ЕЛ  ҚОРҒАНЫ —

ЕР  СҰРАНШЫ

 

Жамбыл бабамыз көп жырлаған ба­тыр­лардың  бірі  —  Сұраншы.

Сұраншы Ақымбекұлы 1815 жылы Верный уезі күншығыс Қастек болысында дүниеге келген, Саурық батырдың ағайы­ны, Саурық Станбектің баласы. Станбек Ақымбек Кәшке батырдың ұрпағы. Жасынан арабша хат танып, зерек өскен Сұраншы өсе келе билікке араласып, Нар­бота бидің тәлім-тәрбиесін көреді. Мырза­бек, Кәшке руына би болып сайланады. Билік ету – ол дау-дамайды ғана шешу емес. Би елдің қорғаушысы,  қамқоршысы, ыстығы мен суығына күйетін тірегі. Осыған орай Сұраншы жасынан-ақ елге шапқан шапқыншыларға, Қоқан әкімдерінің елдің ар-намысына тиетін өктемдік әрекеттеріне барынша тойтарыс беріп, елінің сүйіспен­шілігіне бөленеді. Жасынан алғыр болып туған Сұраншы елді қоқан шапқыншы­ларынан құтқарудың жолы Ресей патша­лы­ғымен одақ құруда деп түсінеді.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында:  «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетінін», «әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер» қалыптасқанын, «әр­бір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар, осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» екендігін, «Ұлы Дала­ның көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарғанын», «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де бізді кез-келген рухани жұтаң­дықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқа­нымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» екендігін тұжырымдап берді Елбасы. Бұл — ұлттық тарихымызды ұлықтаудың, бүгінгі биіктерімізді бағалау үшін қазақстандық патрио­тизмді ұрпақ  жадына  сіңірудің  төте жолы дер едік.

 

Арықбай АҒЫБАЕВ,

әл-Фараби  атындағы  Қазақ  Ұлттық  университетінің профессоры, заң ғылымының  докторы, Қазақстан Республикасының еңбек  сіңірген қайраткері.