КЕМСІТУДІҢ КӨЛЕҢКЕСІ ДЕ ЖОҚ

german_deport

Қазақтардың арасына басқа ұлт өкілдерінің келіп, қоныс­тануының тағдыры әрқилы екені оқырман қауымға тарихи деректерден жақсы мәлім.

Қазақ жеріне басқа халықтардың қоныс аудару шежі­ресі түрлі кезеңдерге бөлінеді. Бұл жөнінде әр уақытта айты­лып, жазылып жүр. Кеңес дәуірінде қоныс аудару тари­хының ішіндегі сталиндік репрессияға ұшырап, еріксіз кел­ген­дердің жөні бір бөлек. Кеңестер Одағының Қиыр Шығы­сынан 1938 жылы кәріс (хоку сарам) ұлты­ның өкілдерінің, одан кейін 1944 жылы Кавказды мекен­деуші халықтардың жер аударылуы жайындағы нақты мағлұматтар темір шы­мылдық деп аталатын Кеңестер импе­риясындағы тотали­тарлық заманда сол ақтаңдақ қалпы жабық болып келді. Бұл тақырыптың назарға ілігіп, әр қырынан жазыла баста­ғаны – еліміз тәуел­сіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жыл­дарда ғана.

А.Штульбергтің  «Бескунак», А.Тарасен­коның  «Целинная хроника» деп аталатын жинақтарында жарық көрген деректі роман, көркем очерк, эсселерінде әңгіме айтушы кейіпкерлердің өз ауыздарымен баян қылатын­дары – Қазақстан жеріне алғаш рет қалай аяқ басқандығы, сөйтіп осынау сүреңсіз шөлейт өлкеде ары қарай қалай өмір сүріп кету жолындағы бастан кешкен түрлі жағдаяттары.

Альберт Штульбергтің «Бескунак» хрони­калық деректі романы ресейлік немістердің жылы орындарынан қалай күштеп көшіріл­гендігі жайында қызықты сыр шертеді. Шы­ғар­мада аталған халық өкілдерінің зорлықпен қоныс аударылуына түгелдей сараптама беріп, шолу жасап шығу мақсат етіп қойылмаған. Аталған тақырып бір отбасының мысалында әңгімеленіп, бас кейіпкердің көріп-түйген жағдайлары негізінде тарқатылған.

Елдің бір жақ шетіне жау тиіп, майдан далаларында кескілескен ауыр ұрыстар жүріп жатқан кезеңде халықты мекендеп қалған жылы орындарынан қозғап, бөтен жер, бөтен ортаға жер аудару оңай-оспақ шаруа емес. Қаржылық-материалдық шығындардың көпті­гін былай қойғанда, аттап өтуге болмайтын, адамдарға ауыр әсер ететін түрлі әлеуметтік, моральдық және писхологиялық факторлар тағы бар.

Автордың басымырақ мән бергені – қоныс аударып келгеннен кейінгі  жаңа ортадағы психологиялық-моральдық үйлесімсіздіктер. Соғыс немістермен болып жатқаннан кейін, тұрғындардың  өз орталарында жүрген неміс ұлтының өкілдеріне жатырқап, сенімсіздікпен қарауы табиғи құбылыс. Шығарма авторы ұлттық үйлесімсіздік жағдайларына мән бере келіп, осындай көзқарастағы адамдарды кінәлауға болмайтынын да қаперге салып өтеді. Өйткені, мұндай көңіл-күйдегі адамның қоғамнан, оның қызу тіршілігінен сыртқары  оқшауланып, қоғамдық ортақ ағыстан бөлініп қалуы да заңды екен.

Соғыс басталып кеткеннен кейін, 1941 жылдың күзінде Поволжье бойындағы неміс ұлтының өкілдері алып империяның шығы­сына қарай күштеп көшіріле бастаған. Бұндай зорлықпен көшіру әрекеті тек неміс ұлтының өкілдері шоғырланып тұратын Повольжені ғана емес, Одақтың астанасы Мәскеу қаласын да шарпыпты.  Кітап авторы Альберт Штуль­берг – он тоғыз жасар жігіт кезінде сол Мәс­кеуден зорлықпен қоныс аударылғандардың бірі. Ол бастапқыда Орал тауының шығыс баурайындағы Челябинск қаласына келіп, зауыт жұмысына орналасады. Оның Қазақ­станға жіберілгені сәл кейініректе.

Сыр бойындағы шағын қалаға қоныс аударуға мәжбүр болған жас жігіт қазақ ара­сында өздерінің қалай өмір сүргендігі жайында сыр шертеді. Шығарма ішінде қызықты оқылатын беттер – кейіпкердің Челябинскідегі зауытта еңбек етіп жүрген күндері мен Қазақстанға қоныс аударылғаннан соңғы Сыр бойындағы қалашықтағы қазақ жұртының ортасы, осы жылдар ішіндегі айналадағы халықтармен қарым-қатынас жасау сипаттары.

Аталған  роман-хрониканың көркемдік болмысы жайында белгілі қазақстандық қаламгер Герольд Бельгер: «Не большой по обьему, предельно лаконичный роман-хроника широохватен, затрагивает разные слои общес­тва сталинского времени, детально высвечивает «свинцовые мерзости» тоталитарного режима, при  котором судьбы заключенных и вольных, пришлых и коренных, палачей и жертв переплетались самым тесным и фантастичес­ким образом» деген орнықты ой түйіндейді.

Автор жер аударылып келген немістерге күдікпен қарайтын адамдармен бірге, оларды өзімсініп, жанашырлық сездірген жандардың да ұшырасқанын айтады. Бұндай жылы жүзді қарым-қатынас шығармада, негізінен, әскери комиссар Жәлел Асқарбеков пен оның отбасының мүшелері арқылы көрініс тапқан. Олардың іс-әрекеттері мен сөздерінен көрініс табатын факторлар – қазақ ұлтының ұстам­дылығы, қонақжайлылығы, ақ көңілділігі тәрізді оңды қасиеттер. Қазақ әйеліне тән тұйықтық, нәзіктік, сыйластық сипаттарын сездіретін жандар – осы үйдің әйелі мен қызы. Сонымен бірге, колония бастығы Молдағалиев, шолақ қол Бекжан сияқты қазақтар  бейнелерінің сомдалуы қанық.

Автор бұл кісілердің қай-қайсысын да жан жылылығымен  іш тарта бейнелейді. Сонымен бірге, елдің соғыс болып жатқан жағынан қоныс аударылып келген кейбір босқын­дардың ашкөздігі, қасқырдай қайсарлығы да автор назарынан тыс қалмаған:

«Многие беженцы, согнанные с насижен­ных и нередко злачных мест из числа киевлян, одесситов, харьковчан, притащили с собой чемоданы – сундуки туго набитые советскими дензнаками в крупных купюрах, иными ценностями.

Предчувствуя неминучий голод, беженцы знающиие зыбкую цену советской «валюте» и обеспечившие себя «бронью», вмиг под метлу подчистили все сьестное, и цены взвинтились до  немыслимых масштабов. На городишко обрушилась голодная напасть» деген жолдар­дан сол замандағы уақыт шындығы  бұрын айтыла бермейтін жаңа бір қырынан елестейді. Бұл баяндаулардан қазақ халқы мен сырттан келушілер арасындағы үлкен моральдық айырмашылықты анық ашып көрсетеді.

Осы тақырыпты көтеріп, тілге тиек еткен бұрынғы әдебиеттерде  кездесетін  аш-жалаңаш мүсәпірлер  – босқындар емес, айналасына қасқырша тиген қатыгез қоныс аударушылар. Қонақжай қазақ ұлтына қарама-қарсы түсінік­тегі басқа ұлт өкілдері. Айналасын қырып-жайпай келген олар жаңағыдай ашкөздік әрекеттерімен, өзімшіл пиғылдарымен жергі­лікті тұрғындардың өзін аш қалдырады.

Автор екі түрлі ұлттық парадигманы шендестіру арқылы белгілі бір философиялық тұжырым жасауға болатын ащы шындықты көлденең тартады. Бұндай ашкөздік психология негізінен ішкері жақтағы қалалы жерлерден шыққан, өз заманындағы өркениеттің өрінде жүрген босқындарға тән екендігін де автор жасырмастан атап өткен.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, жаппай қоныс аудару жағдайындағы әр түрлі ұлттық мента­литтердің шендесуі, жанасуы, сол арқылы көрінетін ұлттық парадигмалар нышаны хроникалық романда нанымды түрде көрініс табады.

…Қазақстанға науқандық саясаттың салдарынан лек-легімен төгіліп келгендердің бір тобы 1954 жылы басталып кеткен Тың игеру науқанына байланысты бой көрсетеді. Шығарма авторының Қазақстан топырағына табан тигізетін кезі – 1962 жылдың бастапқы күндері, яғни Тың игеру шаруашылығы жолға қойылып, халықтың құлағы да, еті де әбден үйреніп қалған уақыт. Мұндағы бас кейіпкер – Кеңестер Одағының батыс бөлігін алып жатқан Украин республикасынан Қостанай жеріне арнайы жолдамамен келген жас маман. Шығармада өзі келіп түскен жаңа ортаны автор айқын да нақты суреттеп жеткізуге ықылас танытпайды, оны мақсат та етпеген.

Есесіне өзімен бірге бір жатақханада тұратын немесе бірге жұмыстас болып отыр­ған тың игерушілердің күнделікті тіршілік қал­пын суреттеумен,  өзі куә болған тұрмыстық-қызметтік  шынайылықты сол қалпында жеткізе білумен шектелуге бейім. Жалпы, Тың игерудің барысы қалай жүріп жатқанын  баян­даудан бұрын, автор көбінесе өз маңайындағы адамдардың іс-әрекетін, мінез-құлқын, көз­қарасын, олардың бір бірімен қарым-қаты­насын қызықтауға назар аударып отырады.

Осындай көзқарас салдарынан өздері бұрын-соңды аяқ басып көрмеген жаңа қоғамдық орта мен бірге табиғат ерекшелік­терін, ондағы байырғы халық өкілдерін суреттеу жағы кемдеу соққан. Ауызға алынған күннің өзінде автор өзі алғаш көріп отырған ондай адамдардың ұлттық белгілеріне, ерекшеліктеріне онша мән бере қоймайды. Яғни жалпыадамзаттық парадигма нышандары сезіліп отырғанымен, ұлттық менталитетті қаузайтын үлкенді-кішілі жағдаяттар жағына уақыт шығындағысы келмеген сияқты.

Очерк кейіпкерімен бірге жұмыстас болған мамандардың бәрі де – қазақ жеріне алғаш рет табан тигізіп отырған жандар. Олар өздері келіп түскен ортаға, сүреңсіз табиғат көрініс­теріне таңырқай қарағандарымен, алғаш рет көріп, жаңадан қарым-қатынас жасай бастаған далалық азиялықтар сыртқы пішіні, мінез-құлқы, психологиясы, бір ауыз сөзбен айтқан­да, олардың қандай ұлт екендігі де қызық­тырмайды, ұлттық болмыс-бітімі ешқандай да таңырқатпайды. Автордың өзі өмірінде бірінші рет араласа бастаған қазақтар жайында әңгіме­ленуі – бұрыннан таныс-біліс болып қалған жандарды суреттеу деңгейінде.

Сонау Украинадан келген жігіттердің байырғы тұрғындарға көңіл бөле бастауы – тұрмыстық жағдайда тығыз араласа бастаған­нан кейін ғана.

Жаңа жыл қарсаңында ерігіп, жатын бөлмелеріне сыймай  отырған жігіттерді кіш­кен­тай ғана бір қазақ шалы үйіне қонаққа шақырады. Ұлттық парадигманың біршама айқындала бастайтыны да осы тұста. Қазақтың қонақжайлылығын суреттейтін беттердің бояуы қанық. Автор ұлттық палитраны молы­рақ жаққанымен, жасанды түрде әдейі қалың­датпаған, оқиға  табиғи қалпында өрбіп отырады да, қазақтың ұлт ретіндегі бейнесі де біртіндеп ашыла бастайды.

Алыс жерден келген мамандар мен жұмыс­шыларды қазақтар өздерінің ата-бабаларының дәстүрі бойынша қол қусырып күтеді. Мол дастарқан, ет тағамдары, ақжарқын үй иеле­рінің ашық қабағы қазақ оқырманы үшін қалыпты ұлттық айшықтар болғанмен, қонақ­тар үшін тосын сый сипатында көрінуі де заңды. Осындай ұлттық белгі-нышандар бел алып, айқындала бастаған кезде  тың игеру жұмыстарына жаңадан араласып жатқан шеттен келушілер далалықтарға ықылас білдіріп, көңіл бөле бастайды.

Онсыз да көңілді дастарқан басын одан арман көңілдендіріп, құлпыртып жіберетін – қонақтардың көңілін көтеру үшін арнайы шақырылған Темірхан домбырашының өнері. Нағыз қазақы ұлттық болмыстың мейлінше атойлап шығатын тұсы да осы. Бірақ осынау ұнасымды жағдайға кірбің келтіретін бір деталь бар. Ол – қонақтарға қосылып алып қазақтар­дың да еш тартынбастан арақ ішуі. Осы эпизодтағы қимыл-әрекеттер мен диалогтардың мағыналарына қарағанда, қазақтардың ішімдік­ке бұрыннан да үйірсек болып келе жатқан­дығы, тіпті бой үйретіп алғандықтары сезіледі.

Бұл мәселеге орай еске сала кетсек, артық болмас. Жалпы, қазақ ұлты ішімдікке онша әуес болмаған, құмарлық көрсетпеген. Көшпелі жұрттың осынау заһар сусынына еріксіз бейімделуі – мекен еткен өлкесіне орыстар көптеп келе бастаған кезде ғана. Ал аталған көркем публицистикалық туындыдағы қазақтардың арақты жатсынбай, атасының асындай көріп сіміруі көңілде жақсы әсер қалдырмайтыны анық.

Екінші жағынан авторға олай емес еді деп кінә қоюға да болмайды. Өйткені, сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында қазақтар­дың орыстармен және басқа да ұлттармен аралас өмір сүріп жатқан біраз бөлігі өздеріне бұрын жат болып келген басқа нәрселермен бірге араққа да бой  үйрете бастағаны өмір шындығынан алыс жатқан жоқ.

Бұл арада назар аударатын бір жағдай – ішімдікті қазақтың ұлттық парадигмалық шеңберінде қарастыруға бола ма деген мәселе. Біздің ойымызша, бүгінгі таңда қазақтардың едәуір бөлігі осынау қауымымызға, дінімізге жат нәрсеге үйір болуды ұлттың әлеуметтік ментальдігіне жақындату қиын.

Тарасенконың осы аталған кітабында уақыт өте келе, украиндықтар байырғы халық өкілдерімен тек дастарқан басында ғана емес, жұмыс барысында да ұшырасып, жақындаса бастайды. Әдетте келімсектердің қазақтарды қолдарынан ештеңе келмейді деп кемсітуге бейім болып келетіні жасырын емес. Ондай келеңсіз жағдайлардың тұрмыстық деңгейде әр уақыттарда байқалып келгенін де жасырып-жабуға болмас.

Қазақ оқырманы үшін жағымды әсер ететін тұрмыстық фактордың бірі – украин­дық автордың қазақтарды өздерінен ешқандай да қор санамай, өз ұлтымен терезесі тең дәрежеде бейнелеуі. Жалпы, бұл шығармада Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы тың игеру науқанының қалай жүргендігі жайлы жекелеген мәліметтер де ұсынылып отырады. Тың игеру эпопеясы аталған кезең жөнінде өз тұрғысынан кезекті суреттер қосқан, бірақ терең деп айтуға келмейді.

Бір шығарманың ішінде тыңға қатысты деректер мен фактілерді толығымен қамти бейнелеп жеткізу шарт емес. Оның үстіне кітап авторы Қазақстан жеріне алғаш рет аяқ басқан уақытта тыңның игеріле бастағанына бірнеше жыл өтіп кеткен болатын. Сондықтан аталған шығармада тыңның толық келбетін көрсету мүмкін емес еді, әрі солай жасаудың қажеттілігі де көрініп тұрған жоқ.

Аталған кітаптардың авторлары, кейбір келімсек жазғыштардай,  қазақ халқын кемсі­туге жол бермей, көрген-білгендерін мүмкінді­гінше объективті түрде жеткізуге тырысқан.

Мұндай ұстанымды шығарманы жазу барысында автордың объективті түрде жете түсінгендігін әбден байқауға болады. Ұлттық тұрғыдан кемсітушілікке баруды автордың аузына да алмауы – қазақ оқырманына ұнамды әсер ететіні анық.  Бір сөзбен айтқанда, аталған шығармада ұлттық астамшылыққа жол беретін немесе керісінше, халықтың намысына тиетін ондай теріс нышанның көлеңкесі де жоқ.

 

Нұрдәулет АҚЫШ,

жазушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институтының бас ғылыми қызметкері.