ИСЛАМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҰЙЫМЫ: БАҒЫТ ПЕН БАҒДАР

04-1-%d1%83%d1%87%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b8%d0%b5-%d0%b2-%d1%84%d0%be%d1%80%d1%83%d0%bc%d0%b5

Өмірзақ МҰҚАЙ

Әлемнің экономикасы қатты дамыған жиырма мемлекетінің басын біріктіретін «Үлкен жиырмалық» деген ұйым, жасыра­тыны жоқ, бүгінде әлемдік экономиканы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Әлбетте, планетадағы саяси доминацияның басиесі де солар.

Қазіргі әлемдік қаржылық дағдарыстың бір себебін де көзіқарақты сарапшылар осы қауқарлы ұйымның қолтума әрекеті дегенге дейін барып отыр.

Әрине, мұндай құдіретті саяси-эконо­микалық одаққа екінің бірі мүше болып ене алмайды. Тіпті, мүше болмаған күннің өзінде де оған қатардағы бақылаушы есе­бінде қатысудың өзі үлкен мәртебе болып есептелінеді.

Дегенмен, әлемнің әр қиырында осы құдіретті «жиырмалықтың» құзыретіне толық бағынбаудың, басқаша айтқанда, онсыз да әлсіз экономикалық тетіктің жібін оның қолына ұстатпаудың әрекеттері жасалы­нуда. Соның бірі есебіндегі саяси оқиға үстіміздегі жылы Астана қаласында жүзеге асқанын айта кетуіміз керек.

Онда Қазақстан басшысының бастама­сымен ғылым мен технологиялар жөніндегі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының алғашқы саммиті өткізілді. Шын мәнісінде ол – «Үлкен жиырмалықтың» шығыстық баламасы.

Әлем сарапшылары қазіргі өркениеттер, одан да бетер діндер арасындағы алауыздық белең алып тұрған шақта аталмыш жиынға ерекше көңіл бөлгенін де айта кетуге тиістіміз.

Аталмыш бірлестікке Ислам Ынтымақ­тастығы Ұйымының 15 алдыңғы қатарлы елі кіреді.

Ислам дүниесінің алдымен әлемдік мұнай қорының басым бөлігіне ие болып отырғанын есепке алсақ, бұл шынында да азуын айға білеген батыстың өзін елең еткізерлік оқиға болатын.

Содан сәл кейінірек Астанада «жасыл тех­нологияны» басшылыққа алған ЭКСПО-2017 өткізілді. Шынтуайтына кел­генде, ол да алдымен Ислам дүниесінің бір жетістігі есебінде бағаланғанын айта кетуге тиістіміз.

Сол жолғы сарапшылар «Үлкен жиырмалықтың» шығыстық баламасы санаған ұйымның жұмысына Қазақстан жағы түрткі болды. Жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев: «Сіздердің барлығы­ңызды исламдық қаржыландыру сала­сында әріптес болуға шақырамын. Соған байланысты ИсламДамуБанкінің үлкен потенциалы барын да баса айтқым келеді. Алдымен даму үшін «жасыл технологияны» дамытып, ғылым мен инновацияны қаржы­ландыруымыз керек. Бұл орайда ЭКСПО-2017 базасында құрылуға тиіс «жасыл техно­логиялар» мен инвестициялар орта­лығының да біршама мүмкіндігі болмақ. Алдымен біз аграрлық ғылымды дамытып, оған жаңа технологиялар енгізіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек» деген болатын.

Шынтуайтына келгенде, Қазақстан басшы­сының аузынан шыққан бұл сөздің артында үлкен үміт пен көрегендік жатқа­ны даусыз. Шын мәнісінде қазіргі өрке­ниетті дүние ислам әлемін технологиялар мен инновацияларға, ғылыми-техникалық прогреске байланысты батыстан  әлдеқай­да кеш қалған деп есептейді. Бір жағынан оған амалсыз болса да келісуге мәжбүрміз.

Өз заманында заманауи астрономия мен арифметика, жаратылыстану, филосо­фия мәселелерінде әлемге теңдессіз үлгі көрсеткен  ислам өркениетінің жоғарыда өзіміз атап өткен салаларда кешеуіл қалып отырғаны өтірік те емес.

Қазақстан басшысы саммит барысында ол туралы да айтып өтті. Ол үлкен жиыр­малық үлгісінде форум, сондай-ақ, ислам дүниесінд ғылым мен экономиканы дамы­ту үшін ресми емес топ құруды ұсынды.

– Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының  15 алдыңғы қатары мемлекетінен ИЫҰ-ның 15 елі қатысатын одақ құру қажеттілігі туындап отыр. Өйткені, біз үшін ғылым мен техниканың дамуы бәрінен де маңызды. Соған байланысты біз Батыс елдерімен жемісті ынтымақтастықты дамытуға тиісті­міз. Ол бүкіл ислам дүниесінің дамуына ықпалдасады, – деп атап көрсетті Нұр­сұлтан Назарбаев.

Бұл жердегі мәселенің ислам әлемінің Батыспен ымырасын жарастырудың басты тақырып екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, Қазақстанның соңғы кезеңдегі дауласқан тараптарды ымыраластырудағы ролі бүгінде бүкіл дүниеге әйгілі.  Оған күні бүгін біршама бәсеңдеген Ирактағы қақтығыстарды жатқызуға болады.

Қалай десек те, бұл прогресте Қазақ­стан Республикасының айтарлықтай сыбағалы үлесі бары айтпаса да белгілі.

Астанадағы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммитінен соң-ақ Азияда «Үлкен жиырмалық» үлгісіндегі мемле­кеттер арасындағы одақ құру мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Әрі жаһандық саясат биігінен қарағанда, оны қазіргі таңдағы планетарлық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің біріне жатқызуға болады.

Қазір әлемді қаржылық-экономикалық дағдарыс меңдеп тұрған заманда әр өңірде жоғары технологиялы экономикасы дамыған мемлекеттердің бірігуінің жалпы адамзаттық маңызы бар. Сол арқылы әр өңірдегі, әр елдегі инфляция мен дағдарыс деңгейін төмендетуге болатыны айтпаса да түсінікті.

Дегенмен, ниет бір басқа да, оның жүзеге асуы бір басқа. Ендігі мәселе – ықти­мал қатысушылардың талап-тілегіне байланысты. Дегенмен, Қазақстан басшысы тарапынан үлкен прогреске қарай елеулі қадам жасалып отыр.

Ал сонда ықтимал Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымының  тырнақалды қадам­дары бар ма? Болса ол қандай деңгейде?

Қазақстанның сыртқы сауда құры­лымы берген деректерге қарасақ, соңғы кездерде ИЫҰ құрамындағы мемлекет­термен экономикалық байланыстардың нығая түскені байқалады.

Әлбетте, мұндайда жаңадан құрылған немесе құрылу қарсаңындағы ұйымдарды әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің мүм­кіндігімен салыстыру үрдісі қалыптасқан. Бұл орайда кейбір сарапшылар Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымына кіретін елдер­дің қазіргі, сондай-ақ ықтимал жетістік­терін талдағанда, оны бүгінгі таңда әлемнің екінші экономикасы саналып отырған Қытаймен салыстырады.

Шынтуайтына келгенде, ИЫҰ құра­мына кіретін мемлекеттердегі халық саны Қытайдағы тұрғындар санымен бір дең­гейде. Ал экономикалық өсім жағдайы қалай? Кереметі сонда, ИЫҰ құрамына кіре­тін елдердің ортақ экономикалық көрсеткішінде қаржылық жағдайы әжеп­тәуір жақсарып қалған Қытаймен бір деңгейде көрінеді.

 

Атап айтқанда, ұйымға кіретін мем­лекеттердің жалпы ішкі өнімінің мөлшері 7,5 триллион долларды құрап отыр! Ол дегеніңіз – жалпы әлемдік деңгейдің 12,03, еуроодақпен салыстырғанда 51,6, АҚШ-пен салыстырғанда 52,5, Қытаймен салыс­тырғанда 85,2 пайызды көрсетеді. Ол дегеніңіз – шынында да үміт күттіретін жағдай!

 

Оның ішінде ішкі жалпы өнім көлемі 100 млрд. доллардан асатын 17 мемлекет бар. Олардың ішіндегі ең алдыңғылары қатарында Индонезияны, Түркияны, Иранды, Сауд Арабиясын айтуға болады. Ал біздің еліміз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына кіретін 57 елдің арасында ішкі жалпы өнім жөнінен 12-орында тұр.

Шынында да ғасырдың басынан бері осы ұйымға кіретін елдердің көбінің экономикасының өскендігі байқалады. Атап айтқанда, 57 мемлекеттің елуінде  экономикалық өсім бар. Демек, ұйымның мүмкіндігі үлкен деген сөз.

Әсіресе, экономикалық өсім тікелей мұнай өндірісімен айналысатын елдерде айқын байқалады. Мәселен, Кувейтте ол – 415, Брунейде – 162,9, Біріккен Араб Эмираттарында – 342,8, Йеменде – 333,3, Нигерияда – 288,6 пайызды құрайды. Осындай мұнай арқылы экономикасын түзеп алған мемлекеттер арасында ТМД елдерінен Әзірбайжан республикасы барын айта кетуге тиістіміз. Ондағы тиісті көрсеткіш 277,1 пайыз.

Рас, 2007—2009 жылдардағы дағдарыс­тың ұйымға мүше елдердің экономикасына да кері ықпал еткені белгілі. Жетекші деп есептелетін он мемлекеттің экономикалық өсім мөлшері айтарлықтай төмендеді.

Экономикалық мүмкіндік макроэконо­микамен, оның ішінде мұнай өндірісімен бағамдалатын заманда мұнай экспорттау­шы ұйым – ОПЕК туралы айтпай кетуге болмайды. Әлемдік экономикада шешуші маңызға ие бұл ұйымға кіретін 12 мемле­кеттің – 9-ы, атап айтқанда Иран, Ирак, Кувейт, Сауд Арабиясы, Катар, Ливия, Біріккен Араб Эмираттары, Алжир, Ниге­рия Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына кіреді. Ал Қазақстан мен Әзірбайжан бақылаушы мәртебесіне ие.

Шынтуайтына келгенде, әлемдік эко­номика жағдайында ОПЕК шешуші мәртебеге ие. Әлемдік мұнай қорының үштен екісі, яғни әлемдік мұнай өндірісінің 40 пайыздан астамы осы ОПЕК-ке тиесілі.

Аталмыш ұйымға байланысты сарап­шы­лар ойын сан-саққа жүгіртіп отырған бір мәселе барын да айта кетуге тиістіміз. Ол – бүгінгі өркениеттер қақтығысы түрінде айдарланып отырған Ислам дүниесі мен батыс арасындағы текетірес.

Батыс тарапынан жасалып отырған сан түрлі әрекеттерді көз көріп, құлақ естіп отыр. Дегенмен, оған қарап мұсылман елдері де бастапқы ұстанған жолынан тай­ды деу қисынға келмейді. Атап айтқанда, шаруашылықты исламизациялау Иран, Пәкістан, Судан сияқты мемлекеттердің ресми саясатына айналған. Шынтуайтына келгенде, экономиканы исламдандырудың орталығы – Таяу және Орта Шығыс. Атал­мыш мемлекеттерде нарықтық қатынас­тарды ескере отырып, исламдық ерекше даму жолы ұстанылуда. Бұл бағыт бүгінде «Ислам экономикасы» деп айдарланады.

Соған қарағанда, алдағы уақытта Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тасы­ның өрге домалайтын сыңайы бар тәрізді. Оған жоғарыда біз мысалға келтірген деректер куә дер едік.