ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛ АЗАЙТЫЛДЫ

%d0%b6%d0%be%d0%bb

Серік ЖҰМАБАЕВ

Жаңа жылдан бастап жол ережесі­нің жаңа тәртібі қолданысқа енді. Яғни әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне бірқатар түзету енгізілген. Айталық, жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншіге жол бермеу, көлігін сақтандырмау секілді заң бұзушылықтарға қатысты айыппұлдар көлемі біршама қысқар­тылған. Сондай-ақ, жүргізушілерге айыппұлдарын төлеу жолдары да мейлінше жеңілдетілді.

Бұдан былай көлік жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс асырса, бұрынғыдай 10 емес, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Ал жолдың қарсы бетіне шықсаңыз, жүргізуші куәлігінен айырылмайсыз. Бұл жағдайда сізге 30 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл рәсімделеді. Мұндай жаңашылдықтар жақында Елбасы қол қойған жаңа заңда бекітілген.

Негізі, заң азаматтарға қызмет етуі тиіс қой. Сондықтан болса керек, жаңа ережеде жүргізушілерге біраз жеңілдік­тер қарастырылған екен. Осы орайда әкімшілік құқықбұзушылық кодексін­дегі 40 бірдей ереженің айыппұл көлемі азайтылған. Бұл өзгерістер көлік айдаған адамның қай-қайсысында да кездесетін сақтандыру, жол қозғалысы ережесін бұзу немесе қайтара бұзу жағдайларының бәріне қатысты.

Төмендетілген айыппұл мөлшерінің ең көлемдісі – мүгедектер орнына тұрып алатындарға қатысты. Әдетте, мұндай әрекеттер үшін полицейлер қатты жазалайтын. Енді оның ақысы 50-ден 10 АЕК немесе 113 450 теңгеден 24 050 теңгеге бір-ақ төмендетілген. Жаяу жүргіншілер жолағына қатысты тәртіп­тің ақысы да екі есеге азайған. Жүр­гіншілерге жол бермеу жағдайларында жүргізушілер полицияның қолына түссе бұрынғыдай 20 емес, 10 АЕК төлейтін болады.

Тағы бір жаңалық. Осыған дейін полиция қызметкерлері тоқтау туралы белгі бергенде, жол сақшысының заңды талабына бағынбаған жағдайда жүргізу­шілер бір жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылатын еді. Ал жаңа заңмен аталған жазаны 6 айға дейін қысқарту көзделіпті.

Сонымен қатар, жол сақшысы көлікті себепсіз тоқтатуға құқы жоқ. Егер осындай заңсыз жағдай орын алса, Ішкі істер басқармасының сенім телефонына шағым түсіре аласыз.

Тағы да қайталап айтайық, жолда жылдамдығын тиісті межеден арттырып жібергендерге де жаза бұрынғыдай емес, оның ақысы да бір жарым, екі есеге дейін азайған. Мәселен, жүріс жылдамдығы рұқсат етілген деңгейден сағатына 10– 20 шақырым аралығында асып кетсе, жүргізуші 10 емес, 5 АЕК көлемінде төлейді. Сағатына 20–40 шақырым аралығында 10 АЕК, сағатына 40 шақырымнан да асып кетсе, 20 АЕК-ке тең айыппұл төлейді.

Енді осы айыппұлдарды төлеу мәсе­лесіне де бірнеше мүмкіндік ұсынылып отыр. Бұдан былай ақша санап, пошта жағалаудың қажеті жоқ. Бұл ретте үкіметтің «egov» порталы бұрынғы­сынша қызмет етіп тұр. Оған әрбір жүр­гізуші тіркеліп, сосын жеке иденци­фикалық коды мен құпия сөзін енгізіп, кәдуілгі сайт қолданушысы ретінде тиісті ақысын онлайн төлей алады. Сонымен бірге, төлемнің мобильді қосымшалары да қарастырылған.

Жалпы, осы айыппұл төлемдерінің барлығында да түбіртектер алу қажет емес. Әкімшілік полиция органдарында ешкім оны сұрамайды. Барлығы элек­тронды түрде базаға тіркеліп тұрады.

Көлік тоқтатылған кезде жүргізушінің полицейдің іс-әрекетін видеоға түсіру құқығы заң жүзінде бекітілген.

Сонымен қатар, жолаушылар тасымалымен ұдайы айналыспайтын көліктерге түнгі уақытта жолаушылар тасымалдауға тыйым және көліктегі аэрографиялық суреттерге салынған тыйым алынып тасталды. 

Бағдаршам алдында тоқтау керек сызықтан асып кеткені үшін айыппұл көлемі 5 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін төмендетілді.