БІЗ ӘЛЕМНІҢ ТӨРІНЕ ШЫҚТЫҚ

dsc_1075

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баевтың үстіміздегі жылдың қаңтар айын­дағы АҚШ-қа сапарына және Қазақ­станның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіне орайласты­рылған «Қазақстан және АҚШ: жасампаз­дық жолындағы ынтымақтастық» және «Қазақстан – халықаралық аренада» тарихи-құжаттық көрмелерінің тұсаукесері өтті.

Екі оқиға да Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды оқиғалар болып табылады. Бұл туралы тұсаукесерде сөз сөйлеген ҚР Президенті Архивінің дирек­торы Б.Жапаров, ҚР СІМ-нің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Р.Бөлтіріков, Алма­тыдағы АҚШ-тың бас консулы М.Марк, БҰҰ қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі С.Властимил, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұңғыш тұрақты өкілі А.Арыс­танбекова, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластер бюросының директоры П.Криста және ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Л.Каратаева тарқатып айтты.

Мемлекет басшысы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «Қазақстанның көпвек­торлы сыртқы саясатының басым бағыт­тарының бірі – Америка Құрама Штатта­рымен екіжақты қарым-қатынас. 1992 жылдың мамыр айында мен Сауда байла­ныстары туралы келісімге, Қаржы салым­дарын ынталандыру және өзара қорғау туралы келісім-шартқа және екі елдің үкіметтері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған АҚШ-қа алғашқы ресми сапарымды жасадым. Біз АҚШ президенті үлкен Джордж Бушпен көптеген саяси мәселелерге байланысты ортақ пікірге келдік және осындай қарым-қатынас екеуара достық байланыстарға ұласты. Сол жылы АҚШ президенті Қазақстанды тәуелсіздігінің бір жылдығымен құттықтап, маған мынадай сөздер жолдады: «Өткен жылдарда Қазақ­стан халықаралық мойындалу тұрғысында және саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда үлкен прогреске қол жеткізді. Сіз осынау қиын кезеңдегі жетістіктеріңізбен мақтана аласыз». 1994 жылдың ақпанында біз американың жаңа басшысы Билл Клинтонмен Вашингтонда кездесіп, Демократиялық әріптестік туралы хартияға қол қойдық. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында Қазақстан алғашқы болып Құрама Штаттар тарапынан тең­құқылы әріптес ретінде мойындалды» деп Қазақстанның халықаралық қатынастар­дағы көпвекторлы саясатын атап өтеді (Н.Назарбаев. Тәуелсіздік дәуірі. 2017. 93-94-б.б.).

«Қазақстан және АҚШ: жасампаздық жолындағы ынтымақтастық» көрмесінде көпшілік назарына екі елдің дипломатия­лық қарым-қатынасының тарихы ұсыныл­ды. Ал «Қазақстан – халықаралық арена­да» көрмесінде мемлекетіміздің 1992 жылы БҰҰ-ның толық құқықты мүшесі ретінде кіруі және одан арғы осы халықаралық ұйым құрамындағы қызметінің тарихи кезеңдері көрсетілген.

Көрмелерге жоғары мемлекеттік органдардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың құжаттары, сонымен қатар, Қазақстанның дипломатиялық қызметінің ардагері, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұңғыш тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекованың материалдары қойылған.

Көрме экспозициясындағы құжаттар­дың көпшілігі Қазақстанның Ұлттық архив қорының түпнұсқа раритеттері болып табылады.

 

«Ақшам-ақпарат».