«АЛМАТЫ» «БЕЙБАРЫСТЫ» ҚАБЫЛДАДЫ

«Halyk  Arena»  мұз айдынында  шайбалы хоккейден Қазақстан

чемпионатының екінші кезеңі басталды

img_8561

Ерлер командалары  арасындағы чем­пионатта  «Алматы» хоккейшілері өз ала­ңында атыраулық «Бейба­рысты» қабыл­дады. Бірінші күні өткен кездесуде алма­тылық команда сапынан Никита Цирулев, Александр Борисенков, Михаил Рахма­нов мергендігімен көзге түссе, қонақ­тардан  Константин Баранов бір шайба соққан болатын. Осылайша ойын 3:1 есебімен алаң қожайындарының пайда­сына шешілді.

Ал екінші ойында атыраулықтар Евге­ний Дерябин, Максим Худяков, Алек­сандр Зубковтың салған голда­рының арқасында 3:0 есебімен жеңіске жетіп, алдыңғы  ойынның есесін  қайтарды.

– Бірінші ойында бар күшімізді салып қойдық деп ойлаймын. Бүгінгі матч қиынға соқты. Басымдылық таны­тып көрейік дедік, алайда қарсылас­тарымыз соққы­лар көп жасап, жақсы қорғана білді. Енді плей-офф ойында­рында жақсы өнер көрсету  керек, – деп  «Алматы» клубының ойын­шы­сы Никита Цирулев өз ойымен бөлісті.

Айта кетер жәйт, чемпионаттың бірін­ші кезеңінде Игорь Дорохин шәкірт­тері Алма­тыда өткен кездесуде ұтылып, қонақтағы ойында екі рет жеңіске қол жеткізген  болатын.

Ал қаңтардың 13-і мен 14-і күндері «Halyk Arenа» мұз айдынында ел біріншілі­гінің кезекті ойындарында «Алматы» өз алаңында «Астана» коман­дасын  қабыл­дайды. Ойындар 20.00 және 17.00-де бас­талады.

Нұр ҚАЙЫР.