100 ЖАСҚА ТОЛҒАН АРДАГЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

img_0032

Құттыбек АЙМАХАН

Алматы қаласы Бостандық ауданында жүз жасаған 11 ардагер тұрады екен. Оларға барынша құрмет көрсету мақсатында, сейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Маржан Балбаева бастаған әкімдік өкілдері, қалалық мәслихат депутаты Дамир Шыныбеков, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржанов 100 жасаған мерейтой иесі, соғыс ардагері Егор Толстыхтың үйіне құттықтап келді.

Аудан әкімі аппараты атынан сый-сияпат жасап, гүл шоғын сыйлаған Мар­жан Ертайқызы жүз жасаған ардагерге «Сіздердің ерліктеріңіз біздің жүрегі­мізден ешқашан өшпейді. Сол үшін шексіз алғысымызды білдіруге және ерліктеріңіз ұрпаққа әрқашан үлгі екенін айтуға арнайы келіп отырмыз. Біздің бақытты өміріміз үшін күрескен батырға зор денсаулық, бұдан да ұзақ ғұмыр тілейміз!» деген ақ тілегін білдірді.

Сосын сөз алған аудандық Ардагер­лер кеңесінің төрағасы Хамит Біржан­ұлы: «Жалпы, ХХІ ғасыр басталған 2000 жылы аудандық Ардагерлер кеңесі бастама көтеріп, «Ғасыр құрдасы» деген акция өткізуді қолға алған болатын. Содан бері 100 жасқа толған аудан қарияларын құттықтап, оларға аудан әкімдігі атынан сый-сияпат жасау­ды дағдыда айналдырып келеміз. Атап өтетіні, қазіргі таңда аудан аумағында 100 жастық белестен өткен 11 қария тұрады. Олар әркез біздің назары­мызда…», – деп атап өтті.

Өз кезегінде 12 орден-медаль иегері Егор ақсақал құттықтай келген әкімдік өкілдеріне алғысын айтып, өзі қызының қолында 5 немере сүйіп отырғанын айтты. Сөйтіп, ғұмырында талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткерген қария қазіргі ұрпағына тыныш өмір тіледі.